Дәріс 9: Пікірталас оқыту әдісі
1. Пікірталастың мүмкіншіліктері
2. Пікірталасты ұйымдастыру
1. Пікірталастың негізгі мақсаты – оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырып, тақырыпты терең меңгерту және оқушылардың мынандай қабілеттерін дамытады: шешендік дағдысын жетілдіру; талқы үстіндегі мәселеге сын көзбен қарау; талқыланып жатқан мәселені түсіну;ойландыру, ой-түрткі салу; фактілерді зерттеу, болжау, баға беру; жүйелеп сөйлеу; өз көзқарасын жүйелеп басқаларға дәлелдеу; өз бағытын дұрыс ұғыну; мәселенің өзектілігіне мән беру; пікір таласта екі жақтың ойын, көзқарасын жалғастырып, ұштастырып отыру; өз ойыңды анық, әсерлі, нақты түрде дәлелдеу; көп әдебиеттерді оқу; әдебиеттерден керектіні алуға қалыптасу; беделді әдебиеттерді пайдалан; кітапханаларда жұмыс істеуге дағдылану; қоғамның саяси дамуын түсіну; пікір таласында білімді жетілдіру, тереңдету; сайысқа қатысушыларды шыншылдыққа тәрбиелеу; сайыста идея қозғаған адамға құрметпен
қарау; идеяны теріске шығаруға нақты мықты дәлел қою; төрешіні өз көзқарасының
дұрыстығына сендіру; қарама-қарсы сұрақ қоя білу; уақытты тиімді пайдалану; мәселені қорытындылау және шешім жасай білу; мәселеге шығармашылықпен қарау.
Топтармен жұмыс жасау; дефинициялармен жұмыс жүргізу; көзқарасты ашық
айтуға қалыптасу; ашық қоғам құруға үлес қосу.
Пікірталастың бірнеше түрі болады:
1. Оқушылардың өздері өткізетін пікірталас. Мұнда жетекші деген болмайды. Бірнеше (әдетте, екі) топ тақырыпты өзара талқылайды. Әр топ кім сөйлейтінін, жауап беретінін сол жерде шешеді. Студенттердің арасынан құрылаған сарапшылар әр топқа сөз беріп, белгіленген уақыттан аспауын қадағалап отырады, соңында жауаптарды бағалап, нәтижесін жариялайды.
2. Жетекші оқушуның басшылығымен өтетін пікірталас. Пікірталастың басында бақылау және басшылық ету үшін жетекші студент тағайындалады. Ол пікірталастың тақырыбын жариялап, оны неліктен таңдағандарын, ма-ңыздылығын айтып, әр топқа сөз береді. Жетекші оқушы әр сөйлеушіден соң қарсыластарына «Осы қөзқарасты қолдайсыз ба?», «Сіз не ойласыз?», «Бұл пікірмен неліктен келіспейсіз?» деген сияқты сұрақтар қойып, сайысты қыздыра түсіреді. Әр мәселе талқыланып болғаннан кейін, нәтижесін айтып, соңында қандай шешім қабылдағандарын жариялайды.
3. Оқытушының қатысуымен өтетін пікірталас. Оқытушы алғы сөзінде пікірталастың тақырыбын, мақсатын айтып, әділқазылар алқасымен, қатысушылармен таныстырады. Мәселенің ұжымдық талқылануын, қарсы сөйлеушілер дер кезінде пікірімен бөлісуін, пікірталасушылар бір-бірінің сөзін бөлмеуін бақылайды. Оқытушы пікірталастың жақсы өтуі үшін тақырыпты хабарлаған уақыттан бастап, нәтиже
жарияланғанға дейін бәрін қадағалап отырады.
2. Пікірталасты ұйымдастырудан бұрын қатысушыларға мынандай ережелерді үйретіп қою керек:
1. Алдымен не туралы айтатыныңды дұрыстап ойлап ал. Ең бастысы – пікірің көпшілікті нандыратындай, қисынды, дәлелді болуы керек.
2. Айтысқан кезде қарсыласыңның сөзін, ойын бұрмалама.
3. Ең жақсы дәлел – нақты деректер. Әдебиетті дұрыс қолданып, оған сүйене біл.
4. Өз пікіріңді қорғаған кезде анық, нақты сөйле.
5. Қарсыласыңның пікірін сыйла. Егер көтерілген мәселе бойынша сенің пікірің дұрыс болмай шықса, жеңілгеніңді мойындай біл .
Пікірталастың тақырыбын алдын-ала, оқушылардың өздерімен бірге анықтап алған жөн. Берілген тақырып оқушылардың ойлауына қиындық туғызбайтындай, сөз сөйлеуіне кедергі келтірмейтіндей, керісінше оларды қызықтыратын, үйренген грамматикалық тақырыптарды, лексикалық материалды қолдануға, ізденулеріне мүмкіндік беретін болуы керек. Тақырып бойынша талқыланатын сұрақтар, пікірталастың мерзімі 1 апта бұрын хабарланады. Осы кезден бастап оқытушы міндетті түрде негізгі әдебиеттен басқа қосымша әдебиеттің тізімін де беріп қояды. Оқушылардың тақырыпты жақсылап зерттеп, кез-келген сұраққа жауап бере алатындай болып дайындалуын қадағалау мақсатында оқытушы олармен сабақтан тыс кезде де кездесіп, кеңесін беріп отыруы тиіс.
Пікірталасты өткізерде ескерілетін мәселелер:
пікірталасқа қатысатын топ мүшелері үш адамнан көп болмау;
топ мүшелерінің ерекшеліктеріне мән беру (оратор (шешен), сөз аптай білетін, ізденгіш, т.б.);
пікірталас уақытын белгілеу (студенттердің деңгейіне қарай); сөз сөйлеушінің уақытын алдын-ала белгілеу (5-6 минут);
айтылған пікірлерді дұрыс бағалай алатындай білімі бар әділқазылар алқасын немесе сараптаушылар (спикер) тобын құру (жақсы оқитын студенттерден де болады).
Негізгі ұғымдарға анықтама берудің маңызы өте зор. Сол арқылы ойыншылар
осы пікірсайыста қозғала алатын немесе қозғауға болмайтын мәселелер шеңберін анықтап алады. Анықтама берген кезде ойыншылар анықтаманың қайнар көзін (алынған
жерін), тіпті бетін көрсетуі тиіс.
Пікірталастың бір үлгісімен танысып көрелік: ойын барысын Премьер-министр, Үкімет мүшесі, оппозиция көшбасшысы, оппозиция мүшесі мен Парламент мүшелері арасындағы пікірталас арқылы жүргіземіз. Пікірталастың мазмұны: Үкімет заң жобасын ұсынады. Міндет: парламент мүшелеріне осы заң жобасын қабылдауды ұсынады. Оппозицияның міндеті: заң жобасының қабылдануын теріске шығару. Пікірсайыс басталмай тұрып, төреші топтарға жеребе тартқызып, олардың бағытын анықтайды (жақтау/даттау), осыдан кейін топтар дайындыққа 15 минут уақыт алады.
Төраға пікірталасқа қатысушылармен амандасады. Пікірталасқа қатысушылармен танысады (Топтардың атын, қатысушылардың аты-жөнін төраға парағына жазып толтырады). Төраға ортаға Премьер-Министрді өз кейсін таныстыруға шақырады, 7 минут уақыт беріледі. Төраға Премьер-Министрге алғыс білдіріп, ортаға оппозиция көшбасшысын шақырып сөз береді, 8 минут уақыт беріледі. Төраға оппозиция көшбасшысына алғыс білдіріп, ортаға Үкімет мүшесін шақырады. Берілетін уақыт – 8 минут. Төраға Үкімет мүшесіне алғыс білдіріп, сөз кезегін оппозиция мүшесіне береді (8 минут). Төраға оппозиция мүшесіне алғыс білдіріп, құрылымдық бөлімнің аяқталғанын айтып парламентке (көрермендерге) сөз береді. Өз ойын білдіремін деушілердің әрқайсысына 2 минут беріледі. Парламент мүшелерінің сөзінен кейін төраға оппозиция көшбасшысына сөз беріп қорытынды сөзінде жаңа аргументтерді енгізуге болмайтындығын ескертеді (4 минут уақыт беріледі). Төраға оппозиция көшбасшысына алғыс білдіріп, өз қорытындысын жасауға ортаға Премьер-Министрді шақырады. Премьер-Министрдің сөзінен кейін төраға қатысушыларға өткен дебат үшін алғыс білдіріп, ойын барысына қысқаша сараптама жасайды, бірақ нәтижелерді айтпайды. Осыдан кейін ойынға қатысушыларды дәстүрлі қол алысуға шақырады. Төраға төраға парағын толтырып, турнирдің бас төрағасына тапсырады.
Пікірталастың «еркін топ», рөлдік ойын, даңсыз талқылау, «лабиринт» әдісі, ашық талқылау, т.б. сияқты формалары бар. Кредиттік оқу жүйесінде бірнеше түрін біріктіріп немесе өзгертіп өткізуге болады.
Ең бастысы пікірталастың жай пікіралмасуға айналып кетпеуін қадағалап отыру керек. Егер оқытушы өз ісінің шебері болса, ол сабақта шәкірттерінің қойылған мәселе бойынша өз көзқарастарын ашық айтуына қолайлы жағдай жасай алады. Пікірталасты өткізу алдымен оқытушының өзіне үлкен жауапкершілік арттырады. Себебі пікірталас белгілі бір дайындықты қажет етеді: студенттердің тақырыпты терең меңгеруін, оларды қосымша әдебиетпен жұмыс істей алуына, сөз, пікірталас мәдениетіне үйрету, т.б.
Пікірталас барысын ешқашанда алдын-ала болжау мүмкін емес. Сондықтан оқытушы әр түрлі жағдайларға дайын болып, әбсәтте жарамды шешім қабылдап, студенттерін қажетті арнаға бағыттап отыруы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |