Дастандар



бет29/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   41
Байланысты:
30 Қалижан Бекхожин Поэзия тербетеді жүрегімді

КҮЙ


I

Керіліп күн артынан күн аттады,


Ай туып, таудан асты жырақтағы.
Жорғалап жел де келді самал желпіп,
Бәрі де ханды бірақ жұбатпады.

Су келді, Сыр басынан сыр айтқалы,


Жымыңдап жұлдыз көктен жұмбақтады.
Нажағай жаутаңдады бұлт ішінен,
Бәрі де ханды бірақ жұбатпады.

Сайрады бұлбұлдары гүл бақтағы,


Жырлап жұрт, жалбарынды жылап тағы,
Айнала азынады рахым тілеп,
Бәрі де ханды бірақ жұбатпады.

Түксиіп қара тастай Жошы жатты,


Қасына келмеді жан, шошып қатты.
Қасқырдай төрт нояны қасында тек,
Ашулы арыстанның қасын бақты.

Жан-жаққа жел өсекті тасып жатты,


Алысқа атқа мініп ашу шапты.
Шың тасын Шыңғыс ханның бұлт басты деп,
Шеттегі шоқылардың басы қатты.

Алдына айдап атан айғырларды,


Қыпшақтың қаба сақал байы барды.
«Сабыр ет!», «Хан ием!» деп сасқалақтап,
Айтуға ауыр сөзді дайындалды.

Хан ие селк етті де қақты қасын,


Жендеті бай қыпшақтың шапты басын.

Арғынның биі келді байпаңдаған,


Жорғадай желгір сөзге шайқалмаған.
«Ақсұңқар адасқанда» деп топшылап,
Жөн айтпақ басқаларға байқалмаған.

Қасқыр хан ырсиды да қақты қасын,


Жендеті арғын бидің шапты басын.

Тиеліп түйелерге жиһаздары,


Келіпті Самарханнан сипаз кәрі. –
Алдияр, алдыңызға бар қазинам,
Айтатын гәбім бар, – деп бипаздады.

Алдияр аре етті де қақты қасын,


Жасауыл сәудегердің шапты басын.

Арттырып арғымаққа тегін теңді,


Бұхардың бұлықсыған бегі келді.
Билетіп сұлуларды хан алдында,
Сауықпен сейілтпекші шерін енді.

Парсының төресінен елші келді,


Ұлына Иран бақтан енші берді.
Жошы хан жұбансын деп қытай ханы,
Жіберді өнерпазды, не шеберді.

Ойнақтап хан алдында жыландары,


Үндінің сиқыршысы сылаңдады.
Йемене сауық-сайран? Азалы хан,
Ұлынан сонда да бір сыр алмады.

Бәріне қаһар төгіп қасын қақты.


Домалап талайының басы жатты.
Жіби ме жаңбыр жауып жел ескенмен,
Шығыстың Гималайдай тасы қатты.

Маймылдай төленгіттер маймаңдады,


Олжа мал бұрынғыдай айдалмады.
Жауынгер қылыштарын тасқа шауып,
Түнерді ұзағандай майдан әрі.

Биелер көк шалғынға байланбады,


Суалды суат сулар қайнардағы.
Аждаһа айналаны арбағандай,
Дүние жұрттай болды ойрандағы.

Ешбір жан ханға келіп тіл қаптады,


Айтуға адам түгіл, жын батпады.
Айдаһар ордасында тұр ысқырып,
Қара жер құрбандарын құндақтады.


II

Суық құз, сұрғылт дала, селебе жұт,


Шұбырған ауған бұлттай сергелдең жұрт,
Азасы хан ұлының қырды шайқап,
Біржола батқан күндей сөнген үміт.

Күш қайда теңселтетін түнек тауды?


Жошының құлдығында ұл атаулы.
Көл тұрды көз жасынан босқын елдің,
Көгенде боздақтары тұр матаулы.

Шарт сынып шаңырақтар отқа жанған,


Тілініп туырлықтар жұртта қалған.
Шырылдап қызы қырда, ұлы құмда,
Еңіреп елдің даусы көкті жарған.

Құм ыршып, шөлде боздап шөккен нардан,


Саз тұрды көк табандар шеккен зардан.
Сорлы жұрт талықсыды сұламада,
Тағдырдан рахым тілеп, теккен арман.

Ол отыр қу моладай ордасында,


Кім барса, қазулы тұр көр қасында,
Ұлыған аңдай шулап ұлысының,
Дағдарды бағланы да, жорғасы да...

Ұйысып сұр қабанның жарғағына,


Хан жатты хабар түспей қармағына.
Жан батпай ордасына, албастыдай,
Жасауыл жалақтады жан-жағында.

Сол бір сәт аспан әлде жарылды ма?


Әлде бұл нажағайдың жарығы ма?
Селк етті, сұстиған хан жарғағынан,
Жеткендей жел тұманды жарып мұнда.

Дабылпаз шабуылға шақырды ма?


Әлде бұл атой берген батыры ма?
Хан жанын тітіренткен қандай сарын,
Қай лепес гулеп келе жатыр мұнда?

Әлде бұл әуендеткен түлегі ме?


Аяныш ашу жоқ па сүреңінде?
Жабырқап жаудан әлде оралды ма?
Мынау саз ащы тиді жүрегіне.

Хан тұрды жатқан жерден үрейленіп,


Сонау үн жақындады үдей беріп.
Тынатын самал батпай іргесінде,
Ысқырып тұрған жоқ па дүлей келіп?

«Сайрауға құс та менен именеді,


Тіл қатқан табаныма иленеді».
Хан солай қатып еді ашу қысып,
Ексімдеп күй келеді, күй келеді.

Албырт күй ақ ордаға кимеледі,


Хан өзі күйді неге тый демеді?
Тәңірдің жарлығы ма жерге түскен,
Қалайша ханға батып күй келеді?

Қалшылдап көтерілді алдаспандар,


Қан тілеп сумаңдады алмас қанжар.
Ордаға айдап келді күйшіні сол,
Қар жауып, қабақтарын қан басқандар.

Тергеуге жендет жылдам тіл таппады,


Мылқау ма мына күйші үн қатпады?
Сылаңдап саусақтары домбырада,
Жыландай бармақтары бұлғақтады.

Қаһарын көріп ханның түріндегі,


Екі шек дат дегендей дірілдеді.
Елшідей күйші қолы елбелеңдеп,
Пернелер көмекейдей күбірледі.

Домбыра әкетті ме бұрып ханды?


Қалайша күйші мынау ырықты алды?
Аңырып жасауылдар тілін жалап,
Қанжарлар қыбыр етпей тұрып қалды.


ІІІ

Кездесіп қырдың қайғы тұманына,


Ар айдап келген еді Тыма мұнда.
Енгенде ел шетіне Елігімен,
Естілген елдің зары құлағына.

Көз жасы шықтай қатқан сақалына,


Азынап атан даусы атаның да,
Сәбидің шарылы да өксіп жатқан,
Белестен боздағаны ботаның да, –

Дегендей батты бізге хан жазасы,


Таптырмай қайда кетті ханзадасы?
Ер жоқ па естіртетін өлсе соны,
Езді ғой елімізді қанды азасы.

Осы мұң құлағына келіп жеткен,


Тыманың тұлабойын тебіренткен.
Тұндырып толқындарын кеудесіне,
Елінің есіркеген кегін кеткен.

От беріп намысына жан жары да,


Амалсыз қалды өзеннің аңғарында.
Дабыл ғып домбырасын келді Тыма,
Бас тігіп қатал ханның қанжарына.


* * *

Қанат қып қақты күйші домбыраны,


Қай жаққа қаршыға күй қондырады?
Мінгендей құланына Тыма шалқып,
Соңынан қадалғандай хан құлағы.

Қияға дүзегендей еркін бетті,


Қырандай күй қанатын желпілдетті.
Шегіне сыйынғандай домбыраның,
Көздерін жұмып күйші елтіп кетті.

Сыбанған балуандай ер білекті,


Алдында майдан бардай өргіп кетті.
Күйімен хан ашуын ертіп күйші.
Түндігін сұр орданың серпіп өтті.

Жүйрігін босатқандай кермедегі,


Саусақтар ырғып жылдам өрмеледі.
Қу шанақ сыр ағытқан күймедей боп,
Күмбірлеп таңдай қақты пернелері.

Құдірет қу тақтайға тіл берді ме?


Күйшімен еріп бірге жын келді ме?
Тәңірі сиқырменен домбыраны,
Жошыға елшілікке жіберді ме?

Домбыра бұлбұл қонған бұтақтай ма?


Азалы ордаға бұл күй тоқтай ма?
Тағында аңырып хан аузын ашты,
Мынау жын жөнелді деп шырқап қайда?

Саңлақ ат мінгендей сылаң қаққан,


Сабаз күй аттанғандай Сығанақтан.
Сыңсыды шектер неге, толқындар ма?
Шуылдап ел зарымен Сырдан аққан?

Сол сарын, су бетіндей шымырлаған,


Аралға қамалғандай шұбырған аң.
Күйікпен күйші соқты, күй ыршыды,
Қанаты күйген құстай шырылдаған.

Қапастан күңіреніп үн шыққандай,


Тұтқын қыз тұңғиыққа тұншыққандай.
Үн кетті, өрттен міне жалын алып,
Қызуы тамырдағы ыршып қандай.

Астынан қара бұлттың күн шыққандай,


Сері күй серпілгендей шымшып таңдай.
Шығанға шықты сарын безек қағып,
Артында ала тұман қырсық бардай.

Ел ме бұл елестеген сағымдағы,


Шеру ме шертіп мынау сағынғаны?
Әлде бұл құйқылжыған құланы ма,
Күй қайта жауар бұлттай ағындады?

Сап құрып шапты неге саусақтары?


Қуғыншы таянды ма алшақтағы?
Топырлап құздың тасы құлады ма,
Соқты ма дауыл гүлді жамсатқалы?

Қиядан жасауылдар лап бергендей,


Мүскіннің тағдырына тап келгендей.
Жаутаңдап күйші содан ығысқандай,
Хан-ие қасын қақса дат дегендей.

Жасқанып жанарынан жөнелгендей,


Сызылды күй сазынан елең берімей,
Саусақтар пернелерден жылыстады,
Артында қуғын бардай, өрен желдей.

Жасақ па, саусақтары қиқулаған?


Құлан ба, домбырасы қутыңдаған?
Ұлындай қырда қалған ізін қарап,
Адасып қалды хан да күй тыңдаған.

«Жын ба екен, жонда мынау құйындаған?


Жел ме екен, жосығы бір тыйылмаған?
Қанат па, қалықтаған домбырасы,
Ұстатпай қайда тартты, күйі маған?

Нөсер күй әскерім бе жауға шапқан?


Асауды құрығынан кім босатқан?
Түйілген түлкіге бұл қыран емес,
Ұлым ба, қапы қалған сол қашақтан?

Не дейді, тақтай мынау дірілдеген?


Жасағым қайда қалды дүбірлеген?
Қаңтарып ханзаданы жапан қырға,
Қияға құлдыратты күйін неден?»

Хан солай көз алартып түйілгенде,


Киіктей күй де қашты қиыр белге,
Күйшінің шапшаң қолы қалбалақтап,
Ұқсады дауыл қаққан тиірменге.

Сол күйден тарылғандай тыныстары,


Жарқ етті жендеттердің қылыштары.
Хан басын шайқап қалды, жым-жырт
Қақшиып қайта қатты, тыныш бәрі.


IV

Шанағын Тыма тағы қамшылады,


Күй емес, шекті бойлап аң шұбады.
Қуғыншы қалмағандай қыр соңынан,
Сорғалап мандай тері тамшылады.

Шектерден қашып бір кез хауып кетті,


Құлан күй енді қайда ауып кетті?
Елігіп айқай-сүрен әуендерге,
Қиялға мініп хан да шауып кетті.

Мейлі күй, екпіндесе еру бермей,


Шертілген мынау өзі шеру нендей?
Жорығы ханзаданың шығар сірә,
Көңілді жазып кетті серуендей.

Күй ме сол, жылжып көшсе керуендей?


Аңқы, күй, адырларға өріп желдей!
Жаны шат шабуылға, дүрбелеңге,
Хан сондай ерен сазға ерігендей...

Көтеріп құйын оны әкеткендей,


Сәйгүлік ақты қайда жетек бермей?
Кеткенде долданып күй, састы күйші,
Алдында құлан тулап, жер тепкендей.

Тұлпары жауды сезіп пысқырғандай,


Саятшы қыран жауып құс қырғандай.
Екі шек шегіншектеп безілдеді,
Қамыстар сырнай тартып ысқырғандай.

Әлекке сорлы күйші түсті қандай?


Қияға ұшты неге күшті жандай?
Шер көлін шағаладай сабаласа,
Қанатын қара жерге құштырғандай.

Бармағын сәл бір сәтке бұрып қалды,


Күй сыңсып көл бетінде тұрып қалды.
Шоқаңдап құлан келді қиялына,
Ажалы ханзаданың ырықты алды.

Көзіне бұлдырады арда құлан,


Күрсінді айрылғандай ардағынан.
Тулап жүр асау шіркін қырда жүйткіп,
Құтылмай ханзаданың қармағынан.

Әңгүдік хан баласы екіленген,


Еліріп көк долыға өкім берген.
Құйындай құлан тулап қу жапанда,
Құдиып қашқан қасқыр секілденген.

Далаңда, ханның ұлы даңдақтаған,


Асаудың қатерін де аңдатпаған.
Кездесіп тағы құлан тобырына,
Айнала болды бейне аң қаптаған.

Тістелеп әңгі айғыр бүйірінен,


Құландар кісінескен үйірімен.
Алақтап ханның ұлы жалын құшып,
Асықтай ат үстінде иірілген.

Әңгісі тағылардың аузын ашты,


Саяққа адам мінген азу басты.
Садағын калды соған сілтеп нөкер,
Тимеді нысанаға, жазым басты.

Сұм жебе қадалғанда тілерсекке,


Ат-құлан шыға қалды орғып шетке.
Құлындай даусы шығып шұрқыраған,
Құтырған аңдай мөңкіп, қарғып көкке.

Үйірін құландардың бықбырт басты,


Бөріден бөрліккендей үркіп қашты.
Ақсаңдап ат-құланы арт жағында,
Белеске аяқ қанын бүркіп қашты...

Содан соң не деп еді нөкерлері?


Күйшінің үреймен сол бөгелгені.
Кетіпті ханзаданы құлан жаншып,
Өлігі елестеді белеңдегі.


* * *

Күйшінің көзі шығып шарасынан,


Сескеніп жүрегі де аласұрған.
Күрсініп күймен баяу ырғалғанда,
Саусақтың қан сезілді арасынан.

Кетірді сол бір сарын есін неге?


Тылсымның енді сыры шешіле ме?
Шешен күй шырқап кетсе ажал жырын,
Жазықсыз жұмбақ тілі кесіле ме?

Қаһарлы қасын қағып хан қарады,


Селк етті күйші, қолы жорғалады.
Күй шіркін құл емес қой көгендеулі,
Тасыған өзендей ғой арнадағы.

Жаңбырдай ексімдеген, еселеген,


Тұсаудан ағытылды нөсер әуен.
Құландай тулап шықты домбырадан,
Долы күй, адуынды әсерменен.

Құдды күй алампұрыс асау мінді,


Артына қалдырғандай жасауылды.
Бүйректей бүулкілдеді бармақтары,
Екпіні көк дауылдай басар кімді?

Жошы емес, енді күйші хан секілді,


Шек емес, шаң тулатып аң секірді.
Қу тиек қалтырады рахым тілеп,
Телегей тасқындағы жан секілді.

Екі шек жын қаққандай безілдеді,


Сәуегей шертер екен кәзір нені?
Жошы хан шошығандай дүбірінен;
Үрей мен ашу қашты көзіндегі.

Сескеніп сүйенді хан асасына,


Хан тағын асау құлан басасың ба?
Тепкендей ақсақ құлан ақ орданы,
Ханзада тығылғандай тасасына.

Ызамен шерлі күйші еркіндеген,


Бебеуге басты міне шертілмеген.
Сынғандай бас бармағы шек ыңырсып,
Пернеден зар қағылды енкілдеген.

Жаңбырдай сұрғылт бұлттан сорғалаған,


Сарнау күй төгілгендей cap даладан.
Аттан сап аңыраған аза келді,
Ордаға хан түнерген, сор қамаған.

Қабырдан үн шыққандай қараңғыда,


Қыраны қайғы торға қамалды ма?
Жорғалап маңдайынан торғай тамшы,
Күйші де алабұртты хан алдында.

Аза-мұң күңіреніп пернесінде,


Ашылды ажал сұмның пердесі де.
Жаралы қызғыш құстай күй шырылдап,
Қадалды ханның шерлі кеудесіне.

Ах! – деп хан, баласының сорын білді,


Жер соқты, ағаш аса омырылды.
Тағынан хан құлады, өре тұрды,
Өкіріп ордадағы обыр күллі.

Ханзада күйрегендей күй үзілді,


Ордаға құрғыр шектер үйді зілді.
Оқ тиген жолбарыстай хан жұлқынып,
Алтын тақ айбат шеккен үй бұзылды.

– Күй емес, алдияр хан зар тыңдады,


Сұм күйші шертті өлген жан туралы!
Тымаға төнді солай жендеттері,
Үстінде ақ алмастар жарқылдады.

Артында қалдырды да күй куәсін,


Үнсіз ол селебеге иді басын.
Наркескен таянғанда тамағына,
Хан байқап, қағып қалды қырғи қасын.

Аюдай атып тұрды ыңыранып,


Әпсәттә хан қаһары ырық алып.
Шарг етіп алдаспанға тиді қолы,
Ашумен тікен түкті түрі жанып.

Сырылды айбатынан жендеттері,


Ұсынды басын күйші, селк етпеді.
Қағылар басы кәзір, ұмытты оны,
Есінен еңіреген ел кетпеді.

Көзіне Елікжаны елестеді,


Соңғы рет қоштаспады, кеңеспеді.
Дариға, мынау күйін жеткізгендей,
Ордадан қырға неге жел еспеді?

Жан бар ма елер енді мұңды сөзін?


Тағдырға иді басын, жұмды көзін.
Қолынан домбырасын жұлды біреу,
Қалдырып өлі жандай үнсіз өзін.

Біреудің қашалды ма әлде тісі?


Кетті ме араласып ой мен түсі?
Шекесі ойылды ма әлдекімнің,
Қасында құшырланған қандай кісі?

Кекті хан кімнің басын кесіп жатыр?


Өзі сау, жинағандай есін пақыр.
Қараса көзін ашып, хан семсермен,
Шанағын домбыраның тесіп жатыр.

Аңырып нояндары қайран соған,


Жошы еді талай елді ойраңдаған,
Қалайша бұл күйшінің басын қақпай,
Семсері бұған неге қайралмаған?

Тиектің тұсын ойып кесіп алды,


Хан неге домбырадан өшін алды?
Өлімді кім естіртсе, соның тілін
Кесемін деген сертін есіне алды.

«Cop күйші сөйлеген жоқ тілмен әсте,


Ол емес, аза төккен күй емес пе?
Желауыз домбыраның көмейіне,
Жендетім, қорғасын күй, тілін кес те!

Күйшіні босатыңдар, кетсін аулақ.


Тағы да шерді төгер тентек саусақ.
Жөнелсін күйін шертіп, қырға кетсін,
Ұлымның қасіреті шектен саулап.

Қырамын, құландардың жоям бәрін,


Амалсыз жорығымнан аялдадым.
Әскермен аттанамын жапан дүзге,
Садақты кезеніңдер, нояндарым!»

Хан солай әмір етті қан түкіріп,


Әпсәтте аулақ қырға ауды бүлік,
Ақырды, ұлдың кегін аламын деп,
Арқада енді жұрттай аңды қырып.


V

Сайхұнның көп сарғайған жиегінде,


Жетті ме жебеу болған күй еліне?
Құшақтап домбырасын Тыма келді,
Сыйынып күй – атаға, киеліге.

Қамырық еңсерді ме елін мүлде?


Егіліп жүр ме жылап Елігі де?
Өзеннің жылау тұнған жағасына,
Сағынып сабаз күйші келді, міне.

Хан емес, кегін оған көрқау кешті,


Сол бір сәт төнген қатер тарқап, өшті.
Өлімі емес енді ханзаданың,
Еркін күй даласында дарқан есті.

Күй кезді жас төгілген жыраларды,


Зар шыққан сұламаға Тыма барды.
Аяу күй әлди қағып аймалады.
Сәбилер шырылдаған тына қалды.

Жер шөлін қандырғандай жауын басып,


Кеткендей жел тұманды жарып ашып.
Аналар босап құшты бөбектерін,
Енесін тапты төлдер жамырасып.

Әулие, абыз күйдің құдіретімен,


Шешілді қызыл тілдер күрметілген.
Сайхунның жағасында, кешке жақын,
Жиналды, жөңкілген жұрт қыр бетінен.

Жүректер жылынғандай кеткен мұздап,


Көрісті күйшіменен күткен ұзақ.
Тәңірдің үні тербеп үзілді ме,
Бұлбұлдың қанатынан тұтқан дұзақ.

Қыран күй, қанаттанып ұшарында,


Кім екен, енген еркін құшағына?
Асылды иығына ерке Елік,
Егілген, елдей батып құса-мұңға.

Жары да, домбырадан киелі ме?


Ұқсайды жүрегінің тиегіне.
Мінгізген құлан күйге сол емес пе,
Тыма мәз, қайта-қайта сүйеді де...

Ойлады, енді халық есі кірген,


Хан қалай босатты деп кешіріммен?
Сиқырын домбыраның естігенде,
Сүйді жұрт, хан қашаған тесігінен.

Сайхұнның самалындай жан сағынған,


Жауындай, ая тапқан аңсарынан.
Тартшы деп сол күйіңді ханды жеңген,
Күйшінің сүйді халық саусағынан.

Қалжырап қалың бұлтқа ай батқанда,


Түнекпен хан ордасын сай жапқанда,
Әскердей шеру тартып жөнелді күй,
Қаһарын шерлі жұрттың айдап ханға.

Қосылып күйдің сазын қурай қақты,


Құба тал сол сарынды сырнайлатты.
Нәлетін айтып ханға аза салған,
Құландай елдің кегі тулай шапты...

Жошының қысымынан қақсап туған,


Күй шықты ереуілді аңсап қырдан.
Садақтай саусақ тиіп шерлі шекке,
Жапанға жортып кетті «Ақсақ құлан...»
ЭПИЛОГ

Тәңір ғып дүлей күштің құдіретін,


Өтті ме Жошы солай құрып өкім?
Білер ең, аталардың әуселесін,
Ақтарсаң ажымдалған қырдың бетін.

Басынан талай қара бұлт ауған,


Қария Хантауы мен Ұлытаудан,
Көресің обалар мен ұраларды
Белгі боп қалған бізге бүлік жаудан.

Түсіріп еске сонау аза күнді,


Обалар бөгер сенің назарыңды,
Баяғы орлар бұлдыр аңыз айтып,
Шежіре жырау тағы жазар жырды.

Үндесіп ұмытылған ел кешегі,


Ұрадан күбір қағып жел еседі.
Көрсетіп обаны бір көне жырау,
Кездескеи жолаушымен кеңеседі...

Сонау күй жұрт жүрегін елжіреткен,


Кетіпті ашындырып елді кекпен.
Жошының қарғыс айтып қаһарына,
Бүлгін ел бұлқыныпты еркі кеткен.

Алуға ұлдың өшін аңды қырып.


Қиянға аттаныпты хан құтырып.
Құдиған құландарды қырамыз деп,
Қалың қол садақ тартып, салды құрық.

Хан, құлан оралсын деп аран құрған,


Тоқтай ма құйындаса боран қырдан?
Ұстатпай жон тағысы шаңынан да,
Сан жасақ қайтқан босқа қараң құмнан.

Ашумен хан әскерін жазғырыпты,


Жұртына жасағандай аз бүлікті,
Қуылған құлан сонда құласын деп,
Жапанға ұзын орды қаздырыпты.

Қайран ел талықсыды орды қазып,


Ор емес, өздеріне көрді қазып.
Аңқасын алау қақтап, арыды жұрт,
Құмына талай жанды көмді жазық.

Көрінбей құландардың шоқырағы,


Жошы жан жортып қырда ақырады.
Құлан бар деп естіпті қиян қақта,
Аң толған қалың қопа атырабы.

Хан соған жалғыз өзі жөнеліпті,


Артынан ізін қуып жел еріпті.
Жолынан Жошы қайтып келмеген соң,
Жан-жаққа жасауылды жіберіпті.

Адасып ханның солай қарасынан,


Нояндар қырды шарлап аласұрған.
Ұлындай жоғалған хан жатыр өлі,
Тауыпты қалың қамыс арасынан.

Кім екен, жаншып кеткен айдаһарды?


Қалайша ойран болды хан қаһарлы?
Жасырды жер де, жел де өлімді сол,
Хан емес, обада бір қаңқа қалды.

Ұлысқа, арқадағы қылмыс таңған,


Жұрт соны жасырыпты Шыңғыс ханнан.
«Жошыны өлтіріпті батыр қыпшақ», –
Деп лебіз жеткен бізге жыл құстардан.

Ер шығар, кім болса да сол ашынған,


Ел шығар, ашындырған сор ашудан.
Күйшідей кекті қуған сабазды сол,
Көтер жыр, көне құмның арасынан!

Бейнесін сол батырдың қала, шыңға,


Таңырқап тарих соған қарасын да.
Шыңғысты тітіренткен кекшіл ата,
Қалайша жыр болмайды даласында?

Жошыдан даламызда қалған мұра,


Хантаудың төңірегі толған ура.
Жасырған хан қаңқасын оба ғана,
Белгі жоқ одан қалған, бәрі адыра...

Күй қалды, күйші тірі осы маңда,


Құйындай қырда құлан жосығанда,
Теңселтіп хан обасын жортады күй,
Сабаздай садақ тартқан Жошы ханға...

Солай бір кәрі жырау шертті маған,


Аңызды жер сақтаған, жұрт тыңдаған.
Мүсірке мұңды сонау шежіреңді,
Бұл күнде қуанышқа, құтты далам!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет