Үтiр. Үтiр – тыныс белгiлерi iшiндегi функцияға ең бай белгi. Бұл жай сөйлемдерде сөйлемдегi сөздердi немесе сөз тiркестерiн бiр-бiрiнен бөлу үшiн де қолданылады. Үтiрдiң қолданылатын орындары мен атқаратын қызметтерi мынадай: а) құрмалас құрамындағы жай сөйлемдердi бiр- бiрiнен бөлiп көрсету үшiн қолданылады. ә) сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерiн бiр-бiрiнен бөлiп тұрады. б) қаратпа сөздi сөйлемнiң басқа мүшелерiнен бөлiп тұрады. в) қыстырма сөздi сөйлемнiң басқа мүшелерiнен бөлiп тұрады. г) одағай сөздi сөйлемнiң басқа мүшелерiнен бөлу үшiн қолданылады. д) сiлтеу, мақұлдау, келiспеу мәнiнде айтылатын кейбiр оқшау сөздерден кейiн қойылады. е) оңашаланған мүшенi, сөйлемнiң басқа мүшелерiнен бөлiп тұру үшiн қолданылады. ж) хабарлы сөйлем түрiнде айтылған төл сөзден кейiн, автор сөзiнiң алдында қойылады. Нүктелi үтiр. Нүктелi үтiр – хабарлы сөйлемдерден кейiн қойылатын нүкте мен үтiрдiң аралығындағы тыныс белгiсi. Мұның мәнi, дәрежесi нүктеден төменiрек те, үтiрден жоғарырақ. Бұл – аралары үтiрмен бөлiнген сөйлемнiң күрделiрек бөлшектерi арасында да, мағыналары өзара байланысты, ортақ немесе
бiрыңғай тұлғалы мүшесi (әсiресе баяндауышы) бар талдап, санамалап, пункттеп баяндау түрiнде айтылған тиянақты сөйлемдер арасында да қолданылады.
Нүктелi үтiр тек жай сөйлемдер арасында ғана емес, сонымен қатар мағыналары өзара жақын, ұласа айтылған құрмалас сөйлемдер арасында да қойылады. Мысалы: Кiмдi-кiм өзiн сынаудан қорықса, оның әлсiздiгi; кiмде-кiм өз мiнiн көре алмаса, оның саяздығы (Ә.Әбiшев). Қос нүкте.Қос нүкте мынадай орындарында қолданылады:
а) Соңғы жай сөйлемi алдыңғы жай сөйлемдегi пiкiрдi талдап, саралап ашып түсiндiретiн құрмалас сөйлемнiң жай сөйлемдерi арасына қойылады. ә) Бiрыңғай мүшелер алдында келген жалпылауыш сөзден кейiн қойылады. б) Төл сөзден бұрын келген автор сөзiнен кейiн қолданылады Көпнүкте. Көп нүкте пiкiрдiң аяқталмағанын, әлдеқандай себептен сөйлемнiң бiрер сөзiнiң түсiп қалғандығын бiлдiредi. Көп нүкте көркем шығармалардың кейiпкерлерiнiң сөздерiнде жиi кездесiп отырады. Оларда, негiзiнде, сөйлеушiнiң қуанғаннан немесе қысылып ұялғаннан сөзi аузына түспей, сөз таба алмай мүдiргенiн, сасқалақтағанын, сөз, сөйлем аралығында ұзақ кiдiрiс болғандығын бiлдiру үшiн қойылады.. Сызықша. Үтiр сияқты, сызықша да мағынаға, функцияға орасан бай тыныс белгiсi. Мұның мағынасы мен функциясы үтiрден де көп. Сызықша сөйлеудiң белгiсi бiр бөлшектерiн басқа бөлшектерден бөлу үшiн де, жақындастыру, қосу үшiн де, сөздердiң арасындағы мағыналық, синтаксистiк қатынастарды айқындау үшiн де қолданылады. Мұндай функцияда қолданылғанда, сызықша кейде қосарлы, кейде дара болып келе бередi.
а) Сызықша бастауыш пен баяндауыш мүшелер арасына қойылады. Бұл орында ол бұл екi мүше арасында азды-көптi кiдiрiс барын бiлдiрiп, ол екеуiн сөйлемнiң басқа мүшелерiмен шатастырмауға жәрдемдеседi. Мысалы: Адам – ардақты ат. ә) Өзiнiң алдындағы сөздiң немесе сөздер тiркесiнiң мағыналарын айқындау, саралап ашып көрсету үшiн қолданылатын оңашаланған айқындауышты бөлу үшiн қойылады. б) Бiрыңғай мүшелерден кейiн келген жалпылауыш сөздiң алдынан сызықша қойылады да, соңғының жинақтауыш сөз екендiгiн, мағыналық жақтарынан олардың мәндестiгiн бiлдiру, қызметiн атқарады. в) Төл сөз бен автор сөзiн бiр-бiрiнен бөлiп тұрады г) Сызықша мезгiлдiк, мекендiк шаманы, шектi бiлдiретiн сөздер арасында қолданылады. Мұндай орынның кейбiреуiнде ол түсiрiлiп қалдырылған шығыс жалғауының орнына қолданылады және соның функциясын атқарады. Мысалы: Бiздiң бригада күнделiктi жоспарын 150-200 проценттен кем орындап көрген емес. д) Сызықша тетелесе болған әрекеттердi бiлдiретiн кейбiр шарт мәндi құрмалас сөйлемдер мен жалғаулығы түсiрiлiп қалдырылған қарсы мәндi құрмалас сөйлемнiң компонеттерi арасында қолданылады. Бардым, - жолыға алмадым. Айтудай-ақ айттым, - көнбедi.