1.3 Ауыл мектебі жоғары сынып оқушыларының оқу – танымдық іс - әрекетін белсендірудің өлшемдері мен көрсеткіштері, деңгейлері
Еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуы қоғам өмірінің барлық саласында, соның ішінде ауылда және ауыл мектептерінде де оң өзгерістер жасауды меңзейді. Ауылда ізгілікті өзгерістер жасауда ауыл мектебінің рөлі ерекше.
Қазақстан Республикасының Президенті жарлығына сәйкес қабылданған мемлекеттік бағдарламасында [95] ауыл мектебі оқушыларына білім беру деңгейін арттыру үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз ететін қазіргі ауыл мектебінің моделін жетілдірудің және жоғары кәсіптік білім алу үшін олардың түлектерінің бастапқы мүмкіндіктерін теңестірудің қажеттілігіне ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда жалпы орта білім деңгейінде ауылдық жердегі білім беруді ұйымдастырудың мақсат – міндеттері жеке айқындалады. Бағдарламада ауылдық жердегі білім берудің мақсаты – оқыту мен тәрбиелеу, мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру, ауылдық және шағын жинақталған мектептердің қызметтерін жетілдіру үшін жағдай жасау қажеттігі көрсетілген. Демек, ауыл мектебі оқушыларының ойлау белсенділігін дамытып, білімі мен біліктерін өмірдің жаңа жағдайында пайдалана білуге үйрету қажеттігі туындайды. Бұл міндеттердің жүзеге асуы ауыл мектебі оқушыларының танымдық іс - әрекеттерін оңтайлы ұйымдастыру жағдайына тікелей байланысты.
Таным теориясы оқу әрекетіне тікелей қатысты. Білім игеру әрқашан таныммен байланысты келеді. Оқудың міндеті – табиғат, қоғам және оқушының психикалық процестерінің даму заңдылықтарын оқушы санасына ендіру. Таным мен оқу арасында жалпы ортақтастық көп. Оқушы қоршаған дүниені тану арқылы дамиды, кемелденеді. Оқу жұмысын таным істерінің өзінше бір формасы ретінде қарастыруға болады.
Оқу – танымдық іс - әрекет – бұл арнайы оқушының өзі ұйымдастырған және адамзат баласы жинақтаған мәдени байлықты игеру мақсатында сырттай тану. Оның пәндік нәтижесі ғылыми білім, білік, дағды, тәртіп үлгісі және оқитындар меңгеретін іс - әрекеттер түрлері болып табылады.
Оқушылардың күнделікті айналысатын оқу-танымдық іс-әрекеттерінің сипатына байланысты 3 түрге бөлуге болады: оқулық, ғылыми, қоғамдық. Осыған орай оқушылардың іс-әрекетінің типтерін анықтауға болады:
1) қайталаушылық: оның негізінде белгілі бір хабарды зейін қойып тыңдап алып, еске сақтап және қайталап беруге бағытталған оқушылардың білім алу процесіндегі іс-әрекеттері;
2) жеке ізденушілік: оның негізінде оқушылардың шығармашылық жұмыс істеу элементтерін игеруі арқылы ізденушілікпен айналасуы;
3)зерттеушілік: оның негізінде шығармашылық қабілеттілік тәжірибелерін дамыта отырып, ғылыми ізденіс әдістерін игеруі.
Оқушылардың зерттеу жұмыстары негізінде мынадай танымдық біліктері қалыптасады:
- оқу және ғылыми – көпшілік әдебиеттермен жұмыс істей отырып, өз
бетімен білім алу;
- жұмысты жоспарлау;
- бақылау жүргізу және соның негізінде қорытынды шығару;
- гипотезалар шығаруға ұмтылу;
- өз бетімен эксперимент қою және соның негізінде жаңа білім игеру;
- теориялық білім негізінде құбылыстың және бақылау фактілерінің
себебін түсіндіру, тұжырым жасау т.б.
Оқушылар танымдық біліктермен бірге мынадай практикалық біліктерді игереді:
өлшегіш құралдарды пайдалана білу және түрлі өлшеу жұмыстарын
жүргізу,
- графиктерді құрастыру және талдау;
- сандық, графикалық, логикалық, эксперименттік есептерді шығару;
- техникалық құралдарды пайдалану т.б.
Танымдық әрекеттегі маңыздысы-өз бетімен жұмыс істей білу және нәтижесін бағалау. Бұдан шығатын қорытынды: оқушылардың дербес орындайтын жұмысы - жеке тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, қалыптастырудың міндетті шарты және құралы болып табылады. Оны жетілдіру ғылыми проблема. Мұны шешу оқушылардың білім алу еңбегінің барлық нысандарын дамытумен тікелей байланысты.
Оқушылардың өз білім деңгейіне және танымдық біліктері мен дағдырларына сын көзбен қарап, бақылдау жасауы, оның білімді сапалы меңгеруіне, ізденімпаздық іс-әрекетінің нәтижелі болуына, жалпы пәндік даярлығының жоғары деңгейде дамуына көмектесетінін практика көрсетіп отыр. Осы орайда мұғалімнің бағыт беруі, кәсіби сауаттылығы мен ғылыми –зерттеу әдістерін ұйымдастыру біліктілігінің маңызы зор екенін ескерген жөн.
Оқушылардың оқу – танымдық іс - әрекеттерін ұйымдастырудағы психологтық – педагогикалық шарттары педагогикалық жағдайда оқушылар қандай бағытты ұстанатындығына байланысты болады. Бұл ұстанымдар мынадай болуы мүмкін:
- қабылдау және жеткізілген сыртқы ақпаратты игеру;
- белсенділік, өзіндік ізденісті, байқауды және ақпаратты қолдану;
- сырттан ұйымдастырылған мақсатты ізденіс, жаңалықты қабылдау және қолдану.
Г.Н.Щукина: “Танымдық іс - әрекеттің субъектісі оқушы болып табылады, сондықтан әлеуметік – педагогикалық негізі бар білім бастауында оқушының тұлғасы, сана – сезімі, танылатын дүниге де таным процесінің өзіне де, танымдық іс - әрекетке қатысушыларға: оқушылар және мұғалімдер, оның білімін ұйымдастырушылар және бағыттаушылар көзқарасынан тұрады”, - деп санайды [96].
Оқудың кейбір ерекшеліктері әлеуметтік мақсаттарға және мұғалімнің бағыт бағдары мен ұйымдастыруына тәуелді бола тұра, сонымен қатар өзінің субъективті – тұлғалық негізін жоғалтпайды.
Оқу – танымдық іс - әрекет педагогикалық процестің құрамды бөлігі. Оқу – танымдық іс - әрекетке, педагогикалық процеске оқушының әлеуметтік болмысының ең маңызды, мәнді бөлігін қамтиды, бұл ұғымды көптеген ғылымдар: философия, әлеуметтану, психология, педагогика, білім беру философиясы, педагогикалық психология т. б. қарастырады. Оқу – танымдық іс - әрекетін ұйымдастыруда оқушыларды ғылымдар, білімдер жүйесімен, іскерлік дағдылармен қаруландыру, ақыл – ой, ерік-күш жігерін, психикалық процестерін: зейінін, есін, қабілетін дамыту, іс-әрекетті орындаудың нақты амал әрекеттерін пайымдау, дүниетанымын және жеке басын дамыту жолдарын, қалыптастыру тәсілдерін зерттейді.
Ғылыми таным өзара бірлікте болатын нақтылы сезімдік тану және абстрактілік ойлау түрінде өтеді. Нақтылы сезімдік танымның «нақтылы пайымдау» жолымен алынған мәліметтерді абстрактілік ойлаумен өңделіп қорытындыланады, заңдылықтар айқындалып, заңдар өрнектеледі.
Тәжірибе - ақиқаттың негізі, әрі дәлелі болып табылады. Осы айтылғандарды психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, таным сатыларының қалай жүретіндігі анықталады.
I – саты – «нақты пайымдау». Оның мақсаты бейнелерді, түсініктерді, дәлелдерді елестету. И.П.Павловтың байқағанындай, дәлелдер– ғалым ауасы. Таным бұл сатыда сезіну мен түйсік арқылы іске асырылады. «Сезіну» қозғалушы материал бейнесі болады. Өйтпесе, сезіну арқылы ешбір заттың келбеті және ешбір қозғалыстың түрі туралы ешнәрсе біле алмаймыз.
II – саты – абстрактілік ойлау. Оның мақсаты- алынған дәлелдерді , бейнелерді өңдеу, олардың арасындағы байланысты ашып көрсету, соның негізінде ғылыми түсініктерді, заңдар мен заңдылықтарды қалыптастыру. Осы күрделі міндеттерді шешу үшін ақылды, сөйлеуді қиялдануды тану процесіне қатыстыру қажет, синтез, жүйелендіру, қорыту. Ескеретін жай нақтылы-бейнелеу, ойлау, ес, басқа да психикалық процестер I- сатыда да қатынасады.
III – саты – тәжірибе. Бұл кезеңнің міндеті тәжірибе барысында (кәсіпорындық, қоғамдық, ақпараттық-техникалық) алынған ғылыми мәліметтердің ақиқаттығын тексеру. Бұл сатыда өте жоғары дәрежеде барлық танымдық процестер «жұмыс істейді» (сезіну, қабылдау, ойлау, сөйлеу, ес, елестету, т.б.) Әрине, танымның барлық сатыларында ғалымдардың «көңілдің ашық есігі» деп атайтынына зер салушылық үлкен роль атқарады. Негізгі психикалық процестерден басқа (нақты пайымдау, абстрактылық ойлау, тәжірибе) танымдық процестер де қатысады. Ғылыми таным мен оқушылардың танымдық процестері арасында көптеген ұқсастықтар бар:
- олар үнемі ақиқатқа жақындау процестері;
- олар диалектикалық, үздіксіз дамуда болады;
- олардың қозғалыстарының негізінде қарама - қайшылықтар жатады;
- таным әдісінің құрылымы бірдей, нақты пайымдаудағы, абстрактілік ойлаудағы және тәжірибедегі өзара алмасуды көрсететін жалпы жолдары бар, әйтсе де ғылыми таным мен оқу әрекетінің өзіндік жолдары бар.
Танымдық іс – әрекеттің өзге әрекет түрлерінен ең басты ерекшелігі – оқушының үнемі «жаңа дүниеге енумен», әрбір жаңа әрекеттерді оқушының оның бірінен екіншісіне ауысып отырумен байланысты. Сондықтан, оқу үрдісінде оқушының білім алуға, өз бетімен әрекет етуге деген құлшынысын оятуға, ақыл – ойының дамып, жетілуіне түрткі болатын танымдық
іс - әрекетті ұйымдастырудың тиімді әдіс – тәсілдерін іздестіру өзекті сипат береді (5-сурет).
Терең білімге негізделген танымдық біліктердің қалыптасуы оқушылардың білімді теориялық негізде қорыта алуға мүмкіндік беріп, интеллектуалдық белсенді ойлауын жандандырып, шығармашылыққа жетелейді, нәтижесінде, оқушы жеке тұлғасының қалыптасуына негіз болaды.
Қазақ мектептеріне байланысты дидактикалық міндеттерді қоя білу, танымдық іс - әрекет жолдарын табу, тиімді әдіс – тәсілдерді жетілдіру саласында Ы.Алтынсарин еңбектері маңызды болып табылады [39 14 б.].
Ш.Құдайбердиев білім беруде шәкірттің ойлау белсенділігін, ақыл –парасатын дамытуды басты бағдар деп таныды. Берілетін білім мен оның тәлімдік – тәрбиелік ғибрат жолын бөлмей, бірлікте қарауға ерекше мән берді. Оқытудың әдіс – тәсілдеріне уақыт тұрғысынан қарап, білім алудың өнегелі жолын дұрыс көрсетті. Демек, берілетін білім де тәрбиелік тәлім де оқушының шамасына үйлеспесе, нәтиже шықпайтынын дөп баса айтқан: «Оқыту мен үйрету зорлау, күштеу емес, оқушының дербес ерекшелігі мен бейімдігіне қарай жүргізілсе, дұрыс болады»,-деп көрсетті [42, 15 б].
Оқушылардың оқу – танымдық іс - әрекетін ұтымды ұйымдастыруға әлеуметтік педагогикалық факторлардың ықпалын (Ф.В.Берукштене), жаратылыстану – математика ғылымдарын оқып үйрену барысында оқу – танымдық іс - әрекетті жандандыру (В.С.Тесленко), оқу – танымдық іс - әрекет әдістері мен тәсілдері жүйесін бөліп көрсетуде (Л.Г.Вяткин) зерделеген арнаулы зерттеулерді де атап өтуге болады. Кейбір авторлар оқу – танымдық іс - әрекет оқып үйренуші бөгде адамның көмегінсіз жүзеге асатын кез келген әрекетпен салыстыратынын (Л.П.Аристова, Р.А.Низамов, т.б.), екінші біреулері тек шығармашылық әрекетпен ғана салыстыратынын да (М.А.Данилов, Н.Г.Дайри, И.Я.Лернер, т.б.) айтуға болады [97, 98, 99, 100, 101, 102, 103].
Мұғалім мен оқушы арасындағы бірлескен қарым – қатынастың маңызы ерекше. Оқушының ой – пікірі мен бастамасы, ұсынысы мен тапсырманы орындау шеберлігі, сөйлеу мәдениеті мен ой тұжырымы, пайымдаулары, талпыныстары мен ізденістері, қызығушылығы мен байқампаздығы, іскерлігі мен дағдысы, іске батыл, сеніммен кірісуі жүзеге асады, мұнда бағыт – бағдар беру, істің дұрыс – бұрыстығын анықтау педагог тарапынан болуы шарт. Оқушының танымдық ынтасын құптау, оған сенімділік таныту – оның мінез – құлқында тұрақтылықты, өзін - өзі бағалауды, ерік әрекетінде батылдық пен табандылық, ұстамдылық пен сабырлылықты, өзіне - өзі талап қоя білуді, т.б. үйретеді.
Оқушының танымдық іс - әрекет құрылымын: танымдық қызығушылықтан, танымдық белсенділік, танымдық ізденімпаздық және шығармашылық іс- әрекеттен тұрады. Оқушы қоғам өмірінде маңызды
іс - әрекетке дайындалып жатқандықтан, оның оқу – танымдық әрекеті болашақ кәсіби әрекетінің дидактикалық бейнесі болуы керек. Сондықтан оқушының іс - әрекеті бағытталған, ал оның әлеуметтік және танымдық белсенділігі оның өмірлік жолын анықтаудағы ұмтылысы болып табылады. Сонымен қатар, оқушылардың іс - әрекет ерекшелігіне: өзіндік мақсаты мен нәтижесінің болуы (білім, білік және дағдыны игеру, жеке қасиеттерінің дамуы); оқу нысанының ерекше сипаты (ғылыми білім, болашақ қызметі туралы ақпарат және т.б.); оқушы іс-әрекетінің жоспарлы жағдайда өтуі (бағдарлама, оқыту мерзімі); оқыту құралдарының болуы – кітаптар, лабораториялық құрал – жабдықтар, болашақ кәсіптік еңбектегі модельдер, техникалық құралдар, т.б. жоғары интеллектуалды жүктеме (емтихан, сынақ тапсыру, ғылыми жұмыс қорғау, т.б.) жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |