Біздің бәріміз деніміз сау, күшті, қуатты, акылды, дана болғымыз келеді, сонымен бірге сырт келбетіміздің тартымды, сымбатты, әрі жас болғанын калаймыз, рухани жайлылықты сезінгіміз келеді. Басқаша айтканда, бәріміз де жақсы өмір сүруді калаймыз. Бұл ең алдымен, біздің жеткілікті түрде қозғалуымызға және аурудың алдын алуға қамқорлық пен күтім жасауымызға байланысты. Мүмкін өмір сүру сапасына қол жеткізудегі ең басты нәрсе – дұрыс тамақтану.
Бір сөзбен айтқанда, дұрыс тамақтану зиянды заттармен ластанбаған талшықты көкөністер, жемістер, тұтас дәнді дақылдар, жаңғақтар, сондай-ақ өңделмеген ет және балық, сүт және басқа да ақуыз өнімдерінің басым болуына әкеледі. Қант, тұз, ақ ұннан жасалған және құрамында өңделген крахмал бар тағамдарды тұтынуды едәуір азайту, негізінен өсімдік тектес қанықпаған майдың пайдасына трансмайдан бас тарту маңызды.
«Тірі» және «өлі» тағам
Мұның бәрі мен «тірі» деп атайтын тағамға қатысты. Барлық тірі нәрсенің тіршілік тудыратыны секілді, «тірі» тағам да денсаулықты нығайтып, адам өмірін ұзартады. «Өлі» тағам, керісінше, ауру тудырып, адам өмірін қысқартады. «Тірі» тағаммен байланысты өнімдер бізді жүрек ауруынан, қатерлі ісік пен семіздіктен қорғайды. Олар біздің ойлау қабілетімізді күшейтеді, күш-қуатымызды арттырады және ағзамызды «жандандырады». Олар далада теріліп, қажет болса сығылып, шырындар түрінде беріледі. Олардың құрамында көптеген пайдалы дәрумендер, минералдар, өсімдік талшықтары болады. Кейде оларды қарапайым тағам деп қарастырамыз.
«Өлі» тағамға жататын өнімдер – адамның қолынан өтіп, мүлдем басқа түрге енген тағам өнімдері. Оларға әртүрлі қант түрлерін – декстроза, фруктоза, глюкоза, жалпы «озамен» аяқталатын барлық заттарды жатқызуға болады.
Бұл өнімдер жоғары температурада өңделеді, сондықтан құрамындағы пайдалы заттар ағзаға жат болып келеді, тіпті зиянды не улы затқа айналуы да ғажап емес. Мысалы, қарапайым майлар қан тамырларын зақымдайтын және ауруды тудыратын гидрогенделген майларға айналады. Бұған картоп чипстері мен өңдеуден өткен көптеген тәттілерді мысалға келтірсек болады. Оларды тіпті тамақ деп атауға келмейді. Керісінше, бұл қажетсіз энергияға, әртүрлі қоспаларға, бояғыштарға, консерванттарға және ағзаға зиянды болып саналатын заттарға толы, тұтынушылық өнімдер. Мұндай өнімдерге әуес адамдардың қарны тез ашып тұрады, өзін тоқтата алмайды.
Дұрыс тамақтану жайлы айтатын болсақ, «өлі» тағам туралы мүлдем ойламаңыз – оны қабылдауға болмайды. «Тірі» тағамға назар аударсаңыз, Сіз организміңізді қажетті калориялармен, ақуыздармен, пайдалы маймен, көмірсулармен, дәрумендер мен минералдармен толтырасыз. Осылайша «жаман» калорияларды, сондай-ақ қажет емес ингредиенттердің ағзаға түсуін болдырмайсыз. Тамақ тек қажетті заттардың белгілі бір массасы ретінде ғана емес, рахат пен тыныштықтың көзі болуы керек.
Бұл тұрғыда тамақты қалай қабылдайтынымыз аса маңызды. Бұл келесі бес қағиданы қарастырады:
• ішкен астан ләззат алу;
• ашығу сезіміне дұрыс көзқараспен қарау және тойынғанды уақытында білу;
• ішкі түйсікке ерік беріп, тамақпен «ДОС» болу.
• салауатты мінез-құлық – бұл догма емес, уақыт өте келе қалыптасатынын ұғу;
• өнімдерді салауатты таңдауға артықшылық бере отырып, тағамды алуан түрлі етуге деген ұмтылыс.
Тамақтану және эпигенетика
Біздің көпшілігіміз тағамды тек энергия көзі ретінде, сонымен қатар ақуыз, май мен көмірсулар, дәрумендер мен минералдар ретінде қарастырамыз. Алайда, соңғы онжылдықта тағамды қоректік заттардың гендермен өзара әрекеттесу құралы ретінде қабылдау, ғылыми әлемде барған сайын маңызды бола бастады. Бұл жерде тағамның эпигенетикалық экспрессияға, атап айтқанда, гендердің өз әрекетін қалай жүзеге асыруына әсері туралы айтылып отыр. Осылайша тамақтану факторлары қант диабеті, семіздік және басқа созылмалы аурулардың даму қаупіне әсер етуі мүмкін деп саналады.
Бұл қалай болуы мүмкін? Біз қабылдаған тамақ қоршаған ортадан гендерге сигналдар жібереді, олар өз кезегінде біздің ағзамыздың қалай жұмыс істеуі керектігі туралы сигналдарын өзгертеді. Айта кету керек, бұл генетикалық өзгерістер туралы емес; тағам біздің генетикалық молекулаларымызды – ДНҚ құрылымын өзгертпейді. Бірақ, бұл біздің гендердің ағзадағы функциясын, ақуыз және басқа молекулалар арқылы жүзеге асыруына әсер етуі мүмкін. Мұны эпигенетикалық өрнек деп атайды. Осылайша, тағамды біз өз гендерімізге мінез-құлықты жаза алатын ақпарат ретінде қарастырған жөн. Бұл ауру тудыратын деструктивті әрекеттің орнына, денемізді сау күйде ұстауға бағытталған дұрыс ақпарат болуы керек.
Қанттың, тұздың, қаныққан майдың көп мөлшерін қолдана отырып, біз организмге, атап айтқанда біздің гендерге жалған ақпарат береміз. Соның салдарынан, мысалы, инсулин гормонының шамадан тыс мөлшері синтезделеді, бұл май алмасуының бұзылуына әкеледі. Бұл жайлы толығырақ осы кітаптың алтыншы тарауында – қант диабеті мен семіздікке арналған бөлімддерден оқи аласыз.
Егер біз көкөністерді, жемістерді, сондай-ақ ашыған сүт және басқа да пайдалы өнімдерді көбірек жесек, организм ақылға қонымды ақпарат алады. Мұндай тамақтанудың арқасында жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді 8%-ға азайтуға болады, бұл дүние жүзінде 1,6 миллион өлім-жітімнің алдын алуға тең келеді. Бұл жерде қатерлі ісік, қант диабеті, деменция, сондай-ақ өлімге әкелетін коронавирустық инфекцияның ауыр ағымына бейімділікті айтпағанның өзінде, басқа созылмалы аурулардың даму қаупін азайтуын есептеңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |