Тәрбиенің зор күшін көптеген прогрессивті педагогтар мойындаған. Мысалы, ұлы чех педагогы Ян Амос Коменский табиғат адамға дүниеге келген сәтінде білім игеруге нәр береді, бірақ бұл тек тәрбие мен білім арқасында ғана дами алады деп тұжырымдаған. Белгілі педагог А.С.Макаренко педагогикалық теория мен тәжірибеде «қиын», тіпті «тәрбиесі қиын» балалармен жұмыста тәрбиенің игілікті күшін дәлелдеген болатын.
Тәрбие – белгілі бір мақсатқа негізделе отырып, жеке тұлғаны қалыптастыру үдерісі. Тәрбие мен білім беру адамның қоғамдық қажетті білім, білік, дағдылардың белгілі бір жиынтығымен қарулануын, оның қоғам өмірі мен еңбегіне дайындығын, осы қоғамдағы нормалар мен мінез-құлық ережелерін сақтауын, адамдармен қарым-қатынасын, оның әлеуметтік институттармен арақатынасын қарастырады. Қазіргі жағдайларда адамның ұзақ та арнайы ұйымдастырылған білім-тәрбиесіз өмірге араласуы өте қиын. Тек тәрбие ғана – жеке тұлғаның дамуының әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыратын, оның бейімділігі мен қабілеттілігін жетілдіретін шешуші күш.
Тәрбиенің оның мақсаттылығынан басқа ерекше өзгешіліктерінің бірі – оның осы бір әлеуметтік қызметті орындау үшін қоғамның арнайы дайындаған адамдары арқылы жүзеге асырылуы. Педагогиканың ұлы классигі К.Д.Ушинский жеке тұлғаның қалыптасуындағы тәрбиешінің ерекше орны туралы былай деген: «Тәрбиеші тұлғасының жас жанға әсері оқулықтармен де, моральдық нұсқаулармен де, жазалау мен мадақтау жүйесімен де алмастыруға болмайтын тәрбиелік күшті құрайды».
Осылайша жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының жемісті болуының шарты тарихи анықталған және әрдайым өзгеріп отыратын үш фактор: тума қасиеттері, қоршаған орта және тәрбие болып табылады. Жеке тұлғаның қалыптасуында тәрбиеге шешуші мән бере отырып, өзара күрделі байланыста болып отырған мақсатты тәрбие мен баланың дамуының арақатынасының мәнін дұрыс түсіне білу керек.
4. Адам дамуы жеке тұлғаның әлеуметтену үдерісі ретінде. Тәрбиелеу барысында жеке тұлғаның әлеуметтік тәжірибені меңгеруі, оның жан-жақты үйлесімді дамуы ерекше мәнге ие. Жеке тұлғаның даму қалыптасу мәселелері әр түрлі аспектіде қарастырылады. Ерте кездегі грек ғалымдары жеке тұлғаның дамуына биологиялық, соынмен қатар әлеуметтік факторлар да әсер ететіндігіне мән берген. Жеке тұға мәселесі көптеген (Э.Роттердамский, Я.А.Коменский, К.А.Гельвеций, Д.Дидро, А.Дисервег, К.Д.Ушинский, В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский. З.Фрейд, Д.Дьюи, П.П.Блонский, А.С.Макаренко, Л.С.Выготский, Э.И.Моносзон, Л.И.Божович, С.Л.Рубинштейн, В.В.Давыдов, т.б.) әр саладағы ғалымдардың зерттеулерінен орын алған.
Психология ғылымында «жеке тұлға» деген ұғымға әр түрлі түсініктер береді, олардың ойын қорытар болсақ: жеке тұлға дегеніміз – әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид. Жеке тұлғаның ең басты белгісі – оның әлеуметтік мәнінің болуы және оның әлеуметтік функцияларды (қызметтерді) (болмысқа, адамдарға, өзіне, еңбекке, жалпы қоғамға қатысты) атқаруы. Жеке тұлға, сондай-ақ, психологиялық дамудың белгілі бір деңгейіне ие (темперамент, мінез-құлық, қабілеттілік, ақыл-ой дамуының деңгейі, қажеттіліктер, мақсат-мүдделер).
Сонымен,