Әдеби KZ Бір жұмадан соң бізді Аюбайдың ауылы шақырыпты. Құдалар қалыңмалдың бір бөлігін
бермек екен. Әкем бұл жолы барған жоқ. Он шақты ауыл жігіттерін қасына ертіп көкем
кеткен. Ертеңіне олар бес жылқы, екі өгіз, отыз қойды алдарына салып келді. Оның үстіне
әрқайсысына жекелей сый-сияпат көрсетіпті.
Үбиан мұңайып жүрді. Кім білсін, атастырған қыздың аяғына тұсау түскендей болатыным
сезіп қынжылатын шығар. Көз алдында елі енші бөліскендей алыс-беріске түскені де
қинай ма, әйтеуір әпкем сынық мінез боп алды.
Meн әпкемнің қас-қабағын андып, бала көңіліммен шын қиналдым. Сөйтсем әпкемнің
мұнысы сырт көзге көрсеткен мінезі екен. Әйел баласының айлалы қылығын алғаш
осылай сезгенімде, мұзға отырғандай болдым. Өйткені әпкем маған бауыр ғана емес,
шешем сияқты еді. Жастайымнан көре алмай қалған ана мейірімін мен әпкемнен
тапқандай болғам. Сондықтан да оны ешкімге қимайтынмын, жан біткеннен қызғанып
шиыршық атушы ем. Менің ойымша, әпкем өмір бойы осылай қыз қалпында қасымнан
ұзамай қамқор боп жүре беретін сияқты көрінген. Жоқ олай емес екен.
Көкемдер алып келген мал лезде сатылды. Көкем базаршы болып, жан-жақтан әпкеме
жасау әкеле бастады. Үбиан енді жібек киіп, жүріс-тұрысы өзгеріп, кесте тігуден басқа
жұмысқа қол созбайтын болды. Үйіміз ою ойып, өрнек салатын, киім пішіп, кілем тоқитын
шеберханаға ұқсайды.Әжем «табақ-аяқ, көрпе-төсек, жасау-жабдығыңды түгелдеп, ине-
жіпке дейін қалдырмаймын» деп отыратын.
Алты айдан соң Аюбай күйеу жолдасы Оңдас екеуі іңір қараңғысын жамылып елге келіпті.
Бұл болашақ жармен жүздесудің басы екен.
Күйеу бала ауыл шетіндегі топ талдың түбінде бой тасалап қалыпты да, жолдасы екі
қоржын арқалап жалғыз келіпті. Ондағы ойлары қызбен көрісіп, қалыңдық түнін бірге
өткізбек екен.
Мол сыйлықты көргенде, жеңгейлер көңілденіп, көздері жайнап шыға келді. Оңаша отау
әзірлеп күйеуді құрметпен қарсы алудың қамына кірісіп кетті. Сол кезде күтпеген жерден
әпкем тулап шыға келді. Күйеу баламен көрісуден бас тартып, бұлқан-талқан боп жүр.