Зерттеудің дереккөздері. Жұмысты жазу барысында Ы.Е.Мамановтың морфологияға қатысты жарық көрген еңбектері, диссертациялық жұмысымызда қарастырылатын мәселелерге қатысты баспа бетін көрген негізгі ғылыми әдебиеттер, А.Байтұрсынов, А.Ысқақов, К.Аханов, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева, Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, Н.Уәли, сондай-ақ ғалымның пікірлеріне талдау жасап, оның теориясын дамытқан С.Исаевтың еңбектері жұмысқа теориялық және методологиялық негіз ретінде пайдаланылды.
Зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында сипаттама, талдау, жүйелеу, жинақтау, тарихи-салыстырмалы, статистикалық, қорыту әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының тақылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі тараулары бойынша ғылыми жинақтар мен журналдарда 7 мақала жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспе, екі бөлім, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
1 Ы.Е. МАМАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ НЕГІЗІ
1.1 Сөздің морфологиялық құрылымы.
Адам санасында түйінделген ұғымдар сөзбен белгіленгенімен, органикалық бірлікте емес. Сол себептен әр халықтың тілі әрбасқа. Әр тіл өзінің ішкі дамуына сәйкес әр алуан өзгеріске түсіп, тілдің грамматикалық құрылысы қалыптасады. Сөз және сөздің грамматикалық құрылымы туралы анықтама беру үшін, басқа тілдерде қолданылатын кейбір грамматикалық терминдерді қолданбас бұрын, тілдік материал негізінде анықтап алу қажет.
Сөздердің грамматикалық құрылымын қарастырғанымызда алдымен “сөз” дегеніміз не және ол қандай тұлғаларға бөлінеді деген мәселеге тоқталмақпыз. Бұл жөнінде көптеген еңбектерде жазылып, ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Сөзге анықтама берудің әртүрлілігі қай ғалымның қандай тілді зерттеп, қай тұрғыдан айтқан пікіріне байланысты әртүрлі болып келе береді. Сол сияқты түркі тілдерін зерттеуші мамандар тарапынан сөзге берілген анықтамалардың ішінде де айырмашылықтар кездесіп отырады. Мысалы, Н.А.Баскаков: “Сөз дегеніміз – морфеманың бірлігі мен ситемасының көрінісі, ол морфеманың лексикалық және грамматикалық қасиетін көрсетеді” – дейді [4]. Э.В.Севортян мынадай анықтама береді: “Сөз деп тілдің лексика-грамматикалық және семантикалық дербестігі бар ұқсас единицасын айтамыз” [5].
Белгілі қазақ ғалымы Н.Сауранбаев: “Сөйлемдегі ойдың бөлшегі болатын белгілі ұғымның дыбыстық көрінісін сөз дейміз” - деп, сөзді сөйлемдегі белгілі бір ой бөлшегінің дыбыстық көрінісі ретінде таниды [6].
ХІV ғасырдағы жазба ескерткіштер тілін зерттеген ғалым А.Ибатов сөзді айқындап, оған анықтама беруде сөздердің тек жеке, дара түрі ғана емес, сонымен бірге оның күрделі түрі де мұқият ескерілгенін жөн санайды. Өйткені сөз шегін анықтап ажыратуда ең алдымен қиыншылық тудырып, көп кедергіні көлденең тартатын осы күрделі сөздердің өзіндік қасиеті екен. Яғни, олар әрбір дербес айтылған, кем дегенде екі лексикалық единицадан, екі сөзден құралған сөздер, ерекше түр-тұрпаттағы сөздер болады да, дара сөздерге берілген анықтама түсініктен мүлде басқаша ұғым тудырады. Сондықтан сөз жеке дара күйінде бола ма, жоқ күрделі түрінде бола ма – бәрі бір, оның өзіне тән тұтас бір мағынасы және тұтас бір бүтін тұлға, түр-тұрпаты болу керек деп санайды. Олардың төмендегідей жүйелік сипаттарын ұсынады: “Сөз, ең алдымен, адамның сезімі арқылы қабылданған заттар мен солардың әр алуан қасиеттерінң, сапаларының, әрекеттерінің бейнесі”, белгілі бір ұғым атауларының “дыбыстық комплексі”, “шындықтың элементі” ретінде танылады. Одан әрі осы бейне мен дыбыстық комплекс, мейлі ол “сөйлемнің ең шек минимумы” бола ма немесе “синтаксистің (сөйлеудің) минимальді (мәнді) единицасы”, “сөйлеудің дербес және бір бүтін элементі” бола ма, жоқ “өз бойына фонетикалық, семантикалық және грамматикалық белгілерді біріктіре алатын единица” бола ма - бәрі бір, тілдік единица ретінде танылып, тілдің лексикалық құрамына енеді. Сол сияқты, ол “тілдің ең қысқа (уақ) единицасы” бола ма, жоқ “морфема бірлігі бола ма” – бәрі бір, онда да тілдік единица болып табылады. Олай болса, сөз тілдік единица, тілдің лексикалық құрамының элементі ретінде белгілі бір лексикалық мағына мен грамматикалық сипатқа (морфологиялық түр-тұрпат пен синтаксистік қызметке) ие болады. Ал сөздің жеке-дара түрімен қатар кем дегенде екі сөзден құралатын күрделі түрі де болуына байланысты, ол сөз мағыналық тұтастық пен грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) тұтастықта айтылатын тілдік единица түрінде танылады [7, 20-21 б.].
Сонымен, А.Ибатовтың сипаттауынша, сөз лексикалық, морфологиялық және синтаксистік тұтастықта (цельность) айтылатын тілдің лексика-грамматикалық единицасы. Өз зерттеуінде сөз контексте қандай формада қолданылса, сол күйінде “сөз” болып алынады. Сондықтан “сөздің құрамы”, “сөздің құрылымы” деген терминді сөздің тек қана лексика-грамматикалық бөлігі (түбір мен негіз тұлғасы) емес, сонымен бірге оның грамматикалық бөліктерін де түгел қамтитын сөзформа (словоформа) ретінде алады.
Ал А.Ысқақовта әр кезде жарық көрген еңбектерінде әртүрлі анықтама беріледі: “Сөздер адамның сезімі арқылы қабылданған заттардың, олардың әр алуан қасиеттерінің, сапаларының, әрекеттерінің бейнесі [8]; “Белгілі бір ұғымның атауы (белгісі я таңбасы) ретінде қолданылатын дыбыстық комплексті сөз дейміз” [9]. Бұл анықтамаларда сөз жеке алынады да, заттар мен қасиет, сапа, әрекет бейнесі екені немесе белгілі бір ұғым атауының дыбыстық комплексі екені айтылады. Ғалымның бұлардан кейінгі еңбегінде былайша түсіндіріледі: “Түбір морфема өздігінен жеке тұрып, семантикалық жағынан да, қызметі жағынан да дербес сөз бола алады. Мұндай жағдайда түбір морфеманың мағынасы мен сөздің мағынасы бірдей болып шыға береді. Мысалы, бас, тіл, жол, кел, жүр морфемаларын алсақ, олардың әрқайсысы әрі түбір морфема, әрі сөз болады [10]. А.Ысқақаовтың соңғы шыққан оқулығында да осы анықтама қайталанады [11, 24 б.].
А.Ибатовтың кітабында да А.Ысқақовтың оы көзқарасымен сай келетін анықтама берілген: “Негізгі түбір морфема сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін түпкі негізі деп саналады да, ол сөздің негізгі лексикалық мағынасын білдіреді. Сондықтан негізгі морфема сөздің құрамы мен мағынасының негізгі ұйытқысы болып танылады. Негізгі морпфема – мағынасы жағынан да, қызметі жағынан де дербес қолданыла беретін тұлға, морфема...” [7, 36 б.].
Тілші-ғалым Ы.Мамановтың сөз, морфема туралы пікірі жоғарыда айтылған анықтамалардан басқаша. “Қазіргі қазақ тілі” еңбегі мен “Сөз, морфема, қосымша туралы түсінік” атты мақаласында түбір сөз бен түбір морфеманың өзіндік айырмашылықтарын ғылыми негізде сипаттап көрсетеді [3, 18-20 б.], [12, 6-8 б.].
Белгілі лингвист ғалымдардың “морфема тілде дербес қолданылмайтын, тек сөз құрамында қолданылатын сөз бөлігі” дейтін анықтаманың барлық тілге бірдей ортақ қағида екендігін дәлелдейді. Морфемаға байланысты берілген белгілі орыс тіл білімін зерттеуші ғалымдардың пікірлерін Ы.Е.Мамановтың ізімен қарастырғанда, былай болып келеді: “Тілде морфемалар дербес қолданылмайды, тек сөз құрамында қолданылады” [13]; “Сөз бен морфеманың басты айырмашылығы – сөз құрамында дербес, еркін қолданылады, ал морфемалар сөз құрамында өзінің орнын сақтайды [14].
Орыс тілі – флектив (жүйелі) тіл, ал қазақ тілі – аглютинативтік (жалғамалы) тіл. Орыс тілінің сөздік құрамына енетін атауыш сөздер лексика-грамматикалық формалар (словоформа), яғни орыс тіліндегі сөздер түбір сөз және сөздің грамматикалық формалары деп екі топқа бөлінбейді. Ы.Е.Мамановтың көрсетуінше, қазақ тіліндегі негізгі түбір сөздерді, орыс тілінің үлгісімен механикалық түрде, морфемаға жатқызу дұрыс емес. Орыс тілінде түбір сөз (корень) дербес сөз емес, ол - “сөз мұқылы” ғана. Орыс тілінде сөз бөлшектеріне бөлінбейтін мужской род формасындағы зат есімдер ғана. Олар грамматикалық формалармен түрленгенде, қазақ тіліндегі түбір сөздер тәрізді өзінің бастапқы қалпын сақтайды. Бірақ бұлар зат есімнің мужской родын білдіретін грамматикалық форма болып саналады. Ал, қазақ тіліндегі түбір сөздер грамматикалық форма емес, олар сөз таптарының форма тудырушы қосымшаларымен түрленгенде ғана грамматикалық формаға енеді [3, 8 б.]. Мысалы, орыс тіліндегі соображать, сообразительность, сообразить; сообща, сообщать, сообщить, сообщник; знаменатель, знаменательный, знаменитость деген сөздердегі түбірлер - сообраз, сообщ, знаменді қазақ тіліндегі түбір сөздермен салыстыруға болмайды. Өйткені, Ы.Е.Мамановтың дәлелдегеніндей, орыс тіліндегі сөздер грамматикалық формаға енгенде ғана толық мағыналы дербес сөз болып, сол тілдің сөздік құрамына ене алады. Қазақ тілінің сөздік құрамы жеке түбір сөздерден тұрады. “Яғни, қазақ тіліндегі әрбір түбір сөз - өз алдына толық мағыналы дербес сөз, лексикалық бүтін. Сөздің грамматикалық формасы түбір сөзге форма тудырушы қосымша жалғау арқылы жасалады. Ал грамматикалық формадағы сөздердің лексикалық мағынасын түбір сөз білдірсе, оның грамматикалық формасын форма тудырушы қосымша белгілейді де, бұлардың ара-жігі айқын көрініп тұрады [3, 7б.].
Сонымен, Ы.Маманов пікірлерін басшылыққа ала отырып, сөз, морфема туралы мынадай тұжырым жасауға болады:
- қазақ тіліндегі түбір сөзге берілген анықтама орыс тіліндегі түбір сөзге берілетін анықтамамен сәйкес келмейді,
- қазақ тіліндегі түбір сөз (кейбір көнеленген, өлі түбірлерді қоспағанда) лексикалық бүтін болса, орыс тіліндегі түбір сөз лексика-грамматикалық бүтін;
- қазақ тіліндегі түбір сөз морфема емес, ол туынды, біріккен, қосарлы сөздер қатарында тілдің сөздік құрамына және екі тілдік сөздікке енетін негізгі атауыш сөздер;
- белгілі лингвистердің “морфема тілде дербес қолданылмайтын, тек сөз құрамында қолданылатын сөз бөлігі” деген анықтама барлық тілге бірдей ортақ қағида екені ескерілуі қажет.
Қазіргі қазақ тілінің жүйелі түрде қалыптасқан алуан түрлі грамматикалық формаларының әрқайсысы өз алдына грамматикалық мағына білдіреді. Қазақ тілінде сөз құрамындағы әрбір грамматикалық көрсеткіштің орын тәртібі мен білдіретін мағынасы жүйелі түрде қалыптасқан. Олардың (форма тудырушы қосымшалардың) орын тәртібі тұрақты болумен бірге, білдіретін мағыналары да ашық, айқын көрініп тұрады.
Ы.Е.Маманов: “Түркі тілдерінде, ауызекі сөйлеу тілінде болсын, толық мағыналы сөздер екі-ақ түрде қолданылады. Бірі – лексикалық бүтінге жататын түбір сөз күйінде, екіншісі – бір сөз табына тән грамматикалық формалар”, - деп көрсетеді де, осыған орай барлық қосымшалар да, негізінен екі-ақ түрлі қызмет атқаратындығын (бірі – сөз тудыру, екіншісі – сөздің грамматикалық формасын тудыру) дәлелдейді [3, 50-51 б.]. Осыған байланысты сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшалардың ара-жігін анықтайтын мысалдар келтірсек: түн, түндік, түнемел; бала, балапан, балалық сөздері түн және бала сөздеріне сөз тудырушы жұрнақтар жалғану арқылы жасалған туынды сөздер. Бұлардың сөздік мағыналары түн, бала сөздерімен байланысты, бірақ әрқайсысы дербес лексикалық бүтіндер. Ал форма тудырушы (сөз түрлендіруші) жұрнақ арқылы жасалған айт, айтса, айтатын; ақ, ағырақ, ақтау туынды сөздер емес. Айт, ақ сөздерінің әртүрлі грамматикалық формалары. Ендеше, Ы.Мамановтың дәлелдегеніндей, форма тудырушы (сөз түрлендіруші) жұрнақтар мен жалғаулардың грамматикалық қызметі бір, екеуі де белгілі сөз табының грамматикалық формаларын тудыратын қосымшалар. Яғни, қазақ тілі оқулықтарында қосымшаларды қызметіне қарай топтастыру принципі де ана тілінің тілдік материалы негізінде емес, орыс тілі грамматикасының үлгісімен топтастырылған. Ы.Е.Маманов 1944 жылғы грамматикалары да, одан кейінгі қазақ тілінің грамматикалары да бірдей үлгіде жазылғандығын көрсетеді [15], [16], [17].
Тілші-ғалымдар форма тудырушы жұрнақтар мен жалғауларға төмендегідей анықтамалар берген: “Жұрнақ түбір морфемадан сөз немесе сөздің формасын тудырып, деривациялық мағынаны білдірсе, жалғау сөз бен сөзді байланыстырып, реляциялық мағынаны білдіреді. Жалғаудың қолданылу өрісі мен шеңбері жұрнаққа қарағанда анағұрлым кең болады. Жұрнақ түбірге жымдаса кірігіп, одан жасалған туынды сөзде тұтастық қасиет сақталынады, жалғау сөздің түбіріне немесе негізіне кірігіп кетпей, жай ғана селбесіп, қосақталған қалыпта тұрады. Жұрнақтарға қарағанда, жалғаулардың сөздің түбіріне мағыналық жақтан кірігуі және онымен байланысы әлдеқайда солғын, әлсіз болады” [17, 288 б.].
“Жеке сөздердің түбіріне жалғанып бірде жаңа мағыналы сөз, бірде жалғанған сөздердің формасын ғана өзгертетін сөз бөлшегін жұрнақ дейміз”. “Жалғау – жалғанған сөзін екінші бір сөзбен қарым-қатынасқа түсіріп, оларды өзара байланыстырып, жалғастырып және жалғанған сөзіне азын-аулақ үстеме мағына беріп тұратын грамматикалық тұлға” [18, 52-54].
Бұл анықтамалардан байқағанымыздай, форма тудырушы қосымшалар мен жалғауларға берілген түсініктемелер әлі де жеткіліксіз бе деген ойға қаламыз. Осы арада Ы.Е.Мамановтың грамматикалық форма тудырушы қосымшаларға берген критерийлерін келтіруді жөн көрдік:
- “жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертпейді, грамматикалық формасын тудырады. Әр грамматикалық форма белгілі грамматикалық мағына білдіреді;
- грамматикалық форма тудырушы қосымша бірнеше сөз табына не тұтас бір сөз табына, не бір сөз табының белгілі бір тобына талғаусыз түрде жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды;
- грамматикалық форма тудырушы қосымша жалғану арқылы жасалған грамматикалық форма тілдің сөздік құрамына және екі тілдік сөздікке енбейді, олар тек сөйлемде ғана қолданылады. Грамматикалық формалар белгілі бір сөз табына тән болады...” [12].
Грамматикалық құбылыстар жөнінде пікір алалығы түркі тілін зерттеушілер арасында жиі кездеседі. Сол себепті, Ы.Е.Мамановтың анықтағанындай, зерттеуші авторлардың алдында тұрған басты міндет – морфологияға қатысты ең маңызды екі мәселенің басын ашып алу қажет сияқты. Оның бірінші, қазақ тіліндегі қосымшаларды орыс тілінің үлгісімен, сөз түрлендіруші (словоизменение), сөз тудырушы (словообразование) және форма тудырушы (формообразование) деп үшке бөліп қарастыру керек пе, жоқ әлде оларды жаңа мағыналы сөз тудыру және сөздің грамматикалық формасын тудыру қызметіне сәйкес, сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарастыру керек пе?
Қазақ тілін тілдік материалы екінші принципті қуаттайды. Сөйлемде грамматикалық формалармен түрленетін толық мағыналы атауыш сөздер (зат есім, сын есім, сан есім, етістік) тек қана екі түрде: не түбір сөз түрінде, не грамматикалық формада қолданылады. Былайша айтқанда, қазақ тіліндегі қосымша жалғанған сөздер не тілдің сөздік құрамына енетін туынды түбір сөз (лексикалық бүтін), не белгілі бір сөз табына тән грамматикалық форма болып қалыптасады. Бұл тілде не туынды түбір сөзге, не грамматикалық формаға жатпайтын, екеуінің аралық категориясы болып саналатын сөздер жоқ және ондай аралық категориясы болып саналатын сөздер жоқ және ондай аралық категорияны білдіру үшін жүйелі түрде қолданылатын арнайы қосымшалар да жоқ. Олай болса, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес, сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады [3, 48 б.]. Біз де осы принципті қолдаймыз және қазақ тілі мамандары есереді деген ойдамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |