I. Кеңесбаевтың 1954 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің буын құрылысы» атты мақаласында буын жігі туралы нақты көрсетілген. Ғалым буын ішіндегі дауыссыздарды экспирациялық күшіне қарай, айтылуына қарай: күшті бас дыбыс және күшті соңғы дыбыс деп екіге бөледі. Буын ішіндегі екі дауыссыздың алғашқысының экспирациясы соңғысынан басым келсе, күшті бас дыбыс(эксплозив) болады да, керісінше келсе, күшті соңғы дыбыс (имплозив) болады. Мысалы, буынның бас дыбысы да, соңғы дыбысы да бір түрлі болып келген жат, тұт сияқты сөздердің алғашқы дыбыстары күшті айтылады да, соңғы дыбыстары әлсіз айтылады.
Ғалым: «Егерде сөз ішінде немесе сөз аралығында имплозив дыбыс пен эксплозив дыбыс қатар келіп қалса, бұл екеуінің түйіскен жерінен буын жігі пайда болады. Мысалы, аппақ (ап-пақ), көкке (көк-ке), тәтті (тәт-ті), ат дорба (айтылуы - ат-торба), алып бер (алып пер). Мұндағы қатар тұрған біркелкі дыбыстардың алдыңғысы имплозив, кейінгісі эксплозив дыбыс болады: имплозив дыбыс - буынды аяқтаушы дыбыс, эксплозив дыбыс - буынды бастаушы дыбыс» деп көрсетеді. [6, 411 б]
Буын алмасуы Тілімізде айта кетерлік тағы бір мәселе - буын алмасу мәселесі. Адамның сөйлеу барысында бір дыбыс екінші дыбыспен, бір буын екінші буынмен, бір сөз екінші сөзбен ұштасып жатады. Демек, буындар бір-біріне алмасып, кейде бір буынның дыбыс саны азайып, екінші буынның дыбыс саны көбейіп отырады. Сондай-ақ, қазақ тілінде буын алмасуға қатыспайтын буын түрі де бар. Бұл туралы I. Кеңесбаев өз мақаласында: «Қазақ тілінде тек жалаң ашық буын тиянақты келеді де, қандай буынның болса да ықпалына ермей, оқшау тұрады. Олай болуының себебі - бұл буын сөздің абсолют басында тұрады да, одан кейінгі буынның қай-қайсы болса да онымен жартылай да, түгелдей де алмаса алмайды. Бұл буын басқа буынмен кірікпейді де, жылыспайды да. Мәселен, а-ла, е-лек, і-лім деген сөздердегі а, е, і буындары әрдайым бастапқы қалпын сақтайды. Екіншіден, жалаң ашық буын өз алдына жеке сөз ретінде айтылып, одан кейінгі буынның қай-қайсы болса да пауза арқылы бөлініп алынады, ешбір өзгеріске көнбей оқшауланып тұрады» деп жалаң буынның осындай бір басты ерекшелігін атап көрсетеді.
Тілімізде жалаң буыннан басқа буындардың барлығы төрт түрлі жағдайда бір-біріне алмасып отырады:
Екі дыбысты ашық буыннан соң жалаң ашық буын немесе тұйық буын келсе, қатар тұрған екі дауыстының алғашқысы түсіп, буын ықшамдалып қалады. Мысалы, торы ала-торала, торы ат-торат т.б.
Жалаң ашық буын екі дыбысты тұйық буыннан кейін келсе, дауыссыз дыбыс кейінгі буынға сырғып кетеді. Мысалы, ер-е - е-ре, ат-ы - а-ты, ор-а - о-ра т.б.
Жалаң ашық буын үш дыбысты тұйық буыннан кейін келсе, екі дауыссыздың соңғысы кейінгі буынға сырғып кетеді. Мысалы, ант-ы - ан- ты, арт-а - ар-та деген секілді.
Жалаң буын үш дыбысты бітеу буыннан кейін келсе де соңғы дауыссыз кейінгі буынға сырғып кетеді. Шаш-ы - ша-шы, бар-а - ба-ра.
Жалаң буын төрт дыбысты бітеу буыннан кейін келсе, мұның да соңғы дауыссызы кейінгі буынға қарай жылысып кетеді. Бұлт-ы - бұл-ты, жырт-а - жыр-та т.б.
Екі дыбысты тұйық буын бітеу буынға жалғанса да, оның соңғы дауыссызы тұйық буынға ауысып кетеді. Мысалы, жоғ-ал - жо-ғал, жүр-іп - жү-ріп.
Екі дыбысты тұйық буын сол тұйық буыннан кейін келсе, алғашқы буынның соңғы дауыссызы кейінгі буынға сырғиды: мынау ат-ақ! дегендегі ат-ақ - а-тақ; ұл едік дегендегі ұл-ек - ұ-лек.
Үш дыбысты тұйық буын үш дыбысты бітеу буыннан кейін келсе, алғашқы буынның соңғы дауыссызы кейінгі буынға жылысады: жоғ-алт - жо-ғалт секілді.
Сонымен, дауыстыға біткен буынға дауыстыдан басталған буын жалғанса, алғашқы дауысты түсіп қалады, яғни буын ығысады. Кей буындарға жалаң ашық буын, кей буындарға екі дыбысты тұйық буын, кей буындарға үш дыбысты тұйық буын жалғанса, алғашқы буынның соңғы дауыссызы кейінгі буынға сырғиды, яғни буын жылысады. Екінші сөзбен айтқанда белгілі бір буынға дауысты дыбыстан басталған буын жалғанғанда ғана буын сапасы өзгереді. Басқа жағдайда буын ешбір түрде алмаса алмайды. Мәселен, бала-ға, бала-ның, ат-тың, ат-қа, ал-дырт, жаз-дыр, айт-ты, айт- тырт, жаздырт-қыз дегенде қосылып отырған буындар дауыссыздан басталғандықтан, олардың сапасы мен санында өзгеріс болмайды; сөйтіп, дауыссызға тынған буынға дауыссыздан басталған буын жалғанса, буын жігі өзгере алмайды, буындағы қалып бұзылмайды. [6, 65 б]