-Дай, -дей қосымшасы мектеп оқулықтарынан бастап, жоғарғы оқу орындарына дейінгі қазақ тілі оқулықтарда сын есім тудырушы жұрнақ болып анықталған. Сөзжасам қосымшасы деп танылғандықтан, түсіндірме сөздіктерде зат есімдерге жалғанған -дай, -дей формалы сөздер сын есім деп көрсетіледі. Бірақ -дай, -дей тұлғалы сөздердің түсіндірмесі бірізді емес. Ол бір жерде “сияқты”, “тәрізді” мағыналарында берілсе, кейбір тұста ауыс мағыналарда мағыналары нақтыланып отырады. Мысалы, Ақбөкендей с ы н. 1. Ақбөкен сияқты, ақбөкен тәрізді. А қ б ө к е н д е й болашақты болжамай, Жол сауданы олжалай, Ақбөкендей алданып, Жылқыдай делбе сандалып, Аңдамай келіп түскенсің (Дулат Бабатайұлы, Замана). 2. а у ы с. Ақбөкен сияқты ірі, үлкен. Сыртын сырмен сырлатқан, Қарағай найза орнатқан, А қ б ө к е н д е йқойы бар, Ақ күмбездей бойы бар, Қандай байдың үйі екен? (І.Жансүгіров, Шығ.). (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 2006). Бірінші мысалда ақбөкенге теңеу жағы басым болып, “тәрізді”, “сияқты” мағыналарында қолданылып тұрса, екінші мысалда теңеу жалпыланып, ақбөкеннің қасиетіне байланысты “ірі”, “үлкен” деген ауыс мағынаға көше бастаған.
Бұған қарап -дай, -дей тұлғалы зат есімдердің мағыналық алақұлалықтарына қарап, оларды сөзжасамдық бірлік не сөзжасамдық емес бірлік деп тануда әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екендігіне көз жеткіземіз. Түркологияда бұл қосымша туралы әртүрлі пікір айтылған. Ғалымдардың бір тобы септік жалғауы деп анықтаса, енді бір топ ғалымдар шылау, келесі тобы үстеу тудырушы, енді бірлері сын есім тудырушы қосымша деп көрсетеді.
П.М.Мелиоранский -дай, -дей аффиксін салыстырмалы септік деп атаса [38], бұған үндес Қ.Жұбанов теңдес септік жалғауы деп анықтайды [20]. Татар ғалымдары М.З.Закиев пен Ф.А.Ганиев бұл аффиксті септік парадигмасына қосады [39], [40]. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ф.А.Ганиевтің мына тұжырымына назар аударғымыз келеді: “Следует отметить, что во многих трудах по татарскому языкознанию суффиксы -дай, -дей рассматриваются как словообразовательные. Однако это утверждение не согласуется с фактами языка. Ибо указанные суффиксы присоединяются ко всем конкретным существителным. По своим функциям и значениям они ничем не отличаются от грамматических в данном случае от падежных показателей. Эти суффиксы служат для выражения отношения одного слова к другому, и формы, образованные при помощи данных суффиксов относятся к грамматическим показателям и не имеют никокого отношения к словообразованию”[41]. Бұл аталғандардан басқа Н.П.Дыренкова, Л.Н.Харитонов, Г.Алпаров Э.В.Тенишев сияқты ғалымдар бұл тұлғаны септік жалғауларына жатқызған. Белгілі түрколог ғалым А.М.Щербак өзбек тілінің грамматикасына арнап жазған еңбегінде аталған қосымшаны септіктер парадигмасында бере отырып, оған мынадай сипаттама береді: “Уподобительная форма примыкает к падежной парадигме. Только наличие некоторых частных особенностей (например, то обстоятельство, что аффикс --так/дак не подчиняется гормонии гласных и может быть отнесен к частицам) препятствует ее рассмотрению в одном ряду с падежными формами” [42, 111 с.]. Қазақ тіл білімінде Қ.Жұбановтан кейін бұл қосымшаның септік жалғауындық қызметі барын көрсеткен Ғ.Мұсабаев болды. Бұл орайда ғалым -дай, -дей тұлғасы, біріншіден, “сияқты, секілді” шылау сөздерімен мәндес, екіншіден, сөз бен сөзді байланыстырады, үшіншіден, жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгерпейді, төртіншіден, барлық сөз табына дерлік жалғана алады деген критерийлерді ұстанады. Алайда, мақала соңында -дай, -дей қосымшасын сын есім тудырушы аффикс деп көрсетіп, екі жақты пікірге келеді. Ғалым өзінің мақаласында -дай, -дей аффиксін жалғаудан бүтіндей қол үзбеген, жалғауға айналып бара жатқан аралық категория ретінде қарайды. “Қорыта келгенде, -дай, -дей қосымшасы түрлі кезеңдерден өтсе де, әлі жіктеліп жетпеген, екі жағы бар деуге тиіспіз. Оның бірі сөз арасын байланыстыратын жалғаулық мәні, екіншісі – өзі қосылған сөзге үстеме мағына туғызып, жалғау категориясы тұлғаларынан бұрын жалғанып, жұрнақтық мәнге ие болуы. Сөйтіп, бірде жұрнақтық, бірде жалғаулық қызметін атқаруы -дай қосымшасының ерекшелігі” [36].