Топтық жұмыс.
1-қадам. Сыни мақала жазудың қадамдарын басшылыққа алып, М.Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» роман-эссесі бойынша жазылған сыни мақалаға талдау жасаңыздар.
2-қадам. Оқу мақсатына сай сыни мақала жазу тапсырмасын әзірлеңіздер.
Бөлім: М.Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» роман-эссесі
Оқу мақсаты: 10.3.4.1 шығарманы идеялық жағынан мазмұндас туындылармен салыстыра отырып, әдеби сын жазу
Тапсырманы орындау уақыты: 25 минут.
Топтардың ой бөлісуі: 3 минут. Кері байланыс: 3 минут.
Медеу Сәрсеке – қазақтың деректі прозасына еңбегі сіңген жазушы. Қазақтың ұлы тұлғасы Қаныш Сәтпаевтің өмір жолы туралы еңбекті елуден астам жыл бойы жазған. Медеу Сәрсеке жазушылықтан бөлек, инженер-металлург мамандығын бітірген. Металлогения мектебінің негізін қалаушы, жас зерттеушінің өмір жолын зерттеуге деген қызығушылығының қайдан пайда болғанын осы жерден байқауға болады деп ойлаймын. Бұл роман-эсседе тек Қаныш Сәтбаевтің өмірбаяны ғана емес, өмір сүрген кезеңіндегі елдің қал-ахуалы, саяси-әлеуметтік жағдайы, қазақ жеріндегі ғылымның дамуы, саясат басындағылардың әділетсіздігі көрініс табады. Бұл еңбегін жазуда автордың біраз тер төккенін байқауымызға болады.
Медеу Сәрсекенің шығармаларында нақтылық пен деректілік басым. "Қаныш Сәтбаев" роман-эссесі де нақты деректерге толы. Мемлекеттік жабық қоймаларда ұсталған көптеген мұрағатты әжетіне жаратқан жазушы өз еңбегінде ұлы ғалымның замандастары мен туыстарының, үй-ішінің жүрекжарды әңгімелерін, хаттары мен естеліктерін, геологиялық-ғылыми құжаттарды пайдаланып, ғалым ғұмырнамасын қиял-қоспасыз, шынайы оқиғалармен қызықты өріп, Қаныш Имантайұлы өмірінің бел-белестерін бүкпесіз ашып, ұлағатты, ерлікке толы істерін саралап та, даралап та ұлықтаған.
Жалпы шығарма Қаныш Сәтпаевтің өмір жолын баяндайтын 3 негізгі бөлімнен тұрады. Олар:"Баянауыл аясында", "Сібір шамшырағы", "Ұлытау жотасында" . Автордың көп ізденгенін сипаттаудың нақтылығынан және көзге аса қатты байқалмайтын, шағын мәліметтердің өзіне аса зор мән бергенінен байқауға болады деп ойлаймын. Мәселен, жас зерттеушінің Алтынқазған, Күмістөбе, Қорғасынды, Темірші, Жезтөбе деген кен орындарға барлау жүргізуде топонимикалық атауларға мән бергендігін айтады. Байқағаныңыздай, қосалқы мәліметтің өзі нақтылықпен берілген. Роман-эсседе кеңінен қолданылған тарихи құжаттар мен естелік-эсселер шығарманың шынайылығын, деректілік сипатын арттырып тұрғанын көруге болады деп ойлаймын. Сонымен қатар автор Қаныш атамыздың көзін көргендерден сұхбат алысып, мәлімет жинаған. Қазақстанды жаппай қаулаған 1932 жылғы ашаршылық, ата-анасынан айырылуы, 1937 жылғы зобалаң жолындағы қиыншылықтардан өтіп, пісіп, жетілген жас зерттеуші бейнесі романда айқын бейнеленеді. Бұндай қиын кездерден жол табудағы іс-әрекеттері шығарманың нағыз дамуы мен шиеленісуі болды деп ойлаймын. Қаныш Сәтпаевтің басынан кешкен оқиғалары замандастарының естелік-эсселерімен толығып, шығарманың айқындылығын арттыра түсті. Қ.И.Сәтпаевтің шынайы бейнесін халыққа ұсынған ерекше шығарма десем, артық айтпағаным болар.
Автор елу жылдан астам уақыт Қаныш Сәтпаевты жеке тұлға ретінде зерттеу жолында, ғалымның жүрген жолымен жүріп, үлкен ізденісте болған. Автор роман-эссеге өзінің қиял ұштарын қоспай, тек шынайы оқиғаларды жазды. Оқырманның Қаныш атамыздың өмірген сүрген кезеңіне сапар шегуіне себепкер болды десем де болады. Ерекше әсер қалдыратын шығарма екеніне көзім жетті. Медеу Сәрсеке жазушы ретінде шыңдалғанын, деректі прозаны жоғары деңгейге жеткізгенін дәлелдеді. Қорыта келе айтарым, «Ел есімі – ер есінде» демекші, осындай шығармалардың арқасында академик Қ.И.Сәтпаевтың есімі ел жадында мәңгілік сақталмақ!
Достарыңызбен бөлісу: |