«Азамат» көлемі жағынан шағындай болғанмен, автордың ақындық өнерге біраз төселгенін байқатады.
Кітаптың сыртқы бетіндегі:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан шаруаңа жараса алаш, - деген жолдар азамат ақынның жан сыры.Мұндағы өлеңдері халықтың мұңлы күйін суреттеп, ар-намысын оятуға көңіл көзін ашуға арналған.
«Оян, қазақтағы» ашық үгіт, насихат, тәптіштеп ұғындыру сарыны енді сыршыл сезімге, терең ойға қарай ойысады. «Таза бұлақ», «Арманым», «Таң» сияқты өлеңдері нәзік лирикаға сұранып тұр. Өлеңдерінен сезімге толы жұмсақ лиризм де табылады. Мысалы, «Сұлу қызға» өлеңі:
Сұлу қыз, қалың елден сені таптым,
Көрдім де тамашаңа белден баттым.
Майысқан алтын айдар еркесісің
Оянған ұйқысынан табиғаттың.
Құмардан құр көргеннен шықпайды екен,
Кілті қолға түспей махаббаттың.
Күн шалмас, миуаңды алмас, адам бармас
Шағыңды күзеттім де қарап жаттым...
Жалынын басатұғын жалғыз өзің,
Сөйбестей жүрегіме бір от жақтың,
Болмағы мұрат хасіл және өзіңнен
Өзіңе сырттан балап жүрген заттың...
Дегенмен қай өлеңінде болмасын, азаматтық ар үні, әлеуметтік әуен басым.
«Азаматқа» біраз аударма өлеңдер енгізген( Пушкин, Лермонтовтардан).
«Термеге» жазған алғы сөзінде: «Бұл өлеңдер бұдан алты – жеті жыл бұрын қазақта газет, қағаз журнал жоқ кезде жазылған еді. Сондықтан көбінесе оқып жүрген жастарға арналып, оларды ояту, білім – ғылымға үндеп, сол рухта жазылған», - дейді. «Азамат» пен «Термеге» енген өлеңдері алғаш «Қазақ» газетінде жарық көрген.
«Азамат» пен «Термеге» енген өлеңдердің тақырып ауқымы өте кең. «Қиял», «Сағыну» сияқты өлеңдер ақынның ішкі сезіміне құрылса, «Жұт» қазақ жұртының ауыр тағдырын арқау етіп, тұрмыс шындығын бейнелейді. «Елім-ай», «Алашқа» атты өлеңдері ақынның азаматтық ащы зары.
Жалпы алғанда, М. Дулатов поэзиясы қазақ әдебиетінде алғаш болып азатшыл сарынды алып келуімен, өршіл үнді азаматтық пафосымен ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |