Дәріс тақырыбы: Тіл білімі және оның зерттеу нысаны (объектісі)


Сөз таптарының топтастырылуы



бет68/72
Дата12.05.2023
өлшемі225,46 Kb.
#92148
түріҚұрамы
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   72
Байланысты:
лекция ТБК 1 семестр

Сөз таптарының топтастырылуы.
Тіл білімінде сөз таптарының табиғаты жайында әртүрлі көзқарастар бар. Мәселен, А.А.Потебня, А.А.Шахметов, И.И.Мещанинов, В.В.Виноградов сияқты ғалымдар сөз таптарын лексика-грамматикалык категория деп қарайды. Бұлардың пікірінше, әрбір сөз табының мағынасы сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасынан құралады.
Ф.Ф. Фортунатов болса сөз таптарын морфологиялық-грамматикалық (формальды-грамматикалық) категория деп қарайды. Ол сөздерді алдымен «түрленетін» және «түрленбейтін» (үстеу) сөздер деп топтастырады да, түрленетін сөздерді «септелетін» (зат есімдер), «жіктелетін» (етістіктер) сөздер деп, іштей тағы да жіктейді.
О.П.Суник пен А.А.Реформатскийлер сөз таптарын таза грамматикалық категория ретінде қарастырады. Мәселен, О.П.Суниктің пікірінше, тіл білімінде сөз таптарын топтастыруда негізге алынып жүрген заттылық (зат есімдерге тән), анықтауыштық немесе атрибутивтік (сын есімдерге тән), іс-әрекеттік немесе процессуальдық (етістіктерге тән) мағыналарды жалпы грамматикалық мағыналар деп қарап, бұларды басқа сөз таптарынан ажырататын белгілер деп есептейді.
Сөз таптарын лексика-грамматикалық категория деп қарайтын ғалымдардың пікірлері дұрыс. Өйткені сөз таптары, шындығында да, бір-бірінен тек грамматикалық жағынан ғана емес, сонымен бірге, олар лексикалық мағынасы жағынан да ажыратылады. Мәселен, зат есімдерге тән мағына - заттылық мағына, сын есімдерге тән мағына - атрибутивтік мағына, етістіктерге тән мағына - процессуальдық мағына. Бұлар - олардың сөз табы ретіндегі мағыналары. Бұл мағыналар әр сөз табына енетін күллі сөздердің бәріне ортақ.
Сөз таптарына тән категориялды (жалпылама ортақ) мағынаны сөздің лексикалық мағынасымен де, оның грамматикалық мағынасымен де шатастыруға болмайды. Сондықтан да, бұл мағына, сөз таптарына тән жалпылама ортақ мағына тіл білімінде - жалпы категориалды мағына деп аталынады (ол сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының жалпылану арқылы бірігуінен жасалады).
Сонымен, сөз таптары бір-бірінен, біріншіден, жалпы категориялды мағыналары жағынан ажыратылады, екіншіден, олар өздеріне тән грамматикалық белгілері арқылы (көптелу, жіктелу деген сияқты) ажыратылады. Грамматикалық белгілердің өзі екі түрлі. Оның бірі -морфологиялық белгі, екіншісі - синтаксистік белгі.
Морфологиялық белгінің қатарына сөз тудыру формалары (жұрнақтар) мен сөз түрлендіру формалары (жалғаулар) енеді. Мысалы: етік+ші, өн+ім – зат есімдер; дене+лі, тұз+ды, айт+қыш, тап+қыш - сын есімдер; таға+ла, шеге+ле, қан+а, өрт+е - етістіктер. Бұлар - сөз тудырушы аффикстер арқылы жасалған. Ол аффикстер әр сөз табына телініп, олардың грамматикалық белгісі ретінде қызмет атқарып тұр.
Ал үй+лер, қала+ға, кіші+рек, кел+ді+к, бар+са деген сөздер түрлендіруші формалар арқылы жасалғандар. Бұл сөздердегі жалғаулар да жоғарыдағы жұрнақтар сияқты бір сөз табын екінші сөз табынан ажыратуға себепші болып тұр. Мысалы, осы сөздердегі -лар, -ға жалғаулары зат есімдерге тән болса-рек сын есімдерге тән. Ал ді+к пен -са жалғаулары етістіктерге тән. Бұлар - тиісті сөз таптарын сипаттайтын морфологиялық белгілер.
Сөйтіп, морфологиялық белгі дегеніміз - бір сөз табындағы сөзді басқа бір сөз табындағы сөзден ажырататын грамматикалық формалардың белгілі бір жүйесі.
Ал синтаксистік белгі дегеніміз - белгілі бір сөз табына қатысты сөздердің сөйлемдегі қызметі, яғни сөйлем мүшесі болу қызметі мен олардың басқа сөздермен тіркесу қабілеті. Айталық, зат есімдер етістіктермен тіркеседі де, бастауыш немесе толықтауыш қызметін атқарады. Бұл - оның жалпы категориялды мағынасы; олар - заттық, ұғымдық мағыналармен тығыз байланысты.
Сын есімдер мен сан есімдер зат есімдермен емін-еркін тіркесе алады. Бұлай болуы занды да. Өйткені сапа, сан әрқашан затқа телулі болады. Осыған орай сын есімдер мен сан есімдер анықтауыш қызметінде жұмсалады. Бұл жердегі бағынышты мүше - сын есімдер мен сан есімдер.
Үстеулердің сөйлемдегі негізгі қызметі - пысықтауыш болу. Олар етістіктермен тіркесіп (олардың алдында тұрып), іс-әрекетін қимыл-сынын, мезгілін, мекенін, күйін білдіреді.
Етістіктердің негізгі қызметі - сөйлемде баяндауыш болу. Ол бастауыштың іс-әрекетін, қимылын білдіреді.
Бұл айтылғандарға қарап, зат есім тек бастауыш пен толықтауыш, сын есім мен сан есім - анықтауыш, үстеу - пысықтауыш, етістік — баяндауыш болудан басқа ешқандай сөйлем мүшелері бола алмайды екен деген ұғым тумасқа тиісті. Олар қолданылу ыңғайына қарай сөйлемде кез келген мүше бола алады. Бірақ жоғарғылардан басқа қызмет атқаруы - оларға тән басты қызмет емес, қолданылу барысында туған, екінші қатардағы қызмет.
Атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін – зат есім, заттың әртүрлі сынын, қатыстық белгісін білдіретін – сын, заттың сандық мөлшерін білдіретін – сан есім, есім сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер есімдік, қимыл, іс-әрекетті білдіретін – етістік, қимыл, іс-әрекеттің әртүрлі сипатын (амалын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін т.б.) білдіретін – үстеу, әртүрлі дыбыстарға, қимыл-қозғалыстарға еліктеп аталатын – еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмекші сөздердің бір түрі шылаулар және одағай сөздер мен модаль сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады, өйткені олардың жеке лексикалық мағыналары болмаса да, өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты (көңіл күйін білдіру я модальдық) мәндер қосады.
Қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетуге болады.
1. Зат есім 6. Етістік
2. Сын есім 7. Еліктеу сөздер
3. Сан есім 8. Шылаулар
4. Есімдік 9. Одағай
5. Үстеу 10. Модаль сөздер
Қорыта айтқанда: сөз таптары дегеніміз - бір-бірінен 1) жалпы категориялды мағынасы, 2) морфологиялық 3) синтаксистік белгілері арқылы ажыратылатын, лексика-грамматикалық (дұрысы семантика-грамматикалық) сипатқа ие сөздер тобы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет