Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: Т. Кəкішев, Ө. Əбдіманұлы, А. Қыраубаев



Pdf көрінісі
бет39/53
Дата03.03.2017
өлшемі3,66 Mb.
#5608
түріБағдарламасы
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   53

Молдабек ƏЖІБЕКҰЛЫ

БАР ШƏКІРТІНІҢ СҮЙІКТІСІНЕ АЙНАЛҒАН 

АЛМА АПАЙ ЕДІ...

Үнемі қарапайым, жарасымды киініп, бірқалыпты жүріп-тұ ра-

тын ҚазГУ-дің (ҚазҰУ) филология факультетінің ұстазы Алма Қы-

рау бае ва ның дəріс үстіндегі биязы үні, ұғынықты да тиянақты сөз 

саптауы – аудиториядағы барша шəкіртін айрықша баурап алатын. 

Оны сүймейтін бірде-бір студент көрмедім. 

Аяқ астынан қызықты бір тақырыпқа шығарма жаздырады. Ақындар 

өлең  шумақтарымен  кестелеуіне  болады.  Жазбаларымызды  алмасты-

рып, бір-бірімізге пікір, сын айтқызады. Қызу пікірталас өрбиді. Бір ға-

жа бы, ешкім де апайдың назарынан қалыс қалмайды. Өзгелерімізді де 

со ған жұмылдыра отырып, əркімнің өз ойын ашық, еркін жеткізуіне кө-

ңіл қояды. Тауып айтылған жалғыз ауыз сөзге мəн береді, бағалайды, кө-

ңі лі міз ді марқайтады... Осы бір өнеге келе-келе бізге сіңе бастағандай, 

бір-бірімізді құрметтеуге үйрене бастадық. Алма апайдың дəрісінде жақ-

сы оқитын, нашар оқитын студент деген бөлекше қарым-қатынас ұмыт 

болады. Əрбір шəкірті өзін «бірінші» сезінеді... Мұндай ғажайып си қыр 

иесі бола білген Ұстазды мен өз басым оған дейін де, кейін де көре ал-

мадым...  Ал  əн  салғандағы  көмейінен  бұлықсып,  тербеліп,  үзіл ді ріп 

шы ға тын ерекше əуезді дауыс иірімдері ше?! Бітімі бөлек Алма апа йы-

мыз дың адамгершілік қасиетін шəкірттері бас қосқанда жарыса айтып, 

тауыса алмайтынымыз бар.

Дайындық  курсында  оқып  жүрген  кезім  еді.  Бірде  Алма  апай  мені 

са бақ тан соң оңаша алып қалып: «Молдабек, болашақ туралы не жос па-



387

рың, не ойың бар?» – деді. Күтпеген жерден аңтарылып қалдым да, жат-

сам-тұр сам ойлайтыным оқуға түсу екендігін айттым. Апай əдет те гі дей 

сабырлы, салмақты қалпымен бет-жүзіме ойлана қарап:

– Құдай қаласа, оқуға да түсесің ғой. Сонан соң, алда Зейнолла Қаб до-

лов, Тұрсынбек Кəкішев, Рахманқұл Бердібаев, Рымғали Нұр ға лиев тер 

сынды үлкен ағаларың дəріс береді. Сол кездерде өкінбеймін десең, мен 

саған бір ұсыныс айтпақпын... Меніңше, сенің əдебиет тарихын зерттеп, 

зерделеуге икемің бар сияқты. Көріп жүрміз, көп студенттер əлі ерте деп, 

5-курсқа дейін бос жүріп, уақыттан ұтылып, үлкен ғылымға кешігіп ба-

рады. Солай болмас үшін, сен мақұл көрсең, осы күннен бастап, екеуі міз 

бұл шаруаға ертерек кіріссек қалай қарайсың?..

Бұл – 1978 жылдың алғашқы айлары, ҚазМУ-дің дайындық бө лі мін де 

дəріс алып жүргенімізге небəрі 4–5 ай шамасы өткен тұс болатын. Алма 

апай əдебиет пəнін оқытатын. Мұндағылардың алды – 5–10 жыл ең бек 

етіп келген естияр, сақа жастар. Мен де 2–3 жыл құрылыста жұ мыс шы 

болып, əскери борышымды өтеп, біршама өмір өткелдерін артқа салғам.

Əсіресе əскер қатарында көрген «құқайларым» ысылуға мəжбүр етті. 

«Туһ!» деген түкірігің жерге мұз болып түсетін Сібірдің аязды түн де рін-

де бүрсеңдеп қару асынып күзетте жүріп, сыныптас досым əрі туысым 

Қа был дың пошта жəшігімен жіберген көп кітабының ішінен Абайдың 

1961 жылы жарық көрген академиялық таңдамалысын, Тə кен Əлім құ-

лов тың «Жұмбақ жан» атты зерттеу кітабы мен социолог-психолог ға-

лым  Виктор  Пеклистің  «Адам  қабілетінің  қайнары»  ең бек те рін  үтір-

нүк те сі не  дейін  ежіктеп  оқып,  оңашада  дауыстап  жатқа  айтып,  жү рек 

тү бін де бұғып жатқан арман-қиялыма қол созатынмын, ауыл ға деген са-

ғы ны шым ды осылай басатынмын. Соның «жағымды» салдары шы ғар, 

сол жылдары мен айнала-ортама абыз Абайдың бүкіл өлең де рі мен қара 

сөз де рі нің өн бойында тұнып жатқан тұңғиық қай ғы-мұңға оран ған пəл-

са па мен қарап, бөлекшелеу болмыспен жүріп-тұр ған дай мын. 

Менің осынау «дертті рəпəтім», алдындағы əрбір шəкіртінің жан дү-

ние сін қалт жібермей бақылап, əрқайсысының мінез-құлқына сай қа бі ле-

тін аша білетін, дара дарынды Ұстаздың сұңғыла назарынан тыс қал ма-

ған сыңайлы. Бұл – менің арада жылдар өткен соң барып көз жет кіз ген 

бай ла мым...

Сонымен, «егер де Сіз солай деп маған сенсеңіз, мен қуана ке лі се мін!» 

деген жауабымды алған бойда, қолымнан жетелеп отырып, үйін де төсек 

тартып  жатқан  атақты  ғалым  Б.Кенжебаевқа,  Қазақстан  Ғы лым  акаде-

миясы М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер инс ти ту ты ның əде биет-

ші-ғалымдары М.Бөжеевке, Н.Сағандықоваға, Ш.Сəт бае ва лар ға апарып 

таныстырды.  Бəрі  де  үлкен  бастарымен  кішіпейілдік  танытып: «Ке ліп 

тұр, айналайын! Алманың үміт күтер шəкірті болып, əдебиет тарихына 

үңілемін десең, бағыт-бағдар сілтеп, көмектесуге біз даярмыз» десті...


388

Өзгелердің, асқанда алты ай немесе екі-үш ай ізденіп жазатын дип-

лом жұмысын, мен осылайша Алма апайымның тікелей же тек ші лі гі мен 

бес жылға жуық ізденіс үстінде жұмыс жасай жүріп, жазып дайында-

дым. Рецензентім ретінде, Бейсекең үйіне ай аралатып болса да барып, 

ақы лын, кеңесін алып жүрдім. Көзі нашар көретіндіктен, «бір абзац жаз-

саң да, соныңды маған оқып бер» деп, дауыстатып оқытып, ерінбей тың-

дай тын. Қорғайтын күн жеткенде, пікірін өзі айтып отырып, «бұл дип-

лом жұмысы айрықша деп бағалауға лайық» деп жаздырды да, со ңы на 

төсекте жатқан күйі иректеп қолын қойды.

Мені аспирантураға қалдыру туралы Алма апайымның Мемлекет тік 

комиссия алқасы алдындағы ұсынысын өзге де ғалымдар мен ұс таз дар-

дың қолдауына қарамай, тағы да сол «қиял жетегіне» ерік беріп: «Мен 

үлкен өмірді көргім келеді. Осында алған білімімді, ең алдымен, ауыл 

оқушыларына сіңіруді бастасам деймін. Ғылымға сосын келемін!» деп, 

еркін  жолдамамен  елге  кеттім.  Əуелде, «осының  бекер  болмағай,  тым 

қызулық еттің бе?» деп өкініш еткенімен, Алма апайым артынан өзіне 

тəн  айнымас  ұстамдылығымен  «мүмкін,  сенікі  де  дұрыс  шығар»  деп 

ақжол тілеп қала берді. 

Оңтүстік облыстың Өзбекстанмен шекаралас ең қиыр шетінде – жол-

сыз, сусыз, иен құм даланың ортасында жатқан «Əлімтау» қа ра көл қой 

совхозында мектепте мұғалім болып еңбек еттім. Қазақ телерадио тол-

қын да ры жетпейді. Газет-журналдар некен-саяқ келеді. Ермектері – Өз-

бек стан бағдарламалары... Аудан орталығынан 80–90 шақырым қа шық-

та, ұмыт қалған осы ауылда Шықаңның «Алғашқы мұғалімнің» кү йін 

кешіп, кəдімгідей қиналып жүрген күндерімде, қайран Алма апайым ай 

сайын дерлік хат жазып, жігерімді жанып, ақыл-кеңесін айтып, Ал ма ты-

да ғы əдеби-мəдени жаңалықтардан құлағдар етіп жүрді...

Екі жыл өткенде факультет деканы болып Т.Кəкішев сайланды. «Сен 

туралы  пікірі  жақсы.  Келсін,  өзімізге  қызметке  қабылдаймыз»  деді. 

«Енді қарайып қаласың, қайт» деп апайым Алматыға шақырды. Өзім де 

на мыс қа тырысып əрең жүргем, қайтып келдім...

...Тағдыр  менің  несібемді  де  əдебиет  тарихы  ғылымынан  емес,  те-

лежурналист кəсібінен бұйыртты. Үлкен үміт еткен ұстаз үшін бұл да 

бір өкініш болды. Десе де, көзі тірісінде өзім түсіріп, эфирге шығарған, 

бү гін де «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының мұрағатында сақталынып 

отыр ған Ұстазым туралы бірнеше бейнетуындыларымды есіме алып, іш-

тей ақталғандай да боламын...

Бірде  Алма  апайым  мені  үйіне  ертіп  апарды.  Ол  кезде  мен  Ғылым 

ака де мия сы ның жəне Орталық кітапхананың сирек қолжазбалар қо рын-

да ғы төте жазу үлгісіндегі жəдігерлерді өздігіммен үйреніп, өз бе тім ше 

жұмыс жасап жүргем. Содан ба, аллергия болып, саусақтарымның ара-

сын қышыма жара басып, көп азап шектім...


389

Апайымның шаңырағының табалдырығын алғаш аттау оңай бол ған 

жоқ. Жүрегім дүрсіл қағып, именіп, əзер кірдім. Қуықтай екі бөл ме де 

мен  күткендей  сəн-салтанатты  жиһаздан  дəнеңе  жоқ.  Есесіне,  өзі міз 

ауылда  көретін  жұпыны  құрақ  көрпе,  көпшіктер  мен  сырмақ,  то қы ма, 

кі лем  сияқты  қолөнер  бұйымдары  көзіме  оттай  басылды.  Кітаптары, 

жұ мыс  үстелі...  Ол  кезде  апайдың  екі  ұлы  бар  екен:  Ұлар  мен  Бұлан. 

Бай қай мын,  бастарындағы  қоян  терісінен  тігілген  құлақшын-малақай, 

аяқ та рын да ғы жүнін ішіне қаратып тіккен жылы байпақтары мен қол ғап-

та ры на шейін қолдан пішіп тігілген. Бала кезімізде өзіміз де киіп өскен 

тə бə рік  дүниелер. 3–4 жас  шамасындағы  екеуін  де  ұқыптап  киіндіріп 

жатып апай:

– Апайыңның аздап ине-жіп ұстайтын жаман өнері бар. Дү кен ді кі нен 

осы тəуір ме деймін, – деп қояды. Балаларын есік алдына шығарып кел-

ген соң, төсеніш салып, дастарқан жайып, шай берді. Мені қы сыл ма сын 

дегені болуы керек, емін-еркін əңгімеге көшті:

–  Анау  қолыңдағы  жара  мазаңды  алып  жүр  ме?  Ескі  кітаптардың 

шаң-тозаңында сондай микробтар болатын құсайды. Дəрігерлер не дей-

ді?  Тіпті  болмаса,  қазақша  ем-дом  жасатып  көрсең  қайтеді?  Ауылда 

үл кен кісілер бар ма еді?.. Осылайша суыртпақтап сыр тарта отырып, 

ал да ғы уақытта қолжазбаларды ақтарғанда, аузы-мұрнымды қоса жұқа 

дə ке мен байлап отырып жұмыс жасауымды ескертті...

– Алма апай 1993 жылы Жандосов ауылынан Қазақ гуманитарлық мə-

де ниет лицейін ашқанда, біздің үлкен қызымыз Маралды сұрап, қо лы на 

алды. Үш жыл бойы өз қызындай мəпелеп, лицейде оқытып, ас-суына 

дейін көтерді. Ең болмаса, оқу ақысын төлейін дегендей бір сөз айт қа-

ным да:

– Біздің лицей – ақылы оқу орны емес. Жағдайларыңды білем ғой, 



Марал да – менің өз қызым. Көрпе-төсегімді аяйын ба, қайта Мөлдірге 

се рік болады (інісінің қызы, сол кезде ол да қолында). Біздің балаларға 

да жақсы, бəрі сабаққа бірге дайындалады, – деп, ондай əңгімеге орын 

жоқ екенін айтты. 

– Еліміз тəуелсіздігін алысымен, зор ынта-жігермен кірісіп, бар сал-

мақ-жүгін жалғыз сүйрелеген Алма апайдың осы бір жаңа мектеп үл гі-

сі, өкінішке қарай, құзырлы тараптардан түсінік-қолдау таппай, үш жыл 

өмір сүріп, жабылып қалды. Ол туралы 1997 жылғы менің телехабарым-

да берген сұхбатында:

– Бұл толғағы жетпей дүниеге келген дүние болды. Алайда мен өкін-

бей мін. Осындай Мағжандар арман еткен халық педагогикасына негіз-

делген, əлемдік өркениетті нысана тұтататын ұлттық оқу жүйесін құ ру-

ға  толық  мүмкіндік  бар  екенін  біз  дəлелдедік.  Біздің  бұл  бастамамыз 

келешекте  қандай  да  бір  формада  болмасын  іске  асатынына  күмəнім 

жоқ, – деген еді аяулы ұстазымыз.


390

Алма  апай  ғылым  саласында  ежелгі  түркілердің  ерлік  шежіресін 

жасады. Орта ғасырлардағы исі түркі жұртына ортақ жəдігер жау һар ла-

рын алғаш зерттеушілердің бірі болды. Сол замандағы жазба əде биет-

тің XIX ғасырда  соңында  қайта  жаңғырып, XX ғасыр  басына  дейін 

күш ті дамыған үлгісі – қазақ қисса-дастандарын сабақтастыра зертте-

ген еңбектері – əдебиет тарихына қосылған ерекше еңбек. Жоғары оқу 

орнына арналған еңбектері де – бір төбе. Жамбылдың ірі жыр шы лық, 

жы рау лық, ақындық дəстүрі туралы тың ойлар айтты. «Он алты қыз бен 

айтысын» жеке кітап етіп шығарды. Əсіресе Алма апай өзнің тал ғам паз 

əн ші лік өнері арқасында, жыр алыбының ұмытылуға айналған тамаша 

əндерін жинап, өз орындауымен қайта өмірге əкелді. Осындай қы руар 

ғылыми-шығармашылық  қызметтерді  абыроймен  атқарып,  өз  əке сі 

атақты Сыр сүлейлерінің сынығындай Халық ақыны Мұтəлліп Қы рау-

бай ұлы мен балаларының ұлы атасы Жамбыл Жабаевтың рухына ла йық 

тə лім ді ұрпақ қалдыруға да уақыт тапты.

Ауыр  сырқаттан  көз  жұмғанына  он  жыл  өтсе  де,  Алма  апа йым ның 

асыл бейнесін көп елестетемін. Əсіресе əуезді үні құлағымнан кет пейді...

Көзсіз тəуекел мен алып ұшқан арманнан басқа Алматыда таянышы 

жоқ, белгісіз бір ауылдың баласы – мына маған соншама қай та рым сыз 

қамқорлық жасағандай Алма апайдың менімен туыстығы жоқ еді. Жер-

лес те емес еді. Кісіге еткен түйірдей қайырымның өзі саудаға салына-

тын бүгінгі нарық заманының ұрпақтарын аяймын. Əйтсе де, ең бол ма-

ған да «орамал тон болмайды, жол болады» деген ата салтымен, сол асыл 

апа йым ның иығына бір ақ орамал жауып болса да ілтипат көрсетуге жа-

ра ма ға ным өзегімді өртейді...

Əрқашан мен сияқты мың сан шəкірттеріңіздің дұғасындасыз, аруа-

ғың нан айналайын, қадірлі Алма апай! 



«Айқын», 2011 жыл, 26 мамыр

Светқали НҰРЖАН 

 

БАҒЗЫҒА – ІҢКƏР, ЖАҢАҒА ЖАУҺАР ЖИҒАН ЖАН ЕДІ

(Аяулы ұстазым Алма Қыраубай немересі хақындағы қос үзік сыр)

1. Алғашқы ұшырасу

Өмір-кезеңнің  өрінде,  көңіл-меземнің  шегінде  бір  байқалған  шын-

дық мынау: задында ертеңі бар адам – өткенге құмар болады. Еске алып 

қою үшін ғана емес. Тануға. Бағзыға əуейі-масылықсыз ғашық бол ған 

жан, жаңаны табуға да қайым-дүр. 

Жə, əңгімені басынан бастайыншы. 

1980 жылдардың бас кезі. Алматының бас оқу ордасы – ҚазМУ-дің 

филология  факультетіне  шар-қия – əр  ұядан  ұшып  шығып  бас  қос қан 



391

сары үрпек балапандар едік. Үш топ: тіл, əдебиет, араб бөлімі тə ліп те рі-

не ортақ дəріс оқылатын ең үлкен аудитория – 302-де шүпірлесіп отыр-

мыз. Есік баяу ашылып, қараторы өңді, қарапайым апай еніп келе жат-

ты. Өлеңнің отына əлдеқашан өртеніп үлгерген, сөз-дерті өзегіме түскен 

мен əдеттегідей күллі құбылыс, барша болмысқа теңеу іздейтін əдетіме 

бақ тым.  Ішкі  даусым: «Мына  кісі  көлдегі  қоңыр  қаздай  мамырлайды 

екен»  деп  үлгерді.  Апай  үстелге  жайғасып,  жорналын  ашты.  Сосын 

баяу, бə рі міз дің жүзімізге бажайлап, барлап қарады. Таңғалғаным: бір 

жерге жиыл ған жетпіс бес көген көз бен бота көзді жалғыз сəтте жанар 

аясына  сыйғызғандай  əсер  қалдырды.  Алыстан  есіміне  таныс,  елібіне 

шалыс ұстаздың жүзіне басқалар сияқты мен де ізеуірлей үңілем. Алғаш 

жү рек қапқан ой: жүзі сəл шаршаңқы, ой соқтылау көрінді. Ар жағыңа 

өтіп, тереңіңе тесіле қарайтын көздерінде тым тұңғиық, арылып болмас 

мұң бар. Неге екенін қайдам, сол аялы жанардағы аяулы мұң менің жа-

дымда: дүние-жарыққа ырықсыз келген, пенде-қалыпқа еріксіз көнген, 

бі рақ мынау аялсыз да аласапыран, баянсыз да жындысүрей дүниеден 

басқа бір мəн іздеген; ышқынған, – дəрмені кем, арпалысқан, – шарасы 

аз Рух тың тылсым сырлы құпия мөріндей таңбаланып қалыпты. 

Бірінші қырық бес мүйнет танысумен өтті. Аз уақыттың ішінде Апай 

əрқайсымыздың шыққан ортамыз, тұтқан арманымыздан мағлұмат алып 

үлгерді. Сабақтың келесі жартысы – өзі оқытатын пəн ежелгі дəуір əде-

бие ті хақындағы толғауға ұласты. Солай. Кəдімгі, шын ұғымдағы сазды, 

нəрлі, шерлі толғауға! 

Əлемдік  өркениет  контексіндегі  түркі  мəдениетінің  орны, «Орхон-

Енесай» ескерткіштері, «Дəдəм Қорқыт» кітабы, «Оғыз-нама», Əбу На-

сыр əл-Фараби мұралары, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат-ит-тү рік» 

сөздігі, Хас Хажип Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білігі», Құл Қожа Ах-

мет Ясауидің, Хакім ата – Сүлеймен Бақырғанидің хикметтері, Ахмет 

Иү гі не ки дің «Ақиқат сыйы», Нəсіреддин Рабғузидің «Қисса-сүл Əн бие-

сі», Сəйф Сараидің «Гүлстан бит-түркиі», Қоңырат Қожабекке ба ғыш та-

лып жазылған Хорезмидің «Мұхаббат намасы», Хұсам Кəтібтің «Жұм-

жұма сұлтаны» т.б. біз естіген, естімеген баба-мұралардың іш-өзек, құ-

пия сырлары хақындағы толғау еді бұл!

Құлағыма Əшімтайдың «Қоңыр қазының» сазы шалынды... Əрине, 

сол – Мағауия Хамзин тартуындағы «Қоңыр қаз»!

Саз ішіндегі бүтін наз, сыр мен мəн мынау қоңырқай Апайдың кө кей-

көл, көмей-төрінен қанаттарын қаққылай көтеріліп, жүрегіміздің тү бі не 

қо нып жатты, сіңіп жатты... Бұл – ділқұса Апайым менің Алма Мү тə ліп-

қы зы Қыраубай немересімен алғаш ұшырасуым еді... 

Аудиторияда үрпиіңкіреп, ең соңғы партада еңселі жігіттер мен ет жең-

ді қыздардың тасасына тығылыңқырап, қоршаған орта қысымынан ты-

ныс тарылып, ұстаздарға жатсына қарап отыратын біз, яки сөз-безгек ти-


392

ген шырақ – жатақхана мен көшелерде еркін жүретін, көше төрлеріндегі 

думан-барларға  екпіндеп  кіретін  халге  жетіп  қалған  бір  шақ-тын.  Бір 

кеште бөлмеме əлде ҚазПИ, əлде ҚазПТИ-ден, қазір кімдер екені анық 

есім де жоқ, «бес қаруы» бойындағы «жау» сау ете қалды. Бұлар – «түн 

кезер-тіл безер», шайыр-шалық «жау» еді. «Жарақты күні жау жолыға 

ма? Жағдайлы күні мейман келе ме?!» Ертең азанда Алма апайға «өздік 

жұ мыс» тапсыруым керек. Қайтейін, атам жаудан қайтпаған қасқа едім, 

ұрыс та  тұрыс  жоқ; «шайқасқа»  кірісіп-ақ  кеттім...  Түнгі  меймандар 

таң ды атқызып тарқады. Егер басқа мұғалімдердің сабағы болса, тіпті 

«алқағанын ер қылған, қарғағанын жер қылған» декан Дербісəлиев кел-

се де бармас едім, амал жоқ, Апай үшін жеттім. «Ішім толғану мен өрт». 

Тереңнен күрсінсем, бүкіл аудитория деміме шарпылып, елтіп қа ла ды. 

Жұмысым,  жаңылмасам, «Сейпіл-Мəлік – Жамал»  ма  деймін,  көсіліп 

бір кеттім. Екінші тынысым, Құдай біледі, сол жолы бір ашылса керек... 

«Қиссаның  түп  тарихы,  қазақтың  шығыстағы  Ақылбек  Са бал ұлы нан, 

Сыр да ғы Тұрмағамбетке дейінгі қиссашыл ақындары, қис са ның көр кем-

дік ерекшеліктері жəне кейін ажырап қалған Шығыс əде бие ті нің əсері 

бү гін гі əдебиетте бар ма, жоқ па?» деген сынды мəселелер қам тыл ды-ау, 

сірə. Анық есімде, Қуан-ағаң Шаңғытбаевтан, Жұмағұл Шора Жа қып-

баев тан (оны «жас ақын» дегенімде, Апай сəл күлімсіреді: «Жұ ма тай əлі 

жас болып жүр ме?» – деп), сол кезде əдебиетке «ескі дүние есігін теуіп 

ашып кірген» Есенғали Раушановтан мысалдар келтірдім. Əлі қанша кө-

сі ле рім ді кім білген, бір есімді жисам Апай тұнық мұңды көзімен кеу дем-

ді кеулеп өтіп, ар жағыма қарап отыр екен. Терең күрсінді. Мен де күр-

сін дім.  Соңынан  старостам  Кəмнұр  (қазір  «Қайымнұр»  атаныпты  деп 

есі тем, бұрын: «Менің атым «Коммунизм нұры» деген сөзден шыққан» 

деп мақтанатын): «Сен сонда неге күрсіндің, деміңнен біз уланып өле 

жаз да дық?!» – деп күліп жүрді. Кім білсін, неге күрсінгенімізді? Əй те-

уір, Апай да, мен де ауыр, терең күрсінгеніміз анық.

«Қоңыр  қаздың»  үні  құлағыма  келді: «Жарайды,  бүгінгі  жұмысың 

жақ сы. Сен енді жатақханаңа қайт. Бөлмеңе барып, көсіліп бір ұйықта. 

Тү сің де  шығыс  шайырларының  үлгісімен  ғажайып  жырлар  жаз.  Оны 

өңің де жалғастыр». Жүзіне қарасам, ешқандай əжуа-мысқылдың ізі жоқ. 

Ана мейірімінің лебі аңқиды, ұстаз жанының жұпары шалқиды. Бая ғы 

он жасымда жоқтыққа кеткен ұлы əжем – молда кемпір Жекей Жал ма-

ған бет қы зы ның қоңыр жадағайының иісі мұрныма, жылуы бойыма та-

рап қоя берді. Жалма-жан Төлен Əбдіков-қаламдоздың қызы Қарлығаш 

қа рын да сым сыйлаған қаракөк портфельді құшақтай,  тауға қарай ұша 

жө нел ге нім  жадымда.  Қоңыр  қаздың  жаңа  қанаттанған  балапанындай 

се зі ніп едім өзімді сол күні...

Неше  ғасырлық  бодандықтың  уы  санасын  меңдеген,  зəрі  жүрегіне 

жеткен, табы сүйегіне өткен, тоқыраудың тоқпағында əбден езіліп, жан-


393

шыл ған біздің буынның бағына, міне, осындай: бағы бабалардың Ары 

сү йе гі не сіңген, Зары жүрегіне шөккен, Нұры жанарында тұтанған Ме йі-

рім иелері тап болып еді!.. Сол Мейірімнің жылуы еді біздерді: заманы 

туса,  мұнапық-мүпті  болып  шыға  келуден  тайынбайтын  атеист-аз бан-

құл дар дың ызғарына ұрындырмай, азбарына тұтқын қылмай қа нат тан-

ды рып жіберген...

2. Ақырғы қауышу

Күбініп күндер кетті, аптығып айлар өтті, жылысып жылдар жетті. 

ҚазМУ түгіл, Алматы алыста қалды. «Желтоқсанның ызғарына» ұрын-

ған біз, есіміз барда елге жеттік. «Бостандықтың бозала таңын жудық 

бозамен». 

1999  жылдың  сəуір  айының  алғы  ширегі  еді.  Алыс  Маңғыстаудың 

да қиян түкпірінің бірі Тұщықұдықдеген ауылдан Ордалы Қосай атты 

азамат,  ұстаз-мұғалім  телефон  шалды: «Сенің  Алма  Қыраубайқызы 

деген  ұс та зың  бар  ма  еді?» «Əрине,  бар.  Тыныштық  па?» «Болса,  сол 

кісі ер тең біз дің ауылға қонаққа келеді. Тез жет! Бірге бол...» «Сейпіл-

Мə  лік – Жамалдан» баяндама оқитындай толқыдым. Жыршы Амандық 

Кө мек ұлы ның  көлігіне  қолқа  салып,  діттеген  мерзімде  Тұ щы құ дық қа 

жеттік. Талай əулиенің ізі қалған Құмыралжын мен Уақ құм ның үстінде 

сə  уір  дің майда жаңбыры сілбіп, сіңіп жауып тұрды. Жол бойы таңданып 

кел  дім: «Япырмай, түпқиян Тұщықұдықтан Алма апай не алады? Əлде 

қыз алыс-беріс құдалықтың жол-жоралғысы ма екен?» Бар лық сыр бар-

ға сын мəлім болды...

Бір күні Тұщықұдықтағы Сəттіғұл Жанғабылұлы атындағы мек теп-

тің  мұғалімдері  «Қазақстан»  ұлттық  арнасынан  Алма  Қы рау бай қы зы 

қатысқан  хабарды  көреді.  Ол  кісі  ұсынған  «Сенім»  бағ дар ла ма сы на 

қан да ры қатып, мектеп директоры Ордалыға тапсырма береді. Кезекті 

ең бек демалысында Алматыға барып, профессорды тауып, елге əкелуге 

ұсы ныс жасалады. Жайшылықта жайына қарап жүре алмайтын Ордалы-

жездем жанып түседі, əрине. Алматыға да жетеді. ҚазМҰУ-дегі профес-

сор Тұрсынбек Кəкішев кафедрасынан іздеген адамын да табады. Əрі за-

мандас, əрі көзғарастары жарасқан екі ұстаз бір мəмілеге келеді. Ордалы: 

«Мүм кін болса, білім саласын жетілдіру туралы ұсыныстарымды ортаға 

салайын, осы бір ай демалысымда өзің қатысатын жиындарға мені де апар. 

Екін ші, еліме кел. Сені күтіп отыр», – дейді. Апай екі өтінішке де келісім 

береді. Сөйтіп, Ордалы Алма апайдың жебеуімен «ТМД елдері этнопе-

дагогикасы  мен  этнопсихологиясы»  атты  халықаралық  конференцияға 

қа ты са ды. Конференцияның соңғы күні пленарлық мəжіліс қарсаңында 

ал дың ғы есіктен кіріп: «Ассалаумағалейкум, қазақтар!» деп амандаса-

ды. Алдыңғы қатарда иін тірескен өңшең қасқа мен жайсаң ғалымдар 



394

мынау оданы сөзді, одыраң қимылды кісіге одырая қарасады. Біреуі шы-

дай алмай, сəлемді ала сала: «Е, сен қазақ емессің бе?» – деп қалады. Біз-

дің сабаз саңқ ете түседі: «Жоқ, мен қазақ емеспін, адаймын!» Сол сəт те 

сарабдал  ғалым  Əсет  Болғанбаев: «Əй,  əлеумет,  мұның  бір  сыры  бар. 

Адайды шамдандырып алмай, жайын білейік», – дей бергенде, бұл да: 

«Адай қазаққа жатса, мына қордалы түйін шешілер ордалы жиынға біз-

дің өлкеден неге тірі жан, тісті бақа шақырылмаған?» – деп, күн ашық, 

жер қарада ультракүлгін сəуле шашып тұратын шағыр көзімен шақшия 

қа рай ды. Əрине, мұның бəрі Алма апайдың алдын ала құрылған жос-

парымен жүзеге асады. Бұл түйін жиын ортасында Алма апайдың Ор-

да лы ға сөз алып беруімен шешіледі. Қаралай жазықты болып қалған қа-

зақ тар мына қызылкөз бəледен сөз беріп құтылғанды жөн санаса керек. 

Абыз-қыр,  қобыз-құмның  ішінде  сексеуілден  басқа  сыр  бөлісер  се рік 

таппай, жусанмен ғана жарысып, жүйрік атанып жүрген біздің көк мой-

нақ – Сүйінғара бабамның күйеу баласы – алғаусыз шешіліп, армансыз 

кө сі ле ді.  Ұлт  мəселесі,  ұрпақ  тəрбиесі  жөнінде  айтқан  орайлы  пікір, 

орамды ойлары конференцияға қатысушыларға қатты əсер етеді. Кейбір 

ұсы ныс та ры конференция шешіміне енгізіледі.

Міне, ақыр соңы менің ардақты апайым Алма Қыраубайқызының əу-

лие лі Маңғыстауға ат басын тіреуіне əкелген хикая-кеп осылай өрбіпті.

Майса жаңбырдың тамшылары кірпіктеріне қонақтаған құмның ма-

мық көгі жұпары аңқып, сол түні бір қаулай көтеріліп еді-ау... Өлкенің 

əр  түкпірінен  жиылған  тіл  мен  əдебиеттің  шын  жанашырлары  Алма 

апай айтқан жыр мен сырға қапысыз қанып еді-ау сол түні...

Түннің бір əлетінде Апай менің жыр оқуымды өтінді. Қойын-қо ны-

шым ды ақтарып, соңғы жазылған «Бес қаруды іздеу» т.б. өлеңдерімді 

оқы дым. «Мұғалімнің бақыты – алдында кеше ғана отырған ұялшақ ба-

ланы көп жылдан кейін кездестіріп, адам болғанын көріп қуану», – деп 

жазып еді Апай бір еңбегінде. Ешқашан жалған сөйлеп көрмеген кісінің 

өлең де рі ме шын қуанғанын көріп, мақтаудың да, даттаудың да бəрі – бір 

бəс деп жүрген мен де марқайдым. Қанаттанып кеттім. Ең жақсы кө ре-

тін ұстаздарымның бірін араға талай жылдар салып кездестіріп, қуан та 

алғаным үшін қуанып едім...

Ертеңіне Сəтекем атындағы мектептегі жиынға қадам бастық. Алма 

апа ның ұлы қайын атасы – Жамбыл-Жəкеммен талай дүбірлі жиындарда 

ті зе лес болған Сəттіғұл Жанғабылұлы мектебінің табалдырығынан – өзі 

де ақынның қызы (əкесі Мүтəліп Қыраубайұлы – Сыр бойының белгілі 

ақын-жырауы, 54 жасқа жеткенше күресіп, тізесі жер иіскемей кеткен 

палуан) имене иіліп, тəжім қыла аттады. Содан соң жиын басталды. Ұлт 

мек те бі нің  моделін  жасап,  Алматы  маңынан  ұлттық-заманауи  мектеп 

ашып, үш жарым жыл бойы өзінің, бауырларының қаржысымен жанкеш-

ті жұмыстар атқарған, бірақ Билік тарапынан немесе ай сайын, апта са-


395

йын Ресей эстрадасының жыртақай əншілерін алып келіп, соларға ша-

шылуды өздеріне дəреже санап жүрген тыртақай міскін-бизнесшілерден 

еш қайыр болмай, нарықтың жəне ыдырап кеткен экономикалық жүйенің 

қара топанына төтеп бере алмай, мектебін жауып тынған Алма апай дың 

қа сі ре ті ішінде жатыр еді.

Ай, сол күні бір, ұл тəрбиесі, қыз тəрбиесі, ұлтымыздың жо ғалт қа ны 

һəм оны қалай табу жолдары жөнінде келелі ойлар керуен-керуен жөң-

кіл ді-ау.

«Кең қазақтың елінен неге табылмасын, бар ғой Жібек, Баяндай қыз-

да ры мыз. Бірақ оларды кеңес қоғамы мен мектебі тəрбиелеп шы ғар ған 

жоқ.  Халықтық  тəрбиеден  айырылмаған,  бесігін  жоғалтпаған  ақылды 

ата-ананың  еңбегінің  жемісі.  Өкінішке  орай,  бұл  тəрбие  күннен-күнге 

құр дым ға кетіп бара жатыр», – деп бастаған профессор ерте дүние мұ ра-

ла рын да ғы адам тəрбиелеуші жауһар ойларды сүзіп бір алдыға тастады. 

Одан кейін Абай, Шəкəрім, Ахметтерден тартып, Мағжанның «Педаго-

гикасына», Жүсіпбектің «Жан жүйесіне» арнайы тоқталды. Содан соң 

əлемдік жаңа типті мектептердің модельдеріне ат басын бұрды. Аме ри-

ка лық, ебіропалық, ресейлік жаңа үлгідегі оқу орындарының, мысалы, 

Джеймс Комер, Набиско, Сатурн мектептерінің, Вольдорф ба ғы тын да-

ғы  қыздар  мектебінің;  Мəскеудегі  Мария  Монтессори,  Подольскідегі 

славяндық мəдениет лицейінің; философ-ұстаз В.Беблердің «Мə де ниет-

тер  диалогі»  мектебінің  т.б.  осындай, – адамды,  сол  арқылы  қоғамды 

жаң ғырт пақ болған талпыныстардың нəтижесі болып табылатын білім 

ошақ та ры ның жетістіктері мен кемшіліктерін қадап-қадап айтты. «Ұл-

ты мыз дың өркендеуі ең алдымен қыз тəрбиесіне тікелей байланысты», – 

деді  бір  сөзінде, – Сол  тəрбиені  арнаулы  мектептерде  жүзеге  асырса, 

тиім ді рек  болар  еді, – деп,  бағзы,  көне  жүйелердегі  яки  да ла мыз да ғы 

ке ше гі кеңес өкіметі талқандаған ясауилік медреселердегі білім-тəр бие 

ісі нің қалай жолға қойылып келгенін; ол медреселерден шыққан аналар 

иман-қазығының ұлтымыздың Ақ орда-жан ордасын құлатпай, қан ша-

ма  қанды  дауылдардан  аман  сақтап,  бүгінге  жеткізгенін  тəмсілдеп  еді 

тамыр тартқан топырағынан қасиет дарыған Ысқақ ишанның жиені.

«Лекцияны қағазға қарап емес, адамның көзіне қарап оқы», – деп та-

лап қоятын; «Мұғалімде тəуіптің көзі, ақынның жүрегі, суретшінің қия-

лы болса-шы», – деп армандайтын; «адам ретінде əр бала – өзінше қа зы-

на. Халқымыздың бір-бір тұлғалары», – деп бағалайтын қайран апа йым 

сол күні бір армансыз ағытылып еді. Ұстазымды тыңдап отырып, кө кі-

ре гім ді  шəкірттік  шаттық,  пендауи  мақтаныш  кернеді.  Өйткені  мынау 

Бі лім-Ғылым айдынындағы Қоңыр қаздың қанатының жұпарына елтіп, 

жанарлары  жəудіреп  отырған  ұстаздар  мен  жастардың  бəрінің  бірдей 

маң да йы на  ҚазМУ-дің  партасында  М.Əуезовтің  шəкірттері:  Зейнолла 

Қаб до лов пен Тұрсынбек Кəкішевтің, Рахманқұл Бердібаев пен Сапар-


396

хан  Мырзабековтің,  Ырымғали  Нұрғалиев  пен  Қадыр  Мырзалиевтің 

һəм Зейнол-ғабден Бисенғалиев пен Алма Қыраубаеваның лекцияларын 

тыңдау бақыты бұйырған жоқ қой!..

Ақыры Апамның ағыл-тегіл білімі көптің көкірегіне сыймай, шай қа-

лып, ернеуінен асып төгілді. Бірінші тасыған қарт ұстаз, əдебиеттің те-

рең білімпазы Ахметұлы Оңдабай болды. Аса талғампаз, мақтауға тым 

са раң, – жарты жаңқаның өзін жетіге жарып қана тамызыққа татыратын 

на ға шым бүгін басқа тараптан шалынды.

– Қарағым, Алма, – деді ол, – өзің білетін, біздің Маңғыстаудан шық-

қан кемеңгер Кекілбаев бар ғой. Оның шешендігін, білімдарлығын қа-

зір қазақ емес, дүние біледі. Бүгін сенің əңгімеңді тыңдап отырып, сол 

Əбіштің туған қарындасы екенсің деп бағалап отырмын!

Апайдың өңі күреңіте толқып, қысыла күлімсіреді:

– Аға, ол кісіге теңелгенім асылық болар. Кейде бір берсе, мол бере-

тін кеңшілігі көп Құдай-тағала Əбіш ағаның көкірегіне сарқылмас сыр, 

кө ме йі не мың сан бұлбұл сыйлаған ғой. Ол кісі сөйлемейді, көмейіндегі 

сансыз бұлбұлдарын сайратады ғой, – деп, ентіге кідіріп қалды. Ағаға 

деген шексіз құрмет, өлшеусіз ықыластан туған жан толқыны жанарына 

тап салды.

Оңдабай  нағашымнан  соң,  тағы  бір  қарт  ұстаз,  мектептің  бұ рын ғы 

директоры  Жамбыл  Нəубетұлы  ақсақал  сөз  алып,  ырзалығын  өлеңге 

сый ғыз ды.

Маңғыстау – жолы қиыр, қиян түбек, – 

деп басталатын жыр соңын:

Екі-ақ күннің жемісін түгендейміз,

Екі-ақ күнде сансыз ой түйгендейміз.

Екі күн біз кеудені айқара ашып,

Алма-қызбен бақта бір жүргендейміз.

Іші-сырты үлгіге толы дерек,

Алма, сенің ұлағат сөзің керек.

Ол сөздерді пайымдап ұғу үшін,

Білім керек, бізге де сезім керек.

Ақылды маңдайыңнан сүймеуге, Алма,

Адамға аса қатты төзім керек! – 

деп  аяқтап  мінбеден  түсе  бергенде,  Апай  басын  иді: «Аға,  міне,  маң-

дай». Уақ құм ның қуақы шалы тағы тауып кетті: «Қарағым, Алма, жар-

қы ра ған  маңдайыңнан  мен  көңіліммен  сүйдім,  ернімен  сүюді  құр да-

сың  Ор да лы ға  тапсырам»...  Жұрт  алғаусыз  қалжың,  ыриясыз  сезімге 


397

шомылып,  мəре-сəре...  Барлық  тəтті  нəрсенің – тапшы,  барлық  асыл 

нəр се нің – аз, барлық бақытты сəттің қысқа болатын əдеті ғой. Тұ щы-

құ  дық  та  ғы, ұсақ толқыны жыбырлаған Уаққұмның ай ды нын да ғы, қос 

күн  дік Дəу рен де Əшімтайдың «Қоңыр қазындай» қаң қыл дап, қанатын 

қақ  қы  лап өте шықты. Айналамызда – сəуірдің майса жаңбырынан соң 

қау  лай кө те ріл ген құмның көгі; артымызда – Алма апамның саналарға 

сə  уір жаң бы рынд ай сіңген ұлағатты сөздерінен көңілдері көгерген қыр-

дың елі қалды. Телегей-теңіз ойлардың шалқар шеруен-салқар керуені 

Ақ  тау  да  ғы Білім ордаларында жалғасты...

Алма апай осы сапары туралы көп кешікпей «Қазақ əдебиеті» га зе-

тін де «Антропология – Аңшыбай» атты ғажап мақала жазды. Тұ щы-

құ дық қа келе жатқан сапарында Қияқты мен Көңдіқұдық ара сын да ғы 

құм ішінде жол бойында көлік күтіп тұрған Аңшыбай деген ақын шал-

ды ала кетеді ғой. Əңгіме содан басталады... Аяулы Апайым ор та лық-

тан  тым  шалғайда  жатқан  мен  туған  Мұңстан-Маңғыстауыма  алғаш 

келген үшбу сапарының өзінде осы өлкенің өз перзентіне айналып үл-

ге ріп еді.

Амал  не?  Арман  көп.  Ғұмыр  шақ.  Сарыарқаның  төріне  орнаған  ақ 

орда – Астанада шаңырағымды тіктеймін, өркенімді жаямын, азат елдің 

жаңа ұрпағына ұлттық тəлім беремін деген арманына жете алмай кетті. 

«Мыл ты ғы  түзу  мерген-Ажал»  қапысын  тапты,  қапысыз  атты.  Ажал-

мер ген нің оғынан қансырап тұрып, босағасынан жаңа аттаған тұңғыш 

ке лі ні нің  маңдайынан  бір  иіскеп,  шаңырағын  келініне,  ұрпағын  еліне 

аманаттап, дəріл-фəниден, дəріл-бақиға өтті. 

Ол – шын ұстаз еді. Шын ұстаз шəкіртінің көкірегіне гүл егеді. Жүр-

ген жерін көгертетін сол шəкірт. Адасып келген, орнын таппаған өтірік 

мұ ға лім күл себеді. Міне, күллі дүниедегі көп кесапаттың түп себебінің 

бірі осында жатыр.

Ол шəкірттеріне арнап «Жаным – садаға» атты кітап жазып еді. Шын 

мəнінде ұлтының ертеңі – ұрпақтың жолына жанын садаға қылды. Ен-

деше, ол Құдай алдында – шəйіт. 

Ол бағзының барлық жауһарын уақыт тереңінен сүзіп əкеп, бүгінгі 

өр кен нің  жүрегіне  сіңірді.  Өйткені  ертең  келер  ұланның  тамыр  жаяр 

то пы ра ғы – бүгінгінің жүрегі. Демек, ол Тəңір-тағала құзырында – са-

лиха-құл.  Ал  шəйіт  пен  салихтың  мағынауи  мəңгілік  дəрежесін  пенде 

ақыл мен өлшей алмас.

Ол  өткенге  ғашық  еді.  Шын  ғашық.  Ертең  қайта  қауышар  нұры  да 

сол – Əл-Мисақта жатқан-дүр.

Жаннаттан жай тап, Апа! Алланың дидарына қауыш!



398


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет