(Қазақша сөз жазушыларға)
Ағашты кесетін балта, балтаның сабы ағаш.
(Бас қосу турасында)
Жұрт жұмысы құмырысқаның илеуіндей жұмыс сыйақты. Құмырысқаша жабыла тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырысқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырысқа бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін апарып салады.
(Бас қосу турасында)
Ұлтын керек қылып, қалыққа қызмет етемін деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы.
(Бас қосу турасында)
Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.
(Бас қосу турасында)
Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады.
(Бас қосу турасында)
Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
(Бас қосу турасында)
Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, бізде өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік.
(Оқу жайы)
Осы замандағы жан таңырқарлық нəрсенің бəрі ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, отарба, откемелерді жүргізген – ғылым.
(Оқу жайы)
Орысша һəм қазақша оқудың екеуінен де керегінше пайдалану үшін қазақ əуелі əрнəрсенің асылына түсініп іс етерге керек.
(Оқу жайы)
Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білуге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек.
(Қазақша оқу жайынан)
Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі.
(Қазақша оқу жайынан)
Істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы.
(Қазақша оқу жайынан)
Ақылдың ауанымен санағанда, астың шын мағынасы босқа мал шашу болып шығады. Ат шаптырып, ас берді деген бес-он жылға ат қалады. Қазақ жомарттығының түрі һәм оның ақырғы тиімі осы.
(Білім жарысы)
Ғылым, өнер артылған сайын дүниада бейнет кемімекші.
(Білім жарысы)
Білімнің бас құралы – кітап.
(Білім жарысы)
Қазақ арасында білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болу керек, екінші, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жайыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі – білім жарысы.
(Білім жарысы)
Қазақтың бас адамдары! Əуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер.
(Көшпелі һәм отырықшы норма)
Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
(Көшпелі һәм отырықшы норма)
Өткен – өтті, іздегенмен таптырмайды, қуғанмен, жеткізбейді. Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу тиіс.
(Шаруа жайынан)
Білім үшін, әуелі, керек қылу шарт, екінші, жаһат ету шарт.
(Шаруа жайынан)
Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |