2.1. Қазақ пен түрік айтысының ұқсастықтары мен айырмашылықтары Қазақ халқы мен Түрік мемлекетінің мәдени мұрасына жататын ортақ мұра ол айтыс өнері. Қазақ пен түрік айтысының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын зерттеп, түрік ақындарының (ашықтарының) айтысын қазақ халқымен салыстырып алғаш рет пікір жазып қалдырған М.Жармұхамедұлы болды.
Белгілі түрік ғалымы Ұмай Гүнай бір мақаласында былай деп жазған болатын : «Түрік халқының әдебиетінде айтыс «atışma» деп аталады. Айтыстың алғашқы үлгілері халық әдебиетінің байырғы түрлерінің нәтижесінде қалыптасқаны көрінеді. Қаратеңіз аумағында атма деп аталатын дәстүрлі халық әндері кең таралған» [29, 73-б.].
Мұнда екі адам қарама-қарсы тұрып, жеті-сегіз буынды тармақтарға негізделген өлеңді орындайды. Әдетте қыздар мен еркектер екі бөлікке бөлініп, қарама-қарсы мәнде халық әндерін жиі орындап шығады. Мұндай өнер ел арасында «қаршыбері» (karşıberi) деп те аталған. Әуенмен айтылған бұл өлең жолдары басқа өңірлерде «атма» халық әндері деп те аталады. Бұдан басқа қарама-қарсы халық әндері әр түрлі аймақтарда екі жас үйленген қына түндерінде және тойларда айтылатын аноним өлеңдерде де кездеседі. Бұл халық әндерінде қарсы жағдайдағы екі кісі әнмен сайысып, өз намысын қорғаулары орын алады және бұл тартыстар жарасымды келісіммен аяқталады. Бойдақтар мен үйленгендердің кездесуі, әйел мен қыз кездесулері, бір ер немесе бір жас қыздың бір-бірлерін үйлену тақырыбында үлгілі әндерді орындау дәстүрі бар [30, 26-б.].
Түркиядағы ақындар жекпе-жекті кем дегенде екі ақынның әділқазы алқасының алдында немесе көзіқарақты көрермендер алдында жеребе бойынша қарсыласы анықталып, белгіленген жерде кездесетін болған. Музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен, ән ырғағымен және көркем сөзбен арнайы шарты бар қатаң ережелерге бағына өткен. Айтыстың негізі ақындардың жауаптары арқылы бір-бірін сынауы, өткір сөзбен мінеуімен құралады және бір ақынның жеңісімен аяқталады. Белгілі ақынның айтысқа қабілеттігін сынау мақсатында ұйымдастырылатын айтыс түрлері де бар. Сонымен қатар тойларда және басқа да жиындарда, шайханаларда ақындар көрермендердің көзайымы болып көңілін көтеру мақсатында өз өнерлерін ортаға салған.
Түрік халқының айтысы сонау ертеден бастау алса, ал XIX ғасырға дейінгі ақындық осы айтыс өнері жайында жазба деректер жоқтың қасы. Ақындар айтысы түрік әдебиетінде ХІХ ғасыр шамасында ортаға шыға бастады. Одан бұрынғы жылдарда айтыс өнері болса да жазбаша мәліметтер болмағандықтан оны дәлелдейтін дерек жоқ. Алғашқы маңызды ақындар айтысы 1850-ші жылы өткен Юсуфелили Мухибби мен Идракидің кездесуі болатын [31, 169-б.].
Қазақтарда хатқа түскен алғашқы айтыс белгілі «Біржан сал мен Сара қыздың айтысы» болатын. «Біржан мен Сара» айтысы алғаш рет 1898 жылы Қазанда тасқа басылып жарық көрген болатын. Ал, айтыс 1871 жылы өткен болса керек [32, 153-б.].
Осы деректерге сүйенсек түрік пен қазақ халқының айтысы арғы ежелгі заманда басталғаны белгілі. Бірақ жазба әдеби тілі болмағандықтан ол дәуірге нақты дерек айта алмаймыз. Бірақ бір қызығы қазақ пен түрік халқының айтысы хатқа түскен мерзімі шамамен қатарлас болып отыр.
Түркиядағы ақындық өнердің ең көп тараған ережелер мынадай болып келеді: айтыс сахнасындағы жүргізушінің бақылауымен әділқазылар алқасының құрамы анықталады. Ақындар жеребе бойынша қарсыласымен айтыс додасында бір-бірін таныстыру салтанаымен бастайды. Айтысты жасы үлкен адам не ұстаздық жасаған немесе елге белгілі жеңімпаз ақын бастайды.
Бірінші сөз басын бастаған ақын айтысты белгілі бір ұйқаста бастаса ал жалғастырушы келесі ақын бұл ұйқасқа бағынып жалғастыруы міндетті қатаң талап етеді. Бұл әдіс қазақтағы қайымдасуды еске түсіргенімен ерекшелігі де жоқ емес. Осылайша айтыс кезектесіп жалғаса береді. Айтыс соңында жеңімпаз айқындалып, түрлі сыйлықтармен марапатталады. Ал жеңілген әріптесі аспабын қарсыласына тарту етіп сыйға береді. Ал кей жағдайда айтыс өнерінен біржолата бас тартуы шарт. Жеңілген ақын орнынан тұрып, жеңген ақынға аспабын береді, жасы үлкен болса, қолын сүйеді. Жеңімпаз жеңілгеннің аспабын кішіпейілдік танытса, кері беріп қайтарады. Егер айтыс барысында ақындар бір-бірімен сөз таластырып, ашуға бағындырса, балағаттаса, өкпе-реніш туғызса, жеңімпаз шайыр жеңілген ақынның аспабын басына ұрып сындырады. Ондай жағдайда жеңілген ақын қайтадан айтысатын құқынан мәңгілік айырылады. Осылайша жеңімпаз қошеметке ие болады. Егер сол ақын бірнеше мәрте жеңімпаз аталса, оның аты аңызға айналады. Кез-келген жарыстар сияқты әр ақынның өз жанкүйерлері болады, олар екіге жарылып, өз тұлпарларына қолдау көрсетеді.
Түркиядағы ақындар айтысын үш топқа бөле аламыз:
Бірінші топтағы айтыс «назире» деп аталады. Бұл «назире» тобының шарты, негізгі мақсаты ақындардың бір-бірімен танысу және әңгімелесу мақсатында құралған. Бұл мысалдар ақынның жеке өміріне қатысты сұрақ-жауаптар қойылады немесе әр түрлі тақырыптардағы көрген-білгендерін ортаға салады. Қарсыласын қиын жағдайға түсіру мақсатында, қарсыласына басымшылық көрсетеді. Ең көп кездесулердің алғашқы және соңғы бөлімдерінде орын алған өлеңдер айтыста ең жақсылардың қатарына жатқызылады.
Екінші топтағы айтыс «атышма» деп аталады. Мұндағы топ айтысында айтыскерлер қарсыласын нысанаға алып, оның ақындық қабілетін төмендетіп көрсетуге тырысады. Айтыстың бұл түрінде қарсыласын кемсіту және өзін одан артық санау әдеті де бар.
Үшінші топтағы айтыс «қарсыласу» деп аталады. Мұндағы топ айтысында кездесулерде бір-бірінің сұрақтарына дұрыс және нақты дәлелмен жауап беру нысанаға алынады. Ақын қарсыласын жеңу мақсатында шешімі жоқтай қиын сұрақтар қояды. Бірақ қарсыласы сұраққа дұрыс жауап бере алмаған жағдайда өз қарсыласын жеңілген болып саналады. Бұл айтыс түрі халық арасында кең тарамаған. Ақын бүкіл шеберлігін, ақылын дұрыс жауап табуға жұмсайды. Осы себептен дұрыс жауап беру үшін кейде өлшем, ұйқасқа аса мән берілмейді. Жеңімпаз аталуы үшін ақындар дүниенің пайда болуын, о дүниедегі өмір, пайғамбарлар тарихы және түрлі аңыздар мазмұнына байланысты сұрақтар қойып айтысады. Әлбетте, бұл қазақтағы кейбір діни-танымдық сипаттағы жұмбақ айтысына тән екені еске түсіреді.
Сонымен түрік айтысы суырыпсалмалық қасиетке ие, мұнда бағлама тарту, ән айту секілді өнер түрлері де қат-қабат кездеседі. Сонымен қатар жұмбақ айтыс түрі де бар. Жұмбақ айтысы қазақ айтысына ұқсас болып келеді. Ал аға ақынның ұйқас ұсынып, әріптесінен соған лайықты жауап күтуі, өлең құрауды қалауы, талап етуі – бұлжымас қағида.
Айтыскердің хас өнерпаз болатын себебі, олар өлең сөзін өзі шығарады, әрі музыка әуенін (дарынды айтыскерлер тіпті ән, күй де шығарған) тудырады, ал саз аспабында (домбыра, дутар, даңғыра, гармон т.б) ойнайды және өзі орындайды. Сондықтан да шебер айтыскерлерді ел аса құрметтеген және ғалымдар бірауыздан айтысты халық театры деп те баға берген [33, Б.33-34].
Қазақ айтысымен салыстырғанда түрік айтысының басты ерекшелігі сол, онда ұйқасқа аса мән беріледі. Өйткені түрік айтысы құрылымдық тұрғыдан арнайы ережеге, қатаң қағидаға құрылған белгілі бір алдын ала сызылған шеңбердегі айтыс деуге болады. Түрік айтысында бастаушы ақын белгілі бір ұйқасты ұсынады да, қостаушы ақын сол ұйқасқа сай өлең құрауы керек. Осы ереже сырттай қарағанда түрік айтысын ұйқас қуу, ұйқас жарыстыру сайысы секілді көрсетеді. Әйткенмен майталман шайырлар небір күрделі де тосын ұйқастарды «қиыннан қиыстыра», шумақ құраумен бірге мағыналы да көркем жыр додасын жасайды. Шумақ деп ерекшелеп атап отырған себебіміз, түрік айтысында әр ақын төрт жол ғана өлең айтуы керек. Демек, айтыста көлемге де өлшем беріледі, әріптестердің сұрақ-жауабы бір-бір шумаққа қана сыйып өлең құралуы тиіс. Бұл бұлжымайтын ереже және түрік ақындары бұл қысқалыққа төселіп, машықтанған деуге болады.
Ғалым Гүнай бұл тақырыпта былай дейді: «Өлеңнің сыртқы қорғаны және жаңадан жаралуға жан беретін негізгі кілті шын мәнісінде ұйқас пен ырғақ екендігі даусыз. Шебер ақындар небір тапқыр ұйқастарды құбылтып, айтыстың композициясын тұтастай тоқиды. Ұйқас тек қана жырға үйлесім беріп қоймайды, сонымен бірге өзгеше қызметтерді жауапкершілігіне алады. Ұйқас сол өлеңді еске түсіруге, мағыналық тұтастығының қорғауына да көмекші болады [30, 33-б.].
Түрік сөз додасының тағы бір бөлімі «текллүм» деп аталады. Бұл бөлімінде «ұйқас ашу» ережесі орын алады. Бұл кезеңде айтыскерлер тосын ұйқастар сайысын жасайды. Қарсыластар бір-біріне небір жұмбақ, қалтарысы мол ұйқас сөздерді ұсынып, бірін-бірі аңдып, баспалап, жаңылдыруды, сөзден тосуды, жолдан тайдыруды көздейді.
Бұндай қитұрқы ұйқастар қиындық дәрежесіне қарай төмендегідей түрлерге бөлінеді: