Л4.1
|
(пункт материалы Л2.1)
|
Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі.
Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр. Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді.
Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі – оқытудың әдіс тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде.
«Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет. Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет» – делінген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2010 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында.
Шын мәнінде, қазіргі кезеңде қоғамның өркендеп өсуі білім жүйесінің сапасын жақсартуды, жаңа технологияларды кеңінен қолдануды, жаңа формациядағы ұстаздар дайындау арқылы еліміздің білім жүйесін халықаралық стандарт деңгейіне жеткізуді, нарық экономикасына бейімделген, бәсекеге қабілетті білімді де білікті мамандар дайындауды негізгі стратегиялық межеге жатқызады. Бұл мақсаттар еліміздегі білім беру жүйесінің алдына жаңа инновациялық, технологиялық әдістерді қолдануды игеру, оқытудың жаңа модельдерін іздестіру және оны үнемі жетілдіріп отыру міндеттерін күн тәртібіне ендірді. Осы бағытта Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуы үшін шетелдік тәжірибелерді зерделеп, енгізу талабы туындап отыр. Әрбір мемлекеттің интеллектуалдық, экономикалық, парасаттық және мәдени қарымы білім сапасының күйін, оның прогрессивтік даму тарихын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, егемен Қазақ елінің білімі мен ғылымының стратегиясы, білім беру жүйесінің ұлттық білім мен тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне кірігуімен анықталады. Қазіргі мектептердегі оқушылардың бойындағы функциональды сауаттылық пен өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамытуға басты назар аударылып отыр. Сондықтан әрбір ұстаз жаңа кезең мұғалімінің қызметіне сай болу үшін педагогикалық үрдістің бірізділігін және оқу мен тәрбиенің бір тұтастығын сақтай отырып, оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға құмбыл, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын, өзгермелі өмірге оқушыны да, өзін де даярлай білетін шығармашыл тұлға болуы тиіс. Қазіргі талаптың басты міндеті – педагог мамандардың кәсіби құзырлылығын қалыптастыру мен біліктілігін үздіксіз арттыруды, ғылыми-әдістемелік қызметтің жаңашылдығын, түрлері мен әдістерін іздестіруді қамтамасыз ету, оны үйлестіре білу болып отыр. Осы мақсатта республикамызда бұрын-соңды болмаған мектеп мұғалімдері біліктілігін арттырудың 1-2-ші және 3-ші деңгейі бойынша 3 айлық курстар іске асырылуда.
Бұл Бағдарлама нендей мақсаттарды көздейді? Біз неге дәстүрлі оқыту үрдісінен бас тартуға тиіспіз?
Бағдарламаның мақсаты – оқушылар өздерінің қалай оқу керектігіне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Ондай «тұлға» болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс. Оқытудағы «Кембридж тәсілінің» теориялық негіздерінде түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, орта білім беру жүйелерінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқыту тәсіліне басымдылық берілген. Бұл оқытудың басты бағыты – ойлауды дамыту болып табылады. Яғни, оқушы өзінде бар білімді түрлі дерек көздері арқылы, мұғалімнен, оқулықтан, достарынан алған білімдермен біріктіре отырып іске асырады .
Ал осыған дейін біздер қолданып келген «дәстүрлі оқыту» қандай оқыту? Ол – қазіргі мұғалімнің 45 минуттағы іс-әрекеті. Мұғалім кіреді, сабақ сұрайды, сабақ түсіндіреді. 4-5 оқушыны бағалайды, қалғандары сол қалпында қалады. Бұл жердегі мұғалім тарапынан берілген дайын білімге оқушылар өздігінен ары қарай дамыту, іздену, ойласу, ат салысу, салыстыру, пікір алмасу, пікір таластыру т.б. жайлар қолға алынбайды. Мұндай білімнің аясы тар, көбіне жаттанды есте сақтауға алып келеді. Сондықтан көбіне санада механикалық есте сақтау арқылы алынған білім ойлаудың төменгі деңгейінде ғана жүзеге асырылады. Ары қарай терең ойлану үрдісі іске асырылмайды. Ал сындарлы («конструктивті») оқытуда керісінше, мұнда басты басымдылық оқушыға беріледі. Мұғалімнен гөрі оқушы көп ойланып, көп талқылап, достарымен көп сөйлесіп, әрекеттенуі керек. Ал мұғалімнен өз сабақтарын оқушының идеясын, білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай етіп ұйымдастыру талап етіледі. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнды ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады.
Барлық оқыту үдерісін ұйымдастырып, көшбасшылық жасайтын мұғалім болғандықтан, бағдарлама ең алдымен, мұғалімге қарай бағытталады. Өйткені мұғалімдер ойлау қабілеттері жоғары деңгейде дамыған оқушыларды қалыптастырғылары келсе, онда алдымен өздерінің де терең ойлау қабілеттерін дамытқан жөн. Сонда ғана біржақты, «тек менікі дұрыс» деген сенімнен гөрі, жаңашыл идеяларға деген көңіл көкжиектері ашылып, жаңаша қалыптасуы мүмкін.
Бағдарламаның басты жаңа бағыты – іс-әрекет арқылы зерттеу болып табылады. Ағылшын ғалымдары теориялық білімдерін міндетті түрде мектептерде қолданып, оның дұрыс-бұрыс жақтарына терең талдау жасап отырады екен. Осы бағытта әрбір жаңашыл мұғалімнен өзі сабағында қолданған жаңа тәсілдердің дұрыс-бұрыс жағын терең талдап, зерттеу жүргізу талап етіледі.
Қорыта айтқанда, бұрын оқу үдерісі кезінде бар салмақ мұғалімге түсетін. Ол белгілі шеңберде жұмыс жасайтын. Жаңаша оқытудың «Кембридждік» жүйесі бойынша бұл тәсіл біршама өзгереді. Мұнда балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауға, ойлануға мүмкіндік жасалады. Олар өз беттерімен және өзара әрекеттесе оқып-үйреніп, ортақ бір шешімге келуге бағытталады. Сондықтан да қазіргі таңдағы әрбір ұстаздың да, оқушының да іс-әрекеті ерекше шығармашылық сипатта болуы керек. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасында «Орта білім берудің мақсаты – терең білім, кәсіби дағдылар негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамыту және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан шешім қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» делінген. Ал ұстаздың міндеті жеке тұлғаның өзіне, қоғамға қажетті қабілеттерін қалыптастыру, дамыту және өз бетімен білім алуына, өзін-өзі дамытуға қолайлы жағдай туғызу. Осы тұрғыда биылдан бастап жаңа форматта оқыту мен оқудың кембридждік әдіс-тәсілін қазақстандық мұғалімдерге меңгерту қолға алынды. Себебі, жоғарыда айтылғандай, ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық ойлау қабілетін дамыту, ақпараттық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыру және ақпараттық сауатты болып өсу мен ғасыр ағымына бейімдей тәрбиелеу, яғни ақпараттық қоғамға бейімдеу болып табылады. Ағылшындардың озық тәжірибесі осыған сәйкес келеді.
Бағдарлама нұсқаулығының алғашқы бетінен-ақ: «Бұл бағдарламаның басым бөлігі, түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтыған. Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» әдіс арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды, сол себепті де механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Дәстүрлі оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде пайдалана алмайды. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету» деген сөздер бар.
Бағдарламаның оқушыға тиімді болары, оған білім мен тәрбие берудегі зор үлесі бары сезіліп тұр. Себебі, оқытып тәрбиелеуді қатар алып жүрудің қыр-сырын ағылшындар терең меңгергенін көруге болады. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп халқының болашағы үшін білімнің даңғыл жолын салған Ыбырай Алтынсарин бекерден бекер айтпаған. Әрбір мұғалім өзін мектептің жүрегімін деп есептеп, мектептің жанын кіргізердей дәрежеде болуы тиіс. Өз ісіне аса ықыласпен ден қоя отырып, құзырлы мұғалім ретінде баланың жүрегіне білім нәрін себе білсе нұр үстіне нұр. Бағдарламада зерттеуші-психолог Шульман түсінік, дағды және тұтастықты «мұғалімнің үш көмекшісі» деген. Оны бас – кәсіби түсінік, қол – оқытудың тәжірибелік дағдылары, жүрек – кәсіби-өнегелік тұтастық деп түсіндіреді. Бұдан біздің ұққанымыз, әр мұғалім теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, шын ынта-ықыласымен оқушыларға мейірімділік, аяушылық, құрмет таныта білуі тиіс. Бұл біздің біліктілігіміз бен рухани құндылығымыз жоғары деңгейде болуы керек деген сөз.
Біліктілікті арттыру бағдарламасының негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген, олар оқыту барысында аралас түрде ұсынылады:
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;
2) Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету;
3) Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау;
4) Оқыту мен оқуда ақпараттық-ком-муникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану;
5) Талантты және дарынды балаларды оқыту;
6) Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу;
7) Оқытуды басқару және көшбасшылық.
Мұғалім төмендегідей қағидаларды есінде ұстауы қажет:
- Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру;
- Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау;
- Өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру;
- Мұғалім бала бойындағы шығармашылық сапалардың болатындығын мойындап, әрі қарай дамытуы керек.
Бұл Бағдарламаны насихаттаудың аса қажеттілігі жайлы Елбасы жиі айтып жүр. Қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелеріне жеткізу, насихаттау, енгізу мақсатында Астана қаласында өткен жылдың соңында Педагогикалық шеберлік орталығы құрылды. Аз уақыт ішінде аса күрделі қыруар істерді жүзеге асырып, осы бағдарламаның жүзеге асуына атсалысып жатқан басқалай да көптеген білім ұйымдары бар. Қазіргі таңда барлық облыс орталықтарында Назарбаев зияткерлік мектептері мен Педагогикалық шеберлік орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Осы бағытта жұмыс істеуге барлық деңгейдегі мұғалімдердің біліктілігін арттыратын мекемелер жұмылдырылған. Аз мерзімде іске асырылған осыншалықты қыруар жұмыстарды «Егеменді елдің, келер ұрпақтың болашағы, келешегі білімде жатыр, ол үшін білімді, білікті ұстаздар керек» деген идеяның нәтижесі деуге болады.
Былтырғы, яғни 2011/2012 оқу жылында Атырау қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында 3-ші деңгейлі базалық курсын оқып, сертификатқа ие болдым.
Осы уақытқа дейін өткізген және басқа мұғалімдердің дәстүрлі сабақтарына қатысып жүрген кезімде мен, сыныпта оқушылардың аз сөйлеп, көбінесе мұғалімнің сөзін , берілген тапсырмаларды үн – түнсіз тыңдау үдерісі қалыптасқанын түсіндім. Ондай сәттерде үлгерімі жақсы оқушылар зерігіп, ал үлгерімі төмен оқушылар өзінің тілдік қорын дамыта алмай немесе түсінбегендерін сұрауға дәті бармай, сабақты түсінбестен үйіне қайтады. Әрине, бұрынғы дәстүрлі сабақтағы әдістерді де жоққа шығаруға болмайды, әр тәсілдің өзіндік артықшылықтары болады.
Бағдарламаға сүйене отырып, оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер бойынша оқушыларға алдымен әр сабақ сайын тренинг өткізілсе, сабақ көңілдірек болатынына көз жеткіздім. Тренинг-оқушы назарын жаңа сабаққа аударуда, қызығушылықтарын арттыруда, ынтымақтастық қалыптастыруда маңызды тәсіл. Сабақ бастамас бұрын тренинг өткізу оқушыларға жағымды, оң әсер етті. Ең бастысы оларға ұнады. Ынтымақтастық орнату мақсатында «Жақсы тілек», «Әсем күлкі,ақ тілек» тренингтерін ұйымдастырдым.Бұл тренингте оқушылар бір-біріне жақсы тілек айтып, сабақты жақсы көңіл-күймен бастады. Топқа бөлу барысында оқушылардың сабаққа белсенді қатысулары, өз ойларын ашық, еркін жеткізулері, бастысы, топта оқушы оқшауланып қалмайтындығын көрсетті. Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырады. Екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үшіншіден, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды. Бұл әдіс сонымен қатар топ болып ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауға,ойын еркін ортаға салуға, бірінен- бірі үйренуге септігін тигізді. Яғни, топтық жұмыс оқушылар арасында әлеуметтік өзара қарым-қатынасты, тиімді араласу, проблемаларды шешу және топ ішінде шығарманы жан-жақты талдауға көмектеседі. Топтық жұмыстың артықшылығы:
• Оқушылар өзара достық қатынаста болады;
• Бір-бірінен сұрай отырып білімдерін жетілдіреді
• Өзгелерге ойын жеткізу үшін өз шешімін дәлелдеп үйренеді;
• Менен сұрап қалады-ау деп қорықпайды,топ болып жауап береді;
• Оқушылардың мектепке деген көзқарасы өзгереді. Уақыттары қызықты әрі тиімді өтеді.
• Топтық жұмыста бос отыратын оқушы болмайды.
Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың білім алуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі бар,олар:
-Әңгіме-дебат барысында;
-Топтық әңгіме барысында;
-Зерттеушілік әңгіме жүргізілу үстінде байқалады екен.
«Диалогті оқыту арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру, олардың білім деңгейін көтеру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат» деп К.Д.Ушинский айтқандай баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасап, сабақ барысында оқудың белсенді әдістері, диалогтік оқыту және оқу әдісін қолдануда білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Оқушылар диалог әдісін қолдана отырып, білімді бірлесіп құру, талқылау, түсіну мен дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алады. Әр сабағымда оқушыларға сұрақтар қою арқылы, тақырып бойынша өз ойларын ашық, еркін айтуға мүмкіндік бердім. Өзара талқылау арқылы, түрлі ойлардың болатындығын, бір бірінің түсінуіне көмектесетінін көрсетсе, сұхбаттасу арқылы өз ойларын дәлелдеуге тырысты. Бұл оқушылардың қандай деңгейде екенін түсінуге көмектеседі. Біз көбінесе диалогтік оқытуды сұрақ – жауап ретінде қолданамыз. Яғни, бала теорияны меңгерумен қатар тәжірибе жүзінде де қалай жасау қажеттігін ұғынуы керек. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында көптеген сұрақтар туындайды. Оқушылар өзара пікірлер мен болжамдар айта отырып, бірлесе жұмыс жасайды. Жұмыс жасау барысында оқушыларға көптеген сұрақтарды қоюға болады. Мысалы, кез келген сабақтың басталуы сұрақ – жауаптан тұрады. Сұрақтардың берілуіне байланысты оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Оқушы мен мұғалім арасында жақсы қарым-қатынас орнайды. Диалогтік оқыту оқушы мен оқушы арасында да туындауы мүмкін. Мұнда оқушылар бір-біріне сұрақтар қояды. Бір-бірінің жауабына қанағаттанбаса, қосымша да сұрақтар беруі мүмкін.
|