Қызыл балдырлар бөлімі (Красные водоросли) - Rhodophyta.
Жасыл балдырлар бөлімі (Зеленые водоросли) - Chlorophyta.
Хара балдырлар бөлімі (Харовые) - Charophyta.
Диатомды балдырлар (диатомовые водоросли) – Diatomophyta. Түрлерінің жалпы саны 6 мың шамасында болады. Бұлар микроскопиялық, өте ұсақ, бір клеткалы, кейде колония түзетін организмдер. Диатомды балдырлар барлық жерлерде кездеседі. Олар ащы және тұщы суларда, ылғалды топырақтарда, жар тастарда, ағаштардың діңдерінің қабықтарында және т.б. жерлерде өседі. Судың түбіндегі ұйық батпақтарда олар өте көп кездеседі. Диатомды балдырлардың клеткасының пектинді қабықшасына, сырт жағынан кремнезем (SіO2) сіңеді де, қорғаныш қызмет атқаратын "сауыт" түзеді. Ол бір-біріне тығыз болып киілген екі бөліктен: үстіңгі эпитекадан және астыңғы гипотекадан тұрады. Бұл бөліктің әрқайсысы екі жақтаудан тұрады. Олардың тікесінен қарағандағы жалпақ жақтарының шеттері аздап қайрылған, ал белдеу жағы жіңішке сақина тәрізді болып келеді. Эпитеканың белдеуі гипотеканың белдеуіне қарай тығыз болып жылжиды. Жақтауларында оларды тұтас тесіп өтетін тесіктері - поралары және бос қуыстары болады. Жақтауларының құрылысы алуан түрлі болып келеді және оның систематикалық тұрғыдан қарағанда маңызы зор.
Клетканың ішінде протопластпен вакуольдері орналасады. Ядросы біреу. Хроматофорасының түсі қоңыр, өйткені оның хлорофиллі қоңыр пигменттермен- каротиноидтармен және диатоминмен жабылып көрінбей тұрады. Артық қор заттары шыны майы, сонымен бірге валютин және лейкозин түрінде де жиналады.
Вегетативтік көбеюі протопластың митодикалық жолмен бөлінуінің нәтижесінде жүзеге асады. Осыдан кейін клеткалар бір-бірінен ажырайды да, әрбір протопласт жаңа гипотеканы өздері түзеді. Бұл жағдайда аналық клеткадан қалған гипотека жас клетканың эпитекасына айналады. Осындай бірінен соң бірі келетін бөліністердің сериясынан кейін особьтар біртіндеп ұсақтанады. Осындай особьтардың одан әрі ұсақтануына жыныстық процесс шек қояды. Бұл жағдай особьтардың санының артуына емес, олардың бұрынғы мөлшерінің (размерінің) қайтадан қалпына келуіне мүмкіндік береді. Жыныстық көбеюінің формасы алуан түрлі: ұсақтанған особьтар бір-бірімен жақындасады да жақтауларын тастап, шырышты сұйықтың ішіне енеді. Осындағы клетканың әрқайсысы редукциялық жолмен бөлінеді, нәтижесінде олардан төрт гаплоидты клетка - тетрада пайда болады. Әртүрлі тетрадалардың екі клеткасы бір-бірімен қосылады, ал қалған клеткалар жойылады. Зиготаны "өсу спорасы" (аукоспора) деп атайды. Одан мөлшері қалыпты жағдайдағыдай жаңа особь пайда болады. Диатомды балдырлардың өмірлік циклы диплоидты фазада өтеді. Диатомды балдырлардың шіріген қалықтарынан тау жыныстарының қалың қабаттары - диатомит және трепел пайда болған. Оларды жарылғыш заттар жасау өндірісінде - динамиттер жасауға, дыбысты және ыстықты изоляциялағанда, металлардың бетін тегістегенде, сүзгілер жасағанда қажетті материал ретінде пайдаланады.
Классификациясы. Диатомды балдырлар бөлімі мынадай екі кластан тұрады: пеннатталылар класы (Pennatophyceae), центрикалық диатомдылар класы (Centrophyceae). Бірінші класқа 4 қатар, ал екінші класқа 5 қатар жатады.
Бөлімнің негізгі туысының бірі пиннулярия (Pіnnularіa). Ол пиннаттылар класына жатады. Бұл судың түбіндегі ұйықта көп мөлшерде кездесетін, клеткасының формасы сопақтау, эллипс тәрізді, ұштары дөңгелектеніп келген, ал ортаңғы бөлігі жалпақтау болатын бір клеткалы балдыр. Клетканы бойлай тігіс (щель) өтеді, оның екі ұшында және ортасында түйін деп аталынатын, үш қалыңдаған төмпешік болады. Цитоплазмасыклетканың ішінде қозғалысқа келе отырып, тігіс арқылы сумен түйіседі, нәтижесінде пиннулярия су қабаттарында жылжып жүруге мүмкіндік алады. Пиннулярияның жақтауларында көптеген көлденең жолақтар болады, олар клетканың сыртындағы кремнеземның бірыңғай тегіс болып жиналмауының нәтижесінде түзілген. Клеткасында ядро, вакуоль және екі пластинка тәрізді, қоңыр түсті хроматофорасы болады.