1 ҚР бағалы терісі бар аңдардың әралуандылығына сипаттама
1.1 Қазақстан жануар әлемі және олардың ресурстары
Республикамыздың байтақ даласы – тұнған байлық. Алтын астығы, мыңғырған малы Қазақстан даңқын шығарып, абыройға бөледі. Табиғаты бай әрі жері кең – байтақ Қазақстан даласында жануарлардың көптеген өкілдерінің таралуы мен тұрақты тіршілік етуіне қолайлы жағдайлар бар.
Қазақстанның жер көлемі – 2,7 млн шаршы шақырым. Республика территориясын орманды-дала, дала, шөл-шөлейтті аймақтар кесіп өтеді. Ауа райы – құбылмалы. Табиғат жағдайының бұлай әр алуан болып келуі Қазақстанда жан-жанурлардың көптеген түрлерінің тіршілік етуіне мүмкіндік тудырады.
Қазақстан территориясында омыртқалы жануарлардың – 835 түрі, сүтқоректілердің – 178 түрі, құстардың – 489 түрі, бауырмен жорғалаушылардың – 49 түрі, қосмекенділердің- 12 түрі, балықтардың – 104 түрі, дөңгелекауыздылардың – 3 түрі мекендейд. Ал бұған қоса омыртқасыз жануарлардың 100 мыңдай түрлері кездеседі, оның ішінде 50 мыңдайы жәндіктер.
Жануарларға жүйесіз, ретсіз аңшылық, бақа да антропогендік факторлар республикамызда жануарлар дүниесінің ресурстарының азаюына себепші болды. Қазақстан территориясында XX ғасырдың ортасынан бері қазақстандық құлан, Тұран жолбарысы, торғайлық бұғы және мүмкін қабылан (гепард) жоғалып кетті.
Отанымыздың баға жетпес байлығының бірі - әрине жануарлар дүниесі. Солардың ішінде құнды тері, дәмді ет, дәрі-дәрмектік шикізаттар бөлетін түрлері көп-ақ. Мысалы, профессор А.Бекенов және т.б. (1983) мәліметтері бойынша табиғи жағдайы әр алуан Қазақстан территориясында бағалы терісі мен шипалы еті үшін аңдардың 50-ден астам түрлері ауланады.
Адам тіршілігі үшін ең маңызды жануарлар тобының бірі – сүтқоректілер. Сүтқоректілер – омыртқалы жануарлар дамуының ең жоғары сатыдағы класы. Олардың дене мөлшері де әр алуан. Ең кішкентайы – көптісті жертесердің (Suncus etrus savi) дене ұзындығы 38-45 мм, салмағы – 1,2-1,7 г болса, ең ірі хайуанат – көк кит (Balaenoptera musculus L.) денесінің ұзындығы 33 метрге, салмағы 120 тоннаға дейін жетеді. Су жануарлары – киттер балық формасында болса, ұшуға бейімделген жарқанаттардың алдыңғы аяқтары ұшу жарғағына айналғандықтан, құстар сияқты самғайды. Көптеген аңдар денесінің негізгі формасы – салмағы төрт аяғына түсетін денесі жер бетінен көтеріңкі. Денесі жүнді терімен жабылған. Кейбір түрлерінде терідегі жүн инеге, қабыршаққа немесе қылтанаққа айналған. Терілері әр түрлі бездерге (сүт, тері, май және т.б.) бай. Әсіресе, жалпы сүрқоректілерге тән ерекшілік – балаларын қоректенуге арналған сүт бөлетін бездерінің болуы. Сүтқоректілердің көпшілігі жылы қанды, денелердің температурасы тұрақты. Қан айналысы араласпаған (артерия қаны вена қанына қосылмайды). Барлығы да іштей ұрықтанады әрі балаларын тірі туады.
Қазіргі заманда сүтқоректілер жер шарының барлық бөліктерінде таралған. Ерте дәуірден бастап, адам өмірінде бұл хайуанаттар маңызды орын алады. Олардың көптеген түрлері кәсіптік және әуесқойлық жолмен ауланатын бағалы аңдар. Жоспарлы түрде аулау арқылы олардың дәмді етін, «жұмсақ алтын» аталып кеткен құнды терілерін, дәрі-дәрмектік шикізаттарын және тағы да басқа өнімдерін шаруашылықта пайдалана аламыз. Аса бағалы аң терілерін елімізде жерсіндіру немесе арнаулы аң фермаларында өсіру кең етек алып келеді. Кейбір ұсақ сутқоректілер ғылыми жұмыстар жүргізу үшін «лабораториялық жануарлар» есебінде де пайдаланылады. Тіпті насекомқоректілер және жыртқыш аңдар ауыл және орман шаруашылықтарына зиян келтіретін және түрлі аурулар таратуға себепкер болатын ұсақ жәндіктер, кеміргіштермен азықтанып, пайдасына да тигізеді.
Сүтқоректілердің ішінде зиянды түрлері де бар. Біраз түрлері орман және ауыл шаруашылықтарының зиянкестері, ал кейбіреулері адам мен жан-жануарларға ауру таратушылар болып табылады. Сүтқоректілер класы бүгінгі күні өмір сүретін 19 отрядын, 118 тұқымдас және 4000-нан астам түрді біріктіреді. Қазақстанда бұл кластан 8 отрядтың өкілі 1) насекомжегіштер, 2) қолқанатылар, 3) қоянтәрізділер, 4) кеміргіштер, 5) жыртқыштар, 6) ескекаяқтылыр, 7) тақтұяқтылыр, 8) жұптұяқтыларға жататын аңдардың 178-дей түрлері тіршілік етеді. (Бекенов және т.б., 1999). Енді осы аталған 8 отрядқа жататын шаруашылықта пайдаланылатын кейбір түрлеріне тоқталып өтейік .
Достарыңызбен бөлісу: |