Б, в, г, д әріптеріне бітетін сөздерге дауыссыз дыбыстан басталатын қосымшалар тек қатаң дыбыстан басталады: штабтан, парадқа, педагогтер.
Сөздің соңғы дыбысы с, з болып, оған с, ш дыбыстарынан басталатын қосымша жалғанғанда, оның соңғы дыбысы өзгертілмей жазылады: жұмысшы, ал ш дыбысына бітетін сөздерге с дыбысынан басталатын қосымша жалғанғанда, қосымшаның басқы дыбысы өзгеше айтылуына қарамастан, өзгертілмей жазылады: ішсең, күшсіз.
Сөздің соңғы дыбысы н болса, оған жалғанатын қосымшалар қ, ғ, г, б дыбыстарынан басталғанда, н дыбыс өзгеріліп ң, м болып айтылады. Бірақ бұл өзгеріс еске алынбай, н әрпі жазылады: түнгі, бұрынғы, көнбеді, сәнқой.
Нд, нз, нк, нг, мп, мб, мт, кт, вт, фт, пт, ск дыбыстарына аяқталатын орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары ы, і дәнекер дыбыстары арқылы жалғанады: фондысы, цензіге, фактісі, киоскілер, ромбысы.
Сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк дыбыстарына біткен сөздер түбір күйінде ешбір өзгеріссіз жазылады да, оларға қосымшалар жалғанғанда түбірдегі соңғы дауыссыз түсіріліп жазылады: класқа, металды, съезге, текске.
Әріптерден қысқарған сөздерге қазақ тілінің қосымшалары соңғы әріптің немесе соңғы цифрдың айтылуы әуеніне қарай, ал олардың ішінде дауысты дыбыс болса, сол дыбыстың айтылу әуеніне қарай жуан не жіңішке жалғанады да, дефис арқылы жазылады: АҚШ-қа, БҰҰ-ның, ТМД-ға, МТЗ-82-ге.
5-тақырып.Дефис арқылы жазылатын сөздер. Шылаулар мен одағайлардың жазылуы
Дефис арқылы жазылатын сөздер: - Қос сөздердің барлық түрлері дефис (-) арқылы жазылады: қып-қызыл, жалт-жұлт, ыдыс-аяқ, көзбе-көз.
- екі сөзден тұратын ғылыми дәреже, атақтардың және қызмет дәрежесін немесе мамандықты көрсететін атаулар дефис арқылы жазылады: премьер-министр, вице-президент, әнші-композитор. - қосалқы мүшелі күрделі атаулар: кафе-бар, вагон-ресторан, диван-кереует.
- орыс тілінде дефиспен жазылатын кісі аттары, жер-су аттары және кейбір халық аттары қазақша жазуда да дефис арқылы таңбаланады: Дон-Кихот, Мамин-Сибиряк, Нью-Йорк, фино-угор. - түркі, парсы т.б. халықтар есімдерінің соңында келетін паша, бей, заде, оғлы сияқты тұлғалар, араб халықтары есімдерімен келетін әл, аш, ар, аз, эд, бен сияқты элементтерден соң дефис қойылады, олардың өздері кіші әріппен алдыңғы сөзден бөлек жазылады: әл-Фараби, Тұрсын-заде, Ағамалы-оғлы, Исмаил-бей, Осман-паше. - реттік сан есімдер цифрмен жазылса, өзіне қатысты сөздің араларына дефис қойылады: 7-сынып, 15-үй. Айды, жылды көрсететін цифр мен ай атын білдіретін сөз және жылы деген сөздердің арасына дефис қойылмайды. Рим цифрынан кейін дефис қойылмайды.
- сөзге кейбір шылаулар дефис арқылы жазылады: -ау, -ай, -ақ, -ды, -ді, -ты, -ті, -мыс, -міс. - сөздің басқы әрпімен қысқарған сөзге, цифрмен жазылған сан есімге, пайыз (о/о), градус (°) таңбалары бар цифрмен жазылған сан есімге, жеке әріп түрінде алынған объектіге қосымша дефис арқылы жазылады: АҚШ-та, 100-ден, 50°-қа, 25о/о-ға.
- кей одағай сөздер дефис арқылы жазылады: уа-а-а, моһ-моһ, еһе-һе-һе.
- Араларына да / де, та / те шылауын салып, етістіктің бұйрық рай тұлғаларынан жасалған сипаттама тіркестер қос сөздер сияқты дефис арқылы жазылады, шылау сөз бірінші сыңарға қосылып беріледі: уда-шу (айғай), ұрда-жық (мінез), аста-төк (байлық).