1. Оқыту бағдарламаларын жаңарту ұстанымы. Бағдарламалар ғылым-пәннің дамуы мен қоғамдағы өзгерістердің нәтижесінде, сондай-ақ халықаралық қатынастарды интеграциялау сипатына байланысты болған білімдерді толықтыру үшін жаңарып тұру қажеттігі туындайды.
2. Тәрбие процесінде алған білімнің адам өмірінің белгілі бір саласына қатысты болу ұстанымы.Оқыту процесінде негізгі білімдер меңгерілуі керек, олар адам өмірінің түрлі салаларында кеңінен қолданулуы мүмкін.
3. Әлеуметтік қоғамның дамуына бейімделу ұстанымы.Бұнда икемдеушілік, уақты-уақтымен жаңаланып тұратын бағдарламалардың біржақтама болмауы, керісінше, педагогикалық қызметтің жалпы бағытын анықтап беру мәселесі назарда тұтылады.
4. Білім беру мазмұнын сыни бағалау ұстанымы.Бұл ұстаным мектептердің әдебиет пәні бойынша жаңа бағдарламаларға қажеттілігіне байланысты кез келген білімді сынақтарсыз уақты-уақтымен бақылауға негізделеді.
5. Білім беру жүйесіндегі міндетті және ерікті жаңартуларды ажратып алу ұстанымы. Бұнда оқытудың заманауи, энциклопедиялық, өмірлік мазмұнмен байытылған, оқушылардың ақыл-ойы мен қабілетіне сәйкес келетін, берілген материалдарды міндетті және саналы меңгеруіне баса назар аударылады.
6. Түрлі пән мұғалімдерінің қызметін үйлестіру ұстанымы.Бұл әдебиет бағдарламасын жаңартуда қолдағы бар дәстүрлерді есепке ала отырып, оқу бағдарламаларын кіріктіру мәселесін қайта қарастыруға негізделеді.
Бұл педагогикалық ұстанымдар әдеби білім саласындағы ғылыми зерттеулермен қатар жаңаланудың теориялық негіздері мысалында әлем әдебиеті шығармаларын іріктеудің жаңа өлшемдері бойынша тиісті қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Осы негізде жасалған бағдарламалар өскелең ұрпақтың әлем мәдениеттін ерте түсінуіне көмек береді, дүниежүзі халықтарының әлемдік-тарихи қатынастар мәнін түсінуге және бағалауға, ұлттық мәдениеттің басқа халықтар мәдениетімен байланысты екенін және олардың арасында ерекше орын алатынын түсінуге көмектеседі. Бұл бағытта көптеген зерттеулер жүргізілді. Соның ішінде әзербайжан әдебиетін жалпы әдеби процесте әлем әдебиетімен байланыстыра зерттеген А.Зейналова14 бұл туралы былай деп жазады.
«Материалдың этнографиялық, тарихи, этикалық және эстетикалық жаңалығы оның оқушыларды қызықтыра білуімен, оларға үлкен тәрбиелік әсер етуімен айқындалады. Бұл әсіресе, қазіргі күнде ұлттық менін тану дәуірінде маңызды».
Зерттеуші Г.Ионинаның пікірінше, жаңарудың басты тұстарының бірі – «өткен заманның ескі идеялогиясынан арылып, көркем шығармада бейнеленген шындықты объективтендіру және дәлелдеу».
Д.Аусекле өз зерттеулерінде әдеби білім беру үрдісінде әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелеріне арналған бағдарламаға енгізілген шығармаларды түсіндіру қажеттілігі туындайды.
Мұндай көзқарас біз үшін де құнды. Ұзақ жылдар бойы әлем әдебиетінің шығармалары кеңестік дәуір тұрғысынан талдау жасалынды. Алайда, барлық шығармаларды бір қалыпқа салу арқылы бағалау өмір шындығына да, көркем шындыққа да сай келмейтіні белгілі болды.
Осы орайда Б.Алиеваның диссертациясында алға қойылған оқу материалын іріктеудің келесі ұстанымдарына ерекше назар аударуға тұрарлық:
1. Тарихи ұстаным.
2. Ұлттық және жалпыадамзаттық бірлік ұстанымы.
3. Ғылымилық және жас ерекшеліктеріне сәйкестік ұстанымы.
4. Классикалық шығармалардың идеялық мазмұнына заманауи көзқарас ұстанымы.
5. Ішкі және сыртқы пәнаралық байланыс ұстанымы.
Әдеби білім беру үрдісінде шығарма таңдауы талдау проблемасымен тығыз байланысты. Оның түп мәні талдаудың объективтілігінде. Біздің ойымызша, автор көзқарасымен қатар шығарманың әлеуметтік және көркемдік мәнін түсінуге көшу әлем әдебиеті үлгілеріне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.
Әдебиетті оқыту әдістемесі бойынша жүргізілген зерттеулерді талдау негізінде әлем әдебиетін оқытуды жаңартудың мынадай негізгі бағыттарын анықтауға болады:
ұлттық әдебиетте көрініс тапқан рухани мәдениеттің әлем әдебиетінде көрініс тапқан әртүрлі халықтардың мәдениетімен тығыз байланысты екеніне мән беру;
әлем әдебиеті үлгілерінде шығармашылық-әдістемелік факторлардың әртүрлі екендігін белгілеу;
әлем әдебиеті үлгілерінің ұлттық әдебиетке әсері және оның моралдық-эстетикалық жаңалығын ашу;
әлем әдебиеті үлгілерінен қажетті оқу материалын таңдау және талдауға объективті жандасу.
Жалпы орта білім беретін мектептерде дүниежүзі әдебиетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтау дидактикалық ұстанымдар түріндегі сәйкес білімдерді анықтауда көрініс табады, алынған білімнің барлық түрлері иерархиялық әдістемелік жүйеде қарастырылады, әдебиетті оқытудың мақсаты мен шарттары ескерілді.
Әлем әдебиетін оқытуда назар аударатын тағы бір мәселе – оқулықтарда оқушының өз бетімен ойлауына, шығармашылық бақылауына, шығарманың мазмұнын, көркемдік ерекшеліктерін, өмірдегі оқиғаларды түсініп, талдауға баулитын сұрақтарды пайдалану.
Оқулықтардағы сұрақтар мен тапсырмалардың төмендегідей мазмұны әлем жазушыларының тұлғасы мен шығармашылығының ортақ тұстарын түсінуге және қоршаған орта туралы білімдерді меңгеруге негіз болады.
– шығарманың мазмұнын түсінуге және қайта айтуға көмектесуі;
– өз бетінше ойланып, қорытынды жасауға дағдыландыруы;
– шығарманың идеялық мазмұнын түсінуге бағытталғандығы;
– жазушы тұлғасын ашып беретін;
– жазушы шығармашылығының ерекшеліктерін талдауға үйрететін;
– көркем шығармаларда бейнеленген идеяның маңыздылығын түсінуге қызмет ететін;
– көркем шығарманың авторлық стилі мен тілін зерттеуге бағытталғандығымен;
– оқушылар шығармашылыққа баулитын;
оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру мен кеңейтуді қамтамасыз етуге, оқушылардың бейнелеу өнерімен, музыкамен және басқа ғылымдармен байланысын зерттеуге бағытталғандығы және т.б.
Жалпы сұрақ-тапсырмалар оқушының талғамын, көркем шығарманың тартымдылығын дамытуға, шығармада қойылған моральдық-эстетикалық мәселелерді тереңірек түсінуге, алған білімдерін іс жүзінде қолдануға көмектесетіндей болуы керек.
Әдебиет оқулығында келтірілген әлем әдебиетінің үлгілері, оқу материалын игеру бойынша сұрақтар мен тапсырмалар оқушылардың жас ерекшелігіне, сондай-ақ көркемдік және эстетикалық талғамының дамуына, олардың ойлауын байытуға қаншалықты әсер етеді? Олар шығармашылық, салауатты дүниетаным, тәуелсіз және сыни ойлау, сондай-ақ оларда жоғары рухани қасиеттерді тәрбиелеу талаптарына сай келе ала ма? Әрине, мұндай сұрақтар оқу-тәрбие жұмысына жауапты барлық қызметкерлерді бірдей ойлауға мәжбүр етеді, сонымен қатар оларға белгілі бір жауапкершілік жүктейді.
Мысалы, жаңа басылымдағы 6-сыныптың әдебиет оқулығында әлем әдебиеті үлгілерінен «Қызықты оқиғалар әлемі» атты тарауда Оскар Уайльдтың «Бақытты ханзада» ертегісі берілген. Мазмұндық тұрғыдан ертегі оқушының жас және дербес ерекшеліктеріне сәйкес келеді, автордың өмірі мен шығармасын оқып, талдау жұмысы үшін жалпы үш сағат бөлінген. Бұл Оскар Уайльдтың әдеби мұрасында ерекше орын алған ертегі. Ертегіде этикалық екпіндер анық көрсетіледі, оларда автордың өз кейіпкерлеріне деген жанашырлығы айқын көрінеді, олардың мейірімділігі мен жанқиярлығы оларды құптайды.
«Бақытты ханзада» ертегісінде ханзада шынайы өмірдің әдеттегі шеңберінен шығып, өнер туындысына айнала отырып, махаббат пен жанқиярлық бейнесі ретінде суреттеледі. Тірі кезінде сән-салтанат пен байлықта өскен ханзада қайғы-қасіреттің не екенін білмейді. Өлгеннен кейін ғана, өз қаласында мүсінге айналған соң ханзада өзінің сарайының қабырғасының артында не болып жатқанын көреді. Адамдардың қайғы-қасіретін, кедейлігін және азабын көріп, жансыз қалайы жүрегі болса да, көз жасын ұстай алмайды. Ертегі қайғылы аяқталады. Бақытты ханзада тұғырдан лақтырылады, Қарлығаш өледі. Бірақ жанашыр жүрегі бар, өз халқына шынайы және адал қызмет етуге, оған жақсылық жасауға шақырылған нағыз кейіпкерлерге жазушы Құдайдың есімімен батасын береді.
Шығармамен танысып болған соң «Талдаймыз және талқылаймыз» шартты белгісімен танысамыз.
1. Ертегі сендерде қандай әсер қалдырды?
2. Сендер қандай нәтиже шығардыңдар?
3. Ертегінің басында, соңында ханзада мінезін салыстырыңдар.
4. Автор неліктен ертегіні «Бақытты Ханзада» деп атады? Сендер қалай атайтын едіңдер? деген өте орынды әрі оқушыны дербес пікірлеуге және қорытынды жасауға үндейтін сұрақтар орын алған.
1. «Дуэт» болып жұмыс істейміз шартында екі оқушыдан ертегі бойынша алған жаңалықтарын, кейіпкерлер жайлы, ертегінің аяқталуы турасында пікір жазады.
2. Көркем талдау негіздерін үйренеміз атты шартында – ақын кейде жансыз табиғат құбылысын кәдімгі тірі адамға, жан иесіне ұқсатып, жандандыра, құлпырта суреттейді. Әдебиеттегі мұндай тәсілді жандандыру, яки кейіптеу деп атайды. Мысалы: Абай Құнанбаевтың «Қыс» өлеңі: Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық Басқан жері, сықырлап келіп қалды.
Оқушылар, сендер «Бақытты Ханзада» ертегісінен жандандырылған затты табыңдар. Дәптерлеріңе жазыңдар.
Эрнест Хеменгуэйдің 7-сыныпта оқытылатын «Шал мен теңіз» повесіне назар аударсақ, әрбір берілген үзіндіден соң талқылау, топпен жұмыс және шығармашылық жұмыс жүргізіледі де келесі сюжетпен жалғасып кете береді. Бұл жағдай үш рет қайталана түскен. Әрбір аяқталып жатқан шығарманың үзіндісінен соң қызықты тапсырмалар берілген. Бұл әңгіменің келесі бөлігін оқырмандардың өздері де байланыстыра алады. Мұндай жаттығу бір уақытта оқырманды табиғатқа жақындатады, жасауға үйретеді және жағдайға сәйкес ауызша және жазбаша сөйлеуді қалыптастыруға қызмет етеді. Оқушыларды шығармашылыққа ынталандыру бойынша мұндай тапсырмалар көркем мәтінмен жұмыс жасау барысында басқа мазмұндағы шығармаларға да қолданылуы мүмкін.
Оқушыларды белгілі бір халықтың әдебиетімен таныстыру процесінде бір халыққа тән құндылықтарды, дәстүрлер мен ойлау тәсілдерін, ұлттық және жалпыадамзаттық ұғымдардың бір-бірімен алмасуда тұтас идеяға айналу фактісін, автордың мүмкіндіктің себептерін түсіндіруі ерекше маңызға ие. Бұл тұрғыда ғылыми-әдістемелік қорды заман талаптарына негізделген оқулықтарды қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.
Оқулықтарда өнер туындысының жоғары көркемдігі, оқушылардың жас ерекшеліктері, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың үйлесімі сияқты бағыттарды есепке алу әдебиетті ғылыми және адамгершілік-эстетикалық бағыттардың бірлігінде оқыту мақсатында басым міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етеді. Оқырман шығармамен таныса отырып, жазушының көзқарасы өмірде болып жатқан оқиғалардан өзі көре алмаған жақтарына жазушының назары түскені, оны жарқын, боялған сөздермен, кейде ең қарапайым сөздермен жасағанына таң қалады. Әлемге басқа көзбен қарайтын жазушы оқырмандарға осындай қасиеттерді жұқтыра бастайды деп айтуға болады. Жазушының мұндай талантты қырларын оқырманға қабылдау жолында алға жылжуы оқулық жасауға байланысты педагогикалық, психологиялық және эстетикалық талаптарға назар аудару қажеттілігін тудырады.
Сарапшылардың пікірінше, “... әрбір шығарма “оқуды өзі үйретеді”. Мұғалімнің міндеті – шығарманың оқырманға жіберетін “сигналдарын” оның түрін және басқа табиғатын білдіретін атаудың, стильдің өзіндік ерекшелігімен сақтау. Автор қазіржауап оқырманға арнап қана қоймай, оны тәрбиелеп отырады. Ол қай тұрғыда қайта оралу керектігін, не туралы ойлану қажеттігін, нені салыстыру керектігін көрсетпестен, бейтарап және ашықтықпен оны жетелейді. Тек қана жазушының дауысын есту керек”. Бұл жағдайда мұғалімнің көркем шығарманы автордың жеке басына қатысты тәжірибесіне сүйене отырып үйрену белгілі бір тиімділікке қызмет етеді.
Жазушының өмірбаянын зерттеу, оның шығармаларын жазуға әкелген факторларды анықтау – оның жеке басын түсіну жолындағы тағы бір мүмкіндік. Сондықтан, шығармашылық тұлғаның өмірі мен қызметі туралы әңгіме оқушыларды қызықтыра алатындай етіп, автордың жеке басы, оның шығармашылығы, армандары мысалында адамгершілік және эстетикалық білім беру мүмкіндіктерін арттырады.
“Автордың өмірбаянына ерекше назар аудару, – деп жазады З.Мирзаева, бұл – шығармашылық өмір жолы контекстіндегі өнер туындысын зерттеу мәтінге енгізілген мазмұнды нақтылау үшін маңызды. Белгілі бір шығармада оның шығармашыл тұлғасы бейнеленеді. Сондықтан оның көптеген аспектілері өмірбаяндық тәсіл арқылы түсініледі”15.
Қорыта айтқанда, оқушылардың логикалық және сыни ойлауын шығарманың поэтикалық сипаттамаларын зерттеу арқылы дамыту; әлем әдебиеті тарихы біртұтас эстетикалық процесс екенін түсінуге бағыттау; мәтіннің мәнерлілігін қамтамасыз ететін факторлар, автордың көркемдік шеберлігі және жалпы стилін тексеру әлем әдебиетін зерттеуге қажетті талаптардың бірі болып табылады.