БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші тарау
Егер сен, жұтам десен тау самалын,
Қалың құз шатқалдарға ауса жаның, –
Өрле сен,
Лениннің кең көшесімен,
Табылар қызық-рақат аңсағаның!
Құмарта қалсаң кейде биік шетке,
Жарықмен бөленуге бәйшешекке, –
Адымда,
Лениннің сол көшесімен,
Күлімдер тау мұнарын жайып көкке.
Бөктерде сарайлар бар еңсесі кең,
Тілдескен көк шатыры кеште шыңмен,
Білімнің биігіне баратын жол,
Зымыра,
Лениннің зор көшесімен!
Сол көше беткейіне шыққаныңда,
Қаланың тау қоршаған сырт жағында,
Заңғардай зәулім биік көп үйлерге,
Жүреді студенттік жұрт ағыла.
Кеш болса жасыл таудан төнген мұнар,
Сол жаққа болған едім мен де құмар.
Жүріңдер, өлеңіммен солай қарай,
Сендер де сырластарым, толғаныңдар.
Сұт емген сонау қарлы ала шыңнан,
Арқырап көкжал арық аласұрған.
Таратып көшелерге моншақтарын,
Тағынған көк лентаны қала судан.
Арықтың айғай-шулы ағысы ұнар,
Ойымның ағысында жарысы бар.
Сақшыдай суды бойлап жағалаған,
Аңсағай ақ қайыңдар, жалы шұбар,
Ежелден қыз-жігітке жылы сырлас,
Өзен мен жапырақта сыбыр тынбас...
Баурында көк торғынды бәйтеректің
Сөйлесіп оңашада тұр екі жас.
Сыбдырлап мыстай сары жапырағы,
Сыбдырды жел қуалап жаңғыртады.
Ақсайдың адырында, алыста күн,
Батар шақ алдында бір жарқырады.
Сондай-ак жарқ етті де көз жанары,
Жігітке жаутаң қағып қыз қарады.
Іркілген ойлар сірә бұлқынды ма? –
Дамылсыз кірпіктері қозғалады...
– Мұнымды бекер айтқан өкпе деме!
Жаз бойы сараңсыдың хатқа неге?
Болайық Ұлытауда деп едім ғой,
Кеттің-ау менен қашып Ақтөбеге...
Ақтөбе көңілсіз қыр, алыс әрі.
Ынтығың қалай соған ойысады?
Әлде бір қызықтырған қызың бар ма?
Артық па әлде бізден ойы, сәні?
Өзім де Ұлытауда зерікпедім,
Кездесті жас күндегі серіктерім.
Жарыстық жүйрік мініп, қия кездік,
Әйтсе де мен ешкімге елікпедім.
Жалғыз-ақ көңілімде туған алаң,
Өзіңсің сол назымды тыңдамаған.
Ұмытып мені қалай таптың сабыр,
Қалайша салқындығың туды маған?
Айтты тез қыз осыны жігітіне,
Сездіріп өкпесін де, үмітін де.
Ал Ақан үнсіз неге абыржыдың,
Сүйгенің болды ма шын ұмыт мүлде?
Рас, оның кеудесінде кейісі бар,
Айтсын ба? Айтса мүмкін теріс ұғар.
Сұмдық та сыр жасыру сүйіктіден, –
Бұл да бір сақтанудың кері шығар...
Ауырып ажал жетсе қарт әкеңе,
Жылар ұл, бірақ өшпес дерт кете ме?
Ақанның содан ауыр әке шері,
Айтса қыз әлде шошып селк ете ме?
– Сүйікті адал жанды әкем еді.
Құлшынған өз парызын өтегелі.
Отыз жыл баулып балғын түлектерін,
Білімге бөбектерін жетеледі.
Өстім мен соның білім уызымен,
Жан еді жүгірмеген жел ізінен.
Сүйкімді ел ішінде, қызметінде,
Жаққан ол жұртқа жылы лебізімен.
Еңбектің елімізге ерлігі ұнар,
Сол үшін алған сыйға ордені бар, –
Менің сол әкешімді қаралапты,
Елдегі өсек, пәле терген қулар.
Дүрмектен, дулы сөзден алыс әкем,
Ауданда бір бастықпен таныс екен.
Сол адам ұсталыпты жау атанып, –
«Неткен жау? Мұның өзі таң іс екен?» –
Депті әкем отырып бір мәжілісте.
Мұндайда «қырағылар» әзір іске.
Сол ғана сөзі үшін айыпталды,
Айыптау басып тұр ғой әзір күшке.
Қуғын мен әкем түсті сергелдеңге,
Арызбен аудан кезіп сенделгенде,
Бөлінді сенен ойым, сол іспенен...
Сағынып сәлем күттім сенен мен де.
Сенемін, әкем менің ақталады,
Жоғалмас адал жанның ақ талабы.
Оралар қызметіне, партияға,
Жазықсыз ары қалай тапталады?
Әсия жаутаң қағып, сырын тыңдап,
Ақанның себептерін тұр мақұлдап.
– Ақталса, өкініші болмас, – деп қыз...
Қайтадан айтқан назын кетті бұлдап.
Тек қана өзі сүйген сөзге құмар,
Ежелден әйелдердің мінезі бар.
Бүйрегің сыздап келіп бір бәлеге,
Мұңайып айтсаң шала сөзіңді ұғар.
Қайтеміз Әсияға біз өкпелеп?
Жан-ерке махаббат қой жөні бөлек.
Ақанға таянып қыз айтты ойын,
Ала жал ақ қайыңды көлеңкелеп.
– Сағындым... дедің өзің,
рас па мұның?
Ойласаң айтар назым басқа бүгін.
Өткіздім төрт жыл достық жылы шақты,
Іркілтіп толқындарын жас жанымның.
Берілдік білімге біз, болдық үздік,
Сабақты, сейілді де бір өткіздік.
Ұнасты мінезіміз туыс жандай,
Жүрекке жастық дәурен сырын тіздік.
Үйрендім сол бірлікке, мінезіңе...
Сырыңнан сусын таптым бір өзіме.
Келер жыл бітпек оқу, ойландың ба,
Таянып айрылысудың тұр кезі де?
Жүрдік пе әлде сыбыр-күбір үшін?
Жаныңның сездірмедің құбылысын.
Білдірші, Ақаш, енді оңашада,
Ойыңның мен туралы жүгірісін?
Қайырды шашын дөңес маңдайынан,
Көз алмай алдындағы нән қайыңнан,
Сөйледі ол көз жіберіп сол ағашқа
Жан-жаққа жапырағы мол жайылған.
– Біз өскен бір ағаштың миуасымыз,
Қожамыз бақыт деген сыйға шын біз.
Кетердей құйын бар ма жұлып бізді,
Теректей құз тамырлы бұл жасымыз.
Жайқалған егіз гүлдей жарасымды,
Достықтан таптық серік жан ашырды.
Талай кез тербелдім мен ойлап соны,
Қалайша сезбедің көз қарасымды?
Көзіңнің сездім отты ұшқындарын,
Бірақ та дәтің қатты, күшті арың,
Сол сұсты сипатыңды сыйладым мен,
Ал өзің аяп бір сәт құштырмадың.
Қалжың ғой... Қалжың емес, сырым бұл да,
Тәтті сол, жастың ыстық тұғырында...
Алдымен құшағыма енші кәне,
Сезілсін жүрегім де, тынымым да, –
Деп қызды тартты жігіт жақынырақ,
Кенеттен қыз көзінде жанып шырақ,
Бұтадан ұстап кейін тартынғанда,
Үстіне жауа қалды мол жапырақ.
Мұндайда қасақана қыздар берік,
Қарай көр, тартынады ызғар беріп.
Ант етіп жалын оған... Ал өзі ше?
Лүпілдеп наз жүрегі қызған, еріп.
– Сүйемін... Бірақ алда шақтар әлі,
Кездессе тұрмыстың бір шатқалаңы,
Жалт беріп кетпейсің бе, Әсияшім,
Сертіміз сонда қалай ақталады?
– Өмірге, әлде маған бар ма шүбәң?
Немесе, бар ма сырың бір жасырған? –
Әсия жаутаң қағып жабырқады,
Жатаң сөз естілгендей сырласынан...
* * *
Дариға, қайран жастық, шыдамсыздық!
Аптығып қыз сүйгенде шындап қыздық.
Сол бір сәт сілекейін бал деп жұтып,
Ақыры іштік айғай-шудан тұздық.
Елтіп біз ескердік пе ел өсегін,
Тұрдық па талдап соның келешегін?
Білгір ғой қазіргі жас, сонау аңғырт
Құрбыммен осылай мен кеңесемін.
Ақан да қызу жан ғой, бұл шағында,
Ант беріп қызды қысқан құшағына.
Семья, әке, бақыт елестеді...
Шындық па? Әлде бұлдыр құр сағым ба?
* * *
Бұзбай бір табиғаттың әлегі де,
Екі жас тәтті сырға бөленуде.
Бауыры бәйтеректің жылы тартты,
Түн ұқсап күннің жарқын әлеміне.
Осылай жалын атар жастар жаны,
Сүйіссін! Олар неден жасқанады?
Осындай кеште ыстық кездесуден,
Келешек өмір кейде басталады.
Болса сол ақтарысқан сыр шанымды,
Өмірі ұмытпайсың сол шағыңды.
Қайтер ең, кенет біреу қалса тартып,
Жарыңа сонда жайған құшағыңды?
Қалайша жаның сонда тыныс табар?
Осындай кейбір нышан тұрмыста бар. –
Қолыңды гүл уыстап тұрсаң кейде,
Шағады арасынан құмырсқалар. –
Шақта сол қосылуға қол ұсынған,
Сүйіскен екі жастың дәл тұсынан,
Суық қол сыбдырлатып жапырақты:
– Тоқта! – деп, әлде біреу нығызсынған,
Аңырып қыз бен жігіт жалт қарады,
Кім өзі, неге көзі оқталады?
Келген бұл өздерінің студенті,
Неліктен екеуіне жат қабағы.
– Ғашықтар, көп іздедім сендерді мен...
– Несіне іздеп бізді сенделіп ең?
– Мәселен, Ақан, сенің қаралады.
– Немене, не сұмдықты сен біліп ең?
– Жүріңдер екеуің де жиналысқа,
Сұрама, саясат па, жай жұмыс па...
Осылай үзді жібін махаббаттың,
Сол келген кара жігіт, бойы қысқа.
Достарыңызбен бөлісу: |