1939-1963 ж.
СҰҢҚАР ТУРАЛЫ АҢЫЗ
(Қазақ совет поэзиясының ұстазы, революционер ақын Сәкен Сейфуллинге арналды).
I
Осынау арнау жырдың есесіне
Кешіккен сәлемімді кешесің бе?
Есіркеп тұрмын қарап, Ескі үйге, –
Алматы, Карл Маркс көшесінде.
Бұл бір үй – ақындарға болған орда,
Талай жыр тауап еткен толғанарда.
Енді тұр,
Бұлбұлы жоқ бақтай мүлгіп,
Шырмауық әлде гүлін торлаған ба?
Ол кезде іші күмбез, даласы бақ,
Тұратын зор бәйтерек дара, сұңғақ.
Басында алмалықтар мәуе талдар,
Жайқалған жас өрендей жарасып-ақ.
Әлі тұр сол бәйтерек қозғалмай тік,
Қоңыр үй, жел қаққан ба, тозған қайтіп?
Отыр ма әлде сонда
Саят жыршы,
Жарына аққу жырын наз ғып айтып?
Отыр ма,
Әлде ойға дүзіп ақын?
Бәйгіге баптап қайта «Қызыл атын?»
Ақты ма қиялында «Экспресс»,
Мінсе жұрт ағысына қызығатын?
Бөгелдім есігінен аз-ақ аспай,
Жас күнгі әдебімше жаза баспай.
Онда мен,
Шынардай ем шық шалмаған,
Бұл күнде
қыраулымын боз ағаштай.
Бірақ ол
үлкен әлі – жыр ағасы,
Өісе де ұзаңқырап жыл арасы.
Сүрленген жүрегімде наз жырым бар,
Ағаның сапардағы сыбағасы.
Иә, сол бастау жырдың жалғасы бар,
(Бағы жоқ, басы отқа жанған шығар).
Оқиын дастанымды
ұстазыма,
Тағы да мағаи сәтті жолдар, сынар...
Қоңыр үй!
Үй едің ғой, бақ құсаған,
Тұғырдай ақындарға ақ босағаң.
Жыршылар жиылды ма?
Дәл төріңде,
Отыр ма, ақыл айтып ақ бас ағам?
Өлеңдей гүлге толық сонда маңың,
Гүліңді иіскеген
сол баламын.
Көктем ғой,
әлде қарың еріді ме?
Жағама неге, тамшы, сорғаладың?
Қоныр уй,
тебірен де, жаңғыр жылдам!
Көгімнен ауды сұр бұлт
жаңбыр қуған.
Шынынан Алатаудың сұңқар ұшты,
Тыңда сен,
жас жырымды таңғы туған.
Өлеңге ашыла ма ая мұндай!
Кәзір де тойлы күн ғой баяғыдай.
Жетекте жігіт жырым,
аш есікті,
Бөгеліп тұрған шығар аяғым жай...
II
Кэзірдей көктем емес,
онда күз де.
Албырт шақ,
дүние де кең де бізге.
Ақылын ағалардың
тағлым тұттық,
Ар-ұят ұялаған кеудемізге...
Тап осы кең есіктен кірдім әрең
Шәкірттей сынақ күткен, дірілдеген.
Ендім де,
сәлем беріп, қалдым қатып,
Естілмей жүрек үні дүбірлеген.
Бәлкім бұл жырға тұңғыш сапар шығар,
Ақынға сын соңы жоқ,
сәт алды бар,
Бұл үйге тәжім етіп жүгіретін,
Мен түгіл,
сол кездегі сақалдылар.
Жарқ етті
кең маңдайы шұғылалы.
Қыран көз,
бір қараса сыр ұғады.
Өзі де поэзия –
түсі маңғаз,
Көріп ем, жиындарда сұңғыланы.
Өзгеден ол өзгеше
сұңқар адам,
Даңқынан, сымбатынан сыр тараған.
Сөйлесе Сәкен аға –
ынтық болып,
Мұртының қимылына жұрт қараған.
Көргенде сөз гулеген жиын жерде,
Сұсты еді
әлдекімге шүйілгенде.
Ал кәзір
жомарт жүзі жылы тартты,
Алғашқы көргенім ғой үйін мен де.
Дастарқан жаюлы тұр киелі, кең,
Нұсқады орындықты иегімен.
Отырдым үнсіз ғана
тұлғасына,
Телміріп,
пейілімді ие мүлдем.
Өлім ғой – ытырынса жақтырмай ғап,
Қалпымды көз кырымен шықты байқап
Қасында біреу отыр
күйкі ғана,
Сұңқардың қасындағы сұқсырдай тап.
Бәйтерек жалғыз тұрса жараса ма?
Өспей ме, қасында тал аласа да?
Болатын сырластары сондай кіші,
Әзілге, серуенге, тамашаға...
Есімде,
демалыс күн.
Ол жайдары.
Сол бір сәт тынған шығар жыр майданы.
Алды бір мереке ғой,
осындайда,
Әзілдің шертілетін сырнайлары.
Тұлпарға үйір келер ат болар тай,
Тай едім жыр соңында аттаған жай.
Назары ауды маған.
Қуандым мен,
Ежелгі үмітімді ақтағандай.
– Ұлымын сізге мәлім, Нұрғожаның,
Азырақ әкемшілеп жыр жазамын.
Жырым бар сұңқар жайлы...
Ұяламын,
Оқуға,
олқы ма деп сыр – ажарын.
– Жыр болса, оқы бала, абдырама! –
Мұндайда шіркін сабыр таптыра ма?
Шынымен қысылдым мен,
тай қадамын,
Арғымақ менсіне ме, жақтыра ма?
Қызарып кетті білем құлақ-шекем,
Уа қандай қиын сынақ, ауыр сәт ең?!
Боздақ жыр, еске сақта,
бұл сағатты,
Алдымда отыр ұстаз –
ақын Сәкен...
Арнап ем, өзіңізге бұл дастанды,
– Оқи бер!
Сонда былай жыр басталды...
ІІІ
...Дауыл күз,
Теңіздей көк буырқанған,
Аңдай бұлт, ақ көбігін бүркіп ауған.
Аспанның селебесі жарқ еткенде,
Саңқылдап сұңқар ұшты бұлғыр таудан.
Бұлттардың бұлан-талан әлегінде,
Толқындай топырласқан бәле мүлде,
Құзғындар, қара құстар майдан құрған,
Құстардың еркін, жайсаң әлемінде.
Лашындар, бозторғайлар шырылдаған,
Алапат аспан асты сүргін ғалам.
Шыңынан Көкшетаудың қан сорғалап,
Қиядан балапандар құлдыраған.
Көк дауыл соқты қатты, құз құлар ма?
Айналды найза тастар
мұзды қарға.
Қанаты нажағайдай қызыл сұңқар,
Шүйіліп шыға келді құзғындарға,
Керемет тегеуірін бар топшысында,
Сондай күш болған емес көп құсында.
Қарпып тез қасқырға тең қияқтыны,
Қиядан домалатып атты суға.
Құрсаулы қамалдай көк қара тұман,
Сайысқан сұр тұмсықтар қанаты қан,
Сұңқарды қамалады қым-қияда,
Мұз қатып кірпігінен қар атылған.
Қылыштай ақ қанатын сермеді де,
Талайын сұңқар қысты шеңгеліне.
Құлады қанды ауыздар Бурабайға,
Тулады толқын симай шеңберіне.
Қайнады құс майданы қиын шыңда,
Қияқтар оңайлықпен қиылсын ба?
Топшысы жараланған сұңқарымды
Қоршады сұмдар таудың қуысында.
Қапыда түсті сері темір торға,
Сұр жендет құзғын отыр қорып сонда.
Сыңсыды аққу-қазбен көліңдегі,
Көкшетау – сұңқарларға төркін орда.
Жоқтады сол сұңқарды бұлбұлдары,
Ащы еді торғайдың да мұңлы-зары.
Кенеттен қызыл тудай күн жарқырап,
Қара бұлт ғайып болды жылжып әрі.
Жайнады көк те, шың да,
шалқар сай да,
Шырқайтын сонау көкке сұңқар қайда?
Тағы да зарла, бұлбұл,
шула, құстар,
Қас-қыран сұңқарымды құтқармай ма?
IV
Бітті жыр.
Тер жосыды маңдайымнан.
Төрелік болар екен қандай бұған?
Алдыңда
жас баладай жаутаңдадым,
Өлеңге,
сол кісіге бардай кінәм.
Ол тұрды.
Ойға сірә батты білем.
Алыста Алатау тұр көк тіреген.
Ұшты ма қанаттылар
құздан сонау,
Тоятты алғыр көзі тапты неден?
Білдім бе, не керемет тұр есінде?
Тайғақ жол, тар өткелдің күресі ме?
Көзіне көрінді ме,
сұңқар сынды,
Түскені тап жауының түрмесіне.
Айналып Алатаудан ол қарады,
Азырақ сұстанғандай өр қабағы.
Қиялын қозғады ма,
әлде, әлгі
Сұңқарды, құзғындардың торлағаны.
«Сұңқарды лайық емес бұлай жырлау.
Жырыңның бейнелері буалдырлау.
Жігітім, қанжар болсын албырт жырың,
Үзілсін көк еркесін буған бұғау.
Өлеңде өлім – қайғы үн қатпасын,
Сұлудай өмір ғана бұлғақтасын.
Мадақта
аспан сынды кең өмірді,
Жырыңның ағыт содан бұлақ басын.
Бұл заман
сендерге –
кең бақ тәрізді.
Ойласақ біздер сонау жортқан ізді –
Өлеңнен тіпті қиын,
қатал тағдыр,
Айдады қарсы жауған оққа бізді.
Разымын тар жол, тайғақ тағдырыма,
Бөленді дарқан далам бақ нұрына.
Альбатрос11 секілді болсам шіркін,
Теңіздей тебіренген тап жырына.
Сүй, жігіт,
толқындаған дәуір сазын,
Жырла сен, махаббаттың тауып назын.
Ал өзім, жазбақшымын дастан етіп,
Жаңғырған дүниенің дауылпазын.
Жырымда жалындайды өмір ғана,
Үйткені мәңгі тірі Ленин дана.
Лениннің туын ұстап шықтық өрге,
Нөсерде, аязда да, дауылда да.
Дәтім жоқ жазбай соны іркілуге,
Ленинмен жүрегімнің кілті бірге.
Ант еткем көсем қайтыс болған күні,
Тамшы жас қалды қатып кірпігімде...»
....Есімде қалды мәңгі сол бір кезең,
Ол тұрды
құзға қарап терезеден.
Сол бір сәт ұмыт болдық отырғандар,
Ойында ақты білем терең өзен.
Әзілқой қонағы да тіл қатпады,
Сөйлесе,
балқыр едім тыңдап тағы.
Жұпардай жұтып әлгі лебіздерін,
Қозғалдым,
тамырымнын тулап қаны.
Мен кеттім,
кетті сыны қиялымда,
Бұзуға ойын әлде қимадым ба?
Дариға, білмедім ғой,
соңғы шақ деп,
Қарап көп қанбадым-ау дидарына...
V
«Сұңқардың түлегіндей самға, жырым,
Тындадым жыр көгіпен саңлақ үнін.
Бағымда бұлбұл құстар ән шырқаса,
Қосыл тіл, сандуғаштай сайра бүгін!» –
Деп, солай өлеңімді бастадым да,
Кірістім таңсәріде дастаныма.
Алдымда жыр серісі Сәкен тұрды,
Пернесін балаң жырдың басқанымда.
Па шіркін, қандай қызық албырт жасың!
Күн сайын делебеңді жаңғыртасың.
Жалығу, еріну жоқ,
жасу да жоқ,
Жеті рет асқандайсың тау қырқасын.
Басқадай шықпасам да шарлап өрге,
Асықтым алдағыға сонда мен де.
Басым ақ болса-дағы,
тағдыр әлі,
Шалдыртпа, өлеңімді шал дегенге.
Жорға боп алмасақ та
жүлде жырдан,
Елгезек болатынбыз жырға жылдам.
Қарамай жарқылына, бедеріне,
Іздермен бұрын басқан жыр ағылған.
Тұлпардың тай жүрмей ме шылауында,
Түспедік ағалардың сынауына.
Мүмкін сол мініміз де,
бірақ өстік,
Уақыттың жауап қатып сұрауына.
Сыйынып сонау жанға әуелі мен,
Сол тұстың ағындадым әуенімен.
Аз күнде дастан бітті,
асықтым да,
Сұңқарға шарықтаттым әуені кең.
Ол кезде алшақ емес өрісім де,
Бірақ та албырт болсаң, сен ісіңе!
Тәуекел,
кеттім тағы тағлым күтіп,
Өлеңнің өр кеуделі серісіне.
Ол өзге, өзгелерден құзырлы жан,
Сұңқар ол,
кенді шолған тұғырынан.
Қазымыр құзғын емес,
там күзетіп,
Бутаға торғай қонса, тыжырынған.
Маркстің көшесімен келемін мен,
Жалындап жаңа жазған өлеңіммен.
Алдымнан ақ маңдайлы ақын аға,
Жарқ етер, Әулие жыр әлемінен...
VI
Күдері көңілімнің күрт үзілді,
Аспанда бұралардай бұлт тізілді.
Жаңағы күн шуағы жоғалды да,
Суық жел соға қалды бүркіп зілді.
Жалбырап қара шашым жүгірдім мен,
Үрейлі жапырақтың сыбырымен.
Бөгелдім, –
үй алдында тұр селкілдеп,
Бәйтерек,
нендей сұмдық сырды білген?
Сол үйге
ол да мендей қарап төнген,
Қаптаулы терезелер қара тормен.
Сұңғақ бой көрінбеді, стол бос тұр, –
Сұңқар жоқ тұғырында қанат керген.
Иесіз бе, үйде сірә кісі бар ма?
Құс қайда, ән шырқаған осы маңда?
Шуылдап қара ағаштар,
жел шақырып,
Сусылдап жатыр жерге түсіп алма.
Үй үнсіз,
көшкен жұрттай оты сөнген.
Жапырақ жағаласып жатыр желмен.
Құшақтап нәрестесін бебеу қағып,
Түбінде қу қайыңның отыр жеңгем.
Бұлттардың ауған әлде елесімен,
Апырау, адастым ба мен есімнен?
Қимадым жаманатқа,
дір еттім тек
Қас қанжар қадалғандай өңешімнен.
Жұмбақ сыр,
жазылмайтын жұмыр қандай?
Аңырдым, арнамнан жыр бұрылғандай.
Жапырақ тамшы ұшты кірпігімнен,
Жырымның бәйтерегі жығылғандай.
Суық сөз
жарқылдаған жасындай тап.
Ашыл тез
кең аспаным, жасыл байтақ!
Сұңқарым әлде көкке ұшты ма екен? –
Ағаштар дүр сілкінді басын шайқап...
Дариға, жетпедім бе арманыма,
Өзіне осы жырды арнадым да, –
Алдынан өтпедім-ау,
боздақ жырым,
Қалайша шалдығады зарға-мұңға.
Бітпеді-ау, жырлап түгел
ол Ленинді,
Сол нұрға бөлсйінші өлеңімді.
Маркстің көшесімен
кеттім үнсіз,
Батқандай үнсіз ойға әлем күллі...
VII
Жырымнан аулақ жүрші, аза-қайғы,
Тыныш түн,
кім ақынды мазалайды?
Керемет!
Торға түскен сол сұңқарым,
Жетелеп жерге түсті нажағайды.
Қызық жоқ қанаттыға көктен өзге,
Сірә, ол шүйілгендей кекті кез бе?
He ғажап?
Жай ұстаған әлгі сұңқар,
Қарасам,
Сәкен болып кетті лезде.
Астында асау тұлпар сұстанады,
Апырау, құрымап па, дұшпан әлі?
Нажағай емес екен,
қырмызы ту,
Қолына айбар етіп ұстағаны.
Жөнелді тұлпарымен тартып әрі,
Майданға бастап жұртын артындағы.
Қан шалған үзеңгісін, қанжығада
Қалам мен қылыш қатар жарқылдады.
Кешегі айдын жүзді ақын Сәкен,
Бұл күнде мұнша неге ашынды екен?
Жаси ма, сырлы сабаз, сынық сөзі,
От тисе, алау атар асылға тең.
Сол бір шақ қасіретке батқан дала,
Ақынға еш емес пе жат пен жала?
Саңқылдап ащы даусы
ақын Сәкен,
Шеруін тартты тура Ақмолаға.
Бұл неткен таусылмайтын тасқын адам?
Астында қызыл тудың басты қадам.
Жаңғыртып түнек басқан Ақмоланы,
Көшесін кернеді жыр тасқындаған.
«Намысы бар нашардың балалары,
Неше мың жыл қор болған бабаларың,
Жолдастар!
Сансыз нашар бірігіп салдық ойран,
Сол нашардын жалғыз біз паналары,
Жолдастар!
Кедей ұлы жігерлен,
Бірігіп ойран салып қал!
Қызыл тулы майданда,
Бостандықты алып қал!»12
Тұра ма ақын даусы жалын атпай?
Даланы жөнелді жыр жарып оқтай.
Сол жырды айтып шықты ереуілге,
Ауылын жау торлаған жарлы-жақпай.
Көрінді аясы кең аңғал алаң,
Қызыл ту айналасын алқалаған.
Мінбер тұр жұлдыз жанып маңдайында,
Қасында халық шулап, анталаған.
– Революция дабылын қоста, қорға!
Майданға аттанамыз тосқан алда!
Мінберге Сәкен шықты көзі жайнап,
Лениннің күн келбетін ұстап қолға.
– Жойылсын Алаш-орда – ақ бандылар,
Құрысын, ескілікті баққан қулар!
Жасасын Ленин жолы – коммунизм,
Әлемге қызыл арай атқан тулар!
«Құрысын, озбыр біткен тәңірсінген,
Торлаған сұңқарларды темір сыммен!
Жойылсын сұр жыландар, жала-тілдер,
Жасасын, жарқын дүние, өрісі кең!»
Ұшырып апарды ма, жел қанат жыр?
Сол жерге қалай жеттім –
ғажап тағдыр!
Сағынтып Сәкен аға,
қайда жүрсіз? –
Жетімдей жұртыңызда жыр жоқтап жүр.
«Колчактың жаңа шықтым түрмесінен,
Сонау бір тар жолым ғой бұл кешірген.
Сендерге қалсын жырым...
сұңқар болып,
Ұшамын сонау көкке көл-көсір кең.
Жендеттің шеңгелінде шырмалғанша,
Сүңгиін түпсіз көкке қырандарша.
Жанымды табарсыңдар,
жырларымнан,
Құпия күй сандықта сырлар қалса.
Шырқаймын Ленин жырын аспанымда,
Созылар мәңгілікке дастаным да!..»
Ұсынды маған Ленин портретін,
Қасына жақын қадам басқанымда.
Уа құдірет?!
ақ қанатын қалды жайып,
Әп-сәтте көз алдымнан болды ғайып.
Тоқтаңыз, Сәкен аға!.. –
деп дір еттім,
Ояндым ұйқымнан сол таңғажайып...
Япырау, бұл неткен түс?
Ұқтым нені?
Тағы да неткен «Таржол» –
тұтқын тегі?
Көрді ғой осы түсті қайран сабаз,
Тап сол түн сұп-сұр үйде түкпірдегі.
Иықтап ойлар мең-зең басымдағы,
Жасаурап жұмық көзім ашылмады.
– Сәкен деп зарландың ғой,
мұның не? – деп,
Қадалды қара шұбар қасымдағы.
– Түс көрсең түн қатпай ма,
адасып ой,
Ол басқа – Сәкен деген нағашым ғой.
– Жоқ, айттың сол Сәкенді...
біз білеміз,
Тегінде, Сәкен үшін наласың ғой...»
Мұндайда салғыласпау салтымыз да,
Ауыр ғой, шәк келтірсе парқымызға.
Шырмаған Сәкендерді мысық қара
Сындылар жүрмеді ме, артымызда?
Бізді де жақаттаған зәбір-жала,
Сондайда сүйенішің арын ғана.
Тұрдым да қарап қалдым – Ленин өзі,
Тұр екен күлімсіреп қабырғада.
VIII
Кәзір мен қалғыдым ба, ояумын ба?
Несіне күбірлеймін баяу мұнда?
Қоңыр үй, Жадырашы, ақын келді,
Сыбаға алып жырдан аяулыңа.
Бірімін, сыр сазыңа дүзгендердің,
Бұл жерге Сәкен басқан ізбен келдім.
Құжырам, ашшы маған есігіңді,
Соғылсын қабырғаңа сөзбен белгім.
Кетпеген көкейімнен арман едің,
Көктем ғой, баяғыдай бар ма лебің?
Сұңқарым Алатаудан саңқылдаса,
Аяңда тебіренсін ардагерім!
Акынның аңқылдатқан көңіл күйін,
Бұл күнде көнеріпсің қоңыр үйім.
Жырыммен сені шыңға орнатайын,
Тұлғаңды тасадан бұл көру қиын.
Сәкеннің рухы бірақ қия-қырда,
Сұңқардың қылшылдаған қияғында,
Ән-күйдің ордасында – Көкшетауда,
Өзімдей ақындардың қиялында.
Тұлпардың тауда жортқан желісінде,
Заулаған экспресс рельсінде,
Болаттай бұлшық еті бедерленген,
Кендегі, заводтағы ер ісінде.
Халқымның ауызында, жүрегінде,
Жырымен жаңғыртып ол жүр елімде.
Әлі де «Альбатрос» қанат қаққан,
Теңіздей толқындаған бұл өмірге.
Иә, солай. Бірақ маған қадырлысың,
Тартуды әкелдім ғой, кәзір түсін.
Төріңе оралады ақын сабаз,
Ертең той. Тойға үйім, әзірмісің?
Куә ғып қоңыр үйді жырларыма,
Осылай ойға дүзіп тұрғанымда,
Трамвай келе қалды кең көшемен,
Күй шертіп экспресс ырғағында.
Тартты да жүрегімді таныс әуен,
Жөнелдім трамвайға жабыса мен.
Көтеріп ішіндегі жас бауырлар,
Рельспен зымырады жарыса өлең:
«Советстан, біздің стан, совстан,
Экспресс, талма екпінді шабыстан
Гуле жүріп,
дымы құрып,
қалсын ұлып,
Ескі жалған арттан қалмай жабысқан!»
Достарыңызбен бөлісу: |