Јділет Ќабылов



Pdf көрінісі
бет13/21
Дата22.12.2023
өлшемі1,4 Mb.
#142807
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21
 
 


141 
 
ӨЛЕҢ ӨРНЕКТЕРІ 
Поэзия – жаратқан иенің
әманда жалғыздық торындағы
пенделерімен пейілдессін, пікірлессін
деп әдейі жаратқан ақ қанат періштесі. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Ә.Кекілбаев 
Әдебиетке келген қазақ жазушыларының поэзияға ат басын 
бұрмағандары кемде-кем. Олай болуы заңды да. Өлең сөзді қасиет тұтып, сөз 
өнерінің шыңы деп санаған қазақ халқының өлең-жырға көзқарасы қашан да 
алабөтен болған, оны айрықша қастерлеген. Өйткені, поэзияның қамтитын 
тақырыптарының ауқымы шексіз, адамға берер эмоциональдық әсері мол, 
эстетикалық-көркемдік қуаты ұлан-ғайыр. Поэзия халқымыздың тарихымен 
бірге жасасып, біте қайнасып келеді. В.Г.Белинский айтқандай, «Поэзия – 
өнердің асыл тегі, өмірдің әрі мен нәрі, қайнап қорытқан жамбысы».
Асылы, сөз өнеріне жастайынан үйір болып, бойдағы суреткерлік 
қабілетін танытқысы келетін әрбір өнерлі жастың алдымен өлеңге жүгініп, 
жан сырын өлеңмен өрнектеуге талаптануы, осы бір асыл өнердің қанмен 
келген қасиетін пір тұтып, өзін осы салада сынауға деген талабынан туатын 
болса керек. Өйткені, поэзияны түсініп-түйсінген, өлең-жырдың тылсым 
тереңіне бойлай алған адам ғана әдебиет деген ұлы өнердің шынайы өкілі 
болып, бұйдасын ұстай алмақ. Кейін прозаға, сын мен әдебиеттану 
ғылымына ауысып, осы салаларда өзіндік еңбек еткен көптеген 
әдебиетшілеріміздің өмір жолдарынан мұны аңғару қиын емес. 
Поэзияның жаны – лирика. Қ.Жұмалиевтің пікірінше, «лирика – өмір 
құбылысына ақынның көзқарасы, түсінуі, сезімі, күйініш-сүйініші, онда адам 
өмірінің асқақтығы да, кейде қоңыр күйі де көрінсе», З.Қабдолов: 
«Лириканың күші әсерлігінде. Ал әсер баяндауда емес, суреттеуде. Лирикада 
тартыс болады. Лирикада негізінен мінез болады», – дейді.
Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті прозаик, сыншы, публицист, 
драматург Ә.Кекілбаев та әдебиетке алғашқы қадамын өлеңнен бастап, 1963 
жылы «Алтын шуақ» жыр жинағын шығарды. «Алтын шуақ» – жас автордың 
әдебиет мұхитына алғаш рет лақтырған зәкірі, поэзия айлағына лақтырған 
зәкірі» (Қ.Мырзалиев). Кейін проза саласында әлемге таралған көрнекті 
шығармаларын берген суреткер, әдеби сын, публицистика, драматургия 
саласында өнімді еңбек етіп, 1999 жылы «Дүние ғапыл» атты поэзия 
жинағын оқырманға ұсынды. Осы екі кітаптың өзінен жазушының өлең 
өлкесіндегі шиырлаған өзіндік өрнегін, ақындық қуаты мен ойшылдық 
сарынын айқын аңғаруға болады. 


142 
Қаламгердің алғашқы жыр жинағынан-ақ көңілдегі көрікті ойды 
өлеңмен өрудегі көркем сыршылдық, терең ойшылдық, шынайы сезімталдық 
қасиеттері әр шығармасының өзегінен орын алып жататынын аңғарамыз. Ой 
мен сезімге оранған өлеңдерінде ақын адам өмірінің түрлі қырларын 
ақындық жүрекпен қабылдап, көңілдің түкпірінен қайнап шыққан қуатты 
ойды парасаттың тегеурінді тезіне салып, тебіреніспен түйіндеп отырады. 
Ақын қандай тақырыпқа қалам тартса да, тірліктегі көрген-білген, сезінген-
түйсінген жайттарды көркемдік ойлау жүйесімен електен өткізіп, олардан 
танымдық ой түйеді, сыр аңғартады, сабақ ұсынады. Көркем ой, көрікті 
сөзбен жасалған поэтикалық өрнектер оқырман түйсігіне әсер етіп, жүректі 
қозғайды. Сұрапыл кезеңге тап болған балалық шақ, майданнан оралмаған 
әкеге деген сартап сағыныш, туған жерге деген мәңгілік махаббат, жастық 
шақтың сезім құштарлығы, замана, уақыт, қоғам туралы тебіреністер – 
лирикалық кейіпкердің көңіл-күй өрнектері болып келетін осылардың қай-
қайсысы да ақын қаламынан жыр боп тамып, ақ қағаз бетін бедерлей берген.
Поэзияға «кәсіп деп емес, қасиет деп қараған» (З.Қабдолов) ақын 
өлеңге жаңалық әкелуді, оны мазмұндық-идеялық, көркемдік-бейнелілік, 
құрылымдық-пішіндік тұрғыдан байытуды мақсат етпесе де, қазақ өлеңінің 
даму барысына өз үнімен тілек қосты, өз өрнегімен үлес қосты деп айтуға 
тиістіміз. Қаламгердің атақты «Абылай хан» халықтық қаһармандық 
драмалық дастаны осы қомақты үлестің анық дәлелі – әдебиетіміздің табысы 
болғандығы көпшілікке аян.
Ақынның алғашқы жыр жинағы туралы Қ.Мырзалиев: «Ой. Ой. Ой. 
Әбіш Кекілбаев поэзиясының бір ерекше қасиеті болса, ол осы ойға 
байланысты. Қуанып отырып ойлау, қайғырып отырап ойлау, күліп отырып 
ойлау «Алтын шуақты» өңге жинақтардан бөліп, оқшау әкетеді», – деп баға 
берген болатын [90,46]. Біз алдымызға жазушының поэзиядағы еңбегін 
саралауды, өлеңдерін ғылыми-теориялық, сыни-сараптамалық тұрғыдан жан-
жақты талдап қарастыруды мақсат етпесек те, өзіміздің зерттеу 
тақырыбымызға орай, ақын өлеңдеріндегі күлкі құбылыстары туралы («күліп 
отырып ойлау» стихиясы) кейбір байқағанымызды аз-кем сөз қылуды жөн 
көрдік. Өйткені, Ә.Кекілбаевтың суреткер ретінде қалыптасуындағы, 
шығармашыл тұлға ретіндегі өсу жолындағы алғашқы баспалдағы ретінде де, 
көңіл хошымен ара-тұра болса да, үзбей өлеңмен сырласып келе жатқан 
кемел таланттың шығармашылық стихиясының бір қыры ретінде де ақын 
өлеңдеріне назар аударып, олардағы әсерлі әзілдерінің табиғатына да зер 
салған жөн деп білеміз. Академик жазушы З.Қабдоловтың: «Оның 
прозасының өзі – поэзия. Мұның себебі де сол әлгі айтылған туасы, табиғи 
қасиетінің, яғни ақындығының айрықша нұрлы, сырлы көрінісі» [91], – 
дегеніндей, бұл әрекетіміз жазушының шығармашылық лабораториясы 
туралы білімімізді толықтыра түседі ғой деп ойлаймыз. 
Алғашқы жыр жинағына енген өлеңдерінде ақынның өмір туралы 
толғанысты ойлары азаматтық әуенмен, перзенттік махаббатпен өріледі, 
жастық көңілдің сезімдер қақтығысы, көңіл-күй әуендері танылады. 
Ақынның атамекен, туған жер, жастық дәурен жайлы толғаныстары ойлы да 


143 
салмақты сөздермен жыр болып төгіледі. Әсіресе, жастық шақ туралы 
өлеңдерінде уақыт пен өмір жайлы сырлы жолдар әдемі әзілмен де 
көмкеріліп отырады, бозбала шақтың өткіншілігін ескеріп, жылдар ағысына 
ойша көз жүгіртеді: 
...Күнде өксіп, күңіренген мұңды өбем де, 
Бөстек пен кемпір құшып күн көрем де. 
Оқып ап ағызармын көздің жасын 
Жасымда жазған осы жынды өлеңге. (1959) 
«Дастархан жыры» (1959) секілді жастықтың жалынымен жазылған 
өлеңдерінде қуаныш сәттерін тікелей сезініп, көркем түйсінуден туындайтын 
өзіндік бейнеулермен («...Жиын-той – шалқып жатқан айдын болса, Қыз – 
соның сылаң қаққан шабағы ма?!»; «...Шабақ боп ілікпейді саған өзі, 
Сағақтан ілігесің қармағына») қаныққан жолдарды оқимыз. Дәстүрлі түрдегі 
ойнақы тіл, отты леппен достық әзіл, құрдастық қалжың ыңғайындағы 
лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін танимыз: 
...Ойпырай, ойсыратты-ау, пері ме еді... 
Керсылаң кердең қағып, керігеді.
Жігіттің жүйкесінен құрт боп жеген 
Жасасын қыздың қызыл еріндері. 
Ес кетіп, есеңгіреп, тағат тамам, 
Алыстан аш бөрідей алақтаған, 
Аңқау ой, арлан дәме, асау жүрек 
Жасасын жігіттер де жалақтаған... 
Мұндай өлеңдердегі жастық сезім өрнектері той-дастарқан аясындағы 
көңілді шақтардың бір шалқуы ғана емес, осы дәуреннің өткіншілігін еске 
алып, уақыттың қадіріне жетіп, өмірді мәнді өткізуге үндейтін, жеңіл әзілмен 
ишараланатын оптимистік рухымен ерекшеленеді: 
Бұл күннен айырылып ертеңдер біз,
Бокалдай шампаны жоқ мөлтеңдерміз. 
Поэзиядағы махаббат лирикасының орны ерекше десек, ондағы сезім 
өрнектерінде де мұңды-күйлі, алыпұшпа сезім шаттығы мен асқақ пафоспен 
қатар, ойлы-сырлы лепті әдемі әзілге де орын болатынын ақынның «Аға!» –
дедің, бұрылдым» деп басталатын шағын өлеңінен көруге болады. Ұзын 
бұрым, отты жанар сүйікті жанға деген ғашық ағаның іңкәр сезімін беруде 
автор эмоцияны юмормен астастырып әкетеді. Лирикалық кейіпкеріміз 
ағынан жарылып, сүйген жанға ризалығын ақ көңілімен қысқа ғана 
қайырады. Жарастықты көңілдің ынтықтығын ишаралап барып, аңсар-тілекті 
әдемі әзілмен төтенше түйіндейді: 
...Үзіліп кетпей дәрменім, 
Айтатын қолқам бар менің: 
Анасы болшы, қарағым. 
Маған тартқан баланың! 
Көркемдік ойлау жүйесіндегі бейнелі сөз бен астарлы ойға негізделген 
мәнді өрнектер ақынның әлеуметтік-тұрмыстық жайттарды бейнелеуінде де 


144 
орнықты көрініс табады. Оқырманға эстетикалық ләззат сыйлайтын 
көркемдік тәсілдердің қай-қайсысы да ақынның сезімталдығы мен 
қырағылығынан өріс алып, адами тірліктің күнгейі мен көлеңкесін, тысы мен 
астарын қабат қамтиды. «Бүгін тым азан-қазан қараша үй жақ» деп 
басталатын өлеңіндегі әкесі сабап жатқан тентекке басу айтуда да бастағы 
бақты бағалай білуге ишаралап, лирикалық кейіпкердің ерте айырылған 
әкесіне деген ыстық сағынышын паш етеді:
...Мынау бір біз көрмеген бөтен сабақ, 
Апыр-ау, осы шығар төтенше бақ. 
Пәтшағыр, арманың жоқ, бақырып бақ, 
Жатыр ғой бөтен емес, әкең сабап.
«Әкесінің өзі көрген ең соңғы құрдасына» арнаған «Нағашы» атты 
өлеңінде нағашының психологиялық-тілдік портретін жасап, әкесіне 
бұйырмаған бір уыс топырақтың оған да бұйырмағаны өзегін өртейді. 
Жиендік әдемі қалжыңмен өзінің сағынышын өрнектейді: 
Сөздерің тұр құлақта, 
Өзіңді қалған құм басып, 
Жүректі қан жылатпай, 
Жайыңа жат, Құлбасов! 
Қаламгердің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтеретін поэзиялық 
шығармаларында Қашаған мен Махамбеттің өр мінезді, Абайдың сыншыл 
ойлы өлең дәстүрінің жалғастығы аңғарылады. «Түйелер» өлеңінде көшкен 
елдің суретін бейнелей отырып, қыр елінің қамсыз бейғамдығына назар 
аудартады: 
...Қазекең қымызға тойып ап, 
Асап сап ақ майды, 
Кетеді қойына, 
Күйінсе – қатынын боқтайды. 
...Қазекең, қазекең! 
Қайғы-мұң аз екен... 
Құлақта қалған Асан Қайғының мұңды үнін түйелердің зарымен 
байланыстырады, түйелердің сортаңға тамған көз жасын төгілген арманға 
балайды. Өлеңдегі мұңды күлкі мәтін астарындағы қамсыздық, ойсыздықты 
тұспалдаған сыншылдық сарынмен кестеленген. 
Әлеуметтік лирикада, ақынның ел жайы, замандас мұңы, тұрмыс қамы 
туралы өлеңдерінде замандастарының ой-таным, іс-әрекеттеріне деген 
жанашыр, тілеулестігі анық танылып отырады: 
...Көзде – мұң, езудегі – күлкің емес, 
Күлуің мұндай күйде мүмкін емес. 
Мұқатып тұрсың білем өзіңді өзің, 
Бір күнде бұл-бұл ұшып мың күнгі елес. 
Күлсең күл... Сен сүретін дәурен, міне, 
Арман деп алып ұшқан әурең, міне. 


145 
Әзірейіл секілді ана таудың 
Аржағы – Ажал... ұғып қой әбден мұны. 
Өмір, болмыс заңдылығын пайымдататын бұл жолдардан ұлы Абайдың 
әлеуметтік-саяси лирикасының лебі сезіледі. «Қартайдық, қайғы ойладық, 
ұйқы сергек» деп толғанған ұлы ақынның замана мен қоғам туралы ой 
топшылауларының бүгінгі өмірімізге сай жаңарған нұсқасын оқығандай 
боламыз. Заман басқа, орта бөлек болса да, ойшылдық сарын, ойлы мақам 
қашан да сабақтасып отырады. Абай: 
Досыңа достық – қарыз іс, 
Дұшпаныңа әділ бол. 
Асығыс түбі – өкініш, 
Ойланып алсаң – сабыр сол, – 
деп толғанса, Ә.Кекілбаев та өлеңдерінде қоғамдық-философиялық, 
әлеуметтік-психологиялық мәндегі абстракциялық ұғымдарды халықтық 
қарапайым түсініктермен айшықтайды: 
...Арман дейтін – арғымақ, 
Шындық дейтін – шабан ат. 
Үстіне жатсын жар құлап, 
Шабатын әлін шамалап. 
Сезім дейтін – сел нөсер, 
Төзім дейтін – қара жер. 
Әулекі келер жәрмес ер, 
Әуреге түспей қала гөр.
Сондай-ақ, Әбіш ақынның: 
...Шындық – тақ, өтірік – жұп, айла – егіз, 
Айқұшақ аймаласқан фәнилік із. 
Бақиға басың жалқы аттанасың, 
Өзіне ұқсас жаратқан озалда иеміз, – 
деген шумақтарын оқығанда Абайдың: 
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, 
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ. 
Ертең өзің қайдасың, білемісің, 
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ, – 
деген пәлсапалық ойлары еске түседі. 
Әдебиеттегі дәстүр жалғастығы – рухани дамудың кепілі, көркемдік 
сабақтастықтың күретамыры. ХХ ғасырдағы қазақ прозасының көрнекті өкілі 
болып қалыптасқан жазушының кесек ойлы, кең тынысты прозалық 
шығармаларындағы халық тарихы мен тағдырын ауқымды қарастырып, 
аумалы-төкпелі кезеңдердің тарихи сабақтарын көркемдік қуатпен 
суреттеген кемел талантының түп бастауларында ұлтының көркем сөз 
үлгілерінен, ақын-жыраулар мен халық ақындарының жыр-толғауларынан 
желі тартып келе жатқан адамгершілік, ұлтжандылық, елдік және ерлік 
дәстүрлерге адалдық секілді ұлы ұстын, алтын арқау жатыр десек, осынау 


146 
дәстүр сабақтастығы қаламгердің өлең тілімен толғаған іргелі тұжырым
ордалы ойларынан дамығаны хақ. 
Адамның жас кезеңдері, өмірдің өткіншілігі, жарық дүниенің 
жалғандығы туралы мына жолдарды оқығанымызда, ойымызға кешегі өткен 
ақын-жыраулардың жастығын ойлап егіліп, кәрілікті айтып аһ ұрған жан 
аужайын еске түсіретіндейміз: 
...Келіншек құшқан сабаз ем, 
Кемпірге жүрмін таба боп... 
Өмір әнін ыңқылдаймыз құлықсыз, 
Кәрі қызбен қалжыңдасқан сияқты... 
(«Шалдың әні») 
Ақын өлеңдерінде прозаларындағыдай адамға үлкен ой салар, текті 
пайым, терең парасатқа шақырар ойлы шумақтар, афоризм үлгісіндегі егіз 
жолдар аз ұшыраспайды. Өмірдің өзі көрген өткелектерінен кейінгіге сабақ 
боларлықтай өнеге ұсынады, оларды екі ауыз сөздің ауқымына сыйғызып 
әдемі өрнектейді: 
...Дүмбісіне дүрбінің сиып кетер 
Дүниенің кеңдігі екі елі екен. 
...Сия алсаң жердің үстіне, 
Сиярсың, сірә, астына.
...Аласартып кетердей болса қауіп, 
Алатауға қарап қой ауық-ауық 
Жазушының кейінгі жылдары (1980-1999 жж.) жазған өлеңдерінде 
автордың қоғамдық мәселелер, адамдардың мінез-құлық, болмыс түйткілдері 
көбірек орын алады. Уақыт сырына замана дамуы мен адамзаттық 
құндылықтар биігінен көз салатын автор елінің еңселі, халқының қадірлі 
болуы үшін перзенттік парызын абыздық толғаныстарымен төгеді. Ол 
жырларда лирикалық кейіпкеріміздің биік күрескерлік рухы көрінеді, «тар 
жол, тайғақ кешулерден» өтсе де мұқалмаған жігері, бірде ызалы нала, бірде 
сабырлы наз қылаң береді: 
...Жеңнен тартып бермей қойды жеңістік: 
«Күлер едің – күлетіндей заман ба? 
Жылар едің – онсыздағы кіл сімсік, 
Таба болып қайтесің, – деп, – жаманға!» 
Сосын, міне, жер төсінде жүргенім, 
Күлерге – күлмей, жылайтынға – жыламай, 
Жел менен ел қояр емес гулеуін, 
Дүние сол – алағай да бұлағай. 
Ақын жаны сергек те сезімтал. Оның жіті назарынан еш нәрсе қалыс 
қала алмайды. Қуаныш пен қайғы, сүйініш пен күйініш, уайым мен 
ойсыздық, жақсылық пен жамандық, махаббат пен жауыздық алмасып 


147 
жататын адами тіршілікте солардың қай-қайсысын да ақынның сана сүзгісі 
електен өткізіп, оқырман талқысына ұсынады. Арамыздағы адамшылыққа 
жат, имандылықтан жырақ кейбір көңілге кірбің түсіретін аярлық 
жайттардың бағасы да өлең жолдарында ақынның аянышын көрсетсе, 
оқырманның жиренішін туғызады:
...Ақыр бар ғой, бәріне де ақыр бар, 
Тартылғанша айдын шалқар ақылдар. 
Арыстандай атылар түбі ашу-зар, 
Тойлап қалсын, ойнап қалсын пақырлар. 
Осындай, «солған гүлдей сазарған» шақтардағы ақын күйі есті жанға 
әбден таныс, егде көңілдің елегінде талайдан жинақталған, сыншылдық 
ойдың сығындысынан сұрыпталған дегдар ойлар жыр жолдарына 
айналғанда, толас бермес тасқындай ағытылады. Жалпы дүние-дәурен ауаны, 
адамның ойға алғанының бәрін бірдей іске асырсам дейтін арманы адыра 
қалғандағы күйініші, азаматтық-қайраткерлік жан айғайы ақынға жалқы 
жайдан гөрі тіршілік түйткілдерін ортақ жинақтатып, жырауларша мұң 
толғатады: 
...Дүниенің бұлаңы-ай, 
Дәурененің сылаңы-ай, 
Қиял иттің лаңы-ай, 
Жаратқанның олағы-ай 
Жаралғанның молағы-ай... 
Кешегі ата-бабалардың асыл арманы – тәуелсіздікті жүзеге асыруға қол 
жеткен тарихи кезеңдегі қоғамдық-саяси оқиғалардың қалың ортасында 
жүрген қайраткер, абыз ақынның айтқаны бар қазаққа белгілі болса, айтары 
да аз емес екені түсінікті. Ақын жүрек халқының қамы үшін, жалпы 
адамзаттық мүдде үшін аласұрады, елге сөзім жетсе екен, айтқан сөзім өтсе 
екен деп аһ ұрады. Осындай торыққан сәттерде туған кейбір ой сілемдері 
элегиялық сарында болып, эмоциялық-экспрессивтік мәнімен лирикалық 
қаһарманның ішкі күйін қоғам ахуалымен байланыстыра бейнелейді: 
Сырласарға қара жоқ, 
Мұңдасарға дара жоқ. 
Жыртылар ма екен бұл жүрек 
Бір күні пара-пара боп. 
Қастың ғайбат сөзі өтті, 
Дос бопсасы мезі етті. 
Өңмеңдеген өкініш 
Өртеп барады өзекті. 
Елеуредім «ел» деп мен, 
Желеңдедім «жер» деп мен. 
Тіл үшін тартпай тілімді 
Сайыстым сансыз жендетпен. 


148 
Елең қылмай ел мені, 
Жерге тықпақ жер мені 
Тілдеп жатыр тіл шіркін, 
Сонда неге сенгенмін (1995). 
* * * 
Автордың 
«Одағай 
өлеңі»–мазмұндық-құрылымдық 
жағынан 
қызғылықты ұйымдасқан шығарма. Бұл өлеңнің тақырыбы мен сөздік 
құрамына қарап, тіл біліміндегі одағай деп аталатын сөз табы туралы екен 
деп түсінуге болмайды. Өлеңнің тақырыбы «одағай», яғни «өрескелдеу 
құрылған, оғаш өлең» дегенді білдіреді деп түсінсек керек.
Өлең ылғи еліктеу сөздер мен одағайлардан құралған. Он үш жолдан 
тұратын өлеңнің әр жолында үш-үштен күрделі (қосарланған) еліктеу сөз бен 
одағай сөз (барлығы 39) қамтылған. Бір қарағанда, әшейін еліктеу сөздер мен 
одағайларды ұйқастырып қойғандай көрінгенмен, өлеңнің композициялық 
құрылысында белгілі бір жүйелі заңдылық сақталған. Сондай-ақ мазмұндық 
тұрғыдан әлдебір ишара, тұспал бар. Бір қызығы, әр жолдың екі сөзі 
еліктеуіш немесе бейнелеуіш сөзден келіп, іс-әрекет, қимыл-қозғалысты 
елестетіп тұрса, сол жолдағы үшінші одағай сөз осы қимыл-әрекеттерге 
сәйкес көңіл-күйді білдіреді. Мысалы: 
Ыбыр-жыбыр. Қыбыр-сыбыр. Тәк-тәк! 
Дабыр-дұбыр. Жабыр-жұбыр. Паһ-паһ! 
Шақыр-шұқыр. Тыпыр-тыпыр. Қап! Қап! 
Ебіл-себіл! Егіл-тегіл! Бай-бай!.. 
Жаңылтпаш, санамақ, қаламақ секілді балалар фольклорының 
құрылымындай ойнақы екпін, тақ-тақ нақышпен келетін бұл өлеңнің 
астарында қоғамдағы адамдардың тыныс-тіршілігін тұспалдайтын ишара 
күлкі бар. Бұл жағынан ол белгілі қазақ сатиригі А.Тоқмағамбетовтің 
«Қашанғы соқыртеке ойнаймыз» фельетонындағы: 
«Соқыртеке, соқ-соқ, 
Қараңғыда көзім жоқ, 
Тиіп кетсе, сөзім жоқ! 
Шекелерге шекелер, 
Кеселерге кеселер, 
Шақыр-шұқыр, соқ-соқ! – 
деген жолдарын еске салады. Асқар ақын әуелі оқиғаға түсініктеме беріп, 
сосын оған әлеуметтік-психологиялық қатынасты көңіл-күйді «Шақыр-
шұқыр, соқ-соқ!» – деген еліктеу сөздермен білдірсе, бұл өлең тек алдыңғы 
іс-әрекетті оқырманды ойландыратын еліктеу сөздің екпінімен ишаралап, 
оған одағайлық қатынасты көрсетеді. 
* * * 
Қаламгердің поэзиядағы жанрлық-түрлік құрылым мен мазмұндық 
коллизияны ирониялық аспектіде шебер ширатқан шығармасы – «Шимұрын» 
эллегиялық балладасы (1998). «Қазіргі балладаларда романтикалық 


149 
дәстүрлер ирониялық аспект де тудыруда. Ә.Кекілбаевтың «Шимұрын» 
балладасында әдеттегінің «шегіне» шығу мен бейтаныс әлемнің құпиясы екі 
бірдей сезімді тудырады: түнгі «шимұрын» құбыжық алдындағы қорқыныш 
пен махаббат құштарлығы. Шимұрынның пайда болуынан туындайтын 
балладалық катарсис тектік жағынан герман балладаларынан бастау алады 
және ирониялық пайымдаумен басымдыққа жетеді» [92,181-182]. 
Баллада балалық шақтың қорқыныш пен құштарлықты қатар өрбіткен 
әлдебір оқиғасына негізделген. Айдаладағы екі үйдің адамдары көрші ауылға 
кетіп («той ма, әлде аза ма»), көршілес үйде қалған жас қыз бен ұлдың 
басынан кешірген жайлары баяндалады.
Батыс жақта қыз үйі – уыздай аппақ үзігі, 
Шығыс жақта ұл үйі – күмбірлеген уығы. 
Қыз қарайды іргеден түнерген тұнжыр түз жаққа, 
Мен қараймын іргеден абыржыған қыз жаққа. 
Қара түнде ауыл сыртындағы шілік жақтан шыққан сыбыстан 
қорыққан қыз бен ұлдың үйде отырып, бойларын үрей билеуімен қатар, осы 
қорқыныштың аясында ұлдың балалық махаббат құштарлығынан да аулақтай 
алмауын бейнелейді. Бұл жерде құбыжықпен кездесу ықтималдығы махаббат 
коллизиясының орын алуының алғышарты ретінде көрінеді. Ғашықтық 
сезімнің құпиялық сыры осы бір кенеттен тап болған қорқыныштың аясында 
ашылады.
Бойды үрей билеген шақтағы ішкі сезімдер шарпысуының (қорқыныш 
әрі құштарлық) психологиялық күйін бейнелеу сезімдік әрі диалогтік 
қатынастың мәнін ашумен қабат өріледі: 
Барады жүрек жиі ұрып, барады сабыр сұйылып. 
«Бері кел», – дейді қысылып; «Жарайды», – деймін түсініп. 
Түндігін үйдің түсіріп, зәремді түн ұшырып, 
Есігін зорға тапқаным, ентігіп әзер аттадым. 
Баллададағы персонаждардың өзара қарым-қатынасы мен сыртқы 
күштен (шимұрыннан) қорқыныш сезімдерінің қат-қабат өрімі бірте-бірте 
ширыға түседі: 
Жалма-жан оған ұмтылдым, «Жолама», – деп жұлқынды... 
«Қорқамын», – дейтін қыз шіркін, «Қасыма кел», – демейді... 
«Қорықпа», – деймін ұмсынып, «Жоқ-жоқ», – дейді ол қысылып... 
«Эпикалық сюжетті негіздегі, бірақ лирикалық көңіл-күй енген және 
күшті драматизммен ерекшеленетін өлең» [93,176] ретіндегі баллада 
жанрының қазақтың жаңа әдебиетіндегі жаңғыртылған түрінің «кереметтік» 
ассоциациялық ұйымдасуының сипатын Ә.Кекілбаевтың осы шығармасынан 
да көруге болады. Жанрдың лиро-эпикалық ерекшелігі шығарманың 
сюжеттік желісі мен оқиға барысының лирикалық кейіпкер көңіл-күйімен 
түйінделіп отыруынан танылады. 
Жанр табиғатына орай, шимұрын бейнесі неміс балладасы дәстүрінде 
сипатталады. Қорқынышты бейненің персонаждарға әсері күшейтпелі леппен 
баяндалып, сезімдік қабылдаулармен байытылып отырады: 
Шыр айналып шимұрын үй торып жүрген сықылды, 


150 
Дүңк-дүңк етіп барады, дүсірі құлақ жарады. 
Діңк-діңк етіп сұмпайы келмесе кіріп жарады. 
Оқиғаның осылай ширыға дамуының кульминациясы қорқыныштың 
құштарлыққа жалғасып, жас жүректің іңкәр тілегіне айналуына ұласады: 
Жүгіріп келіп тағы да, бауырыма сұғынды. 
Үрей мен бақыт бір тап боп, сандалтты сана-ұғымды. 
Құрып кеткір шимұрын үй торып солай жүрсе екен, 
Қалш-қалш еткен қалқатай құшаққа әбден кірсе екен. 
Атпай-ақ қойсын таңы да, шықпай-ақ қойсын күні де, 
Тұрса болды осылай өң мен түстей дүние. 
Балладаның шешіміндегі кенеттен қорқынышты бейненің біржолата 
жоғалуымен қосарланған жанрлық анықтаманың («эллегиялық баллада») 
мағынасы ашылады: 
Ат дүбірін есітіп, зытып берген сор жаққа, 
Шолтаңдатып құйрығын, 
Әй, жексұрын шимұрын. 
Баллада финалындағы лирикалық кейіпкер басына түсетін қол жетпес 
қиял жайындағы элегиялық мұң кейіпкер кекесінімен көмескіленіп, өткен 
уақыт оқиғасының өкінішін еске түсіреді. «Жеңгетай болған шимұрынның» 
дала табиғатының шындығына кәдімгі жануар түрінде оралуы әсерлі әзілдік 
леппен өрнектеледі. 
Он төрт-он бес буынды егіз ұйқаспен жазылған балладаның өлеңдік 
өрімі де соншалықты ұйқасты-ырғақты әрі әуендік үйлесімге бай. Бұл 
эллегиялық балладаны ғасырлар тоғысындағы қазақ балладасының жанрлық 
табиғаты, жаңғыру сипаты туралы толымды тұжырым жасауға мүмкіндік 
беретін ерекше көркем шығармалардың бірі деп ойлаймыз. 
Сонымен, Ә.Кекілбаевтың поэзиялық шығармалары қаламгерлік 
жолдағы алғашқы баспалдақ, үлкен суреткерлік шеберлікке дайындық 
болуымен қатар, азаматтық асыл ойдың, суреткерлік сарабдал пайымның 
уақыт тынысына, замана лебіне, ұлт ұйысуына әр кез назар салып, көңілдегі 
көрікті ойларын қазақтың ұшқыр өлеңімен өрнектеп отырған ойлы дүниелері 
деп білеміз.


151 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет