Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)



Pdf көрінісі
бет34/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   45
ГЕНЕРАЛ ЧИСТЯКОВ 
— 
Жолдас командир! Генерал, — деді маған қасымдағы Синченко. Жалт қарасам
көшенің ортасында дивизиямыздың командирі генерал-майор Иван Михайлович Чистяков 
жаяу, жайбарақат келе жатқаны рас екен. Мен оған таңдана қарадым: ол кісі дәл осындай 
қызу соғыс үстінде келеді деген ой да жоқ еді. Орта бойлы, дембелше, тығыншықтай 
келген шымыр, қарулы, денелі генерал, басында жай түбітті құлақшын, үстінде қоңыр 
шинель, аяғында үлкен қалың ұлтанды шаруа етік. Жан-жағына қарап, асықпастан жүріп 
келеді. 
— 
Апыр-ай, мына кісі көшеде серуендеп келе ме? — деген дауысқа жалт қарасам полк 
комиссары Ахметжан Мұхамедияров екен. Оған жауап қатпастан генералдың алдынан 
қарсы шығып: 
— 
Жолдас генерал, менің қарамағымдағы полк... — дей бергенімде, генерал қолын 
созып: 
— 
Сәлеметсіз бе? Ие, көріп келемін, — деп амандасып тұрып қабағын 
шытыңқырап.—Мына тым-тырақай тарсылдар біткеннен кейін басынан аяғына дейін 
баяндарсыз. Мен әзірше мына үйде күте турайын, — деп адъютантын ертіп жақындағы 
үйге қарай кетті. Біраздан кейін соғыс аяғы саябырсып жайғасқандай болған соң, мен 
генералға барып баяндай бастадым. 
Генерал тыңдап отырды. Мен ол кісіге бастан-аяқ көрген - білгенімді түгел айттым. Бізден 
болған шығындар туралы айтқанымда генерал қабағын шытып, қиналған түрде тыңдады. 
Мен генералмен бірінші рет кездесіп отырғаным жоқ. Бұрыннан ол кісі менің 
ұстаздарымның бірі еді. Мен соғыстан бұрын Қиыр - Шығыста генералдың қарамағында 


197 
2-3 жылдай қызметте болғанмын... Чистяков генерал Панфиловтан кейін біздің 
дивизияның төртінші командирі. 
Аз уақытта генерал дивизия да қадірлі командир болып, марқұм Панфиловтың орнын 
олқысыз басты. Марқұмның қалдырып кеткен жауынгерлік салт-сана, дәстүрлерін 
қадірлей көтеріп, мол тәжірибесін тапқырлықпен пайдаланып басшылық етті. 
Генерал ақ көңіл, ашық мінез, менмендігі жоқ, күйінсе де, сүйінсе де, ойдағысын кейде 
тіке айта салғанына қарай кейбір сырын білмегендерге ол дөрекілеу, қатал көрінетін. Бірақ 
шынында да, ол кісі адал ниет, зерек адам еді. 
Ой - шұқырсыз жер бола ма? Өне бойы жайбарақат өтетін күн қайдан болсын. Кейде 
генералдың ашуына тап болған кезіміз болды. Қандай ауыр жазаң болса - дағы ол кісі 
кемітпей, кекетпей, қорламай ұрсатын. Істеген қатеңді, жаңылған жеріңді мойныңа қоя 
отырып, айыбыңды айта отырып ұрсатын. Терлеп-тепшіп, ұялып қызарғаныңды сезсе: 
— 
Жарайды, ендігісін өзің ойланғын. Бұдан былай алды - артыңды ойлап істеуші 
болғын. Бұдан былай менің қытығыма тиюші болмағын, — деп сұқ қолын кезеп, зекіруін 
доғаратын. Айыптының қыр соңынан қалмай, орынсыз жерде килігіп, жығылған үстіне 
жұдырық жұмсауды командирдің бойына жараспайтын ұсақ, майда, қоқыс, саяздық мінез 
деп білетін. Майданда ағыңды ақ, қараңды қара дейтін әділ билік көп кездеседі. Мен 
генералдың алдында отырмын, бұл кісі әділ адамның бірі. Біраз үндемей отырып, ауыр 
күрсініп: 
— 
Ия, шығыпсыз соғыс болмайды, — деді маған қарап, — бірақ, орынды-орынсыз, 
демек екі түрлі. 
— 
Шығындайық деп шығындағанымыз жоқ, жолдас генерал, — дедім мен, — 
ақылымыздың жетіп, осы жағдайда қолымыздан келгені осылай болды. 
— 
Сіздің қатеңіз, жауды қоршап алудың орнына бір босағадан итермелеп, сырғытып 
шығарғандығыңыз, — деп біраз ойлап тағы да, — әсіресе, мына күшпен, мына қалың 
қарда қоршау оңай емес екенін мен білемін, мен сізді түсінемін, бірақ та будан былай 
қолдан келгенше жауды құтқармай, қоршауға барлық шараны қолдану керек. Ойланып, 
бүгінгі соғыстың нәтижесін қорытып, бұдан былай сабақ болсын деп айтып отырмын... 
Сөйтіп, жігіттер түңғыш соғыста болын, бір сынақтан өтті. Қобалжыған қорқыныш 
толғағы артта қалды. Енді алдымыздан жарылқағай... 
Арада бірнеше күндер соғыспен өтті. Мені генерал күтпеген жерден өзіне шақырды. 
Күңгірт бұлтты күн. Желе жортып келемін. Бара жатқан жерім — дұшпаннан өткен күні 
ғана азат етілген Васильево қыстағы. Оның алдында 3-4 шақырым жерде Соколово 
қыстағына бекінген жау сіресе қарсыласып, жанына жолатпай шайқасып жатқанына екі-
үш күн болды. Көрші полктан келген арадағы офицер, «мүлдем мықты бекінісі, кірпік - 
шешендей үрпиіп алып, маңына жолатар емес» деп зар қағады. 
Васильево орманының алаңында, қарға белдеуіне дейін көмілген орыс қыстағы. Үйлерінің 
қар басқан төбелерінен, сорая көрінген мұржаларынан бұрқырап түтін шығып жатыр. 
Аттан түсіп үйге ендім. Шағындау келген бөлменің төріндегі стол үстіне генерал 
дастарқандай жайылған картаға шұқшия қарап, терең ойда отырғанының үстінен шықтым. 
Үйге енерін еніп, генералдың ойын бұзуға батпай, шығар - шықпасымды білмей 
тұрғанымда генерал өзіне өзі: «Қап! Мына иттің тікендей қадалып тұрғанын. Соқыр 
ішектей созылып тұрғанын» деп сөйлеп, мені әлі аңғармай ызаланғандай столды 
жұдырықтап бір соқты. 


198 
— Мен бұйрығыңыз бойынша келдім, жолдас генерал, — деп үн қаттым. 
Генерал сескенгендей басын жұлып алып: 
— 
А, сіз бе едіңіз, уақытылы дұрыс келдіңіз, — деп орнынан тұрып амандасты да, 
маған орындық ұсынды. 
Осы үш-төрт күннің ішінде майдан жағдайы генералдың жүзіне мөрін басқандай көрінді 
маған. Қабағы ауыр түсіп, ұйықтамағандықтан көз жиегі қызарған. Түрі солғын, бозарып, 
жүдеп қалыпты. Бетіндегі майда әжімдері тереңдей түскен. Алдындағы картасын стол 
шетіне ысырып тастап: 
— 
Гончаров, тамақ әкелдіріңіз, — деп адъютантына дауыстап, маған қарап, 
орындыққа сәл керіле беріп шалқайып күрсініп. 
— 
Алдымен тамақтанып алайық, — дегеніне, кешелі бері нәр татпағанмен, еріксіз 
басымды изеппін. Оныма генерал: 
— 
Сіз де аш бөрінің біреуіне ұқсайсыз ғой, — деп қарқ-қарқ күлді де, — я халіміз 
нашар, капитан, — деп күлкісін тоқтатты. 
— 
Мейлі, бұл шиеленген түйіннің де шешуін бірдеңе етіп табармыз. 
— 
«Қаға білсең киіз қазық та жерге кіреді» дейтін емес пе еді, жолдас генерал, — 
дедім мен. 
— 
Дұрыс, «қалауын тапса қар жанады» деген де сөз бар. Қалауын таба алмай 
отырмын, — дей бергенінде, Гончаров ас алып кіріп келіп, менімен сәлемдесті. Генерал ас 
үстінде жалпы жағдайды әңгіме ретінде айта отырды. Мен тыңдап отырмын. Менің астан 
қол тартыңқырап қалғанымды көріп: 
— 
Асты ала отырып тыңдаңыз, — деп тағы бір күрсініп. жымия күліп, — осы соғыс 
басталғалы жайбарақат отырып тамақтанудан қалып кеттік. Не жеп, не ішкеніңді 
білмейсің. Әйтеуір алдағыны асағаның ғана есте, — деп бір асам етті ала беріп, картаға 
мойнын бура икемделіп, маған: 
— 
Бері жақындап отырыңыз, — деді де, —білген адамға карта жердің айнасы, — деп 
бастады сөзін. — Жатқан нақыс. Жатқан көк жасыл, қоңыр бояулар. Көрмеген жерді карта 
арқылы танып, оның жол-жобасын, ой-шұқырын, орман - даласын картадан ғана көріп 
отырмыз... 
— 
Я, жолдас генерал, «карта — білгенге сенімді жетекші» деген сөз бар ғой, дедім 
сөзін қоштап. 
— 
Дұрыс. Ал енді қараңыз жақындап, көріп тұрсыз, мына бармақтың таңбасындай 
қара белгі Демянск деген қала. Мына сиырдың тіліне ұқсап созылып жатқан жасыл 
қаламмен жиектеле сызылған сызық жау астындағы жер, яғни дұшпанның армиясы. Біздің 
келген жеріміз мына, осы сүйірдің сол түбі, мына тұрған қала Торопец — сүйірдің оң 
бүйірі. Осы екі бүйректен екі жақтай соғып, осы Н. армиясын қоршау — біздің жоғарғы 
командованиенің ой-пікірі. Ниет — көмейден екі жақтап алқымдай қысып, дұшпанның 
армиясын қамауда қалдыру. Жалпы жағдай осылай. Мұны мен сіздің есіңізде болсын деп 
айтып отырмын. Екі ортада түйісетін жері мына тұрған Холм қаласы, — деп картадағы 
қара қоңыздай тарбиған бір белгіні сұқ қолымен көрсетті. Картаға үңіле қарап мен сирек 
жасыл жиекті баса сызылған Ловать деген жазды оқыдым. Е, баяғыда мектепте оқып 
жүргенде аталатын Ловать дария - өзені осы екен ғой деген ой маған сап ете түсті. 


199 
География сабағында кездескен Ловать өзенінің бойына соғысқа келемін деген кімнің 
ойында бар еді бұрын... 
Генерал біраз ойланып отырып: 
— 
Алдымызда әлі коп қиыншылықтар бар, — деді. — Холмға жеткенше, кемінде 150 
километр жер жатыр. Ол жер бос жер емес. Мына жыбырлап шашылып картаның 
бетіндегі секпілге ұқсап жатқан 80-90 қыстақтардың барлығы дұшпан қолында, бізге 
олардың елін дұшпанның шеңгелінен азат етіп, жерін босатып алу міндеттеліп отыр, — 
деп тағы да тоқтаңқырап, ойлап, — ия, алдымызда қалың орман... қалың қар... қатты аяз. 
Ия, дұшпан осал емес, мықты жау. Құр бопсалауға ол көне қоймас... Ол үйде, сіз бен біз 
даладамыз. Біздің солдаттар үй панасын көрмегелі айдан асып барады. Жылы орыннан ол 
оңайлықпен қозғала қоймас. Генерал сол жағдайды қинала айтып отырып: — Кім біліпті, 
адамзат мұндай шыдамды болады екен той. Кешегі қылшылдаған аязда бүкіл дивизияны 
үсітіп, қырып аламыз ба деп қорқып едім, — деді өзіне өзі. 
— 
Шыдадық қой, жолдас генерал, — дедім мен оған, — мұз төсеніп, қар жамылу 
біздің жорықтағы сыбағамыз емес пе? 
— 
Ал солдаттар қалай? 
— Несін сұрайсыз? Қалай болушы еді. Дедектеп жүгіріп жүр. Қазірше аязға жеңдірер 
емес. Менің байқауымша еңсесі түсіп, көңілі жабырқай қоймас, біраз ысылып қалды ғой... 
— 
Рас па? — деп ол кісі менің сөзімді қуана бөлді. — Ай, азаматтар, азаматтар... Ия, 
шыдамасқа амал қанша, ел апатқа ұшырап, ер басына күн туса, —деп күрсініп. — Аһ! 
Соғыс, соғыс! Майдан, қырғын арпалыс, қылшылдаған аяз, қасарысқан дұшпан, кімді 
толғантып, кімді өмірдің ой-қырына шығармайды... Міне, тар жағдай, қысылтаяң шикіні 
пісіріп, босты ширатады деген осы болады... 
Дастарқан жиналды. Генерал біраз үндемей отырып, ойдың бір қырынан асып, бір 
тоқтамға келгендей орнынан қозғалып икемделе беріп: 
— 
Ал енді сізді шақырғанымды айтайын, — деп менің картамды алып, алдына жайып, 
біраз қарап отырып, «қалай айтсам екен» дегендей күмілжіп, желкесін қасып,—солай, 
солай, жолдас капитан... Солдаттарымыз шыдамды шықты дедіңіз бе? —- деп менен тағы 
сұрады. Meн таңданып: 
— 
Ия, жолдас генерал... 
— 
Ия, солай екен, солай екен. Немісті аязға шығарып, безектете қуу оңай екен. 
— 
Жоқ, жолдас генерал. Әлде мені кекетіп айтып отырсыз ба? —- деп шамдандым. 
-— Жоқ, сізді емес, өзімді өзім кекетіп айтып отырмын. Біздің хал, біздің жағдай кім 
болса соның басына түсе беретін «бақыт» емес, — деді маған бұрыла қарап. — Ойлап 
қараңыз, ал бір қыстақты алу үшін елулеп, жүздеп шығынға ұшырай берсек, Холмға 
барғанша неміз қалмақ? Құр қол барған бізге «жақсы келіпсіздер!» деп Холмның 
дарбазасын кім ашады дейсіз? Алдағы азат етеміз деген қыстақтарға бет алдынан тіке 
шапсақ, әрине, мол шығынға душар боламыз... Сондықтан сыртын айнала соғып, бүйірден 
тиіп, немісті жылы орнынан қозғалтын, олармен далада, ашықта жекпе-жек қар үстінде, 
бәрімізге бірдей жағдайда алыссақ. Бірақ мұның екінші жағдайы есіңізде болсын, егер де 
Ново - Свинуховодағыдай, жаудың қашып құтылуына жол тасталса, бір жердей кеткен 
жау екінші қыстаққа барып, сондағы дұшпанның қолын көбейтіп, күшін молайтады. 


200 
— 
Бізден онша коп кеткен жоқ еді ғой, жолдас генерал? 
— 
Сізден құтылғаны елу, басқадан құтылғаны жүз, тағы басқадан кеткен жетпіс, — 
міне, сізге екі жүз жиырма, — деді маған қадала қарап. — Сіздің қолдан шығып кеткен 
немістер қазір Соколовоның гарнизонын күшейтіп, соғысып жатыр... Қашып құтылған 
дұшпан бір жерде болмаса бір жерде қайта кездесіп кектесе қарсыласады. Ол есіңізде 
болсын. Дұшпанды итеріп қозғап, оны қоршап, қамап, қолдан келгенше құтқармау... 
— 
Түсіндім, жолдас генерал... 
— 
Дұрыс. Meн сізді кінәлап отырғаным жоқ. Будан былай алдағы соғыстарда есіңізде 
болсын деп айтып отырмын. Командир алды-артын ойлап, шамалап, өлшей жүруге 
міндетті. Біздің заманда есеп-қисапсыз жүруге болмайды. 
Генералдың айтқан орынды ақыл сөздері «мен сізді кінәлап отырғаным жоқтап» кейін 
мені «ет жемесем де сорпа ішкендей» етіп біраз қысып сары суымды сыртыма 
шығарғандай болды. Оны байқаған генерал жайдарыланып, қалжың ретінде бірнеше басқа 
әңгімелерге айналысып отырып: 
— 
Сіздің полктың бет алысын бұрмақпын, — деді күтпеген жерден. 
— 
Ерік өзіңізде, жолдас генерал. 
— 
Ерік өзімде болса бұрғым келмейді... 
— 
Бұру керек шығар онда, жолдас генерал. 
— 
Бұрғым келмесе де бұрмақпын, бұрғызбасам бұрғызғалы отыр. Әр кезде 
ойлағандай қайдан болсын, қайдан бола берсін. Бірі болмаса, бірінің түбіне жетіп ойлап, 
болжай алмайсың. Дұшпан сырын айтса дұшпан бола ма? Жасырынбақ, жұмбақ болмаса, 
соғыс бола ма? Кімнің кім ішіне кіріп шығыпты? Жасырынғанды тауып, жұмбақ шешіп, 
ой шомып, біреудің ойындағы пікірінің терең түбіне жетіп, қазанның қаспағын қырғандай, 
сүңгіп шығуды бізде әскери өнер — командирдің зеректігі, — дейді. Сіз оған түсінесіз бе? 
— деп маған жылы жүзбен қадала қарап сұрады. 
— 
Түсінемін, жолдас генерал. Біздің қазақ «сергек ой ер серігі» — дейді. 
— 
Өте дұрыс айтылған сөз. Мазмұны өте терең айтылған пікір екен, — деп рақаттана 
мақұлдап: — Ал енді полкыңызды бір. іске жұмсайын деп отырмын. Бірақ та маналы 
берлі күмілжіп отырғаным, баратын жерлеріңіз шалғайлау, ашығын айту керек, күштерің 
де шамалы, бір батальонымыз әлі артта, бүгін-ертең полкты қуып жете қоймас. 
— 
Егерде сәті түссе санмен алмай әдіспен ал демексіз ғой, жолдас генерал. 
— 
Ия, ия, менің күмілжіп отырғаным сондықтан. Егерде сәті түссе... 
Генерал Чистяковтың мінезі бұйрықты басқаларға ұқсап құрғақ «бұйырамын», «жарлық 
ете мінсіз» жай әңгіме ретінде сөйлеп, өзінің ішіне тартып, сырыңды біліп алып, түсінікті, 
мазмұнды сөздермен тапсырмаларын беріп, ойындағысын аңғартып орындаушының да 
пікірін тыңдап, «былай ет, былай істерсің» деген ақылдарын айтып болған соң, «бұйрық 
осылай» деп аяқтап бір-ақ доғаратын. 
Генерал жай өмірінде шапшаң, алғыр кісі. Сырын білмеген кейбір адамдар сыртқы 
пішініне қарап — «жатқан айқай, алып кел мен айдап келдің генералы» деп түсініп жүрді. 
Бірақ та ол кісі тәжірибесі мол, ақылды, күрделі соғыс мәселесін кең ойлап толғана 
шешетін генерал екеніне менің өзім кейіннен де бірнеше рет куә болдым. 


201 
— 
Мына полк үш күннен бері Соколово қыстағын ала алмай жатыр. Бұл қыстақ біздің 
жолымыздағы бір үлкен түйін — кедергі болып отыр. Соколовоны немістер болашағын 
ойлап, бізге қарсы шабуыл жасауына өте қажетті қыстақ болғандықтан, барлық күшін 
салып қолдан шығармай ұстап отыр. Мына біздің екінші полк Соколовоны жанап өтіп, 
алға кетіп барады. Оны кейін қайтару онша дұрыс шықпайын деп отыр. Соколово бүйірге 
шыққан шиқандай болып қалып тур. Мұны былай тастап кетуге болмайды, сыздайды да 
турады. Алдымыздағы барлық кедергі осы. Мұның кесепаты жалғыз біздің дивизияға тана 
емес, басқаларға да тиіп отыр. Үзеңгіден тартқандай ілгері жіберер емес, — деп сұқ 
қолымен картаны түрте көрсетіп. — Тағы да Соколовоның батыс жағы 11 дағы Трошково 
деген қыстақта немістің біраз күші жатыр. Барлық жәрдем, қуат, оқ, снаряд, тамақ, киімді 
Соколово содан алып қоректеніп жатыр. Мұның қуат-күшінің тамыры осы Трошководан 
Соколовоға келетін мына даңғыл жолда. Басқа жақтан ешнәрсе алатын жағдайы жоқ. Егер 
де біз осы жолды істен шығарсақ, Соколовоның басқа жолмен алар жәрдем - дәрмені жоқ. 
Ол үшін біз алдымен Трошковоны алуымыз қажет болар деймін. Оны алғаннан кейін 
Соколово кешікпей - ақ шаңырағы ортасына түсіп құлайды. Онсыз Соколовоны ала 
алмаспыз деймін. Соколовоның қақпасын ашатын кілт меніңше, оның артындағы 
Трошковода жатыр. Соны сіз полкыңызбен, мына сыртпен, — картаны орағыта сұқ 
қолымен көрсетіп,— айналып барып, ертең азаннан қалдырмай аласыз, — деп орнынан 
тұрып, — сізге бұйрық солай, жолдас капитан, — деді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет