Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)



Pdf көрінісі
бет33/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   45
МАЙДАН ШЕБІНДЕ 
Февральдың екішні жаңасы. Майданның жиегіне топтарымыз азанда келіп жеткен кез. 
Арттағылар кеш бата жетер. Майданды бұзып өтуге даярламақ. Біздің полктың 
сыбағасына Ново - Свинухово қыстағындағы жаудың жатағы тиді. Барлаушылар неміс 
жатағының «ауыл сыртын» шолып, болжап алып келген ақпарына қарағанда, жау 
қыстақты қоршап ор қазып, әр үйдің астын үңгірлей ін қазып, шиырлана мығым бекінген. 
Қолға анық - қанық дерек айтарлық «тіл» түсіре алмадық. Қолдағы мәлімет шын болсын, 
теріс болсын барлаушылардың алып келген ақпарлары ғана... 
Түн ортасы ауған мезгіл. Мен алдағы батальонның командирі — капитан Гундиловичпен 
қатар жүріп келемін. Осы жорықта бірінші рет кірісетін ұрыс дәл бүгін, біраз уақыттан 
кейін басталмақ. Сол үшін келеміз. Оның басынан аяғына дейін өзім қатысып, бас-көз 
болып атқаруды осы жолы айрықша міндетім деп білген едім. Оған мені тербете түрткен 
мынандай жағдайлар еді. 
Майданда кей кезде тар жағдай танауын қусыра тиіп, ретін тапса іремей сояды. Осы 
сапарда сондай жайға кез болдық. Әлі алды-артымыз жиналмай жатып, жорықта келе 
жатқан бойымызша тіп - тікеден ұрысқа кірістік. Топтана күш жинап, қомдана тиюдің 
орнына біз жүріп келе жатқан бойымызша қолда бармен кіріспек болдық. Солдаттардың 
көбі бұрын соғыста болып шынықпаған, олардың көбі жақында ғана елден келген ылғи 
жасөспірім бала жігіттер еді. Бұрын өмірінде қан көріп, жан тәсілім қасында болмағандар. 
Олар жауынгерлік қанатын бүгін бірінші рет жаймақ қанды майданды аттап, адымдарын 


194 
баспақ. Өлім мен өмірдің арпалыса жанталасып, бетпе-бет, жекпе-жек шыққанына 
кездеспек... 
Қорықпайтын пенде болмайды. Жандының бәрі де сескенеді. Өлім кімнің денесін 
түршіктірмейді? Ажал мен азаптан қобалжи қорқу айып емес. Тірі жанға арын ардақтап 
ұстай білмегендік айып. «Жаным арымның садағасы» деген сөз бұрынғыдан қалған. 
Анадан ешкім батыл да болып тумайды. Машықтана қалыптанып, сын өткелдерден 
тәжірибеленіп аяқтанады, буындары қатады, ширайды. 
Бірінші рет соғысқа ену, оңай емес, кімнің болса да алғашқы кезде жүрегі дауаламай 
соғып, денесі тітіркене сескенеді. Қорқыныш сезімін тез жеңу, әркімнің қолынан келе 
бермейді. Елдің барлығы бірдей салмақты, сабырлы емес. Көзі жоқ көкжал, жүректі 
жойқын жолбарыс, айбатты алғырт арыстандай ер, анадан туа батыр болмайды. Тәрбие 
мен тәртіп, тар жолда тәжірибеден тарыға сабақ алып, қысылтаяң жағдайдың қыспағында 
болып, шегіне барып шеңгелден құтылып, ашына алға ұмтылып, арпалыста айқасып алып 
ұрып, көптен көріп, көптен оқып барып батыр болады. Оны өмір ұршықтай иіріп, 
шылбырдай ширатып, терідей илеп, иін қандырып барып, батыл, батыр деген атаққа ие 
етеді. Ерлік ер басына жүре бітетін қасиет. Атаққа ілінудің жолы — алыс жол. Атақ туы 
— ардақты ар. Ар, намыс анасы — тәрбие. Тәрбие — «жаным арымның садағасы» 
дегеніміздің айғағы. Күресте күш шынығып, арпалыста — арбаудан өтіп барып, айла мен 
айбындылық пайда болады. 
Бірінші соғыс — жас жауынгерлерге үлкен сын. Өміріндегі өте қатерлі жағдай, жас 
баланың тұсауын кескендей, бірінші соғысқа жас жауынгерлерді абайлап салу керек. 
Оларға барлық жағдайды тудырып, жауды желкелете отырып, жеңіске жеткізудің 
болашақта қалдыратын әсері мол. Егерде жас жауынгер бірінші соғыста жаудан таяқ жеп 
беті қайтса, екінші айқаста жасқаншақ болып қалуы ықтимал. Әрине, соғыста өне бойы 
бет алыстың барлығы сәтті бола бермейді. Әрқашан жеңе бермейсің, бірде жығылып, 
бірде жығу заңды. дұшпанның орайына келген ісі аз болмайды. Tic қаққан жауынгерлер 
жеңілсе ашына, ызаланып, кектене күреседі. Жаудан өшін алмай оның жаны 
тыншымайды. 
Мені толқытып келе жатқан осындай ойлар еді. Алдымыздағы жау жатқан қыстақ 
атшаптырым жерде, мұнарлана қарауытып тур. Роталар түнді бүркеніп, нұсқаған жаққа 
жасырына бұғып тарап кетті. 
Әрқайсысы аяқ ұшымен басып, дұшпанға сездірмей, жау жатағын іргелей орналасып, 
шабуылға бұйрық болғанша, тым - тырыс тап беруге даярланып, қарға сұңғи, жау бағытын 
бақылап жатулары керек. 
Біздің заманда соғыстың әдісі «алыспақ бар да, атыспақ жоқ емес». Ол атам замандағы 
«жекпе-жектің» заңы. Бұл кезде — «көз жеткенге оқ жеткіз». Алдымен зеңбірек оқтарын 
дұшпанның ордасына жаудырып атқылап, бомбалап күлін көкке ұшырып, әлек-шәлегін 
шығарып, дұшпанның дегбірін қашырып барып тиіс деген ереже. Жаудың да бізге 
істейтіні сол. Дұшпан жатағын шабуыл алдында илеп иін қандырар зеңбіректер қарға 
малтығып артта қалып қойды. Қолда бары — кішкене қол шанаға тиеп алып келген сегіз 
минометтер ғана. 
Минометтердің командирі орта бойлы, үлпершек, қызыл шырайлы жас капитан Рассохин 
деген жігіт екеуміз орманның шыға беріс шетінде тұрмыз. 
Батальон командирі аласа бойлы, тапал денелі, күлімсіреген жасыл көзді, отыздан асқан 
сары жігіт, капитан Гундилович сырғанап жақындап келіп, сыбырлап: 


195 
— 
Жолдас полк командирі! Барлық топтар әрқайсысы өз бет алыстарына ыңғайлана 
орналасып болды, — деп баяндады. 
— 
Қалай соқпақсыз? — деп сұрадым одан. 
— 
Екі ротаны — екі бүйірінен, бір рота тіке маңдайдан, — деді ол тағы сыбырлап. 
— 
Дұрыс, — дедім оған, сөйтіп Рассохинға қыстақты нұсқай көрсетіп. — Ал сіз 
мынаның иін қандыруға жарайсыз ба? — деп сұрадым. 
— 
Әр минометке елу - алпыстан миналарымыз бар. Соларды төгіп көрейін... Қайдам, 
жетер ме екен, — деп күмәндана сөйледі. 
— 
Барымен базар, уақыт аз, солдаттардың қар үстінде жүректері дүрсілдей соғып 
жатқан болар, тезірек болса, — деді Гундилович. 
— 
Я, уақыт аз, таң бозарып атып келеді. Не болса да, күн шықпай ойпаң-тойпаң ету 
керек. Алдымен сөз сізге беріледі, — дедім мен Рассохинға. 
Түйе мойнақтан істеген күбідей сегіз минометтер кеңірдегін сорайтып жау тұсына қарай 
табалдырығына жантая тіреліп, қаз - қатар орналастырылды. Рассохинның командасы 
бойынша минометшілер жалма-жан қимылдап, қыстақты дәлдеп көздей бастады... 
Оқтаушы солдаттар әр минометтің ауызша асқабақтай дөңкиген ауыр миналарды көтере 
тіреп тұра қалды. 
— 
Ат! — дегенде оқтаушылар минаны тастап жіберіп, тез шегініп қалды. Сегіз 
миномет бірден гүрс ете түсті. Сегіз мина бірден ыңырана зулай ұшып, қыстаққа қарай 
жарыса жөнелді. Гундилович қуланған дауыспен оларға: 
—Жолдарың болсын, қатар ұшқан қабақтар, — деп күлді. Минометчиктер қызу 
қимылдап, шапшаң атқылауға кірісті. Миналар кезек-кезек қыстақтың әр шетіне түсіп, 
жарқ-жұрқ етіп тарсылдай, жаңғырта жарылым жатыр. Бір кезеңде сегіз мина бірден 
жарылып жарқ ете қалған да көшеде аласұрып жүрген немістерді көріп қалып: 
— 
Дұрыс, азаматым. Сенің «қабақтарыңның» салып жатқан ойранын солдаттар да 
көрігі жатқан болар. Дұрыс! — деді Гундилович Рассохинға. 
Көздеген үш нысанамыз — қыстақтың арғы шеті мен бергі шеті және дәл орталығы, 
кезек-кезек тиісті сыбағаларын алып жатыр. 
— 
Жүз жетпіс екі мина атылды, деп баяндады Рассохин. 
— 
Жарайды, енді тоқтат, — деп бұйырдым. 
Гундилович аспанға өрлей аққан жұлдыздай қызыл ракета жіберді. Ол белгіні көре 
салысымен автоматтарын безілдете, айналаны «уралай» ұрандап, миналы бері қарға 
көміліп, жүректері дүрсілдеп жатқан жауынгерлер орындарынан тура қыстаққа шабуыл 
сала жөнелді. Көріп турмыз, бет алыстары жаман емес, адымдары ширақы, екпінді, 
қарқындап қаптап барады... 
Таң атып, күн көзі көрініп қалған мезгіл. Жарық. Қыстақ та ұйқы-тұйқы болып жатыр. 
Ордан орға секіріп, үйден үйге жүгіріп ұрыс қызуында жүрген солдаттар. Мен көшеде 
келемін, жауынгерлер дұшпанның орын, жертөлелерін, қыстақ үйлерін тінте соғысып жүр. 
Айнала атыс. Дұшпан қыстақтың арғы шетіне сырғи - сырғи барып бекініп, бізге қасара 
қарсылық көрсетіп, оқ жаудырып жатыр. Біз иемденген қыстақтың жартысында, ой - 
шұқырға, үйлердің босағасына тығылып жатқан немістер аз көрінбейді. 


196 
Біздің бір топ солдаттар үйлердің босағаларын паналай жата қалып, немістермен 
басекелесе, атқыласа бастады. Соны пайдаланып, мойын бура алмай алдына қарап жатқан 
жау бекінісіне екі тобымыз ұрандап, атқылап, бүйірден соқты. Шыдай алмастан немістер 
дүркіреп қыстақты тастап, үрке жөнелді. Тым - тырақай безіп барады. Біздің солдаттар 
өкшелей қуып, соңынан қалар емес. Атып барады. Оқ жеткендері қалпақтай ұшып, 
қулаған жерінде тура алмай қалып жатыр. Кейбіреулер анық құтылмасына көзі жетіп, жан 
сауға сұрап, сүмірейіп қолдарын көтере бастады. Біраздары құтылып та кетті. 
Мен көшеде келе жатырмын. Кей үйлер, жүк тиелген немістің кейбір машиналары лаулап 
өртеніп жатыр. Лапылдаған жалын ыстық лебімен қарды жалап ерітіп барады. Дұшпан 
солдаттарының өлігінсіз үй босағалары жоқ. Біздің жігіттерден де ажал жеткен жерінде 
қалып жатқандары бар. Айнала жатқан өлік. Жарағын серт ұстап, аласұрып жүгіріп 
жүрген біздің солдаттар. Әp жерде атыс - айқай, соғыстың ың-жың үні. 
Құлақшындарының құлағын едірейтіп, біздің екі қара домалақ солдат үріккен танадай бір 
қорадан ыршып шығы,п екеуі екі жаққа қарай жүгіре жөнелді. Бір нәрсені ұмытып 
қалғандай біреуі шұғыл тура қалып, бұрыла қарап: 
— 
Ай, Жұмажан! — деп жолдасына айқайлап. — Әлгі немісше «тоқта, қолыңды 
көтер!» дегенді не деп айтушы еді? — деп сұрады. Жұмажан оны естімей, бет алысынан 
бұрылмай жүгіріп барады. 
Бұдан бір жұма бұрын немістің бірнеше сөздерін солдаттарға үйретіп едік. Міне, бүгін 
соның нәтижесі. Жігіттің түріне қарай күліп: 
— 
«һалт! һенде хох!» дейді — деп Жұмажанның орнына оған мен жауап қаттым. Ол 
бет алысына қарай жүгіре жөнелді... 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет