Бағдарламасы бойынша шығарылды Құрастырған және алғы сөзін жазған Қанипаш Мәдібаева Қанайұлы Ш



Pdf көрінісі
бет33/46
Дата30.04.2022
өлшемі17,29 Mb.
#32972
түріБағдарламасы
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   46
Байланысты:
Шортанбай Қанайұлы шығармалары

Серік Қирабаев
СУРЕТКЕР АҚЫН
2
Шортанбай  –  шығармашылық  жолы  күрделі,  өз  заманы-
ның  ұлы  ақындарының  бірі.  Сондықтан  да  оның  өлеңдерін, 
шығармашылық  жолын  түсіну  бізге  оңайға  түскен  жоқ. 
Коммунистік  идеология  режимі  тұсында  ақын  еңбектері  бір 
жақты  ғана  талданды,  оның  көзқарасы  мен  өлеңдерінің 
ерекшеліктерін  түсінуге,  оларды  бар  болмысымен,  жетістік-
қайшылықтарымен  тұтас  күйінде  қарауға  мүмкін  болмады. 
Ол жөнінде көп жазылды.
  Шортанбай  мұрасын  зерттеушілер  ішінде  М.Әуезов, 
С.Мұқанов,  Қ.Жұмалиев,  Т.Нұртазин,  Ы.Дүйсенбаев,  Ғ.Мұ-
сабаев  сынды  көрнекті  ғалымдарымыз  болды.  Алай-
да  сол  кезеңдегі  біздің  ұстанған  әдебиеттің  таптық,  пар-
тиялық  принциптері  шындықты  дәл  айтқызбады.  Соған 
қарамастан  олар  Шортанбайды  «керексіз»  деп  жылы  жа-
уып  қоймай,  одан  қалған  мұраға  айналып  үйіріліп,  бірде 
1
 С.Қирабаев. Әдебиетіміздің ақтаңдық беттері. Алматы, «Білім», 
1995, 86-бет.
2
 Қанайұлы Ш. «Қайран халқым» Алматы: «Раритет», 2002 ж.


303
мақтап,бірде сынап, сыңар жақтап болса да, көңіл аударуға, 
Шортанбайдың  үлкен  ақындық  талантын  мойындауға  ты-
рысты.  Мұның  бәрі  Шортанбай  шығармаларының  біздің 
ұлттық  рухани  мұрамыздағы  орнын  түсінгендіктен,  зама-
ни қайшылықтардың ең бір шиеленіскен тұсында өмір сүріп, 
сол  өмір  шындығын  аса  бір  қырағылықпен  тани  білген,  биік 
көркемдікпен  суреттеген  ақын  еңбегін  мойындағандықтан 
еді.
Шортанбай  заманы  –  патша  өкіметі  отаршылдығының 
әбден  күшіне  кіріп,  қазақ  өлкесін  емін-еркін  билей  бастаған 
тұсы болатын. Ең алдымен, ел билеу жүйесіне өзгерістер кірді. 
Хандық  жойылып,  әуелі  аға  сұлтандық,  онан  соң  болыстық 
жүйелер  пайда  болды.  Олардың  басына  бұрынғыдай  елге 
ұйытқы  болатын  дана  көсемдер  мен  қол  бастаған  батырлар, 
сөз  бастаған  шешендер  емес,  орыс  әкімшілігіне  ұнай  білетін 
пысықтар  мен  басшының  ыңғайына  көнгіш  жағымпаздар 
қойылды.  Олар  ел  мұңын,  халық  мұқтажын  жоқтауға  емес, 
отаршылдық саясат пен өз құлқынына ғана қызмет етті. Елдің 
берекесі  кете  бастады.  Оның  үстіне  қазақ  жері  мемлекеттің 
меншігі  саналып,  оған  патша  өкіметінің  билігін  нығайтуға 
арналған  бекіністер  салына  бастады,  ол  жерлерде  жаңа 
қоныстанушылар пайда болды. Даланың байлығын пайдала-
ну мақсатымен сауда-саттық күшейіп, қазақ елі тұтастай, орыс 
капитализмінің  құшағына  кіре  түсті.  Сауда  бұрын  мұндайды 
көрмеген  қазақтың  натуралды  шаруашылығын  бөлшектеп, 
ақшаға  айналдырды.  Кең  жайылып  жатқан  есеп-қисапсыз 
елге  есеп  кірді.  Есепке  құрылған  дүние  елдің  психология-
сында,  тұрмыс-тіршілігінде  өзгерістер  туғызды.  Таптық  жік 
күшейді. Байлар байыған сайын байып, кедейлер кедейлене 
түсті. Бай мен араға есеп кірген кедей оған ермей қалды да, 
жермен кәсіп етуге көшті, жатақтар пайда болды. Осылардың 
бәрі қазақтың ескі өмір қалпын ыдырата бастап еді.
Мұндай тарихи үлкен үдерістің заңдылығын, қазақтардың 
көшпелі  тұрмыс  күйімен  оңашалану  дәуірі  өткенін  ол  заман-
да  түсіне  қою  да  оңай  емес-ті.  Жаңа  өмір  салты  халықтың 
қалыптасқан  ұғымымен  қайшылыққа  келді  де,  «за-
ман  бұзылып  барады»  деген  түсінік  тарады.  Шортанбай 
бір  өлеңінде  оны  «Зар  заман»  деп  атады.  Оның  жырлары 
негізінен өз дәуіріне риза болмай түңілуге, алдан күтер еште-


304
ме жоқ үмітсіздікке құрылады да, бәрі зар болып, сары уайым 
болып  келеді.  Осыдан  барып  торыққан  Шортанбайдың 
тірелер жері де дін болып, ол бұл дүниенің опасыздығын ай-
тып, жақсылықты о дүниеден іздеуге барады. Шортанбайдан 
шыққан осы бір «зар заман» деген сөз кейін біртұтас дәуірдің 
атына айналды.
Шортанбай  шығармаларының  біз  үшін  және  әдеби-
эстетикалық қозғалыстағы маңызы оның бұл идеясында емес, 
суреткерлік  көрегендігінде.  Ол  қазақ  қоғамы  тарихындағы 
осы  бір  күрделі  дәуірдің  суретін,  ондағы  өзгерістер  сыпа-
тын  дәл  бейнелеп,  көз  алдыңа  жайып  салады.  Ескі  салтпен 
қайшылыққа  килігіп,  өмірге  өктем  кіре  бастаған  тіршілік  сы-
паттарын  жіті  көзбен  көреді.  Бірақ  заман  ағысының  бағытын 
өз ұғымымен сыйыстыра алмай қиналады. Оның зары да осы-
дан  туады.  Ақынның  өлеңдері:  «Зар  заман»,  «Тар  заман», 
«Бала зар», «Опасыз жалған», «Осынша азды ел неден», «Бай-
ды құдай атқаны» – бәрі де заман азды деген пікірді дәлелдеу 
үшін жазылған. Бұл өлеңдер сондықтан да біркелкі – «асылық 
асқан заманда» деп басталып, «заман азуының» белгілерін та-
нытатын өмірдің әр қилы саласын суреттеуге арналады.
Асылық, азған заманда
Алуан-алуан жау шықты, 
Арам, араз хан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ
Ақша деген мал шықты.
Бұл  жыр  Шортанбай  суреттеуіндегі  азған  заманның 
қай  жақтан  келгенін  бірден-ақ  байқатады.  Ақша  –  сау-
да  капитализмінің  қазақтың  байлығын  соруға  келген  елшісі. 
Ақша жүрген жерде қайырымдылық, адамдық дегендер бол-
майды.  Саудаға  негізделген  қатынас  адамдар  арасындағы 
байланыстың  барлық  түрін  ығыстырып,  оларды  тек  ақша 
тілінде  сөйлетеді:  Шортанбай  мұны  анық  көрді.  Ол  сырттан 
ақша қуып келген саудагерлерді ғана емес, саудаға құныққан 
байлардың  да  құлқыны  өзгергенін  байқады.  Олар  ақшасы 
жоқ  елден  қозы  мен  бұзау  («Қызыл  қозы»,  «Қызыл  бұзау» 
атанған науқан) жинап, еңбекші елді сору арқылы байи түсті. 
Ақынның:


305
Қайыр кетті байлардан,
Бұзауға ақша беріп тұр.
Пәлен теңге торпақ деп,
Тиынға тиын болып тұр.
Залым туған сұмырайлар
Осылай жұртты еміп тұр, – 
дейтіні  де  осыдан.  Ол  ниеті  баюға  ауып,  о  дүниені  ұмытқан 
сауда иелерінің бәсекеге түскенін:
Шолақ иттей діңкілдеп,
Бір-біріне жетем деп,
Аласұрып өліп тұр, – 
деп шеней суреттейді.
Капиталистік  ел  билеу  жүйесі,  отаршылдық  саясат,  сау-
да адам психологиясын бұзды. Бұрынғы бай да, хан да, би де 
өзгерді. Бәрі де өз құлқынынан басқаны, әсіресе ел тағдырын 
ойламайтын болды. Заман бұзықтардың ырқына көшті. Міне, 
сол уақыттың азуының белгісі есебінде Шортанбайдың көріп 
суреттейтін шындығы – осы. 
Байлар зорлық қылады,
Мал көзіне көрінбей.
Билер жейді параны
Сақтап қойған сүріндей.
Ойлағаны жамандық,
Жарадан аққан іріңдей.
Заман түрі бұзылды
Текеметтің түріндей.
Шортанбай  –  бұл  тұста  асқан  сыншы.  Ол  заман-
ды  аздырған  қауымды  бөлшектемей,  сауда  қуған  байды 
да,  қасиетсіз  төрені  де,  әділетсіз  билерді  де,  құлқынқұмар 
қожа-молланы  да  өткір  тілімен  сынап-шенейді.  Оларды  өз 
ұғымындағы  бұрынғы  заманның  «қайырымды»,  «әділ»  бас-
шыларына,  құдай  жолын  ұстанған  «кереметті  қожаларға» 
қарсы қояды.
Елу басы – ел басы,
Ол – шайтанның жолдасы.
Ендігінің мырзасы – 
Залымдардың сырласы, – 


306
немесе,
Кереметті қожалар
Диуана болды ақтаған.
Япырау, елге болыс-би
Дұрыс басшы болар ма
Ұрлық етіп қақтаған,
Арақты ас қып сақтаған,
Адалды сірә бақпаған, – 
яки,
Асылық, азған заманда
Қожа, молда көбейіп,
Отырар төрде шөмейіп.
Ұрлық қылсаң не еттің деп,
Шайтан келсең аздың деп,
Өңкей арам залымдар
Зәремізді алады.
Арам берсең жымиып,
Қалтасына салады, – 
дейді.  Құдай  жолын  нағыз  әділдік  жолы  деп  ұққан  Шортан-
бай  дін  иелерін  оларға  қарсылықтан  емес  азған  заманға 
қызмет  етіп,  өздері  де  әділдіктен  тайғаны  үшін  сынайды. 
Олардың жаңа заманның есепшілдігіне көшкенін ұнатпайды.
Заманның  өзгермеуге  кеткен  бетін  Шортанбай  отаршыл-
дықтан  көреді.  Ел  басшыларының  бәрі  осы  сияқты  қызмет 
істеп, ел мүддесін сатып кетті, патшаға қарсылық жасай алма-
ды дейді.
Заман қайтып оңалсын?
Адам қайтып қуансын,
Майыр болды сыпайып,
Арылмастай дерт болды.
Нашарға қылған зорлығың,
Кінәзді көрдің піріңдей,
Тілмәшті көрдің биіңдей,
Дуанды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр қасыңда
Қазылып қойған көріңдей.
Заман  азып-тозуын  суреттегенде  Шортанбайдың  тірелер 


307
жері  осы.  Ол  патша  өкіметінің  елді  еркін  билеп,  оған  суық 
көзбен  қарап  отырғанын,  қысымшыл  саясатын  таниды. 
Сондықтан  да  ұлық  болған  жандарал,  пір  болған  кінәз, 
би  болған  тілмәшпен  қоса  соларға  тірек  болған  ұрлықшы, 
зорлықшы, парақор би-болыстарды да, байларды да заман-
ды аздырушылардың қатарына қосады.
Бір мезгіл Шортанбай заман ауыртпашылығы кедейлердің 
мойнына  түскенін  суреттеуге  ауысады.  Есепке  негізделген 
дүние  бай  мен  кедейдің  арасын  бөлді.  Бұрын  ағайыншылық 
жолымен  бай  туысқандарының  малын  бағып,  әйелі  сиы-
рын сауып, одан сорпа-су ішкен кедей енді кесімді еңбекақы 
дәмететін  болды.  Беріп  үйренбеген  бай  оны  ұнатпады. 
Шортанбайдың:
Бай кедейді көрмейді,
Кедей байға ермейді,
Қызметін бір күн қылмаса,
Майлы сорпа бермейді, – 
дейтіні  осы.  Байға  ермеген  кедейге  де  күн  көру  керек.  Олар 
жермен  кәсіп  ете  бастайды,  арық  қазады,  егін  салады,  шөп 
шабады,  жатаққа  айналады.  Шортанбай  өлеңі  қазақ  да-
ласында  таптық  жіктелушіліктен  туған  осы  бір  тарихи 
құбылыстың пайда болу жолын әдемі суреттейді.
Байды құдай атқаны,
Жабағы жүнін сатқаны,
Кедей қайтып күн көрер,
Жаз жатақта жатқаны.
Жаздай арық қазғаны,
Күздей пішен шапқаны,
Ішіп-жемдік болмайды
Оны-мұны тапқаны.
Аш-жалаңаш бейнеттен
Жүдеп арып, талады,
Бір ешкісі бар болса,
Шығын деп тілмәш алады.
Төбесін ұлық ояды,
Жалғыз сиыры бар болса
Соғымына сояды.


308
Кедейге салып шығынды,
Араны бидің тояды,
Қағаздатып бұзауын
Ноғайына қояды.
Кедей қайтып үн көрер,
Борышқа белден батады,
Жалғыз сиырын сатады.
Осы  өлеңде  қаншама  өмір  шындығының,  тұтас  бір  та-
рихи  кезеңнің  суреті  жасалған.  Мәселе  –  жатақтың  шығуын 
жай  айта  салуда  емес,  кедейлерді  байлардан  іргесін  бөліп, 
көшуден  қалып,  отырықшы  болуға  итермелеген,  жаздай 
арық  қазып,  күздей  пішен  шабуға  мәжбүр  еткен  жағдайды 
ақынның терең аша білуінде. Онсыз да жүдеп-жадап отырған 
кедейді  екінші  жағынан  сауда  қысып,  «қағаздатып  бұзауын 
алып»  отырғанын  ол  шебер  суреттейді.  Мұны  Шортан-
бай  кедейдің  күн  көре  алмайтынының  бір  себебі  ретінде 
қарағанмен,  бұл  үдерістің  ар  жағында  зор  жаңалықтар  жа-
тыр  еді.  Шортанбай  оны  түсінген  жоқ.  Бірақ  ұлы  суреткер 
болғандықтан  оны  сезінбей  тұра  алмады.  Отырықшыланған 
ел  жаңа  тірлікке  көшті,  өз  алдына  өмір  сүріп  кетті.  Қоғамда 
жаңа адамдар – еңбек адамдары пайда болды. Ол Шортан-
бай ұғымы мен ол армандаған заманның шеңберіне сыймай-
тын жаңа күш екенін әйгіледі.
Шортанбай  қазақ  даласына  кірген  өзгерістердің  түп-
төркінін  ел  билеу  жүйесін  өзгертуден  көреді.  Бұл  саладағы 
өлеңдерден  ақын  қазақтың  ескі  ақсақалшылдық,  хандық 
билігі ұғымынан аса алмағаны көрінеді. Бірде ол:
Ақсақалдан әл кетті,
Алмайды оның кеңесін.
Старшын қойған болыпты
Қайдағы пысықсыған немесін, – 
десе, енді бірде:
Әуелгі қорлар зор болды, 
Сондай зорлар қор болды.
Әуелгі барлар жоқ болды,
Сондай жоқтар тоқ болды.
Жөн білмеген жамандар
Ел билейтін бек болды, – 


309
деп  жырлайды.  Ол  екі  заман  басшыларын  салыстыра 
қарайды.  «Жауға  қалқан  болған  шүйделі  билерді»  бүгінгінің 
ағаш  атты  тізгіндеп,  күймелі  шана  мінген  «шұнақ  биіне» 
қарсы  қояды.  Ақын  ойынша  ел  бұзушылар  –  осы  шұнақтар. 
Олар басқарған елден береке кетті, ағайыншылық, татулыққа 
жарықшақ  кірді,  әділдік,  имандылық,  кішіпейілділік 
ұмытылды. Осыдан барып Шортанбай:
Жасы кіші інісі 
Сыйламайды ағасын,
Асылып жыртар жағасын!
Қой деп айтсаң тіл алмас,
Ақсақалдан ұялмас.
Шабысар тура қалаға
Қаныққан соң жалаға.
Жақыным деп тартынбай,
Мініп шабар шанаға.
Алып келер аулына, 
Өзінің туған баурына,
Келген соң кімді аяйды,
Жығып салып дүреге,
Қызыққан соң параға, – 
деп  күйінеді.  Бұл  –  отаршылдық  саясат  қазақтың  рушылдық 
мінездерін  қоздырып,  бір-біріне  айдап  салуды  өрістеткенінің 
көріністері.  Ел  тіршілігіндегі  мұндай  өзгерістерді  кезінде  та-
лай  ақын  аңғарған.  Абай  пысықтарының  типі  де  бізге  бұл 
құбылысты ашып береді.
Мінез-құлықтағы  өзгеріс  жастарды  да,  ауылдың  қыз-
қырқынын  да  қамтып  жатқаны  Шортанбай  назарынан  тыс 
қала алмайды.
Заманақыр кезінде
Ұл сыйламас атасын,
Қыз сыйламас енесін,
Ер жеттім деп егесіп,
Салыстырар денесін.
Орыстармен қарым-қатынас қазақ әйелдерінің әлеуметтік 
жағдайын  өзгерістер  кіргізді.  Сауда  қызыл  көйлек  әкеліп, 
бұрынғы  қой  жүнінен  тоқылған  киім-кишекті  ауыстыр-


310
ды.  Шортанбай  оны  да  ұмытпайды.  Кедейдің  күн  көре 
алмайтынының бір себебі ретінде ол:
Кедей қайтып күн көрер,
Қылымсыған қатыны
Қызыл көйлек киеді,
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді, – 
дейді.  Мүмкін  біреуді  сүймеген-ақ  шығар,  бірақ  қызыл 
көйлек  киіп,  бой  жасағанын  көрген  соң  Шортанбай  солай 
ойлайды.  Патша  заңы  қазақ  әйелінің  теңдікке  ұмтылуына, 
сүймеген  жігітіне  бармауына  құқық  бергені  рас.  Ол  заман-
да сирек болса да, қалың малға сатылған, тағдырына наразы 
болып, теңін іздеуге ұмтылған жастар кездескені даусыз.
Закон айтып қатын тұр
Қойныңда жатқан еріне,
Зарланып тұрған әйелдер
Қосылғам жоқ деп теңіме, – 
деген  жолдарда  Шортанбай  осыны  аңғартады.  Асыра  айту 
болғанмен  ақын  заман  суреті  есебінде  осы  өзгерісті  дөп  ба-
сады.  Бұларды  да  «заман  азды»  деген  тезисіне  дәлел  етіп 
ұсынады. Оның:
Заман кетті Қырымға,
Бұрынғы шіркін заманның 
Исі де келмес мұрынға.
Биттей нәрсе қалсайшы
Бұрынғы заңнан ырымға, – 
немесе,
Шөп сұйылды жердегі,
Құс таусылды көлдегі, – 
деген  сөздері  –  ол  заман  үшін  асыра,  өсіре  айтылған  нәр-
селер.  Ол  кезде  қазақ  өмірі  осы  дәрежеде  өзгере  қойма-
ғанмен,  Шортанбай  әсірелеп  жібереді.  Оған  мұны  айтқызып 
отырған – өзгеріс бағыты. Солай боларын Шортанбай дұрыс 
болжайды.  Отырықшылықтың  ұлғаюы,  шөп  шабу,  жер  жыр-
ту,  кен  байлығын  игеруге  ұмтылу  шаралары  қазақ  жері 


311
табиғатының  шынайы  қалпы  бұзды.  Мұның  бәрі  табиғат 
аясында  еркін  өскен,  оны  қызықтаған  дала  еркесі  халық 
ұғымына  жат  еді.  Шортанбай  осыдан  шошынды.  Түбі  солай 
боларын  сезді.  Бүгінгі  экологиялық  апаттардың  түп  негізі  сол 
саясатта жатыр.
Бұл  айтылғандар  Шортанбай  шығармаларында  қазақтың 
қоғамдық  өмірінің  барлық  саласында  болған  өзгерістердің 
кең  қамтылып  суреттелгенін  көрсетеді.  Ол  салт-сананы  да, 
адам  психологиясын  да,  экономиканы  да,  дәуірдің  иде-
ологиясын  да  қамтиды.  Осы  салалардың  бәрінде  де,  ескі 
патриархалдық  қалып  бұзылып,  жаңаға  жол  ашылды.  Ол, 
әрине, ақынға ұнамайды, оның шығаратын қорытындысы да 
бөлек.  Бірақ  оған  қарамай,  Шортанбай  сол  өзгерістер  қалай 
басталып өрістегенін, нәтижесін, процесті түгелдей көркем су-
ретке  айналдырып  ұсынады.  Ал,  одан  басқаша  қорытынды 
жасау  біздің  міндетіміз,  баяғыша  оқшаулану  дәуірі  өтті  –  ел 
мен  ел  қарым-қатынасқа  түсті.  Ескілік  біртіндеп  ыдырауға 
бет  алды,  әлеуметтік  жік  күшейді,  билік  малы  бар  адамның 
қолына  көшті.  Отаршылдық  ел  ішін  дау-шарға  толтырды, 
бұлар  қоғамдық  тартысқа  жаңа  сыпат  берді.  Міне,  Шор-
танбайша  емес,  бізше  ақын  суреттеген  өмір  шындығын 
қорытсақ,  осылай  болып  шықпақ.  Заман  өзгерісі  –  жаңа 
құбылыс.
Шортанбай  мұрасының  ішінде  оның  өлерде  айтқан  өсиет 
өлеңі  бар.  Онда  ол  елін,  тыңдаушыларын  имандылыққа, 
адалдыққа  үндейді.  Құнанбай,  Шорманның  Мұсасы  сияқты 
ел басшыларына сәлем жолдап, оларды бүгінгі байлыққа ал-
данбай, құдай үйіне барып қайтуға үгіттейді:
Дұғай сәлем айтайын,
Тобықтыда Құнанбай,
Кімнің тағы қалады
Өлгеннен соң суалмай.
Осы дәулет барында
Талап қылсын Меккені,
Ақыреттен құр қалмай.
Құнанбайдың  жасы  ұлғайған  шағында  қажылық  сапарға 
шығуына бұл жолдар ой салуы да мүмкін-ау деген ой келеді.
Қандай  да  болмасын,  ақын  таланты  белгілі  бір  дәуірдің, 


312
халық  тіршілігінің  көркем  бейнесін  жасаумен  өлшенеді. 
Ол  ел  ішін  елес  боп  кезіп  жүрген  ойларды,  пікірлерді 
жинақтап  қорытады.  Осы  тұрғыдан  Шортанбай  ойлары  мен 
көзқарасы  ақын  өмір  сүрген  дәуірдегі  халықтың  ой-пікірінен 
алынғаны даусыз. Отаршылдықтан азап шеккен, әкімшіліктің 
әділетсіздігінен торыққан, екі жақты қанау астында таланған, 
зорлық  көрген  халық  трагедиясын  ол  көзімен  көрді. 
Солардың сөзін сөйледі, арман-мұңын жырлады. Сондықтан 
Шортанбай өлеңдерін халық жанына жақын қабылдады, оны 
заманның  зары  есебінде  ұқты.  Олардың  қанша  уақыт  өтсе 
де  ұмытылмай  (тіпті  ақын  шығармашылығына  теріс  қараған 
күндерде  де)  келе  жатқаны  да  сондықтан.  Бұл  Шортанбай 
шығармаларының  халықтығын  танытады.  Халық  ежелден-
ақ жақсы тұрмысты, әділетті өмірді аңсаған. Шортанбай оған 
жетудің жолын білмегенмен, бұлай өмір сүруге болмайтынын 
жақсы  көрсетеді.  Ақын  шығармаларының  тілі  де  халықтық. 
Ол  бейнелі  сөз  жүйесін  жақсы  біледі.  Ойындағы  нәрсесін 
жеткізе,  оған  тыңдаушының  көңілін  аударарлық  етіп  еркін 
айта алады.
Шортанбай  шығармалары  халық  арасына  негізінен 
қолжазба  күйінде,  біреуден-біреуге  көшіріп  алу,  жатталу 
арқылы  таралған.  Жарық  көрген  дүниесі  –  кезінде  Қазанда 
1888  жылы  (кейін  бірнеше  рет  басылған)  шыққан  «Бала 
зар»  деген  кітабы,  жалпы  көлемі  1300  жолдай  өлеңдер. 
Ғылым  академиясы  қорындағы  қолжазба  нұсқаларымен 
салыстырғанда  кітаптағы  көп  өлеңдер  бұрмаланып,  кейде 
ұйқасы  болымсыз,  кейде  жолы  ауысып  басылған.  Сірә,  та-
тар  баспаханасының  қызметкерлері  түсінбей,  шатастырған 
болу  керек.  Академия  кітапханасы  мен  Әдебиет  және  өнер 
институтының қорында ақын өлеңдерімен қатар, оның Орын-
баймен,  Асанмен,  Шөжемен  айтыстары  сақталған.  Кейінгі 
жылдары ел арасында сақталған кей өлеңдері баспасөзде жа-
риялана бастады. Шортанбай мұрасын толық жинау оны бас-
тыру, зерттеу – алдағы күннің міндеті. Оған ақын өмір сүрген 
өлкенің  азаматтары  да  үлес  қосып,  өз  білгенін,  естігенін 
қағазға  түсіріп,  Ғылым  академиясының  Әдебиет  және  өнер 
институтына жолдауын өтінеміз.
Шортанбай бүгін мақтауды да, даттауды да керек етпейді. 
Оның  бәрін  ақын  өзі  көрмегенмен,  мұрасы  көрді.  Ендігі 
кезеңде  халқының  бағалы  әдеби  мұралары  қатарында  оның 


313
шығармашылығы  берік  орын  алады  деп  сенеміз.  Ол  өз 
заманының  тарихи  деректерін  әлеуметтік  тұрғыдан  ашып 
көрсете  білген  суреткер  ақын.  Бізге  оның  осы  суреткерлігі 
бағалы. Ал ол деректері ескі өз танымы тұрғысынан бағалауы, 
сынауы,  тарихтың  көптеген  басқа  да  сабақтары  сияқты 
екшеліп кетеді. Оны біз өзгеше бағалаймыз. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   46




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет