Әдеби KZ * * *
Ақ жауын нөсерлетіп төгіп тұр. Әулиеата көшелері лай судан көлкіп, батпағы молайып,
миы шығыпты. Қалың жаңбырдан ықтап, елдің бәрі біреулері ағаш түбін, біреулері сарай,
үйдің ығын паналап тұрған кезі. Осынау жауын ғана билеген тым-тырыс көшеде батпақ
кешіп, ат сабылтып жападан-жалғыз біреу келеді. Басындағы қара бөркінен, үстіндегі сұр
шекпенінен су сорғалап, ат жанынан аунап түсіп жатыр. Оны байқап келе жатқан ол жоқ.
Табиғаттың осы бір бейжай сәтімен тақасқандай ешнәрсені де елемей ат үстінде
жайбарақат келе жатқан сияқты. Қашаннан қамшы салдырмай үйренген «Көкшолақ»
мінерінің, сырлас саяткерінің осы сәттегі мұңды күйін сезгендей, ұзын мойнын ілгері
созып жалынан аққан жаңбыр суын жан-жағына бүркіп, аяғын көсіле тастап келеді.
Атты кісі ешқайда бұрылған жоқ. Қала орталығындағы уездік комитеттің үйіне келіп, аттан
түсіп, шылбырынан бір ағашқа байлады. Құлақшынын қолына алып, бір сілкіп тастады да,
әлгі кісі ішке батыл еніп кетті. О л бірден уездік комитет секретарының есігін ашып еді.
— Ау, Ақаңбысыз, ассалаумалейкүм, Ақа! Ақ жауынның астында сізді не айдап келді?
— Арым айдап келді, Садықжан.
— Онда жоғары шығыңыз, ағатай. Ал тыңдадым сізді, Ақа.
— Құдай да менімен бірге жылап тұр ғой, шырағым. Жылаған жан жылы орын іздемейді
екен. Жауыннан жасқанатын қандай халім қалып еді менің, — деп Аққұл даусы дірілдеп,
дегбірсіз үн қата берді.
— О не дегеніңіз, Ақа. Не боп қалды? — деп Садық қарттың малмандай су болған
шекпенін өзі шешіндіріп, шегеге іліп қойды.
Аққұл үн қатқан жоқ, кірпік-қасына тұрған жаңбыр суы қыстың қырауындай жылт-жылт
етеді. Ол қаз тізілген орындықтың біреуіне сылқ етіп отыра кетті.
— Естімеп пе едің халімді, Садықжан? — деді Аққұл аз үнсіздіктен соң тұнжырай тіл
қатып. — Осынша жасқа келгенде шерменде болып, алдыңа арыз айта келіп отырмын.