Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)



Pdf көрінісі
бет35/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   45
ОРМАН ШЕТІНДЕ 
«Бұйрық осылай...» Ия, бұйрық солай. Біздің полкке өте жауапты міндет жүктелді. «Сіздің 
полкты бұрғалы отырмын...» Біз бұрылдық. «Баратын жерлерің шалғай...» Рас шалғай 
екен. Қырғын соғыс болып қанға батып жатқан Соколовоны басып өте алмаймыз. 
15 километрдей жердің қалың қарының тыңын сызып отырып, түс қайта, шаршап-
шалдығып орағыта іздеген Трошковоның маңайындағы орманға жеттік. 
«Ертеңгі азаннан қалдырмай аласыз». Уақыт алқымнан алғандай тығыз - ақ. Не істеу 
керек! Жер жағдайымен карта бойынша ғана таныспыз. Карта деген түрлі белгілермен 
нақысталған қағаз. Жер қағаздың бетіндей теп-тегіс емес. Картада барлығы тегіс, оның 
анық-қанығына жете байқауға болмайды. Жарық барда көріп, алды-артыңды, жерді 
болжап алу керек. Жерді өз көзіңмен көріп тұрып болжамаған ой құмалақпен бал ашумен 
тең. Командирдің жер жағдайын, жау жатағын көріп болжауын әскер тілінде 
рекогносцировка дейді. Сонда командир өз көзімен көріп, байқап, байымдап, болжап, 
мөлшерлеп, жағдайды талқылап, салмақтап күшін таразыға салады. Болашақ соғысты 
оймен шолып, толғана ойлайды. «Былай етсем қайтеді?» деп бір тоқтамға ұмтыла 
бергенде, «дұшпан былай етсе қайтпексің?» деген сұрақ сап ете қалып, бір ойдан бір ойға, 
бір тоқтамнан бір тоқтамға байымдатпай сырғаната қуады. Уайым тұңғиығына батырып, 
таудан тозаң, дариядан тамшы қалдыратын күн туғызардай қысылтаяңға салады. Бір 
тоқтамға келіп тірелу командирге оңай емес. Өз басын былай қойғанда, қарамағындағы 
көздері жәудіреген, біреудің әлпештеп өсірген баласы, ел азаматтары — солдаттар жайын 
шолақ ойлап, қателесіп қырып алғысы келмейді. Өлген солдаттардың жесір қалған 
әйелінің, жетім қалған балаларының көз жастарына, қарт ата-анасының қарғыстарына 
ұшырамасам екен дейді. Қобалжып қорқатыншы да, уайым жеп қатты қиналатыны да 
сондықтан. 
Командирге ой түбіне жету оңай емес. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, жаудың сыры 
өзінде, соғыс жатқан жұмбақ. Командирдің ойы жатқан болжау. Ол дұшпанмен ой арқылы 
тілдесіп, болжау арқылы оның пікірін табады. Онымен айтысады. Болашақ соғыс кезінде 
алуан түрлі елестеп, біресе жығылып, біресе жығады. Командирдің ой толғағы ауыр 
толғақ. Жеңіл толғақтан терең, зерек ой тумайды. 


202 
Командир жігіт ағасы. Жөнді жерде зеку, нұқудың да орны бар. Қолдың құлқын білмей 
қол басқару қиын. Командирдің беделді жүзі, тұрақты сөзі — шаршаған жауынгерлерге 
медет, тірек, жетектер тізгін сияқты. Командирге бір тоқтамға табан тіремей тұрып, 
басқаға тіл қатуы өте қиын. Приказ - бұйрық — командирдің ішін өртеп, сай-сүйегін 
сырқыратып, ішек - бауырын езіп, жүрегін құм ете шыққан лебі. Ол жай сөз емес. 
Командирлерді ертіп полк комиссары Мадияр екеуміз ағаштарды паналай жүріп отырып, 
орманның шетіне шығып дүрбілерімізбен жер жағдайын болжай бастадық. Көріп турмыз. 
Бірақ көргенімізге сенбей тұрмыз. Жер жағдайы картадағыдай емес. Жау жағдайы 
ойдағыдай емес. Күні бойы, жол бойы ойлаған ой, байлаған түйін зая кетті. Алдымыздағы 
істің барлығы басқаша болып шықты. 
Трошково алдымызда жап - жақын-ақ тұр. Бірақ та ол жалғыз емес — алты ағайынды. 
Онымен қоныстас алты қыстақ Трошковоны ат тағасындай қоршап іргелес тұр. 
Барлығында да құмырсқаның илеуіндегідей шұбырып жүрген жаудың қолы. Саны мыңнан 
кем емес. Генералмен байланысымыз жоқ. Кімнен ақыл сұрап, кімді ақылгөй етпекпіз? 
Генерал күшін шамалы деп еді. Біздің күш шамалы емес, мүлдем аз. Барлығы бір жарым - 
ақ батальон. Басқа сенер де, сиынар да, тірек болар да ешнәрсеміз жоқ. Бір батальон мен 
артиллерия алыста. Оларды көңілге тоқ санауға болмайды. Басқа ешкімнен жәрдем дәме 
ететін жағдай емес. Уақыт өте тығыз, жағдай өте қысылтаяң. «Барымен базар» деп 
қолдағы күшті жұмсап, солармен мәселені шешу керек. Ол анық, басқа пікірге жол жоқ. 
оларды ойлап басты қатырып, арам тер болудың қажеті де аз. 
Алдымыздағы іздеп келгеніміз жалғыз Трошково емес,—алты ұялы айдаһардың ордасы 
болып шықты. Иіріліп, ырши шапқалы тұрған тәрізді. Аңдып, арбап тұрғандай. Шабар 
мезгіл жетпей күш алып жатқандай. Біздің корпус алға қарай созыла қанатын жайғанда, 
бұл төтеннен, өкпе тұстан соқпақ. Алдымыздағы Соколово мына жатқан қалың қолдың 
сыртқы дарбазасы тек алдына қалқаны ғана. Негізгі күш кейіннен осында болмақ. Көріп 
тұрмыз. Алты қыстаққа алты жақтан күреп тазаланған алты даңғыл жол жосып келіп, 
барлығы барып ортасындағы бір қыстаққа қосыла түйіледі. Содан таты бұтақтана жан-
жаққа тарайды. Ол қыстақтың аты Бородино екен. Басқа төртеуі оның сыртын ала, үлкен 
үйді ортаға ала қонған отауларша қоршап тұр. Олардың аттары Баркловица, Трохово, 
Кашино, Коншино екен. Мұның бәрі бізге жаңа картадан мәлім. Біздің іздеп келген 
Трошковомыз алтыншысы. Жосылып жатқан жол жан-жаққа қимылдап, орала бұрылып 
керекті кезінде түрлі әрекет - қимыл маневр жасауға өте ыңғайлы - ақ. Жау бекерден-
бекер жатқан жау емес. Оның командирі терең ойлап, әзірінше ішінен тынып жатыр. 
Соколовоны қайтсе де қолдан шығармай, босаға сияқты берік ұстап отырып, біздің 
әскердің негізгі күштері алқапты бұзып, жарып өтіп ішке кірді - ау деген кезде сырттан 
айнала соғып, тал Соколово тұсынан қолдың түп тамырын қырқа шауып, қоршап алмақ. 
Оның осындай сұмдық ойлап, сәтін күтіп жатқаны күмәнсіз. Онда дау жоқ. Оның ойы 
басқа емес, осылай... 
Солай болса генерал бізді тек Трошковоны алғын деп жұмсап еді. Мына түріне қарағанда, 
ол қақпанның шаппа тілшігіндей алдамыс қана. Ал алайық - ақ. Алғаннан кейін қақпан 
шауып, сарт етіп жабылмай ма? Одан кейін алты қыстақтан біздің үстімізге қардай борап 
оқтар жауып, бас көтерте қоймас. Қаймыға, қорғана, бас қорғауын көздеп жүріп, қаншаға 
шыдамақпыз. Алты жолдың біреуі ғана істен шығады. Қалған бесеуі жау қолында болмақ. 
Жалғыз Трошковоны алғанда жаудың несі құрып, неден мұқатылмақ. Соколоводағы 
дұшпан қолына не зиян келтіріп, несіне кедергі болмақпыз. 
Біздің Трошковоны алып, қазыққа оралған аттай болып шатысып, торға түскен құстай 
бұлқытып жатқанымыздан біздің әскерге не пайда. Ешқандай пайда жоқ. Залал - зиян мол. 
Біздің полк істен шығады. Қатардан шығып, өз басымен әуре болып жатқан, ешкімге 


203 
қайырымы жоқ полк болады да қалады. Түбі өз басымызбен әуре болып жүріп, аман да 
шыға алмаймыз. Олай болса, не істеу керек? Қандай байлаулы тоқтамға келу керек? Сол 
қорытынды тоқтам көптен бергі тоқталған ойдың түйіні — командирдің бұйрығы 
болмақ... 
Бұйрық — біліп берсең бұйрық; жаңылсаң, қателессең ол бір — бүлік. Бұйыру оңай емес. 
Қалың кар үстінде қырауға бөленген бұталарды паналап тым-тырыс бақылап жатқан 
командирлер. Барлығы да ауыр ой үстінде. 
Міне, оң жағыма құлаш созба жерде бала мінезді, ақ пейіл, адал ниет, ер жүректі 
комиссарым Мадияр (Ахметжан Мұхамедиярұлын полкта осылай атайтынбыз) жатыр. 
Бүтін өне бойы күлімсіреген қара көзі алысқа қадалып, қиылған қара қасы түйіліп, 
қабағын қарс жауып алыпты. 
Алдымыздағы үш-төрт адым жердегі бұтаның панасында қызыл шырайлы, жас жігіт 
капитан Мамонов маған «не демексің?» дегендей көзбен бұрыла қарап, жауап алмай алға 
қайтадан қарайды. 
Сол жағында зәулім қарағайдың түбінде жантайып батальон командирі Гундилович жау 
тарапын дүрбімен қадала сығалап жатыр. Қай ойдың қырынан асып, қай жонына жортып 
бара жатқанын кім білсін. Әйтеуір алға қарай қадала қатып қалғандай... Ар жағында оның 
комиссары Трофимов, тағы басқалары. Барлығы да ой түбінде: сүңгіп, әлі қалқып бетіне 
шыға алмай жатқан сияқты. Мен оларға қарап ішімнен, «әттең уақыт аз, жағдай тар, 
әйтпесе мыналардың пікірін тыңдап алсам» дегендей орнымнан қозғалмай жаттым. 
«Сенің аузыңа қарап жатырмыз ғой» дегендей Мамонов тағы бұрылып маған қарады. Оң 
жағыма қарасам Мадияр шұғыл төмен қарап жатыр екен. 
— 
Мадияр, сем ұйықтап жатырсың ба? — дегеніме ол басын жұлып алып: 
— 
Жоқ, ойлап жатырмын, деп жауап қатты. Екеуміздің сөзіміз үнсіз жатқан 
басқаларды ой қалғуынан сергіткендей болды. Барлығы да біз жаққа бетін бұра қарады. 
— 
Ал, жолдас командирлер, — деп бастадым мен, — маналы берлі жер жағдайын, 
дұшпан ордасын болжап, аңғарып жатырсыздар. Оны талдап жатуға уақыт аз. Кеш болып 
барады... Бірінші қорытынды: алты қыстақтың шаңырағын тіреп тұрған сырығы 
Бородино, жау ордасының мықты тірегі де сол, қалғандары оның таяныштары. Екінші 
қорытынды: мына алты қыстақ, жосылып жатқан алты жолдың түйіскен жері. Алты тарау 
жол дұшпанға алты жақтан, алты арнадан күш берді. Үшінші қорытынды: дұшпанның 
бекінісі мықты, күші мол, біздің күшіміз аз. Төртінші қорытынды: шегінуге бұйрық жоқ. 
Алдымыздағы мақсат жауды күйрету... 
Екі жол бар: біреуі жақын, жақын да болса алыс, ол бұйрық бойынша жалғыз Трошковоны 
алу. Бірақ ол мақсатқа жеткізбей жарым жолда қалдыратын катерлі жол. Екінші жол: 
алыс, алыс та болса жақын. Ол алты қыстақты бірден алу. Алты жолды бірдей ерттеп, 
қомдап міну. Сонда ғана мақсатқа жетіп, дұшпан ордасының шаңырағын ортасына 
түсіреміз. Ол үшін басым, мол күш керек. Ол күш бізде жоқ екені өздеріңізге мәлім... 
Жатқандардың барлығы «ендеше не деп сандалып тұрсың?» дегендей маған бедірейе 
қарады. 
— 
Мен алыс та болса жақынға бел байладым, — дегенімде олар бір-біріне қарады, — 
бірінші бұйрық осылай, жолдас командирлер, — дедім мен. 
Олардың томсырая таң қалған түрлерін елемегендей: 


204 
—- Екінші бұйрығым, — дедім оларға қарап, — екінші бұйрығым түнгі сағат төртте тәп-
тәтті ұйқының кезінде алты қыстаққа бірден шабуыл жасап, жауды жылы төсегінен 
тұрғызбай басып алу. Таңсәріден қалмай жау жайпалып, қыстақтар алынып, жолдар 
реттеліп, берік ұсталсын. Алдарыңызға қоятын жалпы міндеттер осылар. 
Соғыс әдісі: жауға күтпеген жерден, төтеннен тиіп, шырт ұйқыда жатқанда үстінен түнере 
басып жайпау... Бірақ естеріңізде болсын, жолдас командирлер, жау бейқам жатқан жау 
емес. Алдымен күзетшілерінің үні өшірілсін. Бір пулеметтің қаңқылдаған даусы әлемге 
«аттан!» салып байбайлағанмен тең. Жаудың ұйқысын бұздым дегенше, бүлдірдім дей 
бер. 
Менің бел байлаған тәуекелім — жауды абайсызда, оған сездірмей басып қалу... 
— 
Ал енді жарық барда әрқайсың бет алыстарыңды жақсылап болжап алыңдар, — деп 
тараттым. 
БҰЙРЫҚ 
Бұйрық берілді. Тәуекелге бел байланды... 
Бұйрық командирдің қиялы ғана. Оймен жетіп, ауызбен айтылғанның өзі істеле бермейді. 
Ол іс жүзіне асып, алдағы мұнарланған мұратқа жеткеніңше талай сәтті - сәтсіз соқпақтар, 
тар жол, тайғақ кешулер, құз-қиялар алда толып жатыр. 
Орман іші жым-жырт, қап-қараңғы. Аяз танауды қуыстыра, бет-ауызды темірдей жалап 
барады. Қалың қарағай қыстың түбіт ақ тонын жамылып, үнсіз мелшиіп тур. Әр ағаштың 
түбінде бір-біріне түйісе, қатар жатқан солдаттарда үн жоқ. Айналаның бәрі мылқау, 
ешкім бір-бірімен сөйлесіп, шүйіркелеспейді. Тып - тыныш. Ақыры әшейінде пысқыратын 
аттар, не мекіреніп, не оқыранбайды. Байланған ағаш түбінде жусап тур. 
Командирлер мен солдаттардың барлығы ауыр ой үстінде, іштерінен тынып жатыр. 
Үндемеу — атам заманнан бергі сөйлесудің бір саласы. Бәріміздің ойымызды бір түйін 
зілдей басып барады. Бәріміз де бір мезгілді күтіп отырмыз. Ол мезгіл әлі жақындар емес. 
Сағыздай созылған уақыт, қылды қамырдан суырғандай қинап, өте шабан келеді. Бір сағат 
бір жылдай көрінеді. Күте - күте күтуден көтерем болып отырғандаймыз... 
— 
Аяусыз қатал бұйрық болды-ау, — деді маналы берлі тіс жармай отырған Мадияр. 
— 
Ия, мен де сомы ойлап отыр едім, — дедім мен оған ойымның үстімен шыққан соң. 
Екеумізде тағы үн жоқ... Тым - тырыс отырмыз... 
Сағат екіде қол қозғалды. Орман дауыл соққан үйдей сықырлап, теңселгендей болды... 
Әр топтың бастығына көмек керек болар деген оймен штаб офицерлерім әр топқа жұмсам 
тараттық. 
Комиссар екеуміз: «Осы жолы біздің полк не алты қыстақты алып, бұйрықты орындап, 
мұратқа жетеді, не екеуміз бас болып, біріміз шықпай осы жерде қаламыз, не болса да 
жігіттермен қатар, ішінде болайық» деген келісімге келіп ажырастық. 
— 
Ал, жолың болсын! — дедім Мадиярға. 
— 
Айтқаның келсін, бірге болсын, — деп ол жүре жауап қатып, екі-үш қадам баса 
салысымен-ақ қараңғыға сүңгіп, ғайып болды... 


205 
Адъютантым жұмсаған жерден тез қайтқан жоқ. Оның жолын біраз күтіп тұрып, алға 
кеттім. Қасымда жалғыз атқосшым, екі атты қатарымен жетектеп келеді. Аттар оқтағанда 
пысқырады. Аяқ астындағы шыны қар басқан сайын шықырлап, тымық түнде әрбір дыбыс 
бар әлемге жаршыдай айғақ қой. Николайға: «кейін, кейін» деп оны шегіндіре беріп, қап-
қараңғы түнде, ақыры одан да айрылдым... 
Орманның шеті. Қала алда қарауытып тұр. Жап-жақын сияқты. Мен жалғызбын. Артта 
қалған атқосшымды дауыстап шақыруға болмайды. — Келе жатқанымды дұшпанға 
жариялай алмаймын. Жалғыздығыма өзіме - өзім ызаланып, опық жеп біраз кідіріп 
қалдым. 
«Екі неміс жер астынан шыға келіп, я өлтіріп, я байлап алса, не деген масқаралық» деген 
ой мені үрейлендіре қорқытты. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, алдағы әрбір 
бұтаның көлеңкесі қарауытып, мені шошытады. Өзіме - өзім кейіп, он атарымды 
қалтамнан шығарып кезей ұстап, алға қарай жүріп кеттім. Бірақ та аяғымның ұшымен 
басып, ұрланғандай болып келемін. Алда бірдеңе ербең еткендей болды. Қараңғыда дос 
қайсы, дұшпан қайсы ажырату қиын. Дұшпанға кез бола қалсам менің онымен атысқаным 
досқа да, дұшпанға да жаршы болып құпия сапардың барлығын бүлдірер деген оймен он 
атарымды қайтадан қабына салдым. 
«Егер де неміс кез бола қалса, оны қылышпен шабайын, я өңешінен шанша түйрейін» 
деген оймен қылышымды қынабынан шығарып, серпе ұстап келемін. Қаншама аяғымның 
ұшымен басуға тырыссам да, қар аязда майланбаған арбадай сықыр-сықыр етіп, әр 
қимылым менің келе жатқаныма айғақ... 
Алдымдағы қарауытқам қыстақтың шетінде оқшау тұрған сабан сарай екен. Келіп 
тасасына жарғанатша жабыса қалдым. «Мұның ішінде кім бар екен?» деп демімді ішіме 
тартып тыңдап тұрмын. Ешқандай дыбыс, ешбір белгі естілмейді. Бірақ өз құлағыма өзім 
сенбей қайта-қайта тыңдаймын. Ішіне кіруге жүрексінем, қобалжып қорқамын... 
Дуалдарын жағалай басып, ақырын, ұрланып жылжып, еміс сырғып келемін. Демім 
ішімде. Тыныс алудан қауіптенемін. Жылжи - жылжи дарбазасына жеттім. Тағы 
тыңдаймын, ішіне кіруге қауіптенемін, дарбазаға жабыса тыңдап турмын...
«Әлде немістің қара басып ұйықтап қалған бір күзетшісінің үстінен шығып турмын ба?» 
деген күдікті сұрақ тағы үрейлендіре қорқытып, тула бойыма бұғау салынғандай зіл боп 
басады, дуалға шегелегендей мықтап қағады. Тұрған орнымнан қозғалтар емес... Маған 
тәуекел тағы медет болды. Қылышымды серт ұстап, ыршып сарайдың ішіне ендім. Тым-
тырыс, үн қатқан бір пенде жоқ. Сенбеймін, әдейі дыбыс беремін, жан-жақты пәле іздеп, 
қылышыммен түрткілеймін. Ешкім жоқ... Өзімді өзім орынсыз қобалжытып, 
қорқытқаныма ішімнен күліп, сабанның үстіне отыра қалдым. 
Дәл сағат төрт. Құлағымды алысқа түре салып, тыңдап отырмын. Алыстан хабар күтемін. 
Бородиноға құлақ түре тыңдаймын. Трошковоға жырақтың жайын болжап кірмекпін. Ол 
табан асты жақын-ақ түр. Басқа жақтардың бастауының қалай екенін біліп кірмекпін... 
Сағат төрттен бірнеше минут асып барады. Жақыннан хабар, алыстан сарын жоқ. 
Күтудемін. Бір кезде жырақтағы пулемет — «бытбылдақ» деп екі сөзге «тілі» келмей 
қақала қалды. Ақтарсам дәл Бородиноның тұсы... Екінші жақтан тағы бір пулемет шаңқ 
ете қалып, лезде үні өшті... «Немістің күзетшілерінің шүйдесінен шоқита соғып, үндерін 
өшіріп жатқан біздің жігіттер болды», — деп ойланып тұрғанымда, алдымдағы 
Трошководан тұншыға күмпілдеген жер астынан шыққандай еміс-еміс атыстар естіле 
бастады. Аяз үнді жаңғырта ала қашады. Естігенім, далада атылған үнге ұқсамайды. 
Булыға, тұншыға, қарлыға шыққан дауыстай естіледі. 


206 
Алыстап шыққан дыбыс, сарындар мені үш қыстақпен «тілдестіріп, ақпар алып келіп 
берді». Еңсем көтеріліп, сәт сағат болған деген тілекпен Трошковоға қарай тарттым... 
Бір көшеден өте бергенімде құлақшыны ербиген бір солдат алдымды кесе жүгіріп өте 
шықты. Meн оның соңынан өкшелей басып, ол енген үйдің табалдырығынан аттай 
бергенімде тарс ете қалды бір атыс. Қарасам мамық төсек алдында іш киімшең мұрны 
сорайып бір сап-сары неміс сілейіп жатыр. Автоматын серт ұстаған құлағы қалқиған бір 
қара домалақ жігіт маған үн қатпай: «көріп тұрсың ғой, істегенімді» дегендей бір қарап, 
шұғыл бұрылып шығып кетті. 
Мен үй ішіндегілерге назар салдым. Үлкен май шам қалқанның көлеңкесін үй жоғары 
түсіріп, үйдің ішін күндізгідей жап-жарық етіп жанып тұр. 
