Ббк 84 қаз-7 а 37 Құрастырушы: Шекербану Рахметолдақызы Жақыпова Ақатай С. Н



Pdf көрінісі
бет26/27
Дата27.03.2017
өлшемі3,32 Mb.
#10430
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

ЭЗОП МЫСАЛДАРЫ

Ағылшын тілінен аударған 

С. Ақатаев

Бұл  кітап – көне  дəуірдің  аты  аңызға  айналған  ұлы  мы-

салшы  жазушысы  Эзоптың  мысалдары  ізімен  жазылған 

əңгімелер  жинағы.  Ол  шығармалар  ертедегі  Грецияда  біздің 

жыл  санауымызға  дейінгі VI ғасырда  пайда  болған.  Эзоп  мы-

салдары XIII ғасырдан  бастап  француз,  неміс  жəне  ағылшын 

тілдеріне  аударыла  бастады.  Ресейде  Петр  патша  дəуірі 

тұсында тəржімаланды. Өткен ғасырда Эзоп мысалдарын Кры-

лов шығармасы арқылы Абай қазақ даласына таратты. 

Эзоп  мысалдары  маңызын  əлі  күнге  дейін  жойған 

жоқ.  Мысқылшы  мінепсынаған:  сараңдық,  қатыгездік, 


387

мақтаншақтық,  арамзалық,  екіжүзділік,  опасыздық,  қулық 

сияқты мінез-қылықтар əлі де кездесіп қалады. 

Шыншылдығымен,  терең  мағыналығымен  дараланған 

көненің  көзімен  жасөспірім  оқырмандарды  да  таныстыруды 

жөн көрдік. 

Кітаптағы əңгімелер қазақшаға ағылшын тілінен аударылды. 

Тауыс қанатын таққан қарға

Ерте  заманда  құс  атаулы  бір  орманда  бас  қосып,  үлкен 

құрылтай ашып, хан сайламақ болыпты. 

–  Итте  ие,  түлкіде  тəңір  бар, – деп  шуласыпты  олар. – Ал 

біздің  арамызда  жол  көрсетер  басшы  жоқ,  Біздің  де  ханымыз 

болуы керек. 

 – Ендеше, ең алдымен сол ханды сайлар төреші табалық, – 

депті ақылгөй Кептер. 

– Құдіреті күшті Арыстанның өзіне барайық, бізге ханды сол 

сайлап берсін, – деген ұсыныс жасапты Көкқұтан. 

Құстар  шуласып-шұрқырасып  Арыстанның  үңгіріне  келіп, 

бізге хан болуға лайықты құс таңдап беріңіз деп, өтініш етеді.

Арыстан құстардың бұл қылығына мəз болып:

–  Қанатты  достарым-ау!  Əрине,  сендер  секілді  аспан  жай-

лап, нұр емген құстардың ханы да теңдесі жоқ кербез де сым-

батты сұлу болуы керек. Сондықтан ертең ертемен құс біткен 

үңгірімнің алдына келсін, ең тəуірін таңдайын. Қаласаңдар, сол 

сендердің хандарың болсын, – деген екен. 

Хан  болуға  кім  дəмеленбесін!  Арыстанның  бұл  ұсынысы 

олардың  ойынан  шығыпты.  Өйткені,  əр  құстың  көкейінде 

өзін  басқадан  артықпын  деген  ой  бар  екен  де,  ханның 

тəжін  əрқайсысы  өзім  кисем  деп  армандапты.  Арыстанның 

ақылдылығына  шек  келтірмепті.  Сөйтіп,  құстар  келер  күнді 

қарсы алу дайындығына кірісіпті. 

Олар  өзен  жағасына  келіп,  суға  шомылады,  қанаттарын 

кептіріп,  тарана  бастайды.  Хан  сайлауға  байланысты  хабарды 

естімеген жалғыз Қарға екен. Ол сол күні науқастанып қалып, 


388

құстардың  ормандағы  мəжілісіне  қатынаса  алмайды.  Ойда 

жоқта құстардың жапатармағай суға шомылып жатқанына таң 

қалып, оның себебін білгісі келеді. 

 – Неге мұнша жаппай шомыла қалдыңдар? – деп сұрайды, 

Қарға құстардан. 

–  Ертең  азанда  Арыстан  бірімізді  хан  сайламақ.  Ол  хан  ең 

əсем, ең сұлу құс болмақ, – депті құстар. 

“Шіркін-ай, хан болғанға не жетсін! – деп ойланады Қарға. – 

Құс біткен ханына құрмет көрсетіп, жер-жерден дəмді тағамдар, 

көз  көрмеген  қымбат  сəлемдемелер  мен  сыйлықтар  əкеледі 

ғой.  Соны  алатын  хан  мен  болсам...”.  Көкейіндегі  осы  ойына 

əбден  берілген  Қарға  басқа  құстардан  оқшаулау  шығып,  тағы 

да тұңғиық ойға батыпты. “Хан болғым келеді, ə! Сонда маған 

хандықты кім даярлап отыр? Қанатым болса, қара, жүнім ажар-

сыз”. Қарға енді қулыққа көшпек болады. 

Түн ортасы ауа барлық құс ұйқыға кеткен кезде, Қарға өзен 

жағасына келеді. Күндіз құстардан қалған қауырсындарды жинай 

бастайды.  Олардың  ішінде  Жорғаторғайдың  көк,  Қызылтамақ 

шымшықтың  қызыл,  Күркетауықтың  жылтырауық,  Тауыстың 

жасыл қанаттары бар еді. Бəрінен де Тауыстың қанатын ұнатқан 

Қарға жасыл қауырсынды көбірек жинайды. 

“Енді сəнденуге болады”, – деп ойлаған Қарға ұясына ора-

лады. Түні бойы əуреленіп əр түрлі қанаттарды өз қанатының 

үстіне жапсырып шығады. Тауыстың ұзын жасыл қауырсынын 

құйрығына байлап қояды. 

Азанда Арыстан үңгірінен шығып, үлкен тастың үстіне келіп 

отырады. Барлық құс та осы жерге келеді. 

– Бастаңдар! – деп бұйырады Арыстан. 

Салтанатты  ең  кішкентай  құстар  ашады.  Қанаттылар 

əрекетіне  шаттанып  отырған  Арыстанға  өз  алдында  бар  өнері 

мен  сымбатын  көрсеткен  қызыл  қанатты  Шымшық,  көгілдір 

қанатты Жорғаторғай қатты ұнайды, бірақ ол ойын білдірмейді. 

Тауы шағылған бұл құстар орманға қайтып кетеді. 

Кішкене құстардан соң енді олардан ірірек құстардың көркін 

байқау басталады. Бұлардың ішінде жезқанатты Дуадақ, алтын 



389

қауырсынды Қырғауыл секілді сұлу құстар көп болыпты. Хан 

болуға тұрарлық құсты таңдау аса қиын соғып, Арыстан əбден 

торығыпты. 

Ең соңы үлкен қүстар – Күрке тауықтың əтеші, алып қанатты 

Бүркіт,  Тотықұс,  кербез  Қызыл  қаз  жəне  Көкқұтан  өтіпті. 

Бұларды көрген Арыстан қандай шешімге келуін білмей, тіпті 

қиналады. Тауыс құйрығын жазып жіберіп, əсем кеудесін керіп 

тастап,  Арыстанның  алдынан  ерсілі-қарсылы  теңселе  басып 

өте бергенде, маңайды тамашалап отырған барлық құс ду қол 

шапалақтап  жіберіпті.  Салтанатқа  қатысып  отырғандардың 

қай-қайсысы болсын Тауысты ең сымбатты құс деп танып, хан 

сайланды  деп  санайды.  Бірақ,  кенеттен  Арыстанның  алдына 

қанаттары  күн  сəулесіне  түрлі  түспен  құбылған  беймəлім  бір 

құс  шыға  келеді.  Бұл  əр  құстың  қанатын  тағып  алған  кəдімгі 

өзіміздің қара Қарға еді. 

–  Апыр-ай,  бұл  қай  құс  еді? – деп  сұрасады  бір-бірінен. – 

Мұндай құсты өмірімізде кездестірмеген едік. Өзі не деген əсем 

десеңізші!

Бұл құстың Қарға екенін алғашқыда ешкім білмейді, əрине. 

Тек біраздан кейін Жорғаторғай:

–  Мына  пəле  менің  қауырсынымды  қайдан  тауып,  тағып 

алған, – деп, жүгіріп барып, тұмсығымен бір қызыл қауырсынды 

əлгі құстың қанатынан жұлып алады. 

–  Құйрығы  түгелдей  менікі, – деп  ашуланған  Тауыс  өз 

қанатын таниды. 

Жарқырауық қауырсындардан айрылған сəтте əлгі беймəлім 

құстың кəдімгі қара Қарға екенін барлық құс таниды. Оның бұл 

ісіне ашынған құстар Қарғаға жабыла ұмтылып, тұмсықтарымен 

шоқи бастайды. Қарға өзінің əумесерлігі мен опасыздығы үшін 

осылай жазаланған екен. 

Сөйтсе  де,  Қарға  таққа  отырудан  əлі  де  үміт  үзбесе  керек. 

Өйткені  жылтырауық  нəрсе  көрінсе  болды,  оны  іліп  алып, 

ұясына апаратын көрінеді. 



390

Алтын жұмыртқадан айырылған əйел

Баяғыда бір орманшы болыпты. Əйелінің мінезі тым шəлкес 

екен.  Ертеңнен  кешке  дейін  күйеуінің  құлақ  етін  жейтін 

көрінеді. Айқайдан құтылу үшін, ері орманға ерте кетіп, үйіне 

кештетіп оралады екен. 

Орманшы табалдырықтан аттасымен, көкайыл əйелі айғайға 

басатын:

–  Мені  жалғыз  қамап  кетесің  де,  жанымда  ешқашан 

болмайсың. Сенсіз өмірім қараң екенін қашан түсінесің?!

Орманшы  төзімді  адам  көрінеді.  Ашуын  ақылға  жеңдіріп, 

үндемейді екен. Алайда, бір күні:

–  Аяулы  жарым,  өзің  білесің,  мен  күн  ұзын  орманда  ағаш 

қиямын. Ағашты неғұрлым көп қисам, пайдасы да солғұрлым 

көп болмай ма? – депті. 

Адуын əйел бұл сөзге де құлақ аспайды. Орманшы үйіне біреу 

зорлағандай əзер келіп жүреді. Жол бойы: – Əйеліме қалай жақсам 

екен, кеш қайтсам: “Жалғыз қалдым – жаның ашымайды” – деп 

бақырады, ерте оралсам: “Ақшаны аз табасың” – деп тынышымды 

алады. Сонда оған не істеуім керек? – дел, ойлаумен болады. 

Бір  күні  орманға  қарай  келе  жатса,  қалың  ағаш  арасынан 

ағараңдаған  əлденені  көзі  шалады.  Жақындап  келіп  қараса, 

бөтегесі  жерге  тиген  семіз  ақ  қаз  екен. “Өзі  кешкі  асқа,  жүні 

жастыққа  жарайтын  болды”, – деп,  орманшы  қазға  жақындай 

түседі.  Қаз  болса,  одан  үрікпейді.  Орманшы  қазды  ұясымен 

көтеріп, үйіне оралады. Қаздың мұнша жуастығына таң қалған 

əлгі кісі, оны дəл сол күні сойғысы келмейді. Ал, əйелі қазды 

көрісімен:

– Бол, тез басын кес, аса қояйын, – депті. 

– Осы қазды тұқымға қалдырсам ба екен! – дейді оған орман-

шы. Күйеуінің қарсы жауап қайырғанына ызаланған əйел:

–  Бұл  қазды  жемдеймін  деп,  түбімізге  жетерсің, – деп 

ренжіпті.

– Өзіме тиесі тағамның жартысын беріп отырамын, – дейді 

орманшы. Сөйтіп, орманшы өз асынан қазға бөліп беріп, баға 

бастайды, аулаға ұя жасап, соған жатқызып қояды. 


391

Ертеңінде орманшы қораға келсе, қаз бір жұмыртқа тауыпты. 

Жұмыртқасы  жай  жұмыртқа  емес,  алтын  жұмыртқа  екен.  Ор-

маншы жұмыртқаны қолына алып, өз көзіне өзі сенбей, əйелін 

шақырады. Əйелі жұмыртқаны көре сала, күйеуіне:

– Енді неғып тұрсың? Бар, қалаға жөнел, сатып, тезірек ақша 

алып кел, – дейді. 

Орманшы қалаға барып, жұмыртқаны сатып, ақшасына азық-

түлік, əйеліне жаңа көйлек алады да, үйіне оралады. 

Келесі  күні  қаз  тағы  да  алтын  жұмыртқа  табады.  Соны-

мен, қаз күнде бір алтын жұмыртқадан таба береді. Орманшы 

тоғайға  баруды  қояды.  Қаздың  жұмыртқасын  сатып,  сонымен 

тұрмысы түзеліп, байи бастайды. 

Бірақ  тұрмыстары  жақсарған  сайын,  əйелінің  қабағы 

қалыңдай  береді.  Оған  қаздың  күніне  бір-ақ  жұмыртқа 

тапқаны аздау көрінеді. Оның жұмыртқаны көптеп тапқанын 

қалайды. 

–  Осы  жұмыртқалар  қайдан  шығып  жатыр – соны  білгім 

келеді, – дейді əйелі бір күні. – Менімше қаздың тұла бойы ал-

тыннан жаратылған. Əйтпесе, алтын жұмыртқа қайдан келеді? 

Алтын  жеп  таппайды  ғой.  Ендеше,  қаздың  ішек-қарны  да  ал-

тын. Сондықтан оны сою керек: мысқалдап отырамыз ба, көп 

алтынға бір-ақ кенелейік!

Орманшы  болса,  əйелінің  бұл  сөзіне  көне  қоймапты. 

Бірақ  қыңыр  əйел  күйеуі  қалаға  кеткен  кезде  балтаны  алып, 

қаздың  басын  бір-ақ  шауып  тастапты.  Əлбетте,  бұл  қаз  да 

басқа  тұқымдастары  секілді  кəдуелгі  қарапайым  қаз  болып 

шығыпты. Сөйтіп, қанағатсыз əйел қаздың əлі де талай табатын 

жұмыртқаларынан текке айырылып қалған екен. 

Қала тышқаны мен дала тышқаны

Дала  Тышқаны  бітік  астықты  алқаптың  ортасында  өзінің 

кішкентай  үйшігінде  тұрады  екен.  Ал  оның  алыстағы  қалада 

тұратын  досы  болыпты.  Достар  бір-біріне  жиі-жиі  хат  жазы-



392

сатын  көрінеді.  Досының  кезекті  хатын  оқып  шыққан  дала 

Тышқаны күрсініп:

–  Даланың  тіршілігі  құрысын,  Сахарада  еш  жаңалық  жоқ, 

бар болғаны күн күркіреп, жаңбыр жауады, оның артынан күн 

шығады, немесе қыс болса, қар жапалақтап, боран соғады. Ал 

шаһарда  болса,  толған  өзгеріс,  күнде  бір  жаңалық  емес  пе. 

Қандай қызық десейші! – деп армандайды. 

Қала тышқаны хатында жаз шыға қонаққа барам деп жазып-

ты. Бұған дала Тышқаны қатты қуанады. 

“Достым, – деп  жазады  жауап  хатында  дала  Тышқаны, – 

біздің жақ сенің тынығуыңа өте қолайлы. Тамақ деген көл-көсір. 

Біздің бала-шағаларымыз қалада болып жатқан жаңалықтар ту-

ралы сенің қызықты əңгімелеріңді тыңдауға құштар”. 

Сөйтіп, дала Тышқанының əулеті қонақтарын асыға күтіседі. 

Неше түрлі дəмді тамақ даярлайды. Қала тұрғынына сахараның 

қарапайым  асы  ұнамай  қала  ма  деп,  қолдарынан  келгенінше 

қимылдап, зыр жүгірісіп, барын аямайды. Қонақтары келіп, ас 

үстінде үлкен қаланың көптеген жаңалықтарын айтып отыра-

ды. Астан кейін қала Тышқаны досына:

– Мына құлазыған далада қалай тұрасың, достым? Тұрмыстарың 

көңілсіз, тағамдарыңның да дəмі шамалы екен,  – дейді. 

– Бұл сөзіңнің жөні бар, – дейді дала Тышқаны. – Қала тура-

лы əңгіме айтқаныңда аузымыздан сілекейіміз шұбырады, бірақ 

амал жоқ. 

– О, достым, шаһардың қайбір қызығын айтып тауысуға бо-

лады дейсің, – дейді қала Тышқаны. – Қошеметтеріңе көп рах-

мет,  бірақ  қаланы  сағынғаным  сондай,  бұл  жерде  бір  жұма 

да  шыдайтын  емеспін.  Қалаға  не  жетсін,  шіркін!  Айтқаныма 

сенбесең, өзің еріп жүр бізбен, көріп қайт бəрін. 

Алғашында  дала  Тышқаны  қалаға  барар-бармасын  білмейді. 

Бірақ, қала Тышқанының асхана астынан жасап алған жылы үйі ту-

ралы, ондағы неше түрлі тəтті тағамдар жөнінде ғажап əңгімелерін 

естігенде, сол қызықтың бəрін өз көзімен көргісі келеді. 

Достар  түнделетіп  сапар  шегеді.  Дала  Тышқанының  үрейі 

ұшып  қорқып  отырады,  бірақ  сырын  досына  білдіртпеуге  ты-

рысып, досы не істесе, соны қайталай береді. 


393

–  Достым,  қарның  ашты  ма  деймін, – дейді  қала  Тышқаны 

үйіне жеткен соң. Олар ептеп еденнің тесігінен асханаға кіреді. 

Сөредегі  шекер,  балқаймақ,  ірімшік  жəне  басқа  да  бұрын-

соңды  татып  көрмеген  тағамдардың  иісі  мұрнын  жарғанда, 

дала Тышқаны қуанып кетеді. Ол ірімшіктің шетін енді кеміре 

бергенде,  есік  ашылып,  түрі  сондай  қорқынышты  еңгезердей 

əлдене ентелеп жетіп келеді. 

– Зыттың! – деп айқай салады қала Тышқаны, ініне кіріп бара 

жатып. Дала Тышқаны да алды-артына қарамай, сол інге қойып 

кетіпті.  Құбыжық  аң  артта  қалып  қояды.  Дала  Тышқанының 

байқап  қалғаны:  оның  сорайған  аппақ  тістері  мен  сояудай 

тырнақтары жəне сабалақ жүнді аяқтары еді. 

– Əлгі не? – деп сұрайды дала Тышқаны, асхананың еденіне 

түскен соң. 

– Е, ол əлгі Мысық деген ғой, – деп жауап қайтарады досы 

қорқынышын білдірмей. – Көрдің ғой, мен одан аулақ жүргенді 

ұнатамын. Оған жақындауды қаламаймын. Бар болғаны сол. 

–  Достым,  қала  тұрмысы  маған  ұнамай  тұр, – дейді  сонда 

дала Тышқаны. 

– Үйің жылы, тамағың дəмді екен. Бірақ, бұдан гөрі өз үйімде 

өзімнің үйренген асымды ішіп-жеп, мына Мысық деген бəледен 

аулақ тұрып күнелткенім жақсы-ау деймін. 

Өз  үйіне  аман-есен  жеткен  дала  Тышқаны,  бұдан  кейін 

қаладағы досының тірлігіне ешқашан да қызықпапты. 

 

Арыстан мен Тышқан 

Ағаш түбінде ұйықтап жатқан Арыстан əлдебір сыбдырдан 

оянып кетеді. Көзін ашып қараса, дəл тұмсығының алдында бір 

Тышқан тұр екен. Тышқанды құйрығынан шап беріп ұстай ала-

ды. Тышқан зəресі ұшып:

–  Қайырым  ете  гөр,  тақсыр, – дейді,  дауысы  дірілдеп 

жалынып.  

–  Ұйқымды  неге  бұздың? – дейді,  ызғарланған  Арыстан 

күркіреп. 



394

– Рақым ет, тақсыр! Тамақ іздеп жүр ем. Жібере гөр, мен де 

бір керегіңе жарармын. 

– Бойыңа қарап сөйле, ант ұрған, шамаңды біл!. 

Арыстан келекелеп күліп алады да, мейірімі түсіп, Тышқанды 

жөніне қоя береді. 

Күндердің бір күнінде орманға бір мерген келіп, Арыстанның 

ақырған даусын естіп:

– Дауысына қарағанда, мынау Арыстанның сирек кездесетін 

тұқымы  секілді.  Мұны  ұстап  алып,  хайуанаттар  паркіне  са-

тып жіберейін, – деп ойлайды аңшы. Көмекке дереу достарын 

шақырып, Арыстан су ішетін суатқа тұзақ құрып қояды. 

Шөлдегөн Арыстан өзенге келе жатып, тұзаққа түсіп қалады. 

Ары жұлқынып, бері жұлқынып, торға орала береді де, ақыры 

орнынан  қозғала  алмай  қалады.  Əбден  шаршап,  қалжырайды. 

Қарны  ашады.  Осылайша  дағдарып  тұрғанда,  тышқан  келіп, 

өткір тісімен тор жіптерін үзе бастайды. Көп уақыт өтпей Арыс-

танды босатып алады. 

– “Бір кəдеңізге жарармын” дегенде, күліп едіңіз, тақсыр – 

депті сонда Тышқан. – Сіздің ақырған дауысыңызды естісімен-

ақ  көмекке  жүгіріп  едім.  Екі  сөйлемейтініме  көзіңіз  жеткен 

шығар енді. 

Арыстан қатты ұялған екен. 

Ит пен Қасқыр

Бір  қарны  қабысқан  аш  Қасқыр  айдалада  келе  жатып, 

семіздіктен  жоны  жылтылдаған  күйлі  итті  жолықтырады. 

Тоқтап, бірімен-бірі сəлемдеседі. 

– Достым, ішкі майың сыртыңа шығып тұр. Мұндай бақытқа 

қалайша кенелдің? Мен болсам, ертеден кешке дейін жортуыл-

мен тамақ іздеймін, бірақ əлі күнге дейін аузым асқа жарыған 

емес, – депті Қасқыр. 

–  Иемнің  үйін  ұры-қарыдан  қоримын,  ол  мені  сол  үшін  де 

бағады.  Қорада  өзімнің  меншікті  үйшігім  бар.  Егер  сенің  де 

мендей болғың келсе, жүр, ауылға алып барайын. 


395

Иттің ұсынысы Қасқырға қатты ұнайды. Итке ілесіп, ауылға 

тартады. Ауыл шетіне жақындай бергенде, Қасқыр кілт тоқтап:

– Достым, осы сенің мойның неге жауыр? – деп сұрапты. 

– Ием мойныма қарғы тағып, шынжырға байлап қояды, со-

дан қалған белгі ғой. Со да сөз па? Не болды? Неге шегіндің?

 – Достым, екеуміздің жолымыз екі басқа екен. Мен сенімен 

еріп бара алмаймын. Бас бостандығымды тамаққа айырбас тай 

алмаймын.  Шынжырға  байланып  тұрғанымнан  гөрі  суықтан 

тоңсам  да,  аштықтан  бұралып  жүрсем  де,  орман  кезген 

тіршілігімнің  өзі  мың  есе  артық.  Ондай  бақытың  өзіңе,  маған 

еркін жүру керек, – деген екен Қасқыр. 



Еріншек Есек

Бір саудагердің есегі болыпты. Есектің күші қандай көп бол-

са, жалқаулығы да біраз бар екен. Саудагер кең пейілді мейірімді 

адам болса керек, қыңырлығына қарамай, Есегін жақсы күтіпті. 

Алайда, саудагер бір жерден екінші жерді аралап, көп жүк та-

сып жүріп, əдетінде үйіне өте кеш оралады екен. 

Есек  түнде  қорадағы  басқа  малға,  өз  тірлігінің  ауырлығын 

айтып,  қожасына  наразы  екенін  баян  етеді.  Олар  есектің 

айтқанына сеніп, жандары ашиды екен. 

Күндердің  бір  күнінде  саудагер  Есегіне  екі  қап  тұз  артып, 

шаһарға  жол  тартады.  Жолда  көпір  кездеседі.  Көпірдің  дəл 

ортасына  жете  бергенде,  Есектің  аяғы  тайып,  өзенге  құлап 

түседі. Саудагер көп қиындықпен Есегін судан шығарып алады. 

Есек  жағаға  шыққан  соң,  арқасындағы  жүктің  жеңілденгенін 

сезеді. “Осыған дейін ойыма неге келмеген. Бұл есте болатын іс 

екен”,  –  деп түйіп қояды, Есек ішінен. 

Тұзын суға ағызып алған саудагер үйіне оралып, Есегіне басқа 

жүк артып, шаһарға қайта бет алады. Сол көпірдің үстіне екінші 

рет шыға бергенде, Есек жүк-мүгімен суға секіріп түседі. Сау-

дагер ақымақ Есегін жағаға шығарып алады. Есекке артылған 

жүк бұл жолы мата екен, суға тиген соң, бұрынғысынан да ау-


396

ырлай түседі. Ал, саудагер болса, су матаны базарға апармай, 

үйіне қайта оралады. 

Кұйрықсыз қалған Түлкі

Бір күні қызыл Түлкі орман ішімен келе жатып, қақпанға 

құйрығынан  түсіп  қалады.  Ары  тартып,  бері  тартып 

жатқанда, құйрығы үзіліп кетеді. Сөйтсе де, Түлкі аман-есен 

босанғанына разы болады. Бірақ мекен еткен сайына жетіп, 

басқа  түлкілер  сəлемдесуге  келгенде,  өзінің  мүшкіл  халде 

екенін  біледі.  Құйрығы  жоқтығына  ұялғандығынан  кірерге 

тесік  таппайды.  Алайда,  қызыл  Түлкі  асқан  қу  екен,  сол 

қулығын жасағысы келеді. Ол басқа түлкілердің бəрін үйіне 

шақырып алады. 

–  Қадірлі  достарым,  өте  бір  маңызды  істің  мəн-жайын  ай-

тайын  деген  едім.  Құйрық  деген  қазір  сəннен  қалды.  Құйрық 

жүріп-тұруға  да  ыңғайсыз.  Құйрықсыздық – кербездіктің 

белгісі.  Маған  караңдаршы,  мен  сияқты  құйрықсыз  жүруді 

үйреніңдер.  Құйрықтарыңды  кесіп  тастаңдар!  Құйрықсыз 

жүгірудің өзі қандай жеңіл əрі ыңғайлы. Мен өз құйрығымды 

кесіп тастағаныма сондай қуаныштымын. Көңілім шаттыққа то-

лып, бəрі маған қызғанышпен қарайтын болды, – дейді. 

Сонда қызыл Түлкіден де кəнігі бір кəрі Түлкі:

– Балам-ай, жас та болсаң, зерек екенсің. Менің ойымша сен 

құйрығыңды  өз  еркіңмен  кесіп  тастамағансың,  құйрығыңнан 

айрылған екенсің. Біз де сен құсап айрылып қалсақ, айтқаныңа 

көнер едік, бірақ құйрығымыз аман тұрғанда, онсыз əдемі бола-

мыз деп айта алмаймыз, – деген екен. 



Қой терісін жамылған Қасқыр

Бір  аш  Қасқыр  отардан  оқшау  жүрген  бір  қойға  тап  бола-

ды.  Қасқыр  əлгі  қойдың  мойнын  бұрап  жіберіп,  арқасына  са-

лады да, орманға əкеліп жейді. Дəндеп алған қасқыр қой етіне 



397

қызығып,  əлгі  ауылға  қайта-қайта  барғысы  келе  береді.  Бірақ 

қойшыдан  қорқады.  Сондықтан  Қасқыр  қулық  жасамақ  бола-

ды. Жеген қойының терісін жамылып алып, білдіртпей қалың 

қойдың арасына кіреді де, қойлар не істесе, соны істеп, ешкімге 

танылмай жүре береді. 

  Кешке  қарай  өрістен  қайтқан  отармен  бірге  ауылға  келіп, 

қораға кіріп кетеді. Қақпа жабылады. “Өзім не деген қу едім,  – 

деп  ойлайды  Қасқыр, – енді  осыдан  былай  қойдың  қаншасын 

жесем де еркімде”. 

Кенет қораның қақпасы ашылып, шопан кіреді. Үйіне қонақ 

келген екен. Шопанның əйелі терезеден:

 – Қойдың ең үлкенін, ең семізін таңда, – деп айғайлайды. Шо-

пан ең семізін қолма-қол бауыздап жібереді. Байқаса – қолына 

ілінгені қой емес, қой терісін жамылған Қасқыр екен. 

Есек, Қораз жəне Арыстан

Бір күні алжыған кəрі Есек пен адуын жас Қораз далада келе 

жатыпты.  Күтпеген  жерден  қарсы  беттегі  орманнан  Арыстан 

шыға  келеді.  Қораз  қорыққанынан  жан  дауысымен  бақырып 

жіберіпті. 

Арыстанның дүниедегі ең жек көретіні – Қораздың дауысы 

екен. Əлгі үнді есітісімен, кері бұрылып, орманға қарай зытады. 

  Арыстанның  бұл  қылығын  көрген  Есек: “Арыстан  мені 

көріп  қорықты”, – деп  жорыпты  да,  соңынан  қуа  жөнеліпті. 

Сол бетімен ну орманға қойып кетіпті. Біраздан кейін Арыстан 

бұрылып артына қараса, ізіне түсіп келе жатқан Есекті көреді 

де, бас салып, боршаборшасын шығарады. 



Түлкі мен Көкқұтан

Бағзы  заманда  бір  Түлкі  өмір  сүріпті.  Түлкіні  қулығы 

мен  залымдығы  үшін  ешбір  хайуан  ұнатпапты.  Сөйтсе  де, 

ормандағы  тағы  біткен  Түлкіден  керемет  қорқады  екен. 



398

Күшіктерін Түлкіден аулақ ұстапты. Қу Түлкі аңдардың бала-

ларын ойнатпақ болып, алдап алып кетіп, жеп қояды екен. 

Бір күні Түлкі Көкқұтанды кездестіреді. Көкқұтан шаршап-

шалдығып жолда тұр екен. Қанатынан су сорғалап, қалтыраған 

Көкқұтанға жаны ашыған болып:

–  Достым,  не  болды,  халің  нашар  көрінеді.  Не  көмек 

көрсетейін? – дейді қу Түлкі. 

– Үлкен апатқа ұшырадым, достым. Дауыл мен нөсер елімнен 

осы  жерге  əкеп  тастады.  Қайдан  ұшып,  қайда  қонғанымды  да 

білмеймін. Əбден шаршап тұрмын. Əрі ашпын. 

Түлкі Көкқұтанға жақындап:

–  Жаурап  та  қалыпсың,  достым.  Қарның  да  аш  екен.  Жүр, 

біздің  үйге  барып,  су-сусын  іш,  дем  ал,  бой  жаз,  қанатыңды 

кептір, – дейді. 

Түлкінің  Көкқұтан  бейшараға  мұншама  қошамет  білдірген 

себебі: теректің ұшар басында бəрін байқап Кептер отырыпты. 

Түлкі  мен  Көкқұтан  орманға  кіріп,  Түлкінің  ініне  қарай 

беттейді.  Кептер  бұлардың  соңынан  еріп  отырады.  Түлкінің 

залымдығын  білмейтін  Көкқұтанға  жаны  ашып,  сұмның 

қулығын əшкерелемек болады. Кептерден сезіктенген Түлкі де 

қонағына ештеңе істей алмайды. 

–  Мен  саған  дəм  татқызайын, – деп,  жайпақ  табаққа  сорпа 

құйып, Көкқұтанның алдына қояды. Жайпақ табақтағы аз ғана 

сорпадан  Көкқұтанның  аузына  ештеңе  ілінбейді.  Ол  Түлкінің 

қонақжай  болғысы  келген  қулығын  сезіп,  қарымта  қайтаруды 

ойластырады. 

–  Тағамың  дəмді  екен,  достым.  Енді  үйіме  қайтар  мезгіл 

жетті, – дейді. 

Кептерден  қауіптенген  Түлкі  лажсыздан  Көкқұтанды 

үйіне  қайтарады.  Көкқұтан  іннен  шығып,  ағаш  басында 

отырған Кептердің қасына келіп қонады. Кептер Көкқұтанға 

жақындап:

– Түлкінің асы дəмді ме екен? – деп сұрайды. 

– Дэмін де тата алмадым, – дейді Көкқұтан. 

– Достым, бұл Түлкінің қулық-сұмдықпен аты шыққан. Ол 

əлі күнге дейін ешкімге қол ұшын беріп көрген емес. Оны бір де 


399

бір орман тұрғыны жақсы көрмейді. Жомарттығы – қулығының 

бір түрі деп біл. Жүр, одан да менің ұяма баралық, ас ішелік, – 

депті Кептер. 

Көкқұтан Кептердің ұясына барады. Ас үстінде Кептер:

–  Байқасам,  Түлкі  сені  мазақ  етіпті.  Есесін  қайтарсаң,  жөн 

болар еді, – деп ақыл беріпті. 

Екі құс кек алудың амалын қарастырыпты. 

Бір күні Түлкі қарны ашып отырғанда Көкқұтаннан қонаққа 

шақырған хабар алады. 

Көкқұтан  иісі  бұрқыраған  дəмді  тағам  жасап,  ұзын  мойын 

құмыраға салады да, Түлкінің алдына тартады. 

Түлкімен  дастархандас  болған  басқа  көкқұтандар  жапа-

тармағай асқа қарық боп отырғанда, Түлкі құмыраға тұмсығы 

сыймай, аш қалады. Көкқұтандар Түлкіні келекелеп:

– Ал, достым, ал! Керемет дəмді тағам екен! – деп қояды. 

Сонда Түлкі ұялғанынан:

– Үлкен рахмет! Тойып отырмын, – депті. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет