Әдеби KZ Әкем хабарманнан қайта сәлем жолдады. «Біріншіден — інім мен сенің келініңнің
арасындағы күнәнің ақиқатына көзім жетпейді. Екіншіден — аппақ сақалыңмен ақ-қараны
ажыратпай жатып зәбірлендім деп жар салған өзіңсің. Сондықтан басқа қалың рудан би
шақырып дауласу — сенің міндетің, Аққұл. Екеуміз де соның алдында жүгінейік. Ол
қалыстығын айтар. Мен болсам жауапқор ретінде алдыңа бармақпын, сен де
жауапкерлігіңді ойланып барарсың» деп қайтарды әлгі хабарманды.
Екі аптадан соң ел ағалары жиылып, үкім айтуға билер бас қосты. Әдетте мұндайда екі
жаққа да қалыс ағайын ғана үкім айтады. Бір жағына бүйрегі бұрмай аралық әділдігін
солар білдірмек. Билікті Жарымбет ақсақал жүргізеді екен. Ұзын бойлы, ет-жеңді қарт өте
жабырқау еді. Іштей езіліп, қатты қиналып отырғаны түрінен білініп-ақ тұр. Жұртқа
қабағының астынан түнере, тұнжырай қарайды.
Аққұл тобы оң жаққа жайғасты да, айыптылар тобы саналған біздің жақ сол қанатқа тізе
бүкті. Мұндайда айтыс арасында ақ жаулық атаулыдан бір жан қатыстырылмайды.
Солардың сыртынан тон пішіп, үкімін айтатын да ерлер. Еркектердің ісіне қол сұқпайтын
қатал әдет өз күшінде еді.
— Уа, халайық. Тірі пенде тірлігінде не көрмейді. Ащының да дәмін татып, ауыртпалық та
арқалайды. Күнәға белшесінен батып, ары алдында азапқа да түседі. Біреудің обалына да
қалып, көз жасына да ұшырайды, — деп бастады сөзін Жарымбет бәсең үнмен. — Жұмыр
басты пенденің бәрі — күнәһар. Бірақ соны біреу білместікпен істесе, енді біреу
албырттықпен алданып қалады. Тек сол күнәңді шын жүрекпен адал мойындап арыңа
жүгінсең ғана, сол күнәнің ауыртпалығын бар болмысыңмен сезіне білсең ғана қаныңа
түскен қара күйені кетіре аласың. Жауласқан жұрттың жұлынын босата аласың,
ағайынның араздығын жоя аласың. Сендер, екеуің де — бір атаның ұлысың. Қысылтаяң
кезеңде бір арнаға бірігіп, бір рудың намысын ту ететін туыссыңдар. Бір дәннен көктеп
шыққан жеміссіңдер. Біріңнің жаның қиналса, екіншің қанат астына қымтап қамқор болар
ағайын едіңдер, — деп барып тағы тоқтады Жарымбет. Ауыр күрсініп алып, сөзін қайта
жалғастырды.