Зертхана – практикалық сабақтар - жоғары класс оқушыларының мұғалімдер тапсырмалары және басшылығында зертханалық тәжірибе жұмыстар орындауына арналған оқу ұйымдастыру формасы. Бұл оқу түрі пән кабинеттерінде, зертханаларда, оқу-тәжірибе алаңдарында өткізіледі.
Мұндай сабақтардың негізгі дидактикалық мақсаттары - өтілген теориялық материалдардың эксперименталды негіздемесіне көз жеткізу; эксперимент техникасын меңгерту; тәжірибелер өтізу арқылы оқу-тұрмыстық міндеттерді шешу ептіліктерін қалыптастыру; әрқилы оқу жабдықтары мен техникалық құралдарды пайдалануға дағдыландыру.
Бұл сабақтар сонымен бірге бағдарламадағы ірі бөлімдерде берілген теориялық материалдар игерімін бақылау, қадағалау үшін қолданылады.
Жүйелі өткізілген зертхана – практикалық сабақтар – жоғары сынып оқушыларының оқу-танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, танымдық ізденімпаздығының дамуына әсері мол.
Факультатив сабақтар – оқу пәндерін жоғары класс оқушыларының өз таңдауы және қызығушылығына орай тереңдете оқуына арналып, оқушылардың ғылыми теориялық білімдері мен практикалық ептіліктерін дамытуды көздейді.
Факультативтік сабақтардың – оқытуды негізгі мақсаты: оқушылардың ғылыми-теориялық білімін, танымдық ынтасын, белсенділігін, шығармашылық қабілетін дамыту. Факультатив оқушыларға кәсіби бағдар беру ісінің тиімді формаларының бірі. Факультатив оқушыларға кәсіби, жалпы орта білім беретін мектептің өтпелі базистік оқу жоспарының жылжымалы бөлімінде 5-сыныптан бастап өткізіледі. Ал, тереңдете оқуға арналған типтік оқу жоспары бойынша 8-сыныптан басталады.
Білім беру міндеттеріне сәйкес факультатив түрлері келесідей:
- негізгі оқу пәндерін тереңдете игеру;
- қосымша пәндерді меңгеру;
- мамандық алуға байланысты қосымша пәндерді өту;
Факультатив бағыттары теориялық, тәжірибелік немесе аралас болуы мүмкін.
Үй оқу жұмысы, оқушылардың үйге берілген тапсырманы орындауы – бұл жұмыста оқушылардың дербес қасиеті және қабілеті байқалады. Үй тапсырмасы олардың жауапкершілік сезімін тәрбиелейді, қиыншылықтармен күресуге үйретеді. Үй тапсырмасы сабақ кезеңдерінің бірі, білімді, іскерлікті және дағдыны бекіту үшін пайдаланылады. Бірақ үй оқу жұмысын орындауда балаларға шамадан тыс күш түседі. Мәселен, әртүрлі пәндер бойынша оқушыларға үй тапсырмасы беріледі. Оның бір күндік көлемі орта есеппен алғанда 4-5 сағаттан кем болмайды. Егер осы сағат санына оқушының мектептегі күнделікті оқитын 5-6 сабағын қоссақ, оның жұмыс күні кем дегенде 9-11 сағатқа созылады. Бұл балалар үшін өте ауыр. Сондықтан, олардың денсаулығын қорғау және сақтау үшін, жұмыс қабілетін арттыру үшін, барлық мұғалімдерді ойландыратын, жете зерттеуді қажет ететін және кезек күттірмейтін проблемалардың бірі – үй оқу жұмысын ұйымдастырудың тиімді жолдарын іздестіру.
Осыған байланысты, мұғалімдердің мына мәселерді ескергені жөн: бірінші, әрбір мұғалім сабақ үстінде оқушылардың оқу материалын толық игеруін қамтамасыз ету жолдарын іздестіреді, екінші, жаңашыл мұғалімдердің іс-тәжірибесін терең оқып, шығармашылықпен пайдалану әрбір сабақтың теориялық және практикалық дәрежесін көтереді.
Міне, осы жағдайда үй оқу жұмысының көлемі бірте-бірте азайып, оқушылардың бос уақытында өз бетімен түрлі іс-әрекеттерімен айналысуына мүмкіндік туады.
Емтихан – жоғары класс оқушыларының білімін жүйелестіру, анықтау және бақылау мақсатында ұйымдастырылатын оқу формасы. Емтихандардың білім игерудегі маңызы көп күш-қуат талап ететін қиыншылық жағдайларында оқушының ақыл-парасат, ерік, мінез қабілеттерін жүзеге асырып, жедел дамуына дем беру.
Сынақ – міндет, мәні бойынша емтихандармен жақын оқу формасы. Сынақты емтихан алдындағы дайындық оқу ісі ретінде қарастыруға да болады.
Сынақ көлемді тақырыпты немесе курс бөлімін аяқтағанда өткізіледі. Тәжірибелі мұғалімдер сынақ сабақты екі бөлімге бөледі: оқыту және бақылау, сынақ сабақтың бірінші бөлімі - оқушылармен тақырып бойынша жеке сұрақ-әңгіме ретінде сыныптың барлық оқушыларының өз бетінше жұмыстарымен сабақтастырылған түрде өткізіледі. Сабақтың бұл бөлімінде оқушылар мұғалімнің көмегімен өткен тақырыптың негізгі мәселелерін қайтадан талдайды және типтік міндеттерді шешеді.
Достарыңызбен бөлісу: |