Тақырыбы: 7. Абай және аударма
Сағат саны 1 Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары 1.Абай және көркем аударма мәселелері
2.Аударма жасаудағы Абайдың ақындық шеберлігі
3.Еркін аударма жасаудағы Абайдың көркем образ жасау ерекшелігі
4.Абай және Лермонтов шығармалары
Дәріс тезисі Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы - орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы - Лермонтовтың «Вадим» атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, өзінше қысқартып жазған поэма. Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның елуден аса аударған өлеңдері барлығын айқындап отыр. Олардың ішінде лирикасы да, баснясы (мысал өлеңдер) да, ұзақ өлеңдері де, сатиралық лирикалары да бар. (Солардың ішінде «Қарға мен түлкі» атты басня екі түрлі вариантта аударылған)
Орыстың атақты жазушы, ақындарын аударуда Абай тек қана қазақ емес, бүкіл шығыс елінде елеулі орын алады. Шығыс елінде 1889 жылға шейін Пушкиннің «Евгений Онегині» тек Әзірбайжанда ғана аударылған. Евгений Онегинді сонан кейінгі аударған - Абай. Қазақпен салыстырғанда, ол кезде үлкен мәдениетті саналатын татар, өзбек, тағы басқа көршілес елдердің бәрінен бұрын Сарыарқада жатқан Абайдың дүниежүзілік мәдениет мұрасының шаршы төрінен орын алған Пушкинді танып, Татьянаның үнімен даланы жаңғырықтыруы - қазақ үшін мақтанарлық іс.
Абайдың өмірбаянын жазған тарауда Абай 70-80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, орыстың ол кездегі алдыңғы қатардағы идеясымен танысып, оларға Сарыарқадан үн қосушы бірінші ақын да Абай еді дедік. Демек, болашағы мол ұлы орыс халқының тез ілгерілеуіне бөгет болып отырған аграрлық-патриархалдық патшалық Россияның құрылысын, әлеумет өміріндегі әртүрлі кемшіліктерді қатты шенеп, соларды жою арқылы Россияны алға апаруға күш салған, ол жолда шатқалаң қиын соқпақтарға кездесіп, талай қиыншылықтарды бастарынан кешірген Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларының Абайға ұнауы, олармен өзінің мұңдас болуы, осы елдердің ұлы ақындарының идея-тілектерінен туды. Крылов жазған «Қасқыр мен қозы», «Қарға мен түлкі» оқиғалары ол кездегі қазақта да аз емес болатын. Сонымен қатар орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әртүрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келді.
Бекіту сұрақтары: 1.Абай және көркем аударма мәселелері
2.Аударма жасаудағы Абайдың ақындық шеберлігі қандай?
3.Еркін аударма жасаудағы Абайдың көркем образ жасау ерекшелігі қандай?
4.Абай және Лермонтов шығармалары үндестігі қандай?
Әдебиет 1.Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Бірінші том. Алматы, “Жазушы”, 1995
2.Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Абай туралы зерттеулері. 18-19-т. Алматы, “Жазушы”, 1985
3.Мырзахметов М. Абайдың адамгершілік мұраттары. Алматы, “Рауан”, 1993
4.Ердембеков Б. Абайтану. Астана, «Фолиант», 2012
5.Абай және қазіргі заман (Өмірі мен әдеби мұраларының жаңа қырлары). Алматы, “Ғылым”, 1994
6.Есім Ғ. Хакім Абай. Алматы, “Атамұра – Қазақстан”, 1994
7.“Абайдың дүниетанымы мен философиясы”. Алматы, “Ғылым”, 1995
Тақырыбы 8. Абайдың өнер ортасы Сағат саны1 Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары Әдеби орта ұғымы
Абайдың әдебиеттегі дәстүрі
Дәріс тезисі Әдеби орта ұғымын мейілінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды яғни, абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, батыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерді есепке аламыз. Осылайша әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ортамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна – Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері – ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастырылады
Ақынға тікелей ықпал еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, би-шешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М.Әуезов Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге берген нәрі деп екі салаға жіктейді. Өзі алған нәрі дегенде, сөз иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша. Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар жырау, Шортанбай жырларына қанып өссе, өзі жүзбе-жүз кездескен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал сынды әдебиет өкілдерінің қай-қайсысынан да оның ақындық өсу жолын бөліп қарауға болмайды.