1.2. Бастауыш мектепте информатиканың пропедевтикалық курсын оқытудың мақсаты мен міндеттері
Білім берудің тиімділігін қамтамасыз ететін бірден-бір фактор оқытудағы үздіксіздік пен бірізділік болып табылады. Мұндағы үздіксіздікті жалпы білім беру барысындағы бірінен-біріне жалғасып отыратын, әрбір уақыт үзігінде оқушылардың тұрақты, объективті және субъективті алға басуын қамтамасыз ететін мақсаттар жүйесі деп түсінген жөн. Бірізділік деп білім берудің әртүрлі кезеңдері мен үлгілері арасындағы үздіксіздікті атайды.
Бастауыш мектепте информатиканы оқытудың мақсаттары мен міндеттерін өзара үйлестіре отырып, информатиканы оқытудың екі аспектісін бөліп айтуға болады, олар: технологиялық және жалпы білім беру аспектілері.
Технологиялық жағдайда информатика білім беру әлеуетін қалыптастыру құралы ретінде қаралады. Оның міндеті –оқушылардың заманауи ақпараттық технологияларды қолдану ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыру. Осы міндетті жүзеге асыру үшін мектептерді компьютерлермен және бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет. Бұған жоғары сыныптарда оқытқан жөн.
Жалпы білім беру жағдайында информатика логикалық ойлауды дамыту, талдай білу, негізгісі мен қатыстысын айыра білу, әрекет жоспарын сипаттай алу және логикалық қорытынды шығару құралы ретінде қаралады. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мектепте компьютердің болуы міндетті емес, сондықтан мұндай оқыту курсын кез келген мектепте, кез келген шалғай жатқан қалашықта, кез келген ауылда өткізуге болады.
Дамыған логикалық және жүйелі ойлай білумен қатар, тапқыр әрі нәтижелі ойлай білуді талап ететін саналы шығармашылық қызмет ретінде, компьютерде жұмыс жасау туралы қазіргі заман көзқарасы бастауыш сыныпта информатиканы логикалық ойлау қабілетін және шығармашылық қиялды бір мезгілде дамытуға бағытталған.
Сондықтан бастауыш мектепте информатиканың про- педевтикалық курсын оқытудың негізгі мақсаттары мен міндеттерін былай тұжырымдауға болады:
компьютерлік сауттылықтың бастамаларын қалыптастыру;
логикалық ойлау қабілеттерін дамыту;
алгоритмдік дағдыларын және есептерді жүйелі бірізді шешу әдеттерін дамыту;
қарапайым компьютерлік дағдыларын (компьютермен, ақпараттық технологиялардың қарапайым ұғымдарымен танысу) қалыптастыру.
Информатиканы үйренуді бастаған кезде алгоритмдеу негіздерін жоғары сыныптарда бердік. Бүгінде тәжірибе көрсеткендей, бұл мөселені бастауыш сыныптардан бастаған жөн. Бастауыш сынып оқушысының алгоритмдік ойлау стилі өз жасына сай информатиканы үйренуге өте қолайлы. Олардың психологиялық өзгерістері, іске іштей жоспар құра білуі қалыптасып, оқытуға жақсы жағдай туғызады.
Достарыңызбен бөлісу: |