1-топ
Таспен жазылған симфония
Әрине, Қазақстан сәулет өнерінің маржаны деп, сөз жоқ, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аталады. Ғимарат ХV ғасырдың бас кезінде салынған.
Ғимараттың ауданы 2937,5 м2, төртбұрышты. Ортаңғы «Қазандық» аталатын бөлмені диаметрі 18 метрлік биік күмбез жауып тұр. Кесене осы үлкен күмбезді бөлменің айналасына орналасқан қабірхана, асхана, кітапхана және тағы басқа 30-дан астам бөлмеден тұрады.
Кесененің жарығы ерекше. Ол тек сағанаға (қабірге) түсіп тұрғандықтан, сәуленің сан құбылуы адамның әулиеге деген сенімінің арта түсуіне себепші болып отырған. Мазардың есіктері тамаша шеберлікпен жасалған, ал сыртқы қабырғасындағы көгілдір түсті сырлы кірпіштердің бояуы осы күнге дейін түсін бермеген. Оның құрамы қандай, қасиеті неде?
Бүгінге дейін құпия сырын ашпай келеді. Қожа Ахмет Ясауи ғимараты бар қасиетімен, көз тар-тар көркемдік шешімімен, монументалды ерен тұлғасымен дүниежүзілік даңққа ие болып отыр.
(Шот-Аман Уәлихан)
2-топ
Шырқап салынған ән
Айша бибі мазары да, шамамен, XI ғасырда салынған. Мазардың сыртқы қабырғасының төрт бұрышында диаметрі 60-80 сантиметрден төрт бағанасы бар. Төрт қабырғадағы төрт есік кішкене бағаналар көтеріп тұратын жартылай күмбезбен жабылған, бүкіл мазардың шаңырақ күмбезі сақталмаған.
Бұл ескерткіш қазақ ою өнері, қолөнері жетістіктерінің музейі тәрізді. Мұнда қазақтардың үй бұйымдарында күні бүгінге дейін кездесетін түрлі нақыштар бейнеленген. Мазардың кішкене бөлшегіне дейін зергердің қолынан өткен нәзік бұйым тәрізді, гармониялық тұтастығымен таңғалдырады. Қай жағынан айналып қарасаңыз да, көз талмайды, қараған сайын өзіңізге белгісіз жаңа қырын аңғарасыз.
Мен Айша бибі мазарын «шырқап салынған ән» дер едім. Ол «қалқып тамылжиды», «жүрек тербеп», «миды оятады». Ғасырлар бойы пайдаланылып келе жатқан қарапайым кірпішті әнші қылған қазақ шеберін данышпан десе болмас па!
(Шот-Аман Уәлихан)
3-топ
Айша бибі кесенесі
Айшабибі кесенесі – ХІІ ғасырда салынған сәулет өнері ескерткіші. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында орналасқан.
Кесене ортасында 3 х 1,4 м құлыптас орнатылған.Батыс жақ қабырға мен бағаналар оюлы ұсақ плиткалармен қапталған. Қабырғаның ортасында сүйір арқалы текше жасалған. Текше бетінің қабырғаға ұласар тұсы шағынбағаналармен сәнделген. Бұл бағаналардың жоғарғы жағы көгеріс өрнекпен әшекейленген мығым блок болып келеді. Бұрыштағы бағаналар көгеріс өрнекті жұқа кірпіштен өрілген белдеу арқылы әсемделген. Айша бибі кесенесінің әр іргетасынан бастап есептегенде 3,4 м биіктікте бағаналарға араб әрпінде жазуы бар белдеу жүргізілген. Солардың бірінде «күз,бұлттар, дөңгеленген дүние...» деген сөздер араб әрпімен жазылған. Кесене қабырғаларының қалыңдығы – 80 см. Ол үш бөліктен: күйдіріліген кірпіштен қаланған ішкі жағынан, оймыш әшекейлі плиталармен қапталған сыртқы жағынан, сонымен бірге саз балшықпен және жарамсыз плиткалардың сынықтарымен толықтырылған қабырға ортасындағы кеңістіктен тұрады. Қабырғалар мен бағаналар беріктігін арттыру үшін қабырғаның ішкі жағына араша ағашынан аралық қойылған. Кесене қабырғаларының сыртқы беті артқы жағындағы сыналармен бекітілген оймыш ұсақ плиталар арқылы безендірілген. Ұсақ плиталардың шырмауық өрнегіне 60 түрлі әшекей қолданған.
Ж. Әскербекқызы
4-топ
Бекет Ата ескерткіш ғиматтары – Маңғыстау,Үстірт, Жем бойындағы Бекет Ата есімімен байланысты жер асты ғимараттарының ортақ атауы. Олар туралы халық жадында сан алуан аңыздар сақталған.
Бекет Ата Мырзағұлұлы (1750-1813) – әулие, халық батыры, абыз көреген, ағартушы, сәулетші. Туып, өскен жері Жем өзені бойындағы Ақмешіт Құлжан, Маңғыстау өңірі. Бекет Атаның білімдарлық, батырлық, әділдік, еңбексүйгіштік, абыз көріпкелділік қасиеттері өз дәуірінде ерекше танылған. Халық оны айырықша қадірлеп, әулие тұтқан. Адайлар өзінің ұранына айналдырған. Халық Бекет Атаның өмірін, қысылғанға жар болған ерекше қасиетін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан-ұрпаққа ұластырған.
XIX ғасырда Үстіртті зерттеген топограф Э.Эверсман, А. Дюгамель сияқты ғалымдар сол аңыз-әңгімелердің негізінде жинаған деректерін жазып қалдырған. Эверсман: «Үстірттегі таудан үңгіп жасалған мешіттер араб, парсы жазулармен безендірілген. Мұндай ескерткішті Бекет Ата төрт жерден жасаған. Оның бірі Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда, екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем бойында, төртіншісі – Арал жағасындағы Баялыда», ‒ деп жазады.
Бекет Атаның Оғыландыдағы жер асты ғимараты жақсы сақталған. Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген бір тұмсығының үзіліп қалған шоқысына қашалған.
С.Мұқанов
Достарыңызбен бөлісу: |