Сәбиіммен сырласу
Апаң болса кетіп еді емделуге алысқа,
Әкеңнің қолы босамайды, жетсем-ау деп табысқа.
Шешең болса жүгіріп жүр, мұршасы жоқ қарауға,
Бірде үйде, бірде кетеді мектептегі жұмысқа.
Атаң отыр амалсыздан, олар жоқта қасыңда,
Мазасызданба, Мөкенім, тамағыңды іш, ұйықта.
Жанжалдаспай тынышталшы, маза берші атаңа,
Бабыңды табар шаруақорлар келе қоймас жуықта.
Жұмыс істемесе болмайды, өмір заңы қатаң,
Бұзық болып көрсетпе, жаман қылықты, Ботам.
Ақылың көп қой, жыламашы, бұлтиғаным, Ақ бөпем,
«Әлди-әлди» әнімен әлдилеп отыр ғой атаң.
Ата әлдиі
Әлди-әлди әлдиім,
Өзіңсің ғой ән-күйім.
Атаң салсын әуеніне,
Өзіңе арнаған әлдиін.
Әлди-әлди әнді тыңдап,
Отырсың ғой маужырап.
Мазасызданбай, алаңдамай,
Ұйықтай қойшы балбырап.
Аппағым, асылым, ардағым,
Кішкентай ақылдым менің.
Әлди-әлди әуеніне салсын,
Тебіреніп бұл атаң сенің.
Сен нұрым, жыр-күйім, ертегім,
Кішкентай еркешім менің.
Әлди әуеніне салсын,
Қорғаның атаң сенің.
Бұзығым, қызығым, шыжығым,
Бұлтиған періштем менің.
Әлдилейін, тербетейін,
Сүйкімді-ақ қой түрің.
Айым, күнім, жұлдызым,
Естім, ертеңім менің.
Еркелетейін, ермек етейін,
Сүйіктім сен өзің.
Сәулешім, саям, панам,
Шуағым, шырайлым менің.
Төсегіңе жата қойшы,
Ұйықтайтын болды кезің.
Иісті майым, жұпарым,
Балдай былдырың, тілің.
Тәтті ұйқыға батшы,
Тербетіліп, сен күнім.
Сабыр тауып тынышталшы,
Мазаланбай көкешім.
Алаңдамай дамылдашы,
Ұйықтай қойшы, Бөпешім.
Әлди-әлди әлдиім,
Ұйықташы ән-жырым.
Құшағында балбырап,
Тәтті ұйқының тербелгін.
Достарыңызбен бөлісу: |