Сабаққа қажетті объектілер мен құрал-жабдықтар: жарық микроскопы, зат және жабын шынылары, препарат дайындауға қажетті құрал-жабдықтар.
Жұмысты орындау барысы: Жарық (оптикалық) микроскоп – зерттелетін заттың кері бейнесін ұлғайтып көрсететін құрал. Оқу лабораториясында биологиялық микроскоптар М-9, МБИ – 1 жиі қолданылады. Мккроскоптың негізгі бөлімі болып оптикалық жүйесі, қосымша болып жарық беру және механикалық құрылымы табылады. Микроскоп - өте майда денелерді ұлғайтып көрсететін, көлемі көздің көру мүмкіндігінен анағұрлым жоғары оптикалық аспап. Көзі дұрыс көретін адам қатар орналасқан екі нүктені немесе сызықты ажыратып көру үшін көру қашықтығы 0,1 мм-ден, яғни 100 мкм-ден жақын болмауы керек. Егер қашықтық бұдан жақын болса, онда екі нүкте немесе сызықтың арасы қосылып кетеді. Адамның көзінің көру мүмкіндігі 100-150 мкм. Жарықтың көмегімен микроскоптардың көрсету мүмкіндігі адам көзінің көру мүмкіндігінен 300-500 есе артық. Ал электрондық микроскоптардың ұлғайтуы ондағын, жүздеген, мыңдаған есеге жетеді.
Оқу орындарында, сол сияқты биологиялық және медициналық лабороторияларда МБР-1 биологиялық микроскопы кең қолданылады. Микроскоп оптикалық бөлік және механикалық бөліктен тұрады. Оптикалық бөлікке объективтер, окуляр және жарық түсіру жүйесі жатады.
Объектив – бұл микроскоптың ең мыңызды бөлігі. Объектив – ішінде бір ретпен құрастырылған линзалары бар темірден жасалған қуыс цилиндр. Объективтің үлкейтіп көрсетуі линзалардың санына тікелей байланысты, линзалар саны, 8-10 болады. Өсімдіктеранатомиясы мен морфологиясынан өткізілетін практикалық сабақтарда әдетте 8 есе, 40 есе, сирек жағдайда 90 есе үлкейтетін объективтер пайдаланады. Қанша есе үлкейтетінін цифрлар объективтің бүйір жағына жазылады. Объективтердің көрсету мүмкіндігі әр түрлі. 8 есе үлкейтетін объективте көрсету мүмкіндігі шамамен 1,5 мкм, 40 есе үлкейтетін объективте 0,5 мкм, ал 90 есе үлкейтетін объективте – 0,25-0,30 мкм шамасы.
Объективтің препарат жақтағы ең шеткі линзасы фронтальды линза деп аталады. Затты зерттеу барысында микроскопты үлкен объективке ауыстырғанда өте қажет. Өйткені объективтердің үлкейту мөлшері артқан сайын фронталбды линзасы мен жабын әйнектің арасындағы қашықтық кеми түседі.
Сонымен объектив арқылы объектінің анық үлкейтілген кері бейнесі және оның құрылымының нәзік бөлшектері нақты көрінеді.
Окуляр темір цилиндрде құрастырылған 2-3 линзадын тұрады. Линзалар арасында тұрақты диафрагма бар. Окуляр диафрагмасы оның көру аймағының шекарасын анықтайды. Окулярдың ұлғайтуы әр түрлі. Мысалы, 7х,10х,15х,20х. Микроскоппен зерттелетін объектінің неше есе үлкейтілгенін білу үшін окуляр бетіндегі цифрды объективтің бүйір жағындағы цифрға көбейтеміз.
Жарық түсіру жүйесінде зат үстелшесінің астында иристі диафрагмалы конденсор және айна орналасқан. Конденсор цилиндр пішінді металмен көмкерілген екі линзадан тұрады, объектіге жарық жинау қызметін атқарады. Конденсордың фронтальды линзасының зат үстелшесінің деңгейінде немесе одан шамалы төмен тұрғаны жөн. Конденсордың иристі диафрагмасы – дөңгелек құрсауына жылжымалы етіп бекітілген бірнеше жұқа пластинкалардың жүйесі. Конденсордағы бұранда арақылы диафрагма саңылауының көлемін өзгертіп, айнадан конденсорға келетін жарықтың мөлшерін реттеуге болады. Диафрагмадан төмен кеңістікте горизанталь бағытта қозғалтуға болатын металмен көмкерілген күңгірт линза бар, ол микроскоптың кіші объективтерімен жұмыс жасаған кезде қажетке қарай пайдаланады. Айна мен конденсор зат үстелшесінің саңылауы арқылы жарықты объектіге бағыттау үшін қажет. Айнаның бір беті ойыс, екінші беті жазық. Айна беттерінің пайдаланылуы бөлмеге жарықтың қалай түсетініне байланысты. Жарық шашырап түскен жағдайда ойыс тік түскен жағдайда жазық бетін пайдаланады. Айнаның жиегі темірмен көмкеріліп, микроскоптың мойнына қозғалмалы орнатылған.
Микроскоптың механикалық жүйесі оның оптикалық бөлімін жұмысқа қосады. Микроскоптың механикалық бөлімі төмендегідей құрамнан тұрады: табан, микрометренді механизм және микрометренді бұрандадан құралған қорап, мойын, макрометрендік бұранда (үлкен) конденсордың кронштейні, конденсорды қозғайтын бұранда револьвер және зат үстелшесі. Микроскоп табаны таға пішінді, сирек жағдайда төртбұрышты болып келеді. Қораптың екі жағындағы микрометрендік бұранда арқылы микроскоптың мойны мен объективті қарапайым көзбен байқау мүмкін емес (микрометрмен өлшенетін) қашықтыққа жылжытылады. Микроскоптың мойнына тубус, револьвер және макрометрендік бұранда бекітілген. Макрометрендік бұранда микроскоптың мойны мен кіші объективті қажетті қашықтыққа (жоғары, төмен) қозғайды. Макрометрендік бұранданы сағат тілінің бағытымен бұрандаға тубус төмен түседі де, сағат тіліне кері бағытта бұрандаға жоғары көтеріледі. Тубус (түтік) – іші қуыс цилиндр. Ол микроскоптың мойнына стопорлы бұранда арқылы бұралған. Қажет болған жағдайда бұранда арқылы тубусты босатып, толық шеңбер бойымен айналдырып қозғауға, көлбеу тубусты тік тубусқа, немесе, керісінше, ауыстыруға болады. Тубустың жоғары жағына окулярлар бекітіледі. Өзінің қажетіне қарай бұрау арқылы ұяларына енгізілген активтерді алмастыру үшін револьвер пайдаланылады.
Микрометрлік бұрандасы бар қорапшаға жылжымалы конденсор кронштейні бекітілген, оның оң жағындағы бұранда арқылы конденсор жоғары-төмен жылжытылады.
Препаратты қоюға арналған зат үстелшесінің пішіні дөңгелек немесе төрбұрышты. Үстелшенің ортасында конденсордың фронтальды линзасы шығып тұратын тесігі болады. МБР-1 микроскопының үстелшесі дөңгелек, екі бөлімнен тұрады: төменгі жағы табанына қозғалмайтындай болып бекітілген, ал жоғарғы жағы бүйір жақтарындағы екі бұранда арқылы шектелген қашықтыққа, алға, артқа, оңға және солға жылжытылады. Зат үстелшесіне препарат екі клемма арқылы қысып ұсталады.
Микроскопты пайдалану тәртібі. Микроскоп өте күрделі де нәзік оптикалық аспап, сондықтан онымен жұмыс жасау өте сақтықты қажет етеді.
1. Микроскоп тұрақты жұмыс орнына бір қолмен мойнынан, екінші қолмен табанынан демеп ұстап әкелінеді.
2. Микроскоп жұмыс орнында үстелдің жиегінен шамамен 2-3 см ілгері сол иықтың қарсысына қойылады. Оның оң жағында сызу дәптерімен препарат жасауға бос орын қалдырылады.
3. Микроскопты жұмыс қалпына келтіру үшін: а) оның оптикалық линзаларын, айнасын жұмсақ матамен сүртеді; ә) конденсордың фронтальды линзасын микроскоп үстелшесінің деңгейіне көтереді; б) конденсордың төменгі жағындағы күңгірт линзаны (светофильтр) сыртқа қарай жылжытып, иристі диафрагманы ашады; в) кіші объективті зат үстелшесіне 1 см қашықтыққа дейін түсіреді; г) оң көзді ашып тұрып, сол көзбен окулярдан қарап, айнаны жарық көзіне бағыттау арқылы көру аймағының тегіс жарық болуын қамтамасыз етеді.
4. Препарат зат үстелшесіне ондағы объект объектив пен үстелшенің тесігіне сәйкес келетіндей етіп қойылады. Бүйір жағынан қарап тұрып макрометренді бұранданы сағат тілінің бағытында бұрау арқылы объективтің фронтальды линзасы мен препараттың арасындағы қашықтық 4-5 мм қалғанша объективті төмен түсіреді. Окуляр арқылы қарап отырып, тубусты төмен түсіруге болмайды. Мұндай жағдайда фронтальды линза зат әйнегін сындырып, линзада сызаттар пайда болып, істен шығады.
5. Окулярға сол көзбен қарап отырып, макрометрендік бұранданы сағат тіліне қарсы бағытта бұрап, объективті объектінің бейнесі анық көрінгенше көтереді. Препарат зат үстелшесінің жиегіндегі бұрандамен немесе қолмен жылжытылып, объектінің керекті жері көру аймағының ортасына нақты көрінетіндей етіп қойылады. Окулярдан қараған кезде сол ғана емес, оң көз де ашық болуы керек.
6. Объектіні үлкен объективпен қарау үшін сол қолмен микроскоптың мойнынан ұстап (салмақ түсіруге болмайды), оң қолмен револьверді бұрап, кіші объективті үлкен объективке ауыстырады. Объектив орнына түссе, сырт еткен дыбыс естіледі. Енді микрометрендік бұранданы ілгері, кейін бір қалыпты баяу бұрап, объектінің бейнесін анық көруге болады. Микрометрендік бұранданы бір жағына қарай жарты айналымнан артық бұрауға болмайтынын есте сақтау керек.
7.Микроскопты жұмыс аяқталғанша бастапқы орнынан қозғауға болмайды.
8.Жұмысты аяқталғаннан соң микроскопты қайтадан кіші объективке ауыстырып, содан кейін ғана препатты зат үстелшесінен алады. Микроскоп бөлімдерінің тұтастығын тексеріп, тазалап, сүртіп, әр түрлі реактивтерден, қышқылдардан бөлек, жабық шкафтарда сақтайды.
9.Әрбір жұмыс орнына микроскопқа керекті жабдықтар: зат әйнегі мен жабын әйнегі, сапты инелер, ұшы жіңішке (қысқыш) қандауыр, шыны таяқша, тамызғыш, ұстара, қиылған сорғыш қағаздар, таза су құйылған стакан, оптикалық бөлімінің линзаларын, айнаны сүртетін арнаулы жұмсақ мата. Сонымен қарат үстіне зат әйнегін және жабын әйнекті қойып, препарат жасау үшін пайдаланатын бір жарытысы қара, екінші жартысы ақ бояумен боялған көлемі 10х10 см. қалың әйнек.
Достарыңызбен бөлісу: |