414-бап. Сатып алушыдан тауарды алып қойған жағдайдағы сатушының жауапкершiлiгi Шартты орындауға дейiн пайда болған негiздер бойынша үшiншi тұлғалар сатып алушыдан тауарды алып қойған кезде сатушы, егер сатып алушы осы негiздердiң болғаны туралы бiлгенiн немесе бiлуге тиiс екенiн дәлелдей алмаса, сатып алушыға оның шеккен залалын өтеуге мiндеттi.
2. Үшiншi тұлғалардың сатып алушыдан сатып алған тауарын талап еткен жағдайда тараптардың сатушыны жауапкершiлiктен босату немесе жауапкершiлiгiн шектеу туралы келiсiмi жарамсыз болады.
415-бап. Тауарды алып қою туралы талап арыз берiлген жағдайдағы сатып алушы мен сатушының мiндеттерi Егер үшiншi тұлға шарт орындалғанға дейiн туындаған негiздер бойынша сатып алушыға тауарды алып қою туралы талап арыз қойса, сатып алушы сатушыны бұл iске қатысуға тартуға мiндеттi, ал сатушы бұл iске сатып алушы тарапынан араласуға мiндеттi.
Егер сатушы iске қатыса отырып, сатылған тауарды сатып алушыдан алып қоюды болдырмайтынын дәлелдей алса, сатып алушының сатушыны iске қатысуға тартпауы сатушыны сатып алушы алдындағы жауапкершiлiктен босатады.
Сатып алушы iске қатысуға тартқан, бiрақ оған қатыспаған сатушы сатып алушының iстi дұрыс жүргiзбегенiн дәлелдеу құқығынан айырылады.
416-бап. Тауар беру мiндетiн орындамаудың салдары Егер сатушы сатып алушыға сатылған тауарды беруден бас тартса, сатып алушы сатып алу-сату шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
Сатушы белгiлi бiр жеке затты беруден бас тартқан жағдайда сатып алушы сатушыға осы Кодекстiң 355-бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы.
417-бап. Тауарға қатысты керек-жарақтар мен құжаттарды беру мiндетiн орындамаудың салдары Егер сатушы өзi беруге тиiстi (осы Кодекстiң 408-бабының 2-тармағы) Тауарға қатысты керек-жарақтарды немесе құжаттарды сатып алушыға бермесе немесе беруден бас тартса, сатып алушы оларды беру үшiн оған қисынды мерзiм тағайындауға құқылы.
Сатушы тауарға қатысты керек-жарақтарды немесе құжаттарды аталған мерзiмде бермеген жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы тауарды қабылдаудан бас тартуға құқылы.