2.3 Ғұмар өлеңдеріндегі көркемдік ізденістер
Ғұмар негізінен лирик ақын дедік. Шығармаларында парасатты адамгершілік идеяны көздеген. Адам мен табиғаттың ара- қатынастарын сұлулық сырын, сәнді заттардың сымбатты бояуын, сарқырап аққан суды, сылдырлай сыбырлаған нуды, кең даланы мекендеген жан-жануар, көл бетінде сымпылдап қанат қаққан үйрек, паң басып байпаңдаған аққу- қаз, жан жадыратар жазғы көк майса, күн нұрын көкірегіне дем етіп, еркін аунап қунаған жан-жануар, ғашығын күтіп жүрегімен алысқан сүйген жар, өмір үшін алысқан еңбек адамдары, тағы басқа да сан құбылыстарды бейнелеген.
Ғұмар – поэзиямызға өзіндік өрнек, түр қосқан жаңашыл ақын. Ол "өзінен бұрынғы да, өзімен тұстас та ақындардан, әр елдің әдебиет үлгілерінен үйрене отырып, өзіндік стиль тапты", -деп баға береді әдебиеттанушы ғалым Айқын Нұрқатов. [20,318]
"Ғұмар Қарашұлы таза поэзияны түрлендіру, жаңа тәсіл, тың қолданыстар тұрғысынан алғанда да жаңашыл ақын. Жаңа жылғы Еуропадағы үрдісті сақтай отырып, қазақша алғаш өлең арнаған, сірә, осы білімдар ақын болса керек", - деп Мұзафар Әлімбай өз пікірін білдіре отырып, ақынның жаңашылдығының көрінісі ретінде "Жаңа жыл" деген өлеңін келтіреді.
Жаңарған құтты болсын жылың, қазақ!
Жадырап тусын бақыт күнің, қазақ!
Әр жерде азаматың бас көтерсін,
Есітіп бостандықтың үнін қазақ! [25,4] Шыныда да осы өлең бүгінгі күн ыңғайында жазылғандай керемет. Арада неше жыл өтсе де бұл өлең өзінің жаңалығымен бүгін де жалғасын тауып жатыр.
Поэзия ең алдымен ырғақ, ұйқасқа бөленген ой. Сондықтан ақын жүректен шыққан ойлы сөздерді іріктейді, оларды өлең әлемінің бүкіл заңына сай етіп құрады. Осы ретте біз Сәбит Мұқановтың пікірін келтіре кетейік "Омар қазақтың жортуылшыл кезіне сәйкестелген шұбыртпалы өлең түрімен жазған. Бұл түр қазақтың ұғымына өте тез қонатын түр. Оның үстіне тілі ашық қазақ тілі. "Тұлпарларда" Омар тіл жағынан, құрылыс жағынан Махамбет, Шәңгерей, Мұрат сықылды атақты халық ақындарына көп еліктеген. Солардан сөз құрылысын, пернелеуді қолданған. Сондықтан оның сіңімділігі өте күшті болған",-дейді Мысалы ақынның "Сөйле тілім жалықпа" деген өлеңі шұбыртпалы ұйқаспен келген, содан да адам көкейіне тез қонады және оқырманға да әсерлі жетеді”.
Бұл жалғаншы дүниеде
Болмас үшін зарықпа,
Табылмасқа тарықпа
Талайлар келіп кеткен –ді,
Талай болып өткен-ді
Армансыз кеттім дегенді
Ешбір құлақ шалып па [7,104].
Ұйқас -өлеңнің сыртқы түріне ғана емес, ішкі сырына тікелей қатысты нәрсе, яғни өлеңнің сыртқы сұлулығы үшін ғана емес, ішкі жылуы, қызуы үшін де ауадай қажет.Осы тұрғыда Ғұмар ақынның өлең өнеріне үлкен дайындықпен келгені білінеді. Ақын өлең өнерімен айналысатын адамдарға:
Сұлулап сөз шығар өнер емес,
Өнімді ол бір пайда берер емес,
Қышытқан жерін тауып сөйлемесе,
Шежіре болса дағы шебер емес.
Тауып айт, аз айтсаң да тазасын айт [7,144]
Жағымды сонда жайма келер кеңес- деуі Ақынның Абай ойымен сабақтастығын көрсетеді.
Ғұмар Қарашев Абай поэзиясынан сусындап, өлеңдерін де сол үлгіде жазған. Шығармаларын оқып отырып Ғұмардың Абайға зор еліктегенін көреміз. Мысалы "Тұрымтай" жинағында кездесетін мына бір өлеңді алайық:
Үлгілі сөз бір сұлу қыз
Теңіне тегін берілер,
Тең табылып салса көз,
Таранар сұлу, керілер.
Саналы жүрек, терең ой
Түбіне зейін сала бер.
Алдыңда сұлу, сұмды бой,
Мал берместен ала бер [7,119].
Мұнда гәп тек өлеңнің қазақ поэзиясына Абай енгізген шалыс ұйқасты өлшеммен жазылуында ғана емес, сонымен бірге, бұл өлеңде Абайдың ақындық өнері мен лебі есетіндігін байқауға болады. "Жүрегін тартып сүйгізер", "Таранар сұлу керілер", Саналы жүрек терең ой" деп келетін айшықты сөз тіркестері құлаққа да, көңілге де Абай сарынын әкелгендей. Ғұмар ақын өз шығармаларында Абайдан үйрене отырып, өзінше өлең өрнектерін жаңғыртып құруға, өзгеше етіп жасауға талпынған. Бақыт Шканова "Орал өңірі" газетіне жарияланған бір мақаласында Ғұмар Қарашевтың "Қиял" деген өлеңін Абайдың "Көзімнің қарасы" өлеңінің стилімен жазылғанын, ұлы ақынға еліктегенін көрсетеді.
Абайда:
Қайғың-қыс, жүзің-жаз,
Боламын көрсем мәз,- деп келсе,
Ғұмар:
Қайғың-қыс, күлкің-жаз
Қысың- көп, жазың-аз.
Қыс туса, қысылып,
Жазыңа болдым мәз [27,71],-дейді.
Ғұмардың "Тастаған жарға” деген өлеңінің әр шумағы он тармақтан, яғни он жолдан тұрады. Негізінен бұл өлеңді бес жолға сыйғызып айтуға болады. Бірақ, мұнан өлең әсері солғындайды. Интонацияға бейім бұл өлеңнің әрбір жолы әсерлі. Мысалы:
Жарым, жаным
Бұл қалай,
Жалғызым, барым
Бұл қалай.
Ұмыттың ба құдайды?
Асығым менің
Бұл іске,
Кәрібім менің
Бұл күшке
Жүрегім нағып шыдайды?. [7,132].
Ғұмар Қарашев поэзиясын, оның алдында өткен ақын-жыраулар поэзиясы мен сол түстің ақындарының дәстүрлерінен бөлектеп, даралап алып қарауға болмайды. Е.Смайылов ақын өлеңдерін: ”Ғұмар өлеңдерінде көркемдік пен пікірдің байлығы, өткірлігі ұштасып келеді. Көп өлеңдері мәтел, тақпақ түрінде де айтылады”,- деп көрсетеді. [20,119]
Шын ақын өлеңдерін халық көкейіне қонымды әрі әсерлі болу үшін қазақтың бай ауыз әдебиетіндегі асыл сөздермен өрнектеген. Әсіресе, мақал-мәтел, қанатты сөздер ақынның өлеңінің ойымен өріліп жатыр. Мысалы,
Алтау ала болғанда,
Ауыздан жемін кетірер.
Төртеу түгел болғанда,
Төбеден жерге келтірер.
Атаның айтқан бұл сөзін,
Аңдай жүре көріңіз.
Баяғы ауыз әдебиетінің барлық кезеңінде тіл көркемдігі көбінесе түрлі-түсті бояу болған да сөз сұлулығы- маңыраған мақал-мәтелде жатқан. Ділмар шешендік пен ұтқыр биліктер де тыңдаушысын төкпе мазмұнға лайық еспе пішініндегі әр түрлі жылтырауықтармен еліктіріп отырған. Бірақ жазба әдебиет тіліндегі көркемдік бұлай емес екені өткен ғасырдың өзінде-ақ білінген. Оған Абай шығармасында кездесетін мына бір өлең жолдар дәлел бола алады
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Иә, жазба әдебиеттегі тіл көркемдігі мен сөз сұлулығы жасанды жалт-жұлтта, күлді–балам бояуда емес, сөздің табиғилығы мен қарапайымдылығында, нақтылығы мен тазалығында жатады. Осы турасында Ғұмар Қарашев та айтқан.
Сұлулап сөз шығару өнер емес,
Өнімді ол бір пайда бере емес.
Тауып айт, аз айтсаң да тазасын айт,
Жағымды сонда жайма келер кеңес [7, 44]
Ақын-жазушы өзінің сөздік қорын молықтыру үшін жалпы халықтың тілдің телегей – теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше молырақ игеруі, оның қилы-қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынысындағы ұлан-ғайыр өзгертулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білу қажет. Сонда ғана ақын-жазушы сөзімізді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай алады. Мұның өзі жазушы тілінің үш түрлі ұғымдылығына-дәлдікке, ықшамдыққа, сұлулыққа- негізделуі шарт.
Міне, осы талаптарды біз Ғұмар Қарашевтың шығармаларынан кездестіре аламыз. Мысалы, ақынның:
Тұрады ұят тұрған жерде иман,
Әдебі пайғамбардың бұған илан.
Әртүрлі бұзықтықтың адамзатты,
Тек жалғыз бұ дүниеде ұят тиған [7,30] деп төрт жол өлеңі дәлдікке, ықшамдылыққа құрылған. Бір жағынан мазмұны да терең әсерлі Ғұмардың бұл өлеңінде басы артық ешқандай сөзді көрмейміз.
Ғұмар поэзиясының түрі де күрделі негізгі өлең үлгісі-7-8 буынды жыр – толғау.Бұл түрді академик Корш былай деп көрсетеді; "Мейлінше ықшам , мейлінше мол тараған, түрік жазу-сызуының тіпті көне ескерткіштерден кездесетін жеті буынды өлеңі хронологиялық жағынан, сірә, бар өлеңнің басы",- деуі орынды айтылған. Ғұмардың "Қиял, хақиқатының” үлгісі осы 7 буынды жыр өлшемімен келеді.
Кім құрады жиһанды
Кім жіберді адамға
Терең сырлы бұ жанды.
Кім құрса соның өзіне
Мағлұм болса керек-ті.
Сондай-ақ, Ғұмар Қарашев өз шығармасының жартысынан көбін көнеден келе жатқан 11 буынды жыр өлшемімен жазған. Бұл өзі әдемі өлшем, үнсіз оқысаңыз үйіре жөнеледі.
Айта бар барсаң сәлем ағаларға,
Ақылы кәміл жетік даналарға,
Біз бір жүн,олар жібек күлтеленген
Жанасу жөн болмайды барабарға.
Ғұмар шығармаларын түгел дерлік құйған құрыш секілді, берік, еш уақыт ескірмейді іші алтын, сырты күміс мәңгілік туындылар. Өмір біткеніннің құндылығы да оның өміршеңдігінде, әр заманның керегіне жарап, жаны таза адал жан, ар-ожданы биік адам баласына қызымет ете алатын асыл мұра боп табылуында десек,Ғұмар Қарашевтың шығармасын біз осы деңгейден табамыз
Достарыңызбен бөлісу: |