Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)



Pdf көрінісі
бет30/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   45
Байланысты:
199Бауыржан Момышұлы-Москва үшін шайқас 230330 123802

КРЮКОВОДА 
...Крюково үшін ұрыс басталды. 
Бірінші күні алты сағат ұдайы соғыс болды... 
Екінші күні соғыс он екі сағатқа созылды... 
Үшінші күні он сегіз сағат өштесе арпалысумен болдық... 


183 
Крюковоның шет жағалары бір тәулік ішінде қолдан - қолға бірнеше рет өтті: біресе 
дұшпан бізді итермелеп, селоның орталығына дейін ығыстырады; біресе күш жинап, 
ышқына ұмтылып, біз оны тойтарып тастаймыз. Қоян-қолтық арпалыс, алма-кезек 
төмпештеудің соңындамыз, бір-бірімізге көнер емеспіз, бір-бірімізге ырық берер емеспіз. 
Арамыз өте жақын... Артиллерия мен минометтерден атуға екі жақ та тәуекел жасай 
алмайды. Дұшпанға деп атқанымыз өзімізге ойран салып жүрмесін деп қауіптенеміз. 
Біз көптен бері орнығып, тұрақтай алмай соғысып жүрміз. Жасыратын ешнәрсе жоқ кей 
кезде қашып, босып та жатқанбыз. Соған үйреніп, үрейленіп қалған тыл бөлімшелеріміз, 
Крюководағы дабылдардың сарынын есіте салысымен жиырма бес - отыз километрге 
кейіп қарай зымырай тартыпты. Шіркін-ай, басқалардан гөрі тылдағылардың жандары 
қымбат келе ме әлде! Ия, әркімнің жаны өзіне тәтті. Мен де, комиссар да бұл хабарды ести 
сала қатты ызаландық. Курганский мен Толстунов екеуін тылға жұмсадық. 
— 
Бүгінгі түн ортасынан қалмай барлық тыл осы жерден екі - үш километр жерге 
келін орналассын! Менің бұйрығым осылай! — дедім мен оларды аттандырып тұрып. — 
Тылды басқарған мырзалардың барлығын жинап, түн ортасында маған ертіп келіңіздер! 
Комиссар алдыңғы шепте жүр еді. 
— 
Жолдас командир, жолдас командир! —деп мені итермелеп оятып тұрған Сулима 
екен. — Жолдас командир, тылдағылар келіп отыр. 
Мен ұйқымды аша алмастан орнымнан әзер тұрып, сағатқа қарасам, түнгі екі екен. Бөлме 
толы адам. Шаруашылық жағынан жәрдемшім Василий Андреевич Кварчуктың үстінде 
жаңа тоны бар, басында күндіз берік. Тамақ жағын басқаратын Яков Матвеевич Смирнов 
та таза киініп алыпты. Киім жағын басқаратын Пшеничныйдың үстінде бұйра жағалы қара 
тон, аяғында үлкен киіз байпақ. 
— 
Ия, мырзалар... Тамақтарың тоқ, киімдерің әсем, э! Доктор сіз де келдіңіз бе, — 
дедім Илья Васильевич Гремичкинге. — Бір кезде оқып едім «дәрігер тәуіп» ауруларға 
баласынан да жаны коп ашиды деп. Сіз Илья Васильевич, тек диплом алған қатал 
адамсыз! 
— 
Мен дәрігермін, жолдас командир. 
— 
Дәрігерлер жаралы жауынгерлерді далаға тастамайды. Сізде намыс та, ар да жоқ. 
Сізден батальондағы фельдшерлер артық. Неге сіз барлық ауырлықты солардың мойнына 
тастап, өзіңіз зытып отырдыңыз. 
Комиссар кіріп келді. Барлығына ол жаман көзімен бір қарады да: 
— 
Доктор, дереу батальонға барып, өзіңізге тиісті істі ұйымдастырыңыз! —деп менің 
сөзімді бөліп жіберді. Гремичкин орнынан тұрып шығып кетті. 
— 
Сіз, Кварчук, бірінші батальонға барыңыз, сіз екіншіге, Смирнов, сіз үшіншіге, 
Пшеничный, — деді комиссар шешініп жатып. — Таң атқанша батальондар барлық 
жағынан толық қамтамасыз етілсін. Олай етпейінше, сіздерге алдыңғы шептен қайта 
оралуға командир де, мен де руқсат ете алмаймын. 
— 
Мен тылға барып, істің жайын түсіндіріп айтып қайтайын да, — деді Кварчук. 
— Айтарыңызды алдыңғы шепте тұрып айтыңыз. Онда да жұмсайтын адамдар табылады. 
Барыңыздар, — деп бұйырдым мен. 


184 
— 
Ақырып, ашуланып, қадамы ұзарған біреуді көргенім жоқ, — деді комиссар маған 
қарап, олар шығып кеткен соң. — Барса, өз көздерімен көрсін, өз қолдарымен 
ұйымдастырсын. 
Крюково күн сайын бір қолдан бір қолға өтіп жатыр. Әлі жеткендер тас-талқанын 
шығарып тартып алады да, әлсіреген кезінде айрылып қалады. Артиллерия мен 
минометтерде үн жоқ. Жұдырықпен найзаласу қызу жүріп жатыр. Қоян-қолтық, жағаласу, 
арпалысу. Біз полк комиссары Логвиненко екеуміз осылардың басы-қасында жүрміз. 
«Берсең де аламын, бермесең де аламын» дегендей жаудың қимылы. Ол үсті-үстіне 
тиісуін қояр емес. «Қайтсең де бермеймін» дегендей біздің жауынгерлер табан тіресе 
қарсыласулы. 
Сол күндер менің әлі де есімде. Қиян-кескі соғыста көп кезеңдер болады ғой. Бәрін айта 
берсем зеріктіріп алармын. Кейбіреулерін ғана қысқаша баяндайын. Мен қарыздармын. 
Қысқартып айтайын да, құтылайын. 
Тағы бір рет қарсы шабуылға шығып, дұшпанды тойтарып бара жатырмыз. Жау шегініп, 
біздің жігіттер өкшелей қуып барады. Менің алдымда жүгіріп бара жатқан жауынгердің 
сол қолын жеңінің шыға берісінен минаның жаңқасы отап кетті. Бір елі теріге ілінген 
алақаны мен саусақтары қанға боялып салбырап барады. Оны денесі қызған жауынгер 
байқар емес. Ол әлі де жүгіріп барады. Астапыралла, бұл кім? Ол кілт тұра қалды. Енді 
ғана аңғарды. Бір елі теріге ілініп тұрған қолын ызаланып жұлды да, лақтырып тастады. 
Өз денесін қар үстіне қарай атты. Мен тітіркеніп кеттім. Ол сау қолымен пистолетін серт 
ұстап, алға кезеніп, жоғары көтерді де, ашынған даусымен «атаңның аузы...» деп жау 
соңынан тап бере жүгіре жөнелді. 
Мен оны таныдым. Ол бұдан екі жеті бұрын Соколово селосында жаудың 3 танкімен 
жекпе-жекке шығып, қарсыласып тұрып алған батарея старшинасы Бүркіт Әлішеров. 
«Алатаудың сұңқары, атаңа тартқан екенсің!» дедім мен ішімнен. Мен қырдың, ия сырдың 
қазағы емеспін, таудың қазағымын. Қырғыздар біздің елмен көршілес тұрады. Атаңа 
рахмет, ерім — Бүркіт. Анаңа рахмет, Бүркітжан! 
Бір жолы немістер бізді тойтарып тастап, село орталығында қоян-қолтық ұрыс қыза 
бастады. Бір көшеден ыршып жүгіріп - жүгіріп өттім. Енді тағы бір көшеден өтуім керек. 
Атыс үдей түсті. Мен бір үйді паналап, оның тасасында жарқанатша жабысып тұрмын. 
Оқтар зуылдап өтіп жатыр. Жан тәтті, орнымнан қозғалуға батылым бармайды. Сілейе 
қатып тұрмын. Мен өтетін көше оқ астында. Атқылау саябырсынып дегенде, енді алға 
ұмтыла бергенімде, біреу күшті қолымен желкемнен бүркітше шеңгелдей қармап алып, 
ай-шайға қарамастан, мені шалқалақтата сүйрей жөнелді. Мен қалбалақтап барып қар 
үстіне есімнен тана құладым. Есімді жинап алғанша манағы мен тұрған жерден «тра-таа-
тааа, тррр... тра-та-тааа» деп қол пулеметі безілдей бастады. Астапыраллалап орнымнан 
тұрып қарасам, біздің екі жауынгер үйдің бұрышына кенедей жабысып, мен өтем деген 
көшені атқылап жатыр екен. Екеуі де жер бауырлап кейін шегініп, әлі есімді жинай алмай 
тұрған менің қасыма келді.Орта бойлы, бет-аузын қалың қара түк басқан, орақ мұрын 
жігіт күлімсіреп, менің алдыма қалт тұрып: 
— Ғапу етіңіз, жолдас командир. Мен сәл әдепсіздік еттім сіздің алдыңызда. Кешіріңіз, сіз 
өтер көшеде немістер бар екенін сіз білмеген боларсыз, — деді. 
Менің аялаушым, құтқарушым украин жігіті Спиридон Гапоненко екенін таныдым: 
Екінші ротаның бақылау пунктінде отырмын. Қасымда сол ротаның саяси жетекшісі 
Ахтан Хасанов — жұқа, қарақатша, көзі мөлдіреген қара қазақтың бірі. Ол мені командир 
демейді, «ағатай» деп имене сөйлейді. 


185 
— 
Жолдас... Ағатай! Сіздің мінезіңіз... Ағатай, кешіріңіз... 
— 
Айтарыңды айтсаңшы! 
— 
Шынымды айтсам, ататай, мен сізден қорқам. Біз сізді сыйлаймыз да... 
-— Қорқып сыйлаған сыйынды өзің қайта ала ғой. Оның маған керегі жоқ! 
— 
Өте дұрыс айттыңыз, ағасы. Біз оған түсінеміз ғой. 
- Не айтпақ едің? 
— 
Мына қиян-кескі соғыста кім өледі, кім тірі қалады... 
Мен атадан жалғыз едім. Келініңіз орыс қызы. Аты Валентина. 
Өзіміз тек Валя дейміз. Оның құрсағында бір нәрсе қалып кетіп еді, мен соғысқа 
аттанғанда. Білмеймін — босанды ма екен? Мен өлсем, артымда кім қалар екен? Қыз ба, 
ұл ма? 
— 
Тәйт! Сен өлмейсің! 
— 
Кетерде мен келініңізге «Қыз тапсаң атын Варвара қой, ұл тапсаң атын Сергей қой» 
деп едім... 
— 
Неге Сергей, неге Варвара? 
— 
Атамның аты Сергей еді. Енемнің аты Варвара еді. 
— 
Сен жақсы күйеу екенсің. Қайын ата, қайың енесін сыйлау... 
— 
Олар менің ата-анам ғой, ағатай. 
— 
Дұрыс, Ахтан, дұрыс. 
— 
Қараңызшы алға. Не деген сұмдық! Бірін бірі танымайтын адамдар бірін бірі 
өлтіріп жатыр. Жастар бірін-бірі өлтіріп жатыр! 
— 
Политрук Хасанов. Вы — наивный пацифист! — деп ақырдым оган мен. Егер 
фашисті сіз өлтірмесеңіз, ол сізді өлтіреді. 
— Ия, менің аңқау екенім рас шығар, ататай. 
— 
Біз өзімізді өлтіруге келгендердің бәрін де өлтіруіміз керек.
Сен политрук емес, шалағайсың, — дедім отан мен ашу үстінде ақырып. 
— 
Түсіндім, ататай,—деді ол төмен қарап. — Какая печальная судьба нашего 
поколения. Убивать друг-друга, ағатай?! — деді о л орысшалап. 
Қасымызға бір жас жауынгер жүгіріп келді. Жиырмаға жетпеген орақ мұрын, бүркіт қанат 
қасты жаңа өспірім жігіт қалт тұра қалып мені ескерместен Хасановка: 
- Жолдас политрук. Мен сіздің бұйрығыңызды орындадым. Меня убили, — деді ол 
орысшалап. 
-— Ширван - Заде, сен не сандырақтап тұрсың? Ширван - Заде мұрттай құлады. Оның 
жүрегін оқ тескен екен. Жас бала өлді. 


186 
— 
Тәжіктің жас жігіті өлді,,— деп Хасанов жауынгердің басын сүйей, еңіреп 
жылайды, өксіп - өксіп жылады. 
Мен төмен қарап, жер шұқылап отырып қалдым. Ширван - Заденің соңғы сөзі жас 
боздақтың соғысқа айтқан лағнетіндей есімде қалды. 
Келесі күні ұдайы қиян-кескі, қоян-қолтық ұрыспен болдық. Көше бойы күнімен, түнімен 
атыс, айқас. Әрбір үй үшін қолма - қол ұрыс... Алыстан ататын артиллерия мен 
минометтер және авиация біздің тылдарды да үсті-үстіне оқтың астына алып, мазалап, 
жандарын қоярға жер тапқызбай жатыр. Олар да бомбалар арасында әлек-шәлектері 
шығып аласұрып, жығыла - сүріне, өздерін қамтамасыз ету жағынан тілектерін істеп жүр. 
Қатты қаңтар аяздың үстіне қатты суық жел соғып, бетіңді темірдей қарып, тырнақ астына 
ине шанышқандай, бармақ басын ашытып, жаныңды шығарып барады. 
—Қалай, тоңдың ба, ерім?—дедім бір үйдің бұрышын тасалап тұрып, оқта - санда 
мылтығын кезеп оқ атып тұрған жауынгерге. 
— 
Не қылар дейсіз. Бізді қысымға алған аяз бен жел немістердің де екі аяғын бір 
етікке тығып тұрған болар. Өздері манағыға қарағанда біраз кібіртіктеп қалғанға ұқсайды, 
— деді ол алдан көзін ажыратпастан жүре жауап беріп. 
Қас қарайғанда біздің полкқа Москвадан 350 адам келді. Үстеріндегі сұр шинельдері мен 
қолдарындағы жарақтары ғана болмаса, олардың ортасында не офицер, не сержант атағы 
бар кісі де көрінбейді. Комиссар олармен әңгімелесіп тұрғанда орнынан бір еңгезердей 
кісі түрегеліп, мылтығына сүйеніп тұрып, қарлыққан даусымен былай деді: 
— 
Жолдас командир, жолдас комиссар! Біз болсақ Москваның жүмысшыларымыз. 
Бізді мұнда Москваның партия ұйымы жіберді. Бәріміз де коммунистерміз. Большевикше 
соғысамыз, гвардия атағына дақ салмаймыз. Күмәнданбастан бізді позицияға 
жауынгерлер қатарына қойыңыздар. 
Оларды біз бөлімшелерге топтал, бөліп тараттық. Комиссар сол қанатқа, мен оң қанатқа 
кеттім. 
Жер аппақ,аспан жалтыр, .аяз сықырлата қысып, жел қарып, жалап тұр. Бір жақтан пұшық 
— гаубица әуіп ете түседі. Оның снаряды ышқына, ысқыра ұшып, бір жерге барып, 
орманды жаңғыртып гүрс ете қалады. Түнгі аспанда жарқ ете жарылып, аққан жұлдыздай 
төмен зымырап барып сөнеді ракеталар. 
Алғашқы шепті біраз аралап, кейбір командирлермен жағдайды анық білу үшін, темір жол 
бойындағы кішкене үйге келіп ендім. Комиссар екеуміз — осында жолығысуға уәделескен 
болатынбыз. Ол әлі келмеген екен. Үй ішінде білте шамның алдында, екі байланысшы 
жауынгер отыр. Олармен әңгімелесіп, мен терезе алдындағы табуретка үстінде отырмын. 
Кенеттен, біреу ортаңғы омыртқама ілгек салып тарта жөнелгендей, опыра алып барады. 
Тәлтіректеп, сол жағымдағы жауынгердің аяғын құша, еденге гүрс етіп құладым. «Тра-та-
тра-та» деген пулеметтің даусы сырттан естілді. Арқам қызған темір сұққандай ашып 
барады. Бір қолыма сүйеніп орнымнан тура берейін дегенімде комиссар кіріп келді. 
— 
Саған не болды, Бауыржан - ау?! 
— 
Жарақаттанғанға ұқсаймын, Петр Васильевич. 
Шаршап-шалдығудың үстіне жараның азабы қосылды. Белім 


187 
қақсап, қол-аяқтарым ұйи бастады. Аздап басым да айналады. Полк дәрігері Илья 
Васильевич екі елідей етімді тіліп жіберіп, оқты шығарып алып, менің алдыма тастады. 
— 
Оншама ешнәрсе көрінбейді, Петр Васильевич, тиген оқ менің көз алдымда жатыр, 
— дедім мен телефонмен алғы шепте қалып қойған комиссарға. 
— 
Жылы оранып жатып, біраз дем ал. Бұл жақта өзіміз бас - көз бола тұрармыз, — 
деді комиссар. 
Менің адъютантым Петр Сулима дейтін сұңғақ бойлы, реңді жас лейтенанттардың бірі 
еді. Сулима өте әдепті, өзін өзі салмақпен кімнің алдында болса да ұстай білетін. 
Бір жолы ұйыған қол-аяғымды уқалап отырғанымда Сулима жаңа карта алып келді. 
Картаға қарап, мен майдан шебіндегі жағдайдың белгілерін нақыштай сызып отырмын. 
Біздің полктың сыбағасына тиген шаршы участоктың төр жағына белгілер түсіру үшін 
картаны кең жая бастағанымда, дастарқандай үлкен картаның бір бұрышында теңбілдене 
қарауытып, оймалай нақыштала сызылған бөрік көлеңкесіндей белгіге көзім түсті. Мен 
үңіле қарадым: «Москва» деген ірі жазуды оқыдым. 
— 
Сулима, сіз Москвада болып па едіңіз? 
— 
Жоқ, жолдас командир! Тек сыртын айнала эшелонмен өткенім болмаса. 
Мен картаға тағы да үңіле қарадым. Карта бетінде Москваның сансыз шеңберлене 
орағытқан көшелері, көк сең-сең, жайылған тері сияқты парктері мен бульварлары, иір-иір 
арналарымен аға жатқан өзендері топография белгілерімен нақыштала. ап-айқын 
сызылған. Ортасында қызыл жұлдызды қоршаған дуал белгісі. Ол — Кремль. Бойымды 
суық шалғандай денем түршігіп, селк ете қалғанымда: 
— 
Сізге не болды, жолдас командир? — деді Сулима. 
— 
Жай, тек салқын тиген болар. Пешке отын тастағызшы, үйдің іші салқындап бара 
жатқанға ұқсайды. 
Картаға қарап отырып ойыма әр нәрсе келді. 1812 жылы Наполеон әскері Москваны 
өртеп, қарт Кремльдің көк тасын ластап еді. Биыл болса Гитлердің самолеттері күнде 
бомбалап, самсаған фашистер қолы күннен күнге жақындап келеді. 
Айыр циркулімді алып, Крюково мен Москваның арасын өлшедім. Төтесінен 30-
ақшақырым. Немістер тағы бір жұлқынса, Москваның іргесіне дейін қашық емес. Ал егер 
біз тағы да шегінуге мәжбүр бола қалсақ, дұшпан алдында тосқауыл болып, бекінуге 
жағдайлы жер бар ма екен деген оймен, Крюково мен Москваның арасындағы жер 
жағдайын карта бетінен бір шолып өттім. Ондай жер, қолайлы шеп карта бетінен 
көрінбейді. Денем тағы түршігеді... Соғыста жауынгер басатын ауыр сорға дайын 
болмастан жақсылықты ойлай алмайды. Уайымды жеңбей, кесімді шешімге басын тіге 
алмайды. Мені қазір уайым қиялы жанши басып, орнымнан тұрғызар емес. Түс көргендей 
қиялымда дұшпан Москваның көшелерінде жүр. Көше сайын қираған үйлер, қаусаған 
мүліктер, дөңгелектері аударылын, жолдан шыға қулап, қирап жатқан трамвайлар мен 
троллейбустер, тротуарларда жылтырап жатқан сынған терезелердің майда шынылары. 
бықсыған өрт, аула толған өлік — жерленбеген шал-кемпір, қатын-қалаш, бала-шаға, 
жауынгер сүйектері... Кең көшенің ортасымен сәнді саппен қатарларын түзеген фашистер 
полктары тақыр асфальтті сарт-сұрт теуіп, салтанатпен өтіп барады. Олардың алдында 
көзілдірікті, орақ мұрын, ат жақты, сұңғақ бойлы генерал бүлінген үйлерге көзінің 
қиығымен қарап, жымия күлімсіреп, асықпай байсал басып барады. 


188 
— 
Ия, жеңімпаздың салтанаты! 
— 
Сіз не деп отырсыз, жолдас командир, — деді Сулима. 
— 
Жай, бір жаман түс көргендей, көзіме әртүрлі сұмдықтар елестеді. Москва тіпті қол 
созым жерде тур, бауырым! 
— 
Ия, өте жақындап қалыппыз, жолдас командир, — деп Сулима күрсініп қойды. 
— 
Сізше командирге карта не үшін керек? — деп сұрадым Сулимадан. 
—Не үшін дейсіз бе?—деді ол түсінбей. Біраз ойланып қалды. — Әрине жер жағдайын 
тану үшін керек. Ұрысқа кірер алдында шешім алу, болжау... — Ол білгенін емтихан 
тапсырғандай айтып тұрғанда, мен картаны бүктей бастадым. 
— 
Пышағыңызды беріңізші, — дедім Сулимаға, картаны бүктеп болған соң. Ол 
ашылған маған ұсынды. Мен картаның бір шетінен бүктелген жерінен сырып отырып екі 
бөліп кестім де, Москва белгісі бар жартысын Сулимаға ұсынып: 
— 
Мә, мынаның бетіндегі жер жағдайын бізге танудың керегі де болмас. Жағып 
жіберіңіз, — дедім. 
Сулима картаны алып біраз кідіріп турды, картаны жұмарлақтап бүктеп пештің ішіне 
тастап жіберді. Карта лап етіп жана бастады. Лейтенант маған бұрылып орнынан турды 
да: 
— 
Бәрі де түсінікті, жолдас командир, — деп қалт тура қалып честь берді. 
Біз соғысқа кіріскелі бері белес-белес сындардан өткен ер офицерлеріміздің бірі бірінші 
ротаның командирі Филимонов Ефим Ефимович бір қарсы шабуылды өзі басқарып 
жүргенде, ауыр жарақаттанып, қатардан шықты. 
— 
Қолымның сүйектері қирай сынып, саптан еріксіз шығып барамын, — деді ол 
кінәлі түрде арманды үнмен. 
Бозжанов келді. Оның сол қолы добалдай болып ісіп кетіпті. 
— 
Ей, сенің қолыңа не болған? 
— 
Кеше кешке бұршақтай минаның жаңқасы тиіп, соның кесепаты ғой. 
— 
Оны алдырдың ба? 
— 
Жоқ, өте арыда көрінеді, — деді ол қолына қарап. 
— 
Онда дереу медсанбатқа барсаңшы, асқындырмастан. 
— 
Бармауға рұқсат етіңіз, жолдас командир. Мына қиян - кескі жағдайда 
жолдастардың қасынан кеткім келмейді. Бір ұрыс саябырсыса көре жатармын», деп 
Жолтай арсалаңдап күлді. 
Әділін айту керек, мен жарақаттанғаннан кейін ұрыста полкты басқарудың барлық 
ауыртпалықтары біздің комиссар Петр Васильевич Логвиненконың мойнына түсті. Ол 
керекті жағдайда өзін де аямай кететіндердің біреуі еді. Комиссар алғы шепте, арпалыстар 
арасында жүр. Кейде түн ортасында келіп, асығып-аптығып жуынып тұрып: 


189 
— 
Жігіттер, маған жүрек жалғар бір нәрсе беріңдерші, — деп қолын сүлгімен сүртіп 
тұрып, маған қарайды. — Ал, жоғарыдан не жаңалықтар бар? Алдыңғы шеп жағдайын 
қазір айтамын. 
Тамақтанып отырып пікір алысқаннан кейін, комиссар тағы да алдыңғы шепке жөнелетін. 
Ұрыс тынар да емес, саябырсыр да емес. Үдеу үстіне үдей түсуде. Жалмауыз соғыс араны 
ашылып, қатарымыздан коп сабаздарды не жарақаттап, не ғайып етіп жатыр. Қатарымыз 
селдіреу үстіне селдіреуде. Екі-үш күннің ішінде полктың фронты үш рет қысқартылып, 
тығыздалды. 
— 
Менің байқауымша, — деді комиссар, — біз кешікпей-ақ шабуылға шығамыз. 
— 
Қай күшіңізбен, қай бетіңізбен шықпақсыз, Петр Васильевич? 
— 
Байқадың ба, біздің жақтан күн сайын фронттың танауы тарылып, ықшамдалып 
келеді. Демек, бір нәрсе даярланып жатыр. Осы сөзім есіңде болған. 
*** 
...1941 жылдың 6 декабрінің таңы әлі бозарып атқан жоқ. Шығыс жақ нажағайдай жарқ - 
жұрқ, сатыр-күтір. Жер солқылдап, күрк-күрк жөтелгендей. Крюковоның аспаны ұлып
гүрсілдеп, уһілеп, ентіге дем алып, от шашып, құйындай ұйтқып, қара түтін қаптап, ойран-
асыр болды да кетті. Біздің артиллерия жауды осылай атыс астына ала бастады. Атыс 
сарыны күңірену үстіне күңіреніп, минут сайын үдеп барады. 
Біздің соғысқанымызға алты ай болды. Сол уақыттан бері ыза мең кектің ызғарлы үнін 
алғаш естіп тұрғандаймыз. Крюководағы жау жатағының күлі көкке ұшып жатыр. 
Артиллерия атысының даусынан түн де оянғандай. Таң бозарып атып келеді, атыс күшейе 
түсуде. Күн қызарып шығып келеді. Атыстар әлі тоқтар емес, дабыл үстіне дабыл. Сарын 
күңірене күшейіп барады... бірнеше қызыл ракета аққан жұлдыздай аспанға ыршыды. 
Қарт Тверь мен Тула арасындағы майдан шебін бұзып уралаған дауыспен жер - көкті 
жадыратып Совет Армиясы қарсы шабуылға шықты. 
Бүлік. Астан-кестен шыққан ойран орны. Көшеде, қорада, құлаған үй босағасында, қар 
үстінде, жол үстінде қираған танктер, зеңбіректер қасында, әp түбінде кілең өлік. 
Қолдарын жеңдеріне тығып, иықтарын қушитып, төмен қарап топтана келе жатқан 
тұтқындар. 
Табиғат адам сырына қалай айғақ екенін, әсіресе, ұрыста коп байқауға болады. 
Түн ортасы ауа қар жауып еді. Сәскеде шығыстан жел тұра бастады. Жел елпең қарды 
суыра, борандата айдай бастады. Жел күшейе бастады. Жаяу боран шашадан үрлеп, 
тірсекке қарай көгілдір тұмандана, жалдана көтеріліп барады. Қашу! Қашқанның өкшесін 
баса қуу! 
Біреу боранның бусанын белуардан кешкендей, қалбалақтап, алды - артынша қарамай 
жүгіріп барады. Ол аяқ астына да қарамайды. Ол жол да іздемейді, жөн де іздемейді. Ол 
сүрінеді. Түзеліп барып, қалбалақтап бес-алты қадамнан кейін қарға омбылап барып 
құлайды. Орнынан тұрып қарманады, қадамы ұзамай қалың қарға малтығады. Оның 
аяғына қар да, бұға да тұсау. Әр төмпеш оны сүріндіреді, әр шұқыр оның аяқ-қолын 
шідерлеп, адымын создырмай кібіртіктетеді. Әр омбы оны етпетінен түсіріп құлатады. 
Табаны қатқыл мұздақ тақырға тигенде ол қалбалақтай жүгіреді де, тайғанақтай барып 
қулайды. Тура жүгіреді. Ол адам — қашқын жауынгер. Қолы а дал болса, ол саспай қашар 
еді, оның қолы арам, ол басқыншылар әскерінің жауынгері. 


190 
Біреу арқасын еселей соққан өктем желдің екпініне билетпей тіп-тіке, адымын ентелей 
кере басып, мылтығын серт ұстап барады. Ол Қызыл әскерлердің жауды қуып бара жатқан 
жауынгерлері. 
Түс қайта бергенде біздің полктың саптарын атты әскерлер мен танктер қуып жетіп
бізден оза жөнелді. Олар генерал Доватор мен полковник Катуков басқарған 
«Конномеханизированная группа» екен. Олардың мақсаты жан-жақтағы жауға көңіл 
бөлмей, майданды қақ жарып өтіп, тікеден-тіке Истраға барып шегінген жау топтарының, 
алдында тосқауыл болып тұру екен. Сондықтан олардың күштері біздің полк үшін 
«сенгендегім сен...» болып шықпады. Біз оз сыбағамызбен қалдық. 
Біздің қолымыздағы әрбір лайықты жер жағдайында, әрбір селода немістер бізге 
қарсылық көрсетіп, кей кезде бізді қаймықтырып тастап барып, бұлтаң етіп, құйрығын 
бір-ақ көрсеткен кезеңдері де аз болған жоқ. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет