193
бар екі таяғымен бірге әрқайсымызға ат орнына берілген. Асығып адымдап, желе-жорта
жүгіріп, сырғанақ тебе, сырғытып келеміз.
Күн жап-жалтыр, ап-ашық. Айнала аппақ қар, көзің шағылысып қаратпайды. Темірдей
қарып, жалап тұрған аяз. Бет - ауыздарын үсікке шалдырып алған жігіттер аз емес. Беті
мен иегі қарауытып, қызара жараланғандар бесеудің бірі.
Біз ат-арбаларды айналма жолмен жіберіп, өзіміз баратын жерге жолсызбен тың қалың
қарды баса салт, төтелей тіке тарттық. Аяғымызда қарға батпас «қайық» сырғанақ—
шаңғы, қолымызда оның ескегі—таяқ. Әр топтың арасы екі-үш құлашты соза сермеп,
лақтыруға жетер жер. Қаз-қатар шағаладай қаптап, қардың бетін сыза тартып келеміз.
Шапшаң жүруден денеміз қызып, аязды елер емеспіз. Бұрыш шаңғы теуіп үйренбеген
жігіттер алдымен аяғына тұсау салғандай кібіртіктеп, таяқ пен аяқты қалай кезек
жұмсауды білмей шатысып, әйтпесе, орасан көп көсіліп жіберіп, шалқасынан жығылып,
жарым жолға жеткенше коп азаптанып, кейіннен үйреніп, аяқтанып кетті.
Алдағы майдан шеңберіне бір түстік - ақ жер қалды. Күнге шағылысып, аспанда қалықтап
үстімізден немістің инелік тәрізді бүкір барлаушы самолеті екі-үш рет орала айналып,
кейін қарай өрлей жөнелді. Біраздан соң алыстан ататын, құлашы ұзын зеңбіректің оқтары
зуылдай ұшып, асып түсіп, қар тозаңын аспанға құйындай көтеріп, жаңғырыға жарыла
бастады. Атымыз шаңғы, қамшымыз — таяқ, «борбайлап» сырғыш, ентелей сызып, алға
«желе-жорта» жөнелеміз. Дұшпанның он шақты самолеті біздің үстімізден өтіп барып,
орағыта бұрылып, қайта келіп бізді дәлдеп, құйыла төніп, құмалақтай бастады. Келе
жатқан бойымызда қарға құлай - құлай кеттік. Ыңырсып, ызылдаған майда бомбалар
жерге түскенде бақылдай жарылып, қарды будақтата қопарып көтерді. Біз қарға көміле
бұғып жатырмыз.
Шүкір, дұшпанның бірінші «сәлемдемесінен» жоқ. Асығып-аптығып келе жатқан
«аулымыздың» алыстан қарсы алуы осылай болды.
Достарыңызбен бөлісу: