Анаболизм(гректің аnа - жоғары деген сөзінен шыққан) - бұл белоктар, липидтер, нуклеин қышқылдарының және клетка мен ұлпадағы басқа да биомолекулалардың синтезі. Мұндай синтез катаболизм кезінде пайда болған заттардың есебінен іске асады. Анаболизм реакциялары кезінде АТФ молекуласының гидролиз процесінде босап шыққан энергия жұмсалады. Анаболизм процесі кезінде организмнің құрам бөліктері қалыптасады және жаңа бөліктер түзіліп жаңарады. Ал организмді тұтастай алып қарастыратын болсақ, ересек организмнің дене құрамы бірқатар уақыт бойы оншама өзгере қоймайтыны белгілі.
Клеткадағы катаболиздік және анаболиздік реакциялар бірінен-бірі тәуелсіз болады және бір мезгілде жүреді. Бұл екеуі зат алмасудың бір тұтастығын және оның мазмұнын көрсетеді. Бұл реакцияларды ферменттер катализдейді және оны эндокриндік жүйе мен орталық жүйке жүйесі басқарып, реттейді. Катаболизм және анаболизм нәтижесінде түзілетін қосылыстар метаболиттер немесе аралық өнімдер деп аталады. Катаболизм диссимиляция деп, ал анаболизм ассимиляция деп те аталады.
Қоректік заттардың катаболизмі және энергия бөлінуі Адамның қалыпты тіршілік әрекеті үшін энергия, ауыстырылмайтын амин қышқылдары, эссенциалды май қышқылдары, витаминдер, минералды заттар және су керек. Энергияны көмірсулар, майлар және аздап белоктар береді. Олар өте күрделі жоғарғы молекулалы қосылыстар, ферменттер әсерінен гидролизденіп, соңғы өнімдерге дейін ыдырайды және бос энергия бөлініп шығады. Олар кітаптың басқа тарауларында қаралады (гликолиз, лимон қышқылы циклымен тотығу, май қышқылдарының, амин қышқылдарының ыдырауы, биологиялық тотығу, тыныстану тізбегі, тотыға фосфорлану).
Негізгі қоректік заттар ыдырауының жалпы заңдылық жолдары қортынды түрінде 6.2. суретте көрсетілген. Схемадан көрінгендей әр түрлі энергиялық қосылыстардың молекулалары біртіндеп үш кезеңде ыдырайды және олардың бәрі бір ғана аралық зат ацетил-А-коферментін түзеді.
Ұсынылатын әдебиеттер: 1. Сеитов З.С. Биохимия. Алматы. Агроуниверситет. 2000.
2. Жеребцев Н.А., Попова Т.Н. Артюхов В.Г. Биохимия. Воронеж. Гос. Университет. 2002.
3. Кнорре Д.Г., Мызине С.Д. Биологическая химия. М.Вышая школа, 2003.