Орыс поэзиясының алыптары – Пушкин мен Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аударудағы Абай тағылымы. «Евгений Онегин» романынан үзінділер аударудағы Абайдың көздеген мақсаты. Аудару принциптері. Аударманың көркемдік ерекшеліктері.
Абай мен Пушкин-қазақ және орыс мәдениеттерінің тығыз өзара ықпалдасуының нышаны.Пушкиннің Абай қазақ тіліне алғаш аударған ғаламат туындылары қазақ халқының орыс мәдениетін түсінуіне жол ашты.Ұлы орыс ақынының есімімен Қазақстанда театрлар мен мұражайлар,кітапхана мен мектептер аталған.Оның шығармашылығы-оқыту тіліне қарамастан орта мектептер бағдарламасына міндетті түрде енгізілген. Қазақстанның жаңа елордасы-Астанада алғашқы ашылған монументтердің бірі-Пушкиннің ескерткіші болды.Қазақ сахарасында орыс мәдениетін таратудағы Абайдың еңбектеріне баға жетпейді.
Шығыс елінде, 1889 жылға дейін Пушкиннің “Онегині” тек Азербайжанда ғана аударылған. Сонан кейінгі аударған қазақ – Абай. Қазақпен салыстырғанда ол кезде үлкен мәдениетті саналатын татар, өзбек т.б. көршілес елдердің бәрінен, Сарыарқада жатқан Абай, орыстың ұлы ақыны Пушкиннің дүниежүзілік мәдениет мұрасының шаршы төрінен орын алған еңбегінің ұлылық қасиетін танып, Татьянаның үнімен даланы жаңғырықтыруы – қазақ үшін мақтанарлық іс.
Онегин – А.С. Пушкиннің “Евгений Онегин” атты романының бас кейіпкері. Онегин – орыс дворяндарының өкілі солардың типтік мінез ерекшеліктерін танытатын жинақталған, сомдалып бейнеленген көркемдік тұлға. Татьяна Онегинге ғашықтық сезімін білдіріп хат жазуы жас қыздың батылдығын, ашық міңезін айқын танытады.
Эпистолярлық романда Татьянаның Шығыс әулетіне туыстас қасиеті басым. "Ләйлі-Мәжнүн” дастанымен таныс қазақ Татьянаның ғашықтығы Ләйліден кем соқпайтынын түйсініп, тебіренері сөзсіз.
Онегин сияқты Татьяна да қазақ құлағының құрышын қандыратын орамды, образды тілмен сөйлейді.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де – сорлы бақыты кем.
Мұхтар Әуезов жазғандай, Абай орыстың дворян қызына қаспақ қырғызып қояды. Аудара қалғанда да орыс тіліне оншама кіріге қоймайтын ауыспалар. Қаймағы – сүйгені Онегин. Қаспағы – жат босаға.
Эпистолярлық романның ұлттық бояуын, тілі мен қоса ділін мейлінше қандырған Абай шығармасында әлеуметтік проблема да қоя білді. Кейіпкерлердің жеке өмірімен қатар, қоғамдық-әлеуметтік қатынасы өлең-роман жанрының бойына шақ қалыпта кесіліп пішіледі. Өмір сүрген заманының кескін-келбет сыйқы кейіпкер көзімен бағаланады. Онегин Татьянаның хатына қайтарған жауабында өзі туралы: "Соққы жедім сұм заманнан, Бір жылы сөз ем емес” – дейді.
Сұм заман автордың өзінің де сыбағасына тиген заманы. Абайдың Көкбай боп жылайтыны лирика жанрының ежелгі дәстүріне қатысты. Онегин Абайдың Көкбайы сияқты автордың өз көзқарасын білдіретін протоганист геройы. Көкбайдың жыламасқа амалы жоқ. "Мынау азған қу заман қалыбында тұрмайды” . Онегин шері, сайып келгенде, автордың өз шері. Абайдың бір өлеңінде "Ішім өлген, сыртым сау” деп толғанғаны Онегиннің: "Ішім өлген, құр денем сау” дегенімен орайлас.
Онегин бар қызықтың, сән-салтанаттың бәріне кеңірдектеп тойғанда ғана барып, дүниенікі дүниеде қалатынын түсінген. Әуел баста тән рахатын ғана ойлап, жан әлемін жүдетіп алды. Күні ертең Татьянамен бас қосса, аз уақыттан соң некеліктен жалығып ("жалқып”) шыға келетініне көзі жетіп тұр. Онегинмен типтес – Лермонтовтың Печорині Бэлаға қолы жеткен соң, біраздан кейін кешегі махаббатынан суына бастамай ма? Печорин де Онегин тәрізді басын тауға да, тасқа да соғады, бірақ еш жерден көңілі жайланатындай орын таппайды. Бэла қазаға ұшырағанда аз-маз опынған болады. Біраздан соң бір бәледен құтылдым ба дегендей жеңілдеген қалып көрсетеді. Өмірден жерінуі жаны жұтаңдығынан.
Қазақ ақыны пікірінше, адамзат керуені (бір ғана қазақ елі емес) даму бағытын дұрыс ұстанбай отыр. Қарын қамына беріліп, рухани жұтаңдыққа ұшырауда. Бүкіл дүние қауіпті дағдарыста. Қай тарапқа қаңғырарын білмейтін Онегин бейнесінің астарында, міне, осы әлемдік бәлелі құбылыс жатыр.
Қазақ эпистолярлық романында образдылық ағыстан гөрі лирикалық ағыс басым. Онегиннің хаттарынан Татьянаның бет әлпетін анық айырып "көре” алмаймыз. Хат Татьянаға жазылып отыр. Бірақ қыздың портреті тым сараң, жалпылама шыққан. "Гауһарым”, "Піскен алма”, "ақ жүрек”, "ақ жүзің” деген ауыстыруларды есепке алғанның өзінде де, образдың нақтылы келбеті бұлдыр. Олай болуының өз себебі бар. Поэзия үшін "алтын иек, сары ала қыз” (Абай осылай мұқататын еді ғой) кескінін тәптіштеп түгендеп жатудың қажеті шамалы. Сүйген жүрек сырын ағыту ғашық образын жасауға әлдеқайда тиімді. Абай сол ежелгі поэзиялық заңды мүлтіксіз басшылыққа алған. Онегиндей кеудесіне нан піскен кісіге "Михрабым сен, бас ұрамын” дегізген сөзінің өзі ғашық әйелдің қандай екенін жүрек көзімен көріп ынтығуға жетіп жатыр. "Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы” деген бет пішіні ғана сұлу қыздан гөрі "Көзімнің қарасы” деген ішкі монологта, жан түкпіріндегі ең аяулы, ең сүйкімді сезімдерге тіл бітірген қыздың көркі әлдеқайда қымбат көрінетін сияқты.
Абайдың Лермонтов поэзиясын аударудағы еңбегі («Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек», «Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Жартас»), т.б
Қазақтың біртуар перзенті, ұлы ақын Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ол Лермонтов өлеңдерін Пушкин мен қатар қойып, сүйіп оқып қана қойған жоқ, ұлы ақынның өлеңдерін өзінің ана тіліне аударуды мақсат еткен жоқ, өз халқының қиян-кескі тағдырын ойлап, бұлдыр болашағынан саңылау іздеп ой-санасымен арпалысқан Абай – орыстың бұл дана ақынын – халқына да, өз жанына да рухани серік, сыршыл дос тапқысы келді. Ең бірінші аудармасы – «Бородино»атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы – Лермонтовтың «Вадим» атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, қысқартып жазған поэма.
Абайдың аудармаларына жалпы шолу жасасақ, ол үнемі таңдап, талғап аударған. Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не терең ой – философия, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Сондықтан ұлы ақындардың өлеңдеріндегі идеялық-мазмұндық ұқсастықтар мен көркемдік бояу нақыштары жүрекке жағымды. Мұхтар Әуезовбылай деп тауып айтқан еді: «Абай Лермонтов өлеңдерін аса бір ұқыптылықпен әрі ерекше сүйіспеншілікпен аударды. Әсіресе «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Теректің сыйы», «Желкен» және орыс классиктерінің ішінде шеберлік жағынан теңдесі жоқ аударма болып отыр». Лермонтов әуені Абай шығармашылығында жарасымды үндестік тапқан.