Дәріс кешені философия пәні және оның тарихи динамикасы


Модуль. Философияның негізгі мәселелері



бет26/53
Дата11.02.2022
өлшемі339 Kb.
#25316
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   53
2. Модуль. Философияның негізгі мәселелері

Глоссарийлер (анықтама, сөздік);

  1. Аксиология-құндылықтар туралы ілім, адам қызметінің бағытталғандығын, адамның іс-қылықтарының мотивациясын анықтайтын жалпы маңызды принциптердің философиялық теориясы.

  2. Ақиқат – танушы субъектінінің объектіні дәл күйінде бейнелеуі, оны өмірде бар күйінде, адамның өзінен және оның санасынан тыс және тәуелсіз көрсетуі; сезімдік, эмпирикалық тәжірибенің, ұғымдардың, идеялардың, пікірлердің, теориялардың, ілімдердің және диалектикалық дамушы дүниенің тұтас бейнесінің объективтік мазмұны.

  3. Антропологизм – философиялық концепция, оның өкілдері “адам” ұғымын негізгі көзқарастық категория деп қарастырады және табиғат, қоғам, ойлау туралы түсініктер жүйесін тек осы категория арқылы ғана жасауға болады деп тұжырымдайды.

  4. Архетип-алғашқы образ, идея. Архетиптер аналитикалық психологияда инстинктілермен қатар “ұжымдық бейсаналылықтың” қатпарларында болатын және жалпыадамзаттық символиканың негізін құрайтын, туа біткен психикалық құрылымдар болып табылады.

  5. Болмыс – санадан тәуелсіз өмір сүретін объективті дүниені білдіретін философиялық ұғым. Кең Мағынасында болмыс, бірдеңенің жалпы түрде өмір сүруін білдіретін жалпы және абстрактілі ұғым.

  6. Ғылым Философиясы – ғылыми-танымдық қызметтің сипаттарын зерттейтін философиялық бағыт. Тарихи-мәдени контексте ғылым философиясының басты проблемалары мынадай: а) ғылыми білімнің бірлігі идеясы және онымен байланысты дүниенің ғылыми тұтас бейнесін қалыптастыру міндеті, детерминизм, себептілік ұғымдарын, динамикалық және статикалық заңдылықтардың арақатынасын сараптау; б) ғылыми зерттеудің құрылымдық сипаттамалары - анализ бен синтездің , индукция мен дедукцияның, логика мен интуицияның, жаңалық ашу мен негіздеудің, теория мен фактінің арақатынасы; в) демаркация проблемасы - ғылым мен метафизиканы, математика мен жаратылыстануды, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстығылымдық білімді бөлу; ғылыми білімді негіздеу проблемасы, верификация жасауды сараптау; д) ғылыми-зерттеу парадигмаларын қарастыру; е) ғылыми білімді гуманизациялау проблемасы.

  7. Деструкция – философиялық онтологиялық конструкциялардың негіздемелерін айқындау. Деструкция, бір жағынан алғанда, антикалық дәстүр ашқан, кейін ұмытылыңқыралған мүмкіндіктерді ашады, екінші жағынан - болмысты өз бетімен, шегіне жете түсінуге бағыттайды. Тарихи-философиялық контексте деструкция адамның өзінің нақты уақытында өз мәнін табатын өзекті өмір сүру мүмкіндіктерінің бірі ретінде түсініледі.

  8. Диалектика – табиғаттың, қоғамның, адамның және ойлаудың жалпы заңдары туралы ғылым.

  9. Елестету – 1) ертеректе қабылданған заттың немесе құбылыстың бейнесі; 2) елестету арқылы жасалған бейне

  10. Жан (грекше psyche, латынша anima)- көне грек философтарының түсінігінде дене мен материяға қарама-қарсы субстанция, психикалық құбылыстардың, сезімдер мен ұмтылыстардың, тірі мақұлықтың негізі және оның санасының талпыныстарының жиынтығы.

  11. Интуиция - білімді дискурсивті туындатусыз және дәлелдеусіз, проблемалық ситуацияны тұтастай қамту арқылы тікелей алу процесі.

  12. Иррационалды – ақыл-ой шеңберінен тыс, логикалық ойлау арқылы жету мүмкін емес, рационалдыға қарама-қарсы.

  13. Қабылдау – материалдық дүниенің заттары мен процестерінің сыртқы құрылымдық сипаттарының сезім мүшелеріне тікелей әсер ететін сезімдік бейнесі.

  14. Категория- шындықтың, пікірлердің және ұғымдардың жалпы және қарапайым формалары, олардан басқа ұғымдар туындайды. Сонымен қатар, категориялар таным объектілері болмысының алғашқы және негізгі формалары.

  15. Кеңістік-материя болмысының формасы, оның көлемін, барлық материалдық жүйелердегі элементтердің өзара әсерін және болмыстың кеңістіктік-универсалдық, жалпы категорияларын сипаттайды. Кеңістік бір уақытта бірге өмір сүріп отырған объектілердің орналасу тәртібін білдіреді.

  16. Кісілік-қазақ дүниетанымының категориясы, адамгершілігі мол, ағайын-бауыр, дос-жаран арасында, жалпы қоғамда беделді адам болу дегенді білдіреді.

  17. Қозғалыс- материяның маңызды атрибуты, өмір сүру тәсілі. Табиғат пен қоғамда жүріп жатқан процестердің бәрі қозғалыс болып есептеледі. Ең жалпы түрде алсақ, қозғалыс- кез-келген өзгеріс, материалдық объектілердің өзара әсері және олардың күйлерінің ауысуы.

  18. Көзқарас-метафизикалық ойлау мен зерттеулер нәтижелерінің жиынтығы, объективті дүниеге және ондағы адамның орнына, адамның өзін қоршаған ортасы мен өзіне деген қатынасын білдіретін пікірлерінің және олардан туындайтын өмірлік ұстанымдарының, сенімдерінің, идеалдарының, құндылықтық бағыттарының жүйесі.

  19. Кумулятивизм-ғылым философиясының методологиялық ұстанымы, білімнің дамуы ақиқат білімдердің қордаланған мөлшеріне жаңа ережелерді біртіндеп қосу арқылы жүреді деп есептейді.

  20. Либидо (лат.libido-құмарлану, қалау, ұмтылу)- Фрейд қалыптастырған психоанализдің негізгі ұғымдарының бірі. Фрейдтің түсінігінде либидо сексуалды сипаттағы құмарлық, көбіне бейсаналы түрде болады.

  21. Логос (грекше сөз және мән-мағына)-Гераклит болмыстың тұтастығын, тұрақтылығын және гармониясын бейнелеу үшін енгізген Философиялық субстанционалдық термин; ой, ұғым, ақыл-ой, дүниежүзілік заңдылық мағыналарында түсініледі.

  22. Материя-(лат. material- зат) - дүниеде өмір сүріп отырған объектілер мен жүйелердің бәрінің шексіз көптігі, кез-келген қасиеттердің, байланыстардың, қатынастардың және қозғалыстың формаларының субстраты.

  23. Мәдениет – адам қызметін ұйымдастыру мен дамытудың ерекше тәсілі, материалдық және рухани еңбектің нәтижелерінде, әлеуметтік ережелер мен мекемелер жүйесінде, материалдық және рухани құндылықтарда, адамдардың табиғатқа, өзара және өздеріне қатынастарында көрінеді.

  24. Мәдениет Философиясы - мәдениетті оның тарихи қалыптасуын және құрылымдық ерекшеліктерін толық қамти отырып зерттейтін философиялық пән.

  25. Онтология – болмыс туралы, бар болып отырған мен оның формалары, іргелі принциптері, болмыстың жалпы анықтамалары мен категориялары туралы ілім.

  26. Практика – адамның материалдық, сезімдік-заттық, мақсатты қызметі, адам қоғамы мен танымның қозғаушы күші, жалпы негізі, оның мазмұны - табиғи және әлеуметтік объектілерді игеру және өзгерту.

  27. Сана – объективті шындықты бейнелеудің жоғарғы, адамға ғана тән формасы, оның адамдардың қоғамдық-тарихи қызметіінің жалпы формалары арқылы көрінетін дүниеге және өзіне қАтынасы тәсілі.

  28. Семантика–тіл білімі мен логиканың саласы, онда мәнмен, мағынамен және белгілер мен белгілік сөйлемдердің интерпретациясымен байланысты проблемалар зерттеледі.

  29. Сенсуализм- таным теориясындағы бағыт, сезімдікті нақты танымның басты формасы және танымның барлық мазмұны сезім мүшелерінің қызметінен туындайды деп есептейді.

  30. Таным – объективті шындықты бейнелеудің жоғарғы формасы.

  31. Техника Философиясы - қазіргі замандағы техника феноменін философиялық-методологиялық және көзқарастың зерттеу бағыты. Техника философиясы техникалық білімінің құрылымы мен динамикасын сараптау, техникалық ғылымдардың методологиясы проблемаларын, сонымен қатар, адамның шындықты техникалық игеруінің гносеологиялық және антропологиялық аспектілерін зерттейді. Қазіргі уақытта техника философиялық контексте кешенді, күрделі, көпаспектілі, қайшылықты құбылыс және адамзат өркениеті дамуының факторы ретінде қарастырылады.

  32. Тұлға – қоғамдық қатынастардағы индивид.

  33. Уақыт – материя болмысының жалпы формасы, атрибуты, болмыстың ұзақтығын және дүниедегі барлық материалдық жүйелер мен процестердің жағдайларының ауысу реттілігін білдіреді.

  34. Фалсафа (грек сөзі философияның арабша айтылуы) - антикалық философиялық пайымдауды үлгі еткен араб ойшылдарының философиясы.

  35. Феномен – мән ұғымымен байланысты және оған қарсы қойылатын ұғым. Шындықты мына түрде қарастырады: адам аңғал реализмнен (“заттарды көріп тұрмын”) заттардың құбылысы (көрінісі) олармен бірдей еместігін түсінуге көшеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет