Дәріс 14 Дәрумендер Витаминдер дегеніміз - азық-түлік өнімде-рінде, жем-шөпте шағын мөлшерде ғана кездесе-тін, ал адам мен жануарлар организмінде бірқалыпты тіршілік үшін өте қажет төмен моле-кулалы органикалық заттар.
Н. И. Луниннің ғылыми жұмысына дейін (1880 ж.) қорек үшін бес түрлі ғана зат - белоктар, майлар, көмірсулар, минералдық тұздар және су қажет деген пікір қалыптасқан еді. Ал үнемі тамақтың бір түрімен ғана қоректену, сондай-ақ ұзақ уақытқа созылған саяхат кезінде адамдарда ұшырасатын бірқатар сырқаттардың қоректе кейбір заттардың жетіспеуінен болатыны белгілі болды. Мысалы, Европа мен Индия арасында теңіз жолын алғаш ашқан Васко да Гама экспедициясына бастапқы қатысқан адамның саны 160 шамасындай болатын. Екі жылға созылған саяхаттан кейін солардың 55 адамы ғана қайтып оралады. Жүзден астам теңізші жолда құрқұлақ (діңгене) ауруынан мерт болады.
Азық-түлігінде жүгері өнімдері басым болатын кейбір елдерде (Италия, т. б.) пеллагра деген ауру таралған, ондай сырқат кезінде дененің ашық жері, терісі қабынып ауруға (дерматит) ұшырайды. Ал негізгі қорегі күріш дақылы болып табылатын Азия елдерінде бери-бери (салдану) деген ауру кездеседі. Мұндай ауру кезінде жүйке тармақтары қабынады да, қол-аяқ тырысып қалады. Мұндай сырқат әсіресе күрішті машинамен өңдеп, ақтау тәсілдерін енгізу салдарынан көбейіп кетті.
Осындай жағдайлар және өмірде байқалған басқа да мысалдар қоректік азық-түлікте тіршілік үшін маңызды басқа да заттар болуы тиіс деген ой тудырады. Орыстың ғылыми дәрігері Н. И. Лунин ақ тышқандармен тәжірибе жасап, оларды тек белоктармен, майлармен, көмірсулармен, тұздармен және сумен ғана қоректендіру бірқалыпты тіршілік үшін жеткіліксіз екенін ең алғаш дәлелдеді. Құрамында жоғарыда аталған бес түрлі зат бар жасанды сүт ішкен тышқандар өліп қалады. Ал сиырдың табиғи сүтін ішкен тышқандар қалыпты тіршілік етеді. Осы тәжірибеден Н. И. Лунин мынадай дұрыс қорытынды шығарды: «...жоғарыда аталған тәжірибенің нәтижесіне қарағанда, белоктармен, майлармен, қантпен, тұзбен, сумен ғана қоректендіріп тіршілікті қалыпты қамтамасыз етуге болмайды екен және табиғи сүт құрамында казеин, май, сүт қанты және тұздан өзге, тіршілік үшін аса қажетті, ауыстырылмайтын басқа заттар да бар болуы тиіс. Осы заттарды зерттеу және олардың қоректік бағасын анықтаудың маңызы зор».