Əр елдің бұқалары, өгіздері,
Қызыл көз, саба құрсақ – семіздері,
Жерлерден жарты ай жүріп келгендер бар,
Келіпті пəленше де дегізгелі [5, 324].
Сонымен бірге шартараптан тойға келген халықтың көптігін көрсетуде «ел», «адам», «халық», «көпшілік» сөздерін қолданбай, аймақ, өлке атын жұрттың орнына шебер де ұтымды пайдаланып, былай көрсетіледі:
Қараөткел келіп жатыр,
Қарқаралы, Кереку, Баян, Семей, Торғай – бəрі.
Жетісу осында кеп құйып жатыр,
Арқаға аунап шөкті Қаратауы... [4, 18].
Осы «Ас» бөлімінде ақынның тағы бір шеберлігі, сөз қолданысының көркемдік тұсын аңғаруға болады. «Я» дыбысына аяқталып тұрған ұйқас өлең жолдарына өзіндік əр беріп тұр:
Арқаның жазы жібек, жері сая;
Қоңыр жаз самал соққан күн жылмая.
Қазақты асқа келген Арқа күтті,
Су беріп бал бұлақтан, кілем жая.
Тəтті жал, қазы, қарта мая-мая,
Дамылсыз дастарқанды жүрген жая.
Жігіттер тынымы жоқ, табақ тасып,
Болғансып терлеп-тепшіп, бая-шая [4, 325].
Асқа жиналған қыл сақал, қолпаң киімді саба-саба қымыз ішіп, тау-тау ет жеп жатқан жуандарды ащы сатира, улы ирония, кекті күлкі тілімен шебер суреттейді.
Бір үйде тұздықтаған тəтті табақ,
Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ.
Бір жерде табақ теуіп, етке өкпелеп,
Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап [5, 19].
Осыдан кейін ақын асқа келгендерді шолып көрсетіп, адам бейнелерінің тұтас галереясын жасайды.
Бір үйде бауырсақтай бəйбішелер отырса, бір үйде шымырлаған қобыздың үні естіледі. Енді бірінде шынашақтай бала мен кəрі ақын айтысып отырса, бірінде құранмен жем түсірген молда ысқырынады.
Келіншек – жас жауқазын, сарымсақ- тай,
Қыздар да пісіп отыр, қауыншақтай;
Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр
Қыдыртқан бақалшылар сабыншықтай... [4, 20], – деп өтіп жатқан асты жандандыра түседі.
Əдебиет теориясында «теңеу – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа теңеу арқылы сипатталушы нəрсенің бейнелік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нəрсені жаңа қырынан танытатын стильдік тəсіл» делінген [6]. Ендеше, ақынның осы бөлімде қолданған «Бір үйде бəйбішелер бауырсақтай», «Келіншек – жас жауқазын сарымсақтай», «Қыздар да пісіп отыр қауыншақтай», т.б. қазақ тенеулері оның ұғымына жатық теңеулер мен айшықты сөз кестелері шебер екенін танытады.
Ақын ас беріп жатқан үй иелерінің ата-анасының аруағының алдындағы перзенттік парызын өтеу емес, бар ниеттері əкеден қалған мол дүниемен өз даңқта рын шығару, атақ жинауға тырысуы екенін көрсетеді.
Жиылған көп күшіген əрбір тұстан,
Қалмастан қарға-құзғын түгел ұшқан.
Тояттап қазы, қарта, түйе кекірік,
Қып-қызыл билер жатыр қымыз құсқан [5, 21], – деп халықтың малын шашып жасаған астың қызығын көріп, тойғаннан кейін «табақ теуіп», етке өкпелеп, боқтасып, «жер сабайтындар» – қызылға жиылған қарға, құзғындар.
Ал малшы, жалшы, кедейлер астың ауыр еңбегін иығымен көтеріп, мойындарына дорба асынып жүр:
Достарыңызбен бөлісу: |