Кестелі ақ дастарқанмен жабылған столдың үстінде түрлі тамақтар мен мойны сорайған 
шыныларда ішілмей қалған арақ-шараптың сарқыттары (шамада бұл үйдегілер бүгін түн 
жарымына дейін серуендесіп отырысқан), қабырғада кілем, құрулы түскиіздің астында 
жап-жалтыр, ақ мамық төсек. Сол төсектің алдында әлгі өгіздей неміс абыройы ашылған 
күйде жан тәсілім етіп, тырайып жатыр. Оның тақау басында аға офицердің әшекейленген 
киімі орындық арқасында ілулі тур. Төсек үстінде патсайы көрпесі кіндігіне дейін 
сырылып, құс жастыққа шынтақтай тіреліп қалып, жирен шашы аппақ денесіне жайылған, 
үрейі ұшқан сары әйел шарасынан шытып бара жатқан туздай көк көзімен қадала қаран 
жантая жатыр. Көзіме шашы жайылған албастының қызындай көрінді. Ызалана, ренжіп, 
жиренгендей болдым... Бұлардың кешкі серуеннен кейін, анық төсек қызығына батып 
жатқандарында, әлгі үн қатпай, шұғыл бұрылып шығып кеткен жігіт кенеттен кіріп келіп, 
мына сайқалдың ашынасын үстінен атып түсіргені ап-анық көрініп тур. Ренжіп, жиренген 
сезімді соның ізі тудырған болу керек. 
Бейбақ әйел, өмірінде кездеспеген екі қара торы адамды көріп, үрке шошынып, не түсі, не 
өңі екеніне сенбей, әлі қорқыныш шеңберінде жатқан түрі бар. Аяғандай, қызғанғандай 
тағы бір сезім пайда болды. Бейбақтың көзі шарасынан шығып, үн жоқ жаңағы қалпында 
тас болып қалғандай. Маған «қорқыныштың көзі шарадай» деген осы екен ғой деген ой 
келді. Қасына жақындап барып, қолымды көтере бергенімде, әйел шалқалаған күйі, оқпен 
атқандай сылқ етті. Ашылып жатқан көрпенің шетін көтеріп, басына бүркей салдым да: 
«ал енді көрген түсіңді жорын жата бергін» деп үйден шығып кеттім... 
Ал енді ол түсін жорып жата берсін, қырсық жауға олжа болған опасыз бір әйел шығар... 
Көшені аралап келемін. Айнала баяғы тұншыға атылған күмпілдер. Шошып оянған 
немістер қарсыласуға шамалары келмей, әрқайсысы бар қамын ойлап, шортандай 
шоршып, орнынан тұрып кез келген қуыстарға тығыла бастаған кез. Біздің жігіттер 
тіміскілей тінтіп, тауып алып, жатқан жерлерінен сүйрей шығарып алып, жаудың сазайын 
тартқызып жатқан ұрыстың үстінен шығып келемін. 
Өшіккен тиіс, аяқ асты қырғын, дұшпанға топалаңдай тиген өр көкірек соғыстың заңы. 
Болар іс болып жатыр, әр жауынгердің өз тізгіні өзінде, өзіне-өзі би, оз төрелігі өзінде. 
Жекпе-жек, бетпе - бет жағаласқан соғыста оларға ешкімнің жарлығы жүрмейді. 
Жағаласқан жақын соғыстың заңы солай. Оған сырттан қол сұғуға болмайды. 
Трошково алынды. Таң бозарып атып келеді. Тұс-тұсқа құлақ түріп аңдасам, көрші 
қыстақтарда әлі ұрыс тыйылмай, күмпілдеген атыс үндерінің сарыны шығып жатыр. 
Қыстақтың шетіне шығып Бородиноға жақын бір төмпештеу қопаға көзім түсті. Басқа 
жақтағы жағдайды болжамақ үшін сол төбенің басына шықтым. Айналаны азанғы 
сәуленің жарығы арқылы дүрбімен түгел көріп, көзбен шолып тұрмын. Әр қыстақта 


207 
құлақшындарын ербеңдетіп жүрген біздің жігіттердің топтары көрінеді. Оларды көріп 
істің ойдағыдай шыққанына сенер - сенбесімді білмей біраз қобалжығандай, қуанғандай 
болып тұрғанымда, ор қыстақтан маған қарай біріндеп - екіндеп адам шыға бастады. 
Алыстан келе жатқандардың барлығын да танып тұрмын. Қарға малтығып, омбылай 
жақындап келеді. Мен оларды күтін тұрмын. Түн жарымында өлімге аттандырған түн 
бойы олардың өлі - тірісінен еш хабарым жоқ, майдандағы жан жолдастарымның ажал 
арасынан аман шығып келе жатқанын көріп, олар жақындаған сайын тамағымды бір түйін 
булықтырып, тұншықтырып барады. Көремін бе, көрмеймін бе деген жолдастарыңды 
соғыстан кейінгі аман-есен көрген қуанышыңнан артық қуаныш дүниеде болмас. 
Міне, Мадияр арсалаңдап келіп, қол алысып бірдеңе деп тур. Мамонов, Гундилович, 
Трофимовтар да келіп қалды... 
Кешегі ой, түндегі қиял алда сағымдалған арман еді. Соғыстың көбінде іс нәтижесі 
ойдағыдай бола бермейді. Тап осы жолы ойдың, қиялдың, бұйрықтың сәті келгендей 
бұлжытпай орындалуы таң қаларлық нәрсе. Сенер - сенбесімді білмей, айналаға тағы көз 
жіберіп қараймын. Арнадай жосылып жатқан алты жол. Қарауытып оларды бөгеп жатқан 
алты қыстақ. Қалбалақтап жүгіріп жүрген біздің жауынгерлер, қасымдағы тұрған топ 
бастығы командирлер сенуге дәлел екеніне көзім жетіп, орнымнан тура сала бір тостаған 
суық айранды аш қарынға сіміргендей — суық таза ауаны көкірегімді кере жұттым. 
Россияның аязды қатты қысы, қалың қарға көмілген түрі бұдан бұрын көзіме мұндай 
ыстық, мұндай шырайлы көрінген емес еді. Ауасы с ары қымыздай сіңімді, жұтқан сайын 
денеңді қыздыра балқытқандай командирлердің баяндамаларын бастан-аяқ тыңдап болып, 
оларға достық, үзеңгі жолдастық ретінде ризалығымды білдіріп, қолдарын алып рахмет 
айттым. Топтарына барғанда жандарын аямай, жеңу мақсатына күштерін салып жеткен ел 
азаматтары солдаттарға көптен-көп рахмет айтуларын тапсырдым. 
Батальонның комиссары Трофимов баяндамасының аяғында кінәлі түрде төмен қарап 
тұрып, кеше менің бұйрығыма наразы болып, оның іс жүзіне асуына зор күмәнді 
болғанын мойындап: 
— 
Өте сәті түскен іс болды, — деп барлық табыстың абыройын менің басыма қопара 
салып сөйледі. Мен қасымдағы Мадиярға қарап, жолдарды арнадай бөгеп ор қазып жатқан 
топтарға қарай қол сілтеп: 
— 
Мен істеді дегенше Мың істеді десеңші, Мың істеді дегенше Ер істеді десеңші. Ер 
істеді дегенше Ел істеді десеңші. Мен мендікі болмасам, Ер елдікі болмаса Кім істеді дер 
едің? — дегенімде, Мадияр жымың етіп күліп, Трофимовқа айтқанымның мазмұнын 
орысша аударып түсіндірді. 
— 
Ия, ел азаматтарының ісі — ер ағасына әр уақытта да абырой, атақ нұрындай 
жауған, — деді Трофимов. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет