Классификациясы. Қылқан жапырақтылар класы 7 қатардан тұрады. Олар мыналар: 1) вольцилар қатары (вольциевые -Voltzіales); 2) подозамиттер қатары (подозамитовые - Podozamіtales); 3) араукариялар қатары (араукариевые -Araucarіales ); 4) қарағайлар қатары (сосновые - Pіnales ); 5) кипаристар қатары (кипарисовые - Cupressales); 6) подокарпустар қатары (подокарповые - Podocarpales); 7) тиссалар қатары (тиссовые - Taxales). Олардың ішінде бұрынғы одақтас республикалардың территориясында үшеуінің (қарағайлар, кипаристер және тиссалар қатарлары), ал Қазақстанда тек екеуінің ғана өкілдері (қарағайлар және кипаристер қатарлары) кездеседі. Сондықтанда біздер осы Қазақстанда кездесетін қатарлармен шектелуді жөн көрдік.
Қарағайлар қатары (сосновые) – Pіnales. Қарағайлар қатары (сосновые - Pіnales) бір ғана қарағайлар (сосновые - Pіnaceae) тұқымдасынан тұрады. Бұл тұқымдаста 10 туыс, 250- дей түр бар. Аса кең тараған туыстарына мыналар жатады: май қарағай (пихта - Abіes), шырша (ель - Pіcea), бал қарағай (лиственница - Larіx), қарағай (сосна - Pіnus).
Май қарағай туысы (пихта- Abіes). Май қарағайдың дүние жүзі бойынша 40-тай түрі бар. Олар Солтүстік Америкада (15- түрі), Оңтүстік- Шығыс Азияда (7-8 түрі), Жерорта теңізі жағалауында, Орталық Европада, Кавказда және Гималай тауларында, Сібірде өседі. Май қарағайлар аса үлкен ағаштар, бұтақтары топтасып орналасады. Қылқаны жалпақ болып келеді және жалғыздан орналасады, оның төменгі жағында, көп жағдайда екі ақ түсті балауыздан тұратын жолағы болады. Аналық стробилі көп жағдайда тік орналасады, бір вегетациялық кезеңде пісіп жетіледі, содан соң шашылып түсіп қалып отырады.
Бұрынғы одақтас республикалардың флорасында май қарағайдың (пихта - Abіes) 9 түрі, ал Қазақстанда 2 түрі кездеседі. Сібір май қарағайы (пихта сибирская - A.sіbіrіca) бұрынғы одақтас республикалардың европалық бөлігінің Солтүстік шығысында, Батыс, Орталық және Шығыс Сібірде, Тува автономиялы облысында және Монголияда өседі. Үлкен алқапты қамтып орман түзеді. Тегістікте де, таулы жерлерде де өседі. Ағашы жұмсақ, құрлыс материалы ретінде де, әртүрлі бұйымдар жасауға да пайдалынады. Сонымен бірге оны қағаз өндірісінде шикізат ретінде пайдаланады. Қылқанынан лак жасауға қажетті эфир майы алынады. Жас бұтақтарында борнеол (камфара) болады. Май қарағай бальзамы жараны жазуға бірдер-бір қажетті дәрі. Ақ май қарағай (пихта белая - A.alba) бұрынғы одақтас республикалардың батыс аудандарында, Орта Азияның, Оңтүстік және Батыс Европаның тауларында 2 мың метр биіктікке дейін орман түзеді. Кавказ май қарағайы (пихта кавказская - A.nordmannіana) букпен қосылып Кавказ тауының батыс бөлігінде, тауларында 2 мың метр биіктікке дейін орман түзеді. Өте сәндік ағаш. Украина мен Белоруссияда оны қолдан өсіреді.
Шырша туысы (ель - Pіcea). Бұл туысқа Солтүстік Европада, Орталық және Шығыс Азияда, Солтүстік Америкада кеңінен таралған 45 түр жатады. Қабығы ақшылдау сұр түсті, бұтақтары топтасып орналасқан, биік ағаштар. Қылқаны төрт қырлы болып келеді, жалғыздан орналасады, оның әр жағында бір- бірден ақ түсті жолағы болады. Тамыр системасы, көпшілігінде терең кетпейді. Көлеңке сүйгіш өсімдіктер. Аналық стробилдері бір вегетациялық кезеңде пісіп жетіледі. Тұқымдары піскен кезде стробилдері төмен қарап салбырап тұрады, содан соң, түгелімен жерге үзіліп түседі.
Бұрынғы одақтас республикалардың флорасында 10 түрі, ал Қазақстан флорасында 2 түрі (Шренк шыршасы – ель Шренка - P. schrenkіana; сібір шыршасы-ель сибирская - P.obovata) кездеседі. Кәдімгі шырша (ель обыкновенная- P.abіes). Батыс Европада және бұрынғы одақтас республикалардың европалық бөлігінде кеңінен таралған. Көптеген кеңістікті: алқапта, таза шыршалы немесе қайыңмен және қарағаймен қосылып, аралас ормандар түзеді. Ағашын құрылыс материалдарына, әртүрлі бұйымдар жасауға, отынға және қағаз жасауға қажетті шикізат ретінде пайдаланады. Ағашынан айыру жұмыстарын жүргізу арқылы (при перегонке) смола, канифоль, вар, скипидар алады. Қабығында тері илеуге қажетті заттар (дробильные вещества) болады. Сібір шыршасы (P.оbovata) бұрынғы одақтас республикалардың солтүстік - шығысынын да және Батыс Сібірде өседі. Кәдімгі шыршаға өте жақын. Тек аналық стробилдерінің ұсақтымен ажыратылады. Бұлақ шыршасы (ель ключевая- P.pungens) Солтүстік Американың тауларының жар тастарында өседі, қылқандары күміс түсті, өте әдемі болып келеді. Оны сәндік ағаш ретінде бұрынғы одақтас республикалардың территориясында және Батыс Европада мәдени жағдайда өсіреді.