Ббк 84 қаз-7 а 37 Құрастырушы: Шекербану Рахметолдақызы Жақыпова Ақатай С. Н



Pdf көрінісі
бет10/27
Дата27.03.2017
өлшемі3,32 Mb.
#10430
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   27

Келіпті көкжарлыдан Көкжал Барақ

Егемендік алғаннан бері қазақта той көбейіп барады. Əрине, 

тойшыл,  ойын-сауықшыл  ауылдың  қойы  бағусыз,  қазаны 

асылусыз, егіні орылусыз қалатыны да рас. Сондықтан тойдың 

жиіленіп кеткені кейбіреулердің наразылық сезімін де тудырып 

жатады. 


Дегенмен, аты өшіп өз кезегін үш ғасыр күткен ардагерлердің 

аруағын  ойлағанда  атқарылып  жатқан  игілікті  істерге  тəуба 

дейміз,  осының  өзіне  шүкіршілік  айтып,  тіземізді  бүгеміз. 

Абылайдан кейін атаусыз қалған батырлардың бірі – Қаракерей 

Қабанбайдың  жансерігі, “Абылайдың  хан  батыры”  атанған 

Көкжарлы  Көкжал  Барақ.  Оның  аруағына  бағышталған 290 

жылдық  мереке – Шығыс  Қазақстан  облысы  Күршім  ауданы, 

Теректібұлақ ауылында қыркүйектің 25–26-да өтпек. 

Əр халықтың тарихының иірім-қайырымдарында əлеуметтік 

процестерге  тигізген  ықпалы  жағынан  əртекті  əрекеттерімен 

белсенділік танытқан ортақ есімді қайраткерлер кездесе береді. 

Мұндай  тұлғалар  əсіресе  қазақ  тарихында  мол.  Мəселен, 

Қазақстанның тарихына қатысты жылнамаларда бірнеше Қара-

хан,  Əбілқайыр,  Абылай,  Жəнібек,  Тұрсын,  Қасым,  Жəңгір, 

Шыңғыс, Жошы, Батыр, Есім, Тəуке, Сұйық, Уəли атты адамдар 

көп. Тек Барақ есімді адамдардың сарғыш тартқан жылнамалар 

парағына із тастағандарының толық емес саны – оннан астам. 

Сондықтан  шығар,  Қазақстанның  əр  түкпірінде  Барақ  туралы 

аңыз-əңгіме  қозғала  қалса, “қайсысы  еді?”  деген  алмастырып 

біріне таңамыз. Бəлкім, аруақ үшін сауап та шығар. Бірақ тарихи 

сана үшін қиянат. Жаңсақтық ізі ауыз-екі əңгімеде ғана қалса 

қайтейік,  кей-кейде  əдеби  шығармалар  мен  баспасөз  бетіне 

де  ауысады.  Мəселен, “Үш  Барақ”  мақаласында (“Жұлдыз”, 

№ 1, 1985 ж.) Нəубет Көшекбаев Қабанбаймен қатарлас XVIII 

ғасырдың “көк жал” Барағымен беттестіреді. Екі Барақты да өз 

көзімен  көріп,  дастархандас  болғандай,  пікірін  тік  тастайды, 

сынаржақ  тұжырым  түйеді,  сайып  келгенде  оқырманға  тарих 

уақытында бұлыңғыр хабар береді, ақиқаттың жүзіне көлеңке 



136

түсіреді.  Өкінішке  орай,  мұндай  қателіктерді  Абай  аудандық 

“Совхоз  туы”  газеті (12 қараша 1985 ж.)  Ақтөбе  облыстық 

“Ақтөбе” газеті (16 мамыр 1991 ж.), тіпті ғылыми басылымдар 

да  қайталайды. “Солтыбайдың  Барағы  мен  Көкжал  Барақтың 

ауысып  түскеніне  таңым  бар.  Осы  екі  Барақты  ажыратар 

тарихи дерек болмағаны ма?” – деп, қынжылады бізге жолдаған 

хатында  Семей  облысы  Көкпекті  ауданынан  белгілі  айтыс 

ақыны,  қадірлі  шежіреші  ағамыз  Қалихан  Алтынбаев  мырза. 

Осы жайды, Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданынан ауыл 

шежірешісі, еңбек ардагері Сейілхан Нұрғазин де қайталайды. 

Неге  болмасын?  Бар.  Тарихи  жылнамаларда  Барақ  көп  дедік. 

Бірақ Барақтың да Барағы бар. Біздің əңгімеміз – үш жүзге аты 

мəлім, Абылай ардақтап өтке, “хан батыры” атанған Көкжарлы 

Көкжал  Барақ.  Осы  қателіктерді  онан  арман  шиеленістіре 

бермей, мəнісіне тоқталып, Барақ біткеннің жолын ашалық. 

Тарих – жеке  адамдардың  өмірбаянының  тізімі  емес. 

Жылнамалар  бетін  есімі  сілемдеген  адамдардың  барлығы 

тарихи тұлға бола алмайды, өйткені олардың ішінде елін қорып, 

қорғаныш  болғаны  да  бар,  туған  халқына  бұғаулық  тастап, 

сүліктей жабысып, қанын сорғандар да жетіп жатыр. 

Тарихи  ізденістің  бағдар-бағыты – халық  өмірінің  өткенін 

ақиқат негізінде талдап, прогресшіл салауатын сүзу, тағлымын 

алу,  алға  беттеген  аяққа  оралғы  болған  кезеңдеріне  бүгінгі 

күн  талабынан  бағалаумен  өлшенеді.  Адамдардың  тарихи  іс-

əрекетін  ақиқат  негізінде  мұғдарлаудан  таю  ірі  қателіктерге 

ұрындырғанын  енді  сезіндік.  Қазақстандай  бай  өлкеге  иелік 

таныта  алмай  жатқандығымыз – тарихи  зердесіздік  деген 

індетке  ұшырағанымыздан.  Ол  дерттен  айығу  да  оңай  бола 

қоймас. Қазақстанның өзі ашқанның алақаны мен жұмғанның 

жұдырығында  кеткен  соң,  оның  тарихы  қалай  болса,  солай 

жазылмады ма! Баяғыда жер дауы болып, Көксала деген өзенге 

талас туғанда Ақтайлақ би: “Көксалаға ең алғаш Найман қонған, 

екінші Қазаннан келген ноғай қонған, онан кейін қалай болса, 

солай  қонған”  деген  екен.  Қазақстан  көп  ғасыр  “қалай  болса 

солай  қонған  өлкенің”  кебін  киді.  Өткен  дəуірдегі  елінің  де, 



137

жерінің де, оның тарихи тұлғаларының саяси жəне əлеуметтік 

дидарын  анықтау – тəуелсіз  елдің  еркін  азаматтарының  ғана 

қолынан келмек. 

Барақ  ныспылы  адамдардың  барлығының  ғұмырбаянына 

тоқтай беруден аулақпыз. Дегенмен, кейбірін, əсіресе, Көкжал 

Барақпен  шатастырып  жүргендеріне  назар  аударғанымыз  жөн 

болар. 


Барақтың  ең  үлкені –1423–1428 жылдардағы  Ақ  Орданың 

ханы, “ақылгөй” – атанған  Əбу  Сейіт  Əз-Жəнібектің  атасы, 

əйгілі  Жиренше  шешеннің  бабасы.  Туған  жылы  белгісіз, 

Қазақ  хандары  мен  ханзадаларын,  төрелері  мен  сұлтандары 

зəузатының түп атасы болып келетін де – осы Барақ-хан. “Барақ” 

деп ат тергеу де осыдан қалған шығар, сірə. Өйткені, оның есімі 

қазақ  хандарының  қолына  ұстаған  көк  асабасына  айналды. 

Ол, Шыңғыс ханның Жошы тұқымынан тарайтын Орыс ханға 

немере де, Құйыршық ханға кіндігінен туған ұл болып келеді. 

Ақ  Орданың  астанасын  Сыр  бойына  жақындатып,  Сығанақ 

бекінісін  салдырған  да,  Ақсақ  Темір  мен  монғолдар  əулетінің 

толассыз шабуылдарына тойтарыс беріп, қорғаған да, қанкешті 

шайқастардың бірінде 1428 жылы Жетісудың монғол сұлтаны 

Махмұт оғданның қолынан қаза тапқан да – осы Барақ. Барақтың 

аса  үлкен  ерлігі  Сығанақ  шаһарын  Ұлықбектің  шабуылынан 

азат ету кезінде байқалды. 

Осы  ғасырдың  жай-күйін  білдіретін  деректерде  кездесетін 

тағы  бір  Барақ  Самарқан  ханы – Наурыз  Ахмет.  Ол – Сибан 

(Шейбани) тұқымынан. XIV ғасырдың бас кезінде де Шыңғыс 

ханға шөбере, Шағатайға немелтай болып келетін Барақ есімді 

хан өмір сүргені белгілі. Осы Барақтың Туа деген ұлын белгілі 

ғалым академик В. В. Бартольд “Шағатай мемлекетінің шынайы 

негізін қалаушысы болды” деп жазады. 

Бұл  Барақтар – Қазақ  мемлекетінің  байрағын  сахара  төсіне 

тігілгенге дейінгі дəуірлерде өмір сүргендер. Қазақ əлеуметінің 

қысыл-таяң  кезінде  Барақ  аттас  қайраткер – шекті  руының 

сұлтаны.  Ол  орыс  мемлекетіне  қосылу  саясатына  алғашында 

ашықтан-ашық қарсы болады. Дегенмен, кейінірек 1735 жылы 



138

билігін  Орталық  Қазақстанның  Найман  мен  Арғын  руларына 

жүргізіп тұрған тұста Найман елінің тағы бір ханы Күшік екеуі 

орыс мемлекетіне бағынбақ болып ант береді. Алайда, артынан 

бұл  анттың  тілдің  ұшымен  ғана  айтылғаны  анықталады. 

Жаманқала  бекінісінде 1748 жылдың  тамыз  айының  басында 

болған Тевкелевпен болған келіссөзден соң ордасына оралған 

Əбілқайыр  ханның  алдын  осы  Барақ  тосып,  қарулы  қолмен 

қамап,  ханды  қанжарлап  өлтіреді.  Кейінірек  Кіші  жүзде  хан 

тағы  талан-таражға  түскенде  оған  Барақтың  ұлы  Қайыпты 

отырғызбақ болады. Əбілқайыр ханды өлтірген қылмысы үшін 

жазалаушы билер тобын бұл Барақ өзі белгілейді: “1758 жылы 

(1748 жылы. – С. А.) Орта жүздің ең мықты сұлтаны Барақ Кіші 

жүздің Əбілқайыр ханын өлтіріп, өзін жазалайтын төрт төбе биді 

қазақ  билерінің  ішінен  өзі  таңдайды.  Олардың  арасында  Ұлы 

жүздің Төле биі мен Кіші жүздің Əйтеке биі бар еді”, – деген, 

Шоқан Уəлихановтың мəліметіне кейбір басылымдарда қарсы 

пікір айтылып жүр (“Қазақ əдебиеті”, 14 тамыз 1992 ж.). Бірақ, 

билер  Барақтың  ісін  ақтап  жібереді.  Кісі  өлтіріп,  қылмысты 

бола тұрып, тағдыр-таралғысын шешер би құрамын өзі таңдап, 

Орта жүз билерінің жуан ортасында аяғын алшақ басқан сұлтан 

Барақтың бұл əрекеті қазақ халқының Орыс мемлекетіне қосылу 

ісінің  қан  кешті  талас  үстінде  өткендігін  əртүрлі  əлеуметтік 

топтардың өзара саяси таластары тоқырай келе, кейде қару мен 

күшке арқа сүйегенін аңғартады. Билер сотынан ақталған Барақ 

Əбілқайырдың мирасқорларының кегінен қорғанақтап, жоңғар 

қарамағында қалған Ташкентке келіп, бас сауғалайды. Ташкент 

маңындағы Орта жүзге жататын Қоңырат руларына хан болып, 

көп ұзамай 1751 жылы (Шоқан 1749 жылы дейді. – С. А. ) у ішіп 

өледі. 


Шоқан “Қалдан Цереннің тархан грамотасы” деген еңбегінде 

осы  Барақтың  Хиуа  ханы  Қайыптың  атасы,  Батыр  сұлтанның 

əкесі деп көрсетеді. Бірақ бұл дерек Шоқан түзген хандар мен 

сұлтандар  шежіресінде  көрсетілмейді.  Шоқан  қара  сөзбен 

жазып,  орыс  тіліне  аударған  Бұқар  жыраудың  толғауындағы 

қорқақ батыр Ханбаба осы Барақтан тарайды. 



139

“Татар мен сарт біткен “Мұхаммед!” деп аузынан тастамайды, 

онда  сол  Мұхаммедтің  жаман  жігіт  болмағаны  ғой,  сірə”, – 

деп  жүрген  де  осы  Барақ,  Шоқан  келтірген  бұл  мысал  осы 

Сұлтанның мінезінің осалдау бір қырын танытқандай. 

Абылайдың  Тохта-ханым  деген  əйелінен  туған  Сұйық 

сұлтанның ұлының да есімі – Барақ. 1853 жылы əкесі Сұйыққа 

салған күмбезі құлап, топырақ астында қалып, өле жаздағаны 

бар екен. 

Ендігі əңгіме кезегі 1813 жылы туған Солтыбайдың Барағына 

ойысады. Поляк революционері А. Янушкевич Барақтың шойын 

зеңбіректі  қос  қолымен  көтеретінін  жазып,  дене  бітімінің 

мықтылығын  жоғары  қояды, 1848 жылы  оның 35-ке  келгенін 

айтады. 


Жақсы болсаң да қарағым, 

Жаман болсаң да қарағым. 

Солтыбай маған бере ме, 

Асыл туған Барағын, –

деген ел ішінде мадақ бар. Əсілі, Тобықтының Құнанбайы мен 

Үйсіннің Үрістем төресінен ығыр болған Найман елі үмітін осы 

Барақпен  байланыстырса  керек.  Бірде  ағайындарына  өкпелеп, 

Үрістем  төренің  ауылына  көшпек  болған  Барақты  Сабырбай 

ақын  бірауыз  өлеңмен  тоқтатыпты.  Ақын  Сара  да  Біржанмен 

айтысында: 

Қайсың бар хан Бараққа теңгерілген, 

Күшімен Арғын, Найман меңгерілген. 

Есіл ер аруақ біткен заманында, 

Тоқтыдай сан тобықты өңгерілген, –

деп,  Барақтың  Құнанбай  заманындағы  “ерліктерін”  тізеді. 

Шынында  да  Барақ  пен  Құнанбай  өмір  бойы  тіресіп  өткен 

жандар.  Қу,  ақылды,  айлакер  Құнекеңе  қарағанда  Барақ  қара 

күштің  адамы  болып  көрінеді.  Бірде  Құнекеңнің  жылқысы 

Тобықты  шетінен  асып,  Барақ  қыстап  отырған  Айғыржалға 

шығып кетіпті. Жылқышылардың қосына Барақ келіп, үндемей 

ғана  ызғар  танытқан  екен.  Барақтың  артынан  іле-шала  қосқа 

түскен Құнанбай жылқышыларынан: 



140

– Қосқа кім келіп кетті? – деп сұрапты. 

– Танымадық. Еңгезердей біреу келіп кетті. Қабағын ашпады. 

Ыстық сорпа ұсынып едік, қар қосып ішті, – деп жауап беріпті 

жылқышылар. 

–  Е,  онда  ол  Барақ  болды. “Бұл  жерді  босат!”  дегені  екен. 

Енді көшпей болмайды, – депті Құнанбай. 

Дулат  Бабатайұлының  осы  Солтыбайдың  Барағына  арнап 

айтқан ұзақ толғауы да бар. Əлеуметтік өресі биік бұл толғау 

басынан аяғына дейін сұлтанның халыққа көрсеткен қиянатын 

баяндайды. 

О, Барақ жас, Барақ жас, 

Жегенге тоқ, ішсең мас... 

Қазіргі қазақ ұлығы 

Жаман иттен несі кем?

Жемтік көрсе, қан көрсе, 

Айрылар мұнда есінен. 

Барақтың  жағымсыз  қылықтарын  тізе  отырып,  оның  ата-

тегін де айта кетеді: 

Сендер атқа мінген соң, 

Тандыр болып суалды. 

Шалқар көлдей несібем... 

Əбілпейіз арғы атаң... 

Тұсыңда сенің, хан Барақ, 

Азулы бейне, аң Барақ, 

Содырлы, сойқан төлеңгіт 

Елге қарап анталап, 

Ашышанда таптады, 

Ел етегін қымтады, –

деп Дулат халық атынан шынжыр балақ, шұбар төстермен ашық 

айтысқа шығады. Біздің бұл жерде бір түйеріміз: Солтыбайдың 

Барағы  төре  тұқымынан,  сұлтан.  Барақтың  əкесі  Солтыбай 

Абылайдың  төртінші  əйелі,  қырғыздың  Сарғалдақ  əулиесінің 

қарындасынан туатын Тоқ деген ұлынан тарайды. Солтыбайдың 

əкесі – Пірəлі. 


141

Осыған  дейінгі  сөз  еткендеріміздің  барлығы,  Шыңғыс 

нəсілінен тараған сұлтан Барақтар. Алайда тарихтағы көп Барақ 

ішінде қалың, қара орман қара қазақтан шыққан Барақ бар. 

Ол XVIII ғасырдың  айтулы  батырлары  Бөгенбай  мен 

Қабанбайдың  үзеңгілес  досы  “көкжал”  атанған  Көкжарлы 

Барақ.  Халқымызға  сіңірген  аса  ірі  батырлығына  қарамай, 

осы  ардагердің  аты  тарихшылар  тарапынан  тиісті  бағасын 

ала  алмай  жүр.  Есімі  ел  есіне  еркін  сіңбеген  Көкжарлы 

Барақ  көбіне  Əбілқайыр  сұлтанды  өлтірген  сұлтан  Барақпен 

шатастырылады. Қазақ энциклопедиясы Барақтың достары мен 

қаруластарының  көпшілігін  (Райымбек,  Қабанбай,  Бөгенбай, 

Шыңғожа,  Малайсары,  Олжабай,  Жəнібек, “Қаз  дауысты” 

Қазыбек)  жеке-жеке,  қадау-қадау  арнайы  мақалалар  арқылы 

атайды. Бірақ “көкжал” Барақ дегенде жұмған аузын ашпайды, 

арнаулы  мақала  бермейді.  Кечуа,  Ирокез,  Отты  жер  аралын 

мекендеген  тайпалардың  көсемдері  туралы  мəліметтерді  оп-

оңай  сүзуге  болатын  энциклопедиялық  басылымнан  халқы 

үшін  қан  майданға  шыққан  қазақтың  хас  батыры  туралы 

материал табылмауы орны толмас олқылық қана емес, ұлттың 

тарихи  санасына  жарақат  түсіру.  Қазақстан  тарихының  тиісті 

тармағында  да  “көкжал”  Барақтың  ел  үшін  күресі,  көшелі 

қызметі  аталмаған.  Ш.  Уəлихановтың  шығармаларына 

берілген  түсініктемелерде  де  бірнеше  Барақтың  бастары  бір 

ауыз сөзге сыйып кеткен. Мəселен, Н. Көшекбаев “Үш Барақ” 

мақаласында: “аттары  қазақ  халқына  əйгілі  үш  Барақтың 

ішінде  “Көкжал” (“Көкжал”  деп  оның  өжет  мінезіне  қарай 

жергілікті  халық  атаған.  Дұрысында  бұл  да – сұлтан  Барақ) 

Барақ бар. Ол 1848 жылы 35 жаста болған” деп жазады. Автор 

осы тұжырымын тарихи деректермен тұжырымдаудың орнына, 

А.  Янушкевичтің  күнделігін  ашықтан-ашық  бұрмалауға 

барады,  өз  жанынан  сөз  қосады: “Бұл  жабайы  əскерді  белгілі 

қазақ  батыры  Көкжал  Барақ  сұлтан  басқарды”  деп  тарихи 

материалдарды өзінше “иіп” келтіреді Янушкевич жолжазбасын 

мақала авторы. А. Янушкевичтің 1979 жылы “Жалын” баспасы 

шығарған  “Күнделіктері  мен  хаттарының” 129-бетін  енді  біз 



142

ашып оқылық: “Бұл жабайы əскерді белгілі қазақ батыры Барақ 

сұлтан  басқарды”. “Көкжал”  деген  сөз  атымен  жоқ.  Сұлтан 

Барақты “Көкжал” атауға ізгі жанды А. Янушкевичтің ары да, 

аузы да бармаған екен. Дегенмен, Н. Көшекбаевтың Асау Барақ 

турасындағы материалдары кісі иланарлық дəрежеде жазылған. 

Ел  аузынан  жиналған  деректер  негізінде  жазылған 

М.  Түңлікбаевтың  да  “Бұлғақ  шешені”  де  “Үш  Барақ” 

мақаласының  үлгісінде  түскен.  Автор,  Шоқан  Уəлихановтың 

1770 жылғы Көкжал Барақтың тағдырына дөп келген Қошқар-

Ата сапарын баяндап отырып, өзі жақсы білетін Құнанбай мен 

Базаралының тұстасы Солтыбайдың Барағынан бір-ақ шыққан. 

Алайда,  Көкжал  Барақтың  сауыт-сайманы  туралы  хикаяның 

негізгі  сарыны  дұрыс (“мынау – құба  қалмаққа  (жоңғарлар), 

мынау – қара қалмаққа (Еділ қалмақтары), ал мынау қырғызға 

шыққанда киетін сауытым”). 

Барақтың  қару-жарағы  Барақтан  тараған  ұрпағының 

арасында 1930 жылдарға  дейін  сақталып  келгені  мəлім. 

Туыстары  мінəжат  еткен,  мақтан  тұтқан.  Т.  Қайырбаевтың 

этнографиялық  дерегіне  қарағанда,  Барақтың  дулығасының 

ішкі шеңбері 13 сүйем екен. Бұл деректер Барақтың алып денелі 

адам  болғандығын  аңғартады.  Барақ  ұрпағы  ата-бабаларына 

тартқан əлі де еңселі, сүйекті, иықты келеді. Антропологиялық 

тегіне қарап, Барақтың “көкжал” аталуының құпиясын да аңғару 

қиын  емес.  Барақтың  қазақ  əйелінен  туатын  Бостанның  ұлы 

Тайлақ палуан көтеріп əкеліп орнатты дейтін маматас Күршім 

өзенінің  оң  жағалауында  “Қызылтас”  деген  Барақтың  ескі 

жұртында жетпісінші жылдарға дейін тұрды. Аққұрыш тастан 

ойып  алынған  меңгір  Енисей  алқабының  көне  балбалдарына 

ұқсас, салмағы үш тоннадан артық еді, кейіннен тракторының 

күшін  сынаған  біреу  құлатыпты  дегенді  естиміз.  Бірақ  Барақ 

атымен байланысты шығыста жер аты, орман-су, сай-сала көп. 

Барақтың күші жеткендердің барлығына трактор да, жанармай 

да  жете  бермес,  аруақ  қолдар  деп  ойлаймыз. “Барақ  тастары” 

деген  жер  атауы  Сібе,  Қалба,  Күршім,  Тайынты,  Абылайкет 

өңірінде өте көп. 



143

“Көкжал”  Барақ  туралы  өмірбаяндық  мəліметтер  тапшы, 

оларды  қазірде  тек  этнографиялық  деректер  негізінде  түзуге 

болады.  Күршімдік  Н.  Айдарханов,  М.  Юсупов,  марқұм 

З.  Дəукеев,  С.  Нұрғазин,  Қ.  Баелов,  Т.  Қайырбаев,  қытайлық 

Қалибек  Манапов,  алматылық X. Əміренов  жəне  басқа  да 

“Көкжал”  Барақтың  алыс-жақын  тұқымдарының  хабарларына 

қарағанда,  батыр 1701–1702 жылдары  Жарма  өзені  (кейде 

Сырдария  өзені)  бойында  туып, 1770 жылы  жорық  үстінде, 

жау  қолынан  қайғылы  қазаға  ұшырайды.  Барақтың  əкесі 

Шүрек.  Барақ  жетім  қалып,  немере  ағасы  Шонаның  қолында 

өседі.  Қазақтың  Жоңғар  басқыншыларына  қарсы  ұлт-азаттық 

күресіне  ерте, 15–16 жасында  қатысады.  Оның  Абылай  хан 

алдына барып: “Біз құба қалмақты қуып, қазақ жерін босатамыз, 

ал  босаған  жерді  шұбырып  көлігі  неге  орыстар  қоныстанады, 

хан ием?” деп айтты деген ел аузында аңыз сақталған. “Жауды 

көп алады, атағы Барақта қалады” дейді Мəшһүр Жүсіп. Сөздің 

төркінін түсінген адам Барақтың азаматтығын аңғарады. Абылай 

хан  мен  Барақтың  арасының  тым  жақын  екеніне  батырдың 

ата  жұрты  болып  саналатын  Қызылтаста  əлі  күнге  дейін 

сақталып келген “Ханымның бейіті” куə. Француз зерттеушісі 

И.   А.  Кастанье,  Абылайдың  Айтолқын  (Айтолын)  деген 

бойжеткен  қызы  əкесінен  қалмай,  үнемі  жорықта  жүрегінің 

жазады. Оның жанында шашбауын көтеріп, Найманнан шыққан 

Жандəлі деген батыр қыз да болады. Қызылтастағы бейіт осы 

Айтолқынның  зираты.  Жандəлі  сұлудың  зираты  да  Зайсан 

көлінің оңтүстік жағалауында, Маңырақ тауының қойнауында. 

Қос  батыр  қызымыз  да  ескерусіз  жатыр – не  совхоз,  не  көше 

аты  берілмеген.  Рухани  дүниеге  бейғамдығымыз  осындайдан 

байқалады. 

Абылай  ханның  құзырына  елтіген  Барақтың  Алатауға 

жасаған 1770 жылғы жорығын Шоқан Уəлиханов жазады. Осы 

жорықтардың бірінде қырғыздың Сарыбағыш руының батыры 

Атеке Жырық та, оның ұлы Қарабек те оққа ұшады. Бұл уақиға 

туралы Бұқар жырау: 


144

Ұлы сəске болғанда 

Жасаған жақсы жол беріп, 

Жол бергенде мол беріп. 

Ойламаған бақ беріп, 

Қырғызды тəңірім қақ бөліп, 

Садырбала: “бітем!” деп, 

Əтеке: “соғыс күтем!” деп, 

Бірі көнбей біріне 

Садыр кетті бөлініп, 

Соғысудан түңіліп, 

Əтеке-сынды жырықтың 

Қабырғасы сөгіліп... –

деп  толғайды.  Алайда,  Қошқар-Ата  маңында  Абылай  тобына 

қырғыздар қатты тойтарыс беріп, Барақ қашып құтылады. Осы 

оқиға қырғыз халқының жадында мəтел түрінде: “Жалды Барақ 

қашқанда,  Байпақ  би  өлгенде”, – бір  заманның  басы,  екінші 

заманның аяғы – болып сақталған. Қарабектің моласын Шоқан 

Ыстықкөл  сапарында  Сантас  асуынан  көреді.  Оны  кейінірек 

мен де көргенім бар. 

Барақтың Дос деген ұрпағынан тарайтын, Шығыс Қазақстан 

облысы  Бурабай  ауылының  тұрғыны 82 жастағы  Айтқожа 

Танашжановтың  мəліметіне  қарағанда (18 шілде 1984 жыл) 

Барақ  Алатаудың  “Қызыл  шілік”  деген  асуында  қаза  болады, 

Шу  қаласындағы  Барақ  ұрпағы  (Бостаннан)  Қадылбек 

Мұхаметжанов (1938 жылы туған) баяндауынша, “Барақ Алатау 

асуында  жерленген.  Асына  сойылған  мал  басынан  Абылай 

күмбез  тұрғызыпты.  Соққан  желге  гуілдеп  кетеді  екен.  Жау 

жақындаса сол асудан қар борап, өткізбейді екен”. 

Сұлтанмахмұт  Торайғыров  “Айқап”  журналына  шығарған 

(1913, № 8) Барақ туралы тағы да бір аңыз-əңгімеде бұл уақиға 

былайша  баяндалады: “Абылай  хан  тұсы.  Қазақ,  қырғыздың 

жаулығы  асып  тұрған  кезі.  Ол  кездегі  қазақтың  қолбасшы 

батырлары  Қаракерей  Қабанбай,  Қанжығалы  Бөгенбай, 

Шанышқылы  Бердіқожа,  Тума,  Шынғожа,  Көкжарлы  Көкжал 

Барақ һəм басқалар. 



145

Көкжарлы  Көкжал  Барақ  пен  тума,  Шынғожа  екеуі 2000 

кісімен  барып,  Алатаудағы  қырғыздың  шетін  шауып,  қызыл 

жардан  су  жүргізіп,  құл  алып,  күң  алып,  көп  олжа  малмен 

қайтады. 

Бірақ  бұлардың  сапары  Ақсу,  Шымкент  маңайындағы 

Қоңыратты  шабуға  жасанып  жатқан  қалың  қырғыз  əскерінің 

тұсына кез келеді. Естіген соң осы əскермен қырғыздар қуып, 

Шу  өзені  бойындағы  бұларға  жетіпті.  Қырғыз  əскері  неше 

есе  көп  болғандықтан  қазақтың  бірін  құтқармай,  Барақ  һəм, 

Шынғожа қолбасшыларымен бірге бəрін өлтіріп, бастарып кесіп 

алып,  бір  бас,  бір  шымнан  қаланып,  сол  Шу  жағасында  келді 

мұра-мұнара (келлə, келде – парсыша, бас) тұрғызыпты. Сонда 

қырғыздың  төрелері  Нəдір  бала  мен  Сəдір  бала: “Көкжарлы 

Көкжал  Барақты  алдым,  жалғыз  көзді  қарақты  алдым”, – деп 

мақтанады  екен.  Қырғыздар  сол  бетінде  Ақсу,  Шымкенттегі 

Қоңыраттарды шауып, еліне қайтыпты. 

Қырғыздың  бір  бас,  бір  шымнан  келдімұра  тұрғызғанына 

қазақ болып намыстанып, Абылайға хабар берген соң, Абылай 

қырғызға  қол  жиып  аттанбақ  болады.  Абылайдың  жалаңаш 

жүргендіктен  Жалаңаш  баба  атанған  бір  диуанасы  бар  екен. 

Ұрысқа аттанарда əр уақыт сонан бата алып, соның рұқсатымен 

аттанады  екен.  Бұл  жолы  Жалаңаш  баба  Абылайдың  бата 

сұрарын  біліп  қашыпты.  Абылай: “одан  бата  алмай  жүрсем, 

жолым  болмайды”  деп,  іздетіп,  Ертістің  бойындағы  жалғыз 

ағаш түбінен тапқызып алыпты. “Кəпірге ататын жалғыз оғым 

бар еді, мұсылманға атпайын деп қашып едім”, – депті Жалаңаш 

баба.  Мұсылман  мұсылманның  етін  итке  жегізіп,  басынан 

келдімұра тұрғызып, осынша қорлай ма екен. Жүрмесең, құдай 

алдында достық хақымды кешпеймін, – дейді Абылай. Жалаңаш 

баба Абылаймен бірге бармақ болады. 

Сүмбіле  туып  сүмпиіп,  ат  семіріп  күмпиген  уақытында 

Алатаудың басындағы жайлауынан түсіп келе жатқан мезгілін 

аңдып,  үш  жүздің  басты  батырлары  мен  Абылай  қалың 

əскер  ішінде  Шудың  бойына  түсіп,  манағы  бастан  үйілген 

келдімұраның  түбіне  келіп  қонады.  Бастарды  көріп  айналып, 



146

көзінен  жасы  ағып,  мойнына  кісесін  салып,  астындағы 

боз  жорғасын  күннің  батысына  қаратып  бауыздатып,  етін 

тараттырады. 

Шудың  бойына  түскен  ел  болса,  біліп  қайт  деп  жіберген 

50  кісі  шолғыншылары  бір  тайпа  елді  шауып,  таң  ата  қайтып 

оралады. 

Абылай  қолға  түскендерден 2 адамның  құлағын  кескізіп 2 

қолына ұстатып, ол кездегі қырғыздың басшылары – Əтеке һəм 

Нəдір бала, Сəдір бала деген батыры бар 8 ұлды Жайлыханға 

жібереді һəм оларға мынадай сөз тапсырады: “Оның 1 жылғы 

төлін  мен  алдым,  менің  бір  жылғы  төлімді  ол  алды.  Құмар 

тарқап, кек бітетін болмады. 3 күнге шейін осы келдімұраның 

түбінде  тосамын.  Не  келім  менің  қаныма  ол  тойып  кетсін,  не 

оның қанына мен тойып кетейін”. 

Екі  күн  өтіп,  үшінші  күн  толарда,  таң  сызып  келе  жатқан 

уақытта найзадан күннің көзі көрінбей Нəдір бала, Сəдір бала, 

Əтекенің  əскері  келіп  түсті.  Келе-ақ  екі  жақ  беттескен  жерде 

қырғыздар  оқ  атып,  Абылайдың  əскерін  бұзып  əкеп,  шатырға 

тықты. Манағы диуанаға: “Енді қайтем, Жалаңаш баба!” – дейді 

Абылай. “Сəске көтерілгенше ол атса да сен атпа, ол шапса да 

сен шаппа. Сенің оғың оларға сəске көтерілген соң дариды. Осы 

күні  сағат  оларға  ауып  тұр,  қырылғаның  қырыл  да,  қалғаның 

орныңда тұра бер! – дейді Жалаңаш баба. 

Абылай сəске көтерілгенше амалдап, тыныс алмақшы болып, 

бітім  сөйлесейік  деп,  Қоралас  ұлы  Ер  Жауғаш  (Арғын)  деген 

жігітті елшіге жібереді. Елші бастап Əтекеге, онан Нəдір бала, 

Сəдір балаға келіп: 

Елден астың, ер Сəдір!

Елдеселік кел, Сəдір!

Шу, Таласты жайлалық

Жағалай бие байлалық!

Ханның айтқан билігі, 

Абылай деген төренің

Бəрінің айтқан жарлығы, –

деді. 


147

Сонда Нəдір бала аса мақтанып кетіп: 

Бұл шетіңнен кірмесем, 

Ол шетіңнен шықпасам, 

Абылай деген сартыңның.

Үстіндегі қамқасын,

Қан қылмай алып кимесем. 

Қоралас ұлы ер Жауғаш!

Қамшы тиер мойныңа, 

Қан сорғалар қойныңа, 

Бітім жоқ, кейін қайт!

Қара тұр да ойныма!– 

деді. 

Ер  Жауғаш  қайтып  барып,  сұрағандарға  үндемей,  көзінен 



жасы  тамып,  Абылайдың  шатырының  алдына  келіп  тұрыпты. 

“Неге үндемейсің, жаным?” – дейді Абылай. 

Хан Абылай, Абылай!

Сөзін сұрап не етесің?

Оның сөзі шын болса, 

Су түбіне кетесің. 

Ол Көкжал Барақты алған. 

Жалғыз көзді қарақты алған. 

Шымкентте елің шабылған. 

Ақсу менен Іледе

Аққан көзің табылған

Күрені бұзып түнде алған, 

Күймені бұзып қызды алған. 

Шашы меткел құндыздай, 

Көзі жарық жұлдыздай. 

Көгенделген ұл-қыздай!

Жоғары жақты шу қылған, 

Төменгі жақты ду қылған. 

Өтірік емес, шын қылған, 

Өктем-өктем сөзі бар. 

Оған қарағанда


148

Құдайдың бізге

Берер кезі бар, – 

дейді Ер Жауғаш. 

Сонда  Таманың  бір  батыры: “Бір  жалаңаш  сарттың  тіліне 

еріп, оққа иіріліп тұрып қырыламыз ба?” – деп, атын екпіндетіп, 

Абылайға  таман  келе  берген  кезде  аты  тулап  жығып,  ортан 

жілігі үзіліпті. 

Қоралас  ұлы  кеткен  соң,  Əтеке: “Бітімге  келсек  келейік. 

Сүйенген  пірі  күшті  екен,  жорта  антты  бізге  аударғалы  тұр 

екен”, – дейді.  Нəдір  бала  болмапты.  Болмаған  соң  Əтеке 

өкпелеп, 2000 кісімен бөлініп, еліне кетіпті. 

Сол арада сəске болып қалады. Жалаңаш баба жерден бір уыс 

топырақты алып, жауға қарап шашып: “Ал енді шабыңдар!” – 

дейді.  

Қу адасқан тұман, құлан адасқан шаң болып, ат бауырынан 

қара қан аққан соғыс болады. Ақырында Жайлыханды 8 ұлымен 

қабат ұстап алады. Жайлыхан 88-ге келген екен. “Қу сақал əлі 

арманың біткен жоқ па? Қазақтың қанына тойған жоқ па едің? 

Алжуға таянғанда соғысқа сен не іздеп келдің? Басыңды кескелі 

отырмыз. Не арманың бар? – дейді Абылай. “Енді арманым жоқ. 

Көп  уақыт  бала  көрмей  жүріп,  соңғы  алған  тоқалымнан  осы 

сегізін көріп едім. Ең кенжесі 8-де еді. Осы сегізінің ер жетіп, 

қазақты мұқатып, кек алғанын көрсем деуші едім. Сегізі бірден 

аттанған соң 80-нен асқанда бұлардың не қызығын, не бұзығын 

көріп өлейін деп аттанып едім, – дейді Жайлыхан. 

Жайлыхан сегіздегі кенжесін Абылайдың рұқсатымен оңаша 

алып  барып  “Мына  мені  де,  ағаларыңды  да  Барақтың  қаны 

үшін  осы  арада  бауыздайды  Абылай.  Тұқым  құрту  жоқ,  сені 

өлтірмес.  Абылай  саған: “қайт”  деп  рұқсат  бергенде,  жылап 

соңынан  қалмағансың  “қара  сүйек  бір  қазақтың  найзасының 

ұшында  кетемін  ғой,  онан  да  өз  қолыңызбен  өлтіріп  кетіңіз” 

дегейсің.  Содан  хан  ғой,  қайырым  қылып  бітім  жасап  кетер. 

Ер жеткен соң шамаң жетсе, осының қаруын бір қайтарарсың, 

балам!” деген екен. Бұл аңызды С. Торайғыров Құрбан қажының 

аузынан  жазып  алыпты.  Қазақ  халқының  жадында  қалған 



149

“Жайыл  қырғыны”  Абылай  үшін  Барақтың  өсіп  кегін  алумен 

тамамдалады.  Батыр  бабасының  топырағын  іздеген  ұрпақ 

оны  қырғыз  Алатауынан  шығып,  Шуға  құятын  шағын  Ақсу 

өзенінің  төменгі  сағасынан  табады. “Абылай  аспас  Сарыбел” 

де,  Абылайдың  атақты  Сусамыр  жайлауы  да  осы  бір  тентек 

бұлақ бастау алар таулы алқапта. Аңыз артынан тарихи оқиға 

бой көрсетеді. Көкжал Барақ Абылайдан 10 жас үлкен, алайда 

жан  мен  батыр  арасындағы  қатынас  осындай  жан  жолдастық 

деңгейде өтеді. Əдетте, Көкжал қауымына мал өрісі боларлық 

шұрайлы  жерлерді  қалмақтардың  ең  беделді  жайсаңдардың 

(мəселен Амусананың) еншісіне тиген ұлыстан тартып алады. 

Алтай етегінен, Ертістің арғы жағалауының көделі беткейінен 

қоныс  алған  “көкжал”  Барақтың  Алатауда  өлуінің  осындай 

құпиясы  бар.  Тағы  да  бар  деректе  Барақ  Ақсудың  (Таластан 

ағатын)  Шуға  құйылатын  сағасында  өліп,  Абылай  сүйікті 

батырының күмбезін жазыққа тұрғызды. “Нағыз ер үйде туып, 

дүзде өледі” дегенді қазақ бабам осы Барақтың ғұмырбаянына 

арнап  шығарса  керек-ау!  Қаршадайынан  ат  үстінен  түспеген 

Нарақ нағыз батырларша егес үстінде Абылайдан он жыл бұрын 

өледі. Батырынан айрылған хан Барақты қаһармандық рəсіммен 

көмеді. Сойылған малдың басын қосып күмбез орнатады. 

Барақтың  азан  шақырып  қойған  өз  аты  да,  қан  майданда 

құрмет  түрінде  алған  “көк  жал”  деген  лақап  аты  да,  Қалихан 

Алтынбаев пен ақын Бəдел Тұрсынбаевтың ел ішінен жинаған 

ауыз-екі  аңыздарына  қарағанда,  құба  қалмақтың  Күрсін  (осы 

батырдың  атында  қазірде  Күршім  ауданы  аталады.  Не  деген 

мырзашылық!). Долон-хара, Арқа-ола, Тарбағатай жəне Шоян 

атты  бахадурларымен  сайысқа  шығады.  Барақтың  Топжал, 

Баба,  Өлмес,  Қойбақ  жəне  Барын  деген  əйелдері  осы  қалмақ 

бахадурларының  қыздары.  Шоян  жайсанды  өлтірген  кезде 

əкесінің  сүйегін  сұрап,  қалмақ  қызы  Барақтың  алдын  тосады. 

Барақ – жауына есесін жібермеген адам. 

Сөз соңында Қазақстан тарихының кейбір кезеңінде “Барақ” 

атауының жиі кездесуінің себебіне тоқтағанымыз артық болмас. 

“Барақ”  М.  Қашғари  лұғатында  екі  мағынада  қолданылады: 



150

1.  сабалақ жүнді ит; 2. бүркіт қартайғанда екі жұмыртқа салады. 

Бірінен  хұмай  құс,  екіншісінен  тазы  шығады.  Осы  тазыны 

“барақ” деп атайды екен. Өткен кездің адамдары Барақ есіміне 

қызығуының себебі неде деген сұрақ та тууы мүмкін. “Барақ” 

атауының  тағы  бір  ұшы  араб  тілімен  де  орайлас: “барақ” – 

жеңіс, мереке, береке мағынасындағы сөз. Бұл есімнің сахарада 

мұсылмандық салт дəуірлеу кезеңінде бел алуы оның сақ, үйсін, 

ғұн,  ХІ–ХІI  ғасырлардағы  қыпшақ, XIII ғасырдағы  монғол 

дəуірінде кездеспейтіндігінің де кепілі бола алады. 

Қазақ  халқының  сайда  саны,  құмда  ізі  қалмай, “ақтабан 

шұбырындыға”  ұшырап,  босып  жүрген  кезеңде  еліне  қорған 

болған арда ағасына риза ұлт енді тəуелсіздік алып, төрт бұрышы 

түгелденген тұста иелік танытып, есіне түсіріп, аруағын құрмет 

тұтқаны – есейгендіктің белгісі. 

Жуықта  мен  Күршім  өңірінде  болып,  батыр  ұрпақтары 

мекендеген  өзеннің  оң  жағалауындағы  ауылдарды  аралап, 

Барақтың  ата  жұртында  осы  жылғы  қыркүйектің  аяғында 

өтетін 290 жылдық мерейтойына қатысты дайындық барысын 

өз көзіммен көріп қайттым. Ащы болса да айтпауға болмайды, 

дайындық  ойдағыдай  емес.  Мынадай  алмағайып  кезеңде 

той  өткізу  де  қиын,  əрине.  Əсіресе,  қаржы  мəселесі  мүлде 

мардымсыз, барақ деңгейіне татымайтын дəрежеде. осы орайда 

менің назарым тікелей барақ ұрпақтарына түседі: “Азаматтар! 

“Киіз кімдікі болса, білек те соныкі”, – дегендей, баба алдындағы 

парыз өтелер шақ келді. 

Сұрасаң руымды Барақ батыр, 

Қылышын жау дегенде жалақтатар. 

Барақтың батырлығы сол емес пе, 

Қалмақтың басын кесіп, қадақ тартар, – 

дейтін. 

Барақ  ұрпақтары  батыр  бабасына  қарыздар – топырақ 

салмаған,  аза  тұтпаған,  асын  бермеген,  мұның  барлығын, 

жоғарыда  айттық,  Абылай  атқарған... “Өлі  риза  болмай,  тірі 

байымайды”, – дейді  қазақ.  Мұны,  ағайын,  аға  жасындағы 

адамның  сөзі  деп  қабылдағай. “Көп  түкірсе  көл”  деген 



151

осындайда  айтылады.  Халық  жəрдемінсіз  той  қызық  болады 

дегенге өз басым сенбеймін. 

Той да өтер, жүйрік озып, бəйге де алынар. Бірақ Барақ туралы 

естелік мəңгілікке қалу жағын, келер ұрпақ бабасы туралы ауыз-

екі  əңгімемен  ғана  шектелмей,  кітапхана  сөрелерінен  батыр 

туралы  шынайы  деректер  оқитындай  жағын  да  ойластырған 

жөн.  Барақ  туралы,  оның  ата-тегі,  үрім-бұтағы,  таңғажайып 

ерліктері туралы кітап шығару керек. 

290-жылдығына  орай  Барақ  туралы  ақын  Бəделқожа 

Тұрсынбаевтың 1944 жылы  жазылған  дастаны  табылып, 

қуанып жатырмыз. Мұны да жеке кітап етіп, көпшілікке ұсыну 

парыз. Торқалы тоймен қатар өтпек ғылыми конференцияның 

материалдарын жеке жинақ етіп шығаруда да көптің ықыласы 

ауадай қажет. 

Барақ  Өтейдің  баласы  екенінде  дау  жоқ,  бірақ  ол  қазақтың 

ұлттық батыры. Батырды меншіктейміз деп жүріп, оның қазақ 

аспанында  биікте  тұрған  жұлдызын  төмендетіп  алмалық. 

Облыс  жəне  аудан  басшылары  Барақ  есімін  елді  мекендерге, 

көшелер  мен  мəдени  мекемелерге  кеңінен  беруді  ұмытпау 

ғана  жеткіліксіз,  оның  жəне  онымен  серіктес  адамдардың 

есімдерін Республика деңгейіне көтеру мақсатымен Қазақстан 

өкімет  орындарына  ұсыныспен  шығаруды  ескере  жүрсін. 

Барақ ескерткіші де батыр тұлғасына сай болып, көптің назары 

түсер  жерге,  аудан  мен  облыс  орталықтарына  орналасуын 

қамтамасыз  ету  керек.  Ол  Барақ  батырдың  ұрпағы  ғана  үшін 

емес,  отаршылықтан  еңсесі  езіліп  кеткен  қазақ  əлеуметі  үшін 

ауадай қажет. 



Қазақ əдебиеті. 18 қыркүйек 1992 ж.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет