Дәнекер (тірек-трофикалық немесе ішкі орта) ұлпалары Дәнекер (ішкі орта) ұлпалары



бет3/20
Дата06.01.2022
өлшемі274,5 Kb.
#14498
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Байланысты:
Дәнекер ұлпалары

Лейкоциттержануарлар организмінде қорғаныс (бөгде денелер мен бактерияларды фагоцитоз арқылы жою, олардың уларын бейтараптандыру, торшалық және гуморальдық иммунитеттерді қалыптастыру) қызметін атқаратын және әр түрлі жарақаттан кейінгі қалпына келу процесін реттеуге қатысатын қанның ақ торшалары. Қандағы лейкоциттердің саны эритроциттерге қарағанда әлдеқайда аз, 1 мкл қанда мыңдап саналады. Қалыпты жағдайда (норма) орта есеппен жылқыда – 7-12, сиырда – 4,5-12, қойда – 6-14, шошқада – 8-16, итте – 8,5-10,5, тауықта – 20-40 мың лейкоцит болады. Қандағы лейкоциттер санының көбею процесін лейкоцитоз дейді. Қалыпты жағдайда лейкоцитоз жас төлдерде болады. Ол ас қорыту процесінің белсенді жүруі кезінде де байқалады. Лейкоцитоз көп жағдайда патологиялық процестер кезінде және жануарлар организмдерінің әр түрлі аурулар қоздырғыштарына қарсы күресуі кезінде де өрбиді. Лейкоциттер қан жасау мүшелерінен қанға өткеннен кейін, қан айналымында бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін болып, өздерінің тиісті қызметтерін бенсенді атқару үшін, қан арнасынан қоршаған ұлпаға (негізінен борпылдақ дәнекер ұлпасына, одан соң басқа ұлпаларға да) өтеді. Лейкоциттер – қозғалмалы қан торшалары. Олар плазмолемма астындағы актин микрофиламенттері кешенінің арқасында қозғалысқа келетін жалғанаяқтарының көмегімен, капиллярлар эндотеициттерінің аралығындағы саңылауға сәйкес пішінін өзгерте отырып қозғалып, негіздік жарғақ арқылы қоршаған борпылдақ дәнекер ұлпасына өтеді. Лейкоциттердің ядролары болады, органеллалары өте жақсы жетілген. Олардың цитоплазмасындағы дәншелердің болу-болмауына байланысты лейкоциттер: гранулоциттер (дәншелі) және агранулоциттер (дәншесіз) болып екі топқа бөлінеді. Гланулоциттердің ядролары сегменттерге (бөлімдерге) бөлініп тұрады. Сондықтан, оларды сегментті ядролы лейкоциттер деп те атайды. Дәншелерінің боялу сипатына қарай гранулоциттер: нейтрофилдер, эозинофилдер, базофилдер болып үшке бөлінеді. Нейтрофилдер цитоплазмасындағы майда дәншелер қышқылдық және негіздік бояулармен қызғылт түске, эозилофилдердің ірі дәншелері қышқылдық бояулармен қызыл түске, базофилдердің дәншелері негіздік бояулармен көгілдір түске боялады. Агранулоциттердің ядролары сегменттерге бөлінбейді. Агранулоциттерге: лимфоциттер мен моноциттер жатады. Қандағы лейкоциттер санының өзара пайыздық ара қатынастарының көрсеткішін лейкоциттер формуласы деп атайды. Жануарлардың түріне, тұқымына, жасына, жынысына байланысты лейкоциттер формуласының көрсеткіштері тұрақты болып келеді. Көрсеткіштердің бұзылуы белгілі бір ауруларға тән құбылыс. Сондықтан, лейкоциттер формуласын анықтаудың ветеринариялық практикадағы маңызы зор.

Нейтрофилді гранулоциттер – хемотаксис (химиялық факторларға жауап беру) қасиеті жақсы жетілген қозғалмалы торшалар. Жануарлар организміндегі фагоцитоз процесіне белсенді қатысуына байланысты нейтрофилді гранулоциттердің И.И.Мечников микрофагтар (ұсақ обыр торшалар) деп атаған. Олар қан айналымында бірнеше сағат қана болады. Одан соң, олар организмге сыртқы ортадан енетін экзогенді (бактериялар мен вирустар бөлетін заттар) және организмнің өзінің ішінде пайда болатын эндогенді (өлген лейкоциттер мен ұлпалардың ыдырау өнімдері) факторлардың әсеріне байланысты жедел қан капиллярларынан қоршаған дәнекер ұлпасына өтеді де, жалған аяқтарының көмегімен қозғала отырып, әсер етуші факторлар немесе қабыну аймағына барып, фагоцитез (бөгде заттарды қармап, цитоплазмасындағы ферменттердің көмегімен оларды қорытып жояды) процесіне қатысады. Фагоцитез кезінде өлген нейтрофилдер мен қабыну аймағындағы ұлпалардың ыдырау өнімдерінен ірің түзіледі. Нейтрофилді лейкоциттер: сегментті ядролы, таяқша ядролы және балғын нейтрофилдер болып үшке бөлінеді. Нейтрофилдер орта есеппен лейкоциттердің жалпы санының 65-70%-ын құрайды. Олардың 60-65%-ы сегментті ядролы нейтрофилдердің орташа диаметрі 9-12 мкм. Олардың ядролары бір-бірімен жіңішке мойыншықтар арқылы жалғасқан 2-5 бөліктерден (сегменттерден) тұрады. Нейтрофил цитоплазмасында табиғаты екі түрлі: ірі азурсүйгіш (20%) және майда арнайы (80%) гранулалар болады. Азурсүйгіш гранулалар – лизосомалар. Қармалған фагосомаларға (бөгде заттар, бактериялар т.б.) алдымен арнайы гранулалар ферменттері – сілтілі фосфатаза әсер етеді. Одан соң азурсүйгіш гранулалардың гидролаза (еріткіш) ферменттері оларды толығымен қорытады. Таяқша ядролы нейтрофилдердің үлесіне 3-5% тиеді. Олардың ядроларының пішіні имек таяқ тәрізді болып келеді. Ал балғын нейтрофилдер қалыпты жағдайда тым сирек кездеседі (0,5%), ядроларының пішіні лобия тәрізді. Қандағы таяқша ядролы және жас (балғын) нейтрофилдер санының көбеюі – организмдегі қабыну процестерінің күшейтіп, малдың ауруға шалдыққанының белгісі.

Эозинофилді гранулоциттер – хемотаксис (антидене, гистамин, ұлпа базофилі – лаброциттер бөлетін майда молекулалы факторлар) қасиеті жақсы жетілген, ірі дәншелері эозин бояуымен айқын қызыл түске боялған, қозғалмалы торшалар. Эозинофилдер лейкоциттердің жалпы санының 2-12%-ын құрайды. Олардың орташа диаметрі 12-18 мкм, ядроларында 2-3 сегмент болады. Нейтрофилдермен салыстырғанда эозинофилдердің қимылы енжарлау келеді және фагоцитоздық белсенділігі де төмен. Эозинофилдер түйіршіктерінің ферменттері қабыну аймағындағы гистаминді бейтараптандырып, антигистаминдік қызмет атқару арқылы қабыну процесінің тоқтауына көмектеседі. Паразит аурулары (фасциолез, эхинококкоз т.б.) кезінде эозинофилдердің саны қанда көбейіп (эозинофилез), олар организмдегі антипаразиттік иммунитеттің қалыптасуына ат салысады.

Базофилді гранулоциттер – жануарлар қаны лейкоциттерінің жалпы санының 0,5-2% құрайды. Ал бұл көрсеткіш құста – 3-4%-ға, қосмекенділерде - 20%-ға тең. Базофилдердің қан жағындысындағы диаметрі 10-12 мкм, олардың ядроларында да аздаған сегменттер болады, пішіні көбіне иілген таяқ тәрізді болып келеді. Базофилдердің сыртқы бетінде Е иммундыглобулиндерімен байланысатын арнайы рецепторлар бар. Антиген мен антиденелердің әрекеттесуінен түзілген кешендер, базофилдер дәншелерінің бұзылып, одан гистамин мен гипариннің бөлінуіне әсерін тигізеді. Базофилдер иммунологиялық реакцияларға қатысып, жануарлар организмінде аллергиялық реакциялардың өрбуіне әсер етеді.

Мопоциттер қан жағындысындағы диаметрі жағынан ең ірі лейкоциттер жатады. Олардың орташа диаметрі 18-20 мкм, йитоплазмасы көгілдір сүр түске боялған, ядросының пішіні көбіне лобия тәрізді болып келеді. Ядроның шеткі жағында хроматиндер жиынтығы мен бір немесе бірнеше ұсақ ядрошықтар орналасады. Моноциттер қандағы лейкоциттердің жалпы санының 1-8%-ын құрайды. Цитоплазмасында лизосомалар, пиноцитоз көпіршіктері, Гольдж кешені, майда митохондриялар мен азурсүйгіш гранулалар жақсы жетілген. Моноциттер қызметі жағынан нейтрофилдерге ұқсас, яғни олар фагоцитоз процесіне белсене қатысады. Қандағы моноциттер – ұлпалар мен мүшелердегі макрофагтардың (ірі обыр торшалар) бастамасы. Олар жануарлар организмдерінің қан айналымында 12-36 сағат болғаннан кейін, қан капиллярларынан қоршаған ұлпаларға өтіп, қозғалмалы немесе тұрақты макрофагтарға айналады. Макрофактардың цитоплазмасында дизосомалар мен фагосомалар дамып жетіледі. Организмдегі иммундық қабыну реакциясы кезінде моноциттер қаннан ұлпаларға көпкеп өтеді. Әсіресе, бұлар созылмалы қабыну ошағында организм үшін көптеген пайдалы қызметтер атқарады.

Лимфоциттер – организмдегі иммунологиялық реакцияларға қатысатын торшалар. Мөлшеріне байланысты олар кіші (диаметрі 4,5-6 мкм), орташа (7-10 мкм) және үлкен (10 мкм-нен жоғары) лимфоциттер болып үш топқа бөлінеді. Жануарлардың түрлеріне байланысты лимфоциттердің лейкоциттер арасындағы алатын үлесі түрліше болып келеді. Мысалы, жалқы мен шошқада 20-40%, күйісті жануарларда 40-65%. Дөңгелек пішінді лимфоциттердің ірі ядролары дөңгелек немесе лобия тәрізді болып келеді де, цитоплазмасы жіңішке белдік тәрізді ядроны сыртынан қаптап жатады. Кейбір лимфоциттер цитоплазмасында аз мөлшерде азурсүйгіш түйіршіктер кездеседі. Лимфоциттер шығу тегі мен қызметіне байланысты Т-лимфоциттер тимустан қанға өтіп, қан арқылы одан әрі жетіліп көбеюге шеткі қан жасау мүшелері – көкбауыр мен лимфа түйіндеріне қоныс аударып, Т киллер, Т хелпер, Т супрессор лимфоциттеріне айналады. В лимфоциттер көкбауыр мен лимфа түйіндерңнде көбейіп жетіледі де, плазмобласттарға және плазмоциттерге айналады. Т киллерлер (өлтіргіштер) организмдегі торшалық (клеткалық) иммунитетке жауапты. Олар организмге түскен бөгде антигендерді және дененің өзінің ішіндегі қызметін тоқтатып, істен шыққан торшалар мен олардың бөліктерін фагоцитоз арқылы жояды. В лимфоциттерден жетілген әсерлі торшалар – плазмобласттар мен плазмоциттер түрлі аурулар қоздырғыштарына қарсы антиденелерді түзіп, организмнің ішкі сұйық ортасына (қан, лимфа, ұлпа сұйығы) шығару арқылы жануарлар организмдеріндегі гуморальдық иммунитетті қалыптастырады. Сондықтан, В лимфоциттерді денедегі сұйықтық иммунитетке жауапты деп санайды. Т хелперлер мен Т супрессорлар өздері бөлетін лимфокиндері арқылы В лимфоциттердің әсерлі топтары (эффекторлы популяциялары) – плазмобласттар мен плазмоциттердің иммунды глобулиндерді синтездеу қызметтерін реттеуге қатысады. Т хелперлер плазмобласттар мен плазмоциттердің қызметін күшейтіп, сұйықтық иммунитеттің белсенділігін арттырады, ал Т супрессорлар олардың жұмысын баяулатып, аталған иммунитеттің белсенділігін төмендетеді. Жануарлар организмдеріндегі кіші лимфоциттердің 70%-ы Т лимфоциттер. Олар жануарлар организмінде ондаған жылдар бойы қызмет атқарады, ал В лимфоциттердің қызметі апта және аймен өлшенеді.

Қан табақшалары (тромбоциттер) – сүтқоректі жануарларда көп ядролы мегокариоциттер торшалары цитоплазмасының бөлікшелері. Сондықтан, қан табақшаларында (қан пластинкаларында) ядро болмайды. Олардың 1 мм3 қандағы саны 200-400 мыңдай, ал мөлшері 2-5 мкм. Боялған гистологиялық препараттарда қан табақшаларының орта шешінде негіздік бояулармен метахромды (көкшіл түске) боялған дәншелер жиынтығы көрінеді. Бұларды хромомерлер немесе грануломер деп атайды. Электронды микроскоппен зерттеу арқылы қан табақшаларының шеткі беттерін сыртынан гликокаликпен қапталған жарғақтар шектеп жататындығы анықталды. Басқа торшалардағыдай қан табақшалары жарғақтарының астында қимыл-қозғалыстарды іс жүзіне асыратын актин микрофиламенттері мен микротүтікшелері жарғаққа параллельді орналасады. Қан табақшаларының ішкі жағындағы грануломер аймағында екі түрлі дәншелер болады. Олардың тығыз дәншелері: АТФ-тен, серотониннен және катехоламиннен, ал екінші дәншелер түрі лизосомадан тұрады. Бұлардан басқа бұл аймақта бірнеше митохондриялар кездеседі. Ал қан табақшаларының шеткі аймақтарында, олардың сыртқы бетіндегі жарғақтардың ішке қарай үңги еніп жасаған салыстырмалы кең қуысты өзекшелерден басқа ешқандай құрылымдар көрінбейді.

Лимфа немесе сөл (лат. Lumpha – таза су, ылғал) – лимфа айналым жүйесінде үздіксіз қозғалыста болатын тірі сұйық ұлпа. Ол лимфо-плазмадан және формалы элементтерден тұрады. Торшаларының 98%-ы лимфоциттер, қалғандары моноциттер мен эритроциттер. Лимфо-плазманың қан плазмасынан айырмашылығы, оның құрамында белоктар аздау болады. Олардың ішінде альбуминдер глобулиндерге қарағанда көбірек болады. Ал ұю процесіне қатысатын фибриноген де кездеседі. Лимфоплазманы қаннан капиллярлар қабырғалары арқылы қоршаған ұлпаларға сүзіліп шыққан ұлпа сұйығы түзеді. Ұлпа сұйығында қалыпты жағдайда торшалар болмайды. Ұлпа сұйығы ұлпалардағы торшааралық саңылаулардан, қан тамырлары мен жүйкелер маңындағы кеңістіктерден, ішек-қарын кілегейлі қабықтарындағы түтік тәрізді тұйық қойнаулардан, ми және ми қабықтарындағы, көздегі және құлақтағы, буындағы, сірлі қабықтардағы, синовиальды қапшықтар мен қынаптардағы қуыстардан лимфа капиллярларына өтеді. Лимфа капиллярлары бір-бірімен қосылып, лимфа түйіндеріне қарай бағытталған әкелгіш лимфа тамырларында ағып, үздіксіз қозғалыста болатын ұлпа сұйығын шеткі лимфа деп атайды. Лимфа түйіндеріне дейінгі шеткі лимфада торшалар болмайды. Ол тек лимфоплазмадан тұрады. Шеткі лимфа лимфа түйіндерінен ағып өткен кезде, оның құрамына лимфа түйіндерінен пісіп жетілген лимфоциттер мен иммунды глобулиндер еніп, нағыз лимфаға айналады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет