-Дай, -дей тұлғасын үстеу деп танушылар бұл қосымшаның -лай, -лей вариантын негізге алады немесе -дай, -дей – дің пысықтауыштық қызметіне байланысты анықтайды. Айталық, Ғ.Бегалиев -дай, -дей қосымшасы қимылдың амалын білдіріп, етістікпен тіркескенде үстеу болады деп, пысықтауыш болу қызметіне сүйенеді [43].
Қазақ тілінің акдемиялық грамматикасында бұл аффикске мынадай сипаттама беріледі: “-Дай аффиксі жалғанған сөздер сөйлем ішінде екінші бір затты анықтай отырып, семантикалық жағынан анықтап тұрған затты өзі жалғанып тұрған басқа бір затқа салыстыру, ұқсату мағынасын көрсетеді. Бұл жағынан шырай формасына ұқсас” [27].
Бұл қосымшаны форма тудырушы қосымша деп анықтаған ғалымдар – Н.А.Баскаков, М.А.Хабичев, қазақ тіл білімінде Ы.Е.Маманов.
Н.А.Баскаков -дай, -дей аффиксін зат есімнің атрибут-анықтауыш, атрибут-пысықтауыш формасын тудыратын аффикс деп көрсетеді [21]. М.А.Хабичев “уподобительная форма” деп атап, әрбір сөз таптары бойынша түрленісін көрсетіп, грамматикалық мағына үстейтін форма тудырушы қосымша болады деген пікір айтады [31].
Осы қосымшалардың сөзжасамдық және форма жасаушылық қызметін анықтау мақсатында жазылған А.Ә.Жаңабекова “Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық ерекшеліктері” деп аталатын диссертациясында -дай, -дей қосымшасы жоғарыда көрсетілгендей, анықталу сипатына қарай топтастырып, осы қосымша туралы айтылған ғалымдар пікірлері мен көзқарастарын жүйелі түрде сөз етеді. Автор -дай, -дей қосымшасын ұқсату мағынасын беретін форма тудырушы қосымша деп анықтайды [44]. Қ.Шаяхметов сын есім тудырушы -дай, -дей қосымшасын екі функциялы қосымша деп анықтайды. Оның пікірінше, -дай, -дейқосымшасы жекеше, атау тұлғалы зат есім түбірлеріне жалғанғанда сын есім тудырып, сөзжасамдық қызмет атқарады. Ал есімше, көптік, тәуелдік, -нікі, -дағы, -дегі формаларынан кейін, жалқы есімдерге, модаль сөздерге жалғанып форма ғана тудырады дей келе, бұл қосымшаны екі функциялы аффикс деп көрсетеді. А.Жаңабекованың зерттеуінде бұл қосымша Қ.Шаяхметовтің анықтамасынан өзгешеленеді. Онда -дай, -дей тұлғасының негізгі қызметі – форма жасаушылық, ал бұл тұлға жалғанып жасалған лексикалық бірлік болып қалыптасқан сын есім сөздер сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалған сөздер емес, олар сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі арқылы жасалған деген тұжырым жасайды. Лексикалық бүтін болып қалыптасқан сөздерге алпамсадай, титтей, уыздай, соқталдай сөздерін жатқызады. Сонымен қатар, бұл қосымшаның шығу тегі – “тег” шылауынан шыққан деген Қ.Жұбановтың пікірін қостайтынын айтады. Түркологияда септік жалғауы деп анықтаған пікірлерге талдау жасап, оның септік жалғауларына ұқсас қолданыстарын санамалап көрсетеді [44]. Автор мұндай тұжырым жасауда Ы.Е.Мамановтың -дай, -дей қосымшасы туралы айтқан пікірлерін басшылыққа алған деуге болады.
Ы.Маманов өз еңбегінде түркі тілдерінде сыры толық ашылмаған, әлі де жан-жақты зерттеуді керек ететін -сыз, -сіз, -дай, -дей, -ша, -ше қосымшаларына тоқталған. Бұлардың басқа қосымшалардан ерекшелігі – барлық зат есім түбірлеріне, туынды түбір сөздерге ұйтқы бола алмайтын жалқы есімдерге, жіктеу, сілтеу есімдіктеріне, көптік, тәуелдік және есімше формаларына (есімшеге -сыз, -сіз қосымшасы жалғанбайды) түгелдей жалғанып, жалғанған сөздеріне болымсыздық, жоқтық, салыстыру, ұқсату мағыналарын үстейді. Тілдік фактілерге қарағанда, осы аталған қосымшалар баста грамматикалық форма тудыру қызметін атқарып, соңынан біртіндеп сөз тудыру қызметіне ауыса бастағанын айтады. Оның пікірінше, түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің материалдары -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз қосымшалары, негізінен зат есімнің функциялық формаларын тудыратын грамматикалық көрсеткіш болып табылады. Ы.Е.Маманов дардай, құрттай, түймедей сөздері мен Жәмиләдай, әкеңдей, столдай сөздерін сыртқы тұлғаларының бірлігіне қарап, барлығын да туынды сын есім деп қарау дұрыс емес. Бұл сөздерді (соңғылары) зат есімнің салыстыру мағынасын білдіретін атрибут формасы деп таныған жөн. Ал құрттай, дардай, түймедей сөздерін -дай, -дей қосымшасының сөз тудырушылық қызметінен пайда болмаған, олар осы қосымша арқылы жасалған грамматикалық формалардан семантикалық тәсілмен біртіндеп лексикалық бүтін болып қалыптасқан деп көрсетеді [3, 33б.